Автор:
Акрам Муса-Ахунов (Алматы, Казахстан)
Тіларалық ауысым дегеніміз – көршілес тұратын, экономикалық, саяси қатынаста болатын тілдер арасындағы тілдік элементтердің ауысуы. Қазіргі кездегі тілдердің бір-біріне әсері мейлінше күшті екені белгілі. Ғылым дамымаған заманда бір тілден екінші бір тілге тек тұрмыстық зат атаулары емес, қазіргі кезде кірме лексикалық бірліктердің халық өмірінің барлық салаларына (ғылым, техника, білім беру, дін, күнделікті тұрмыс, өнеркәсіп, т.б.) енуі байқалады.
«Тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысуы арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады» [1, 16 б.]. Ел мен елдің арасындағы ежелгі достық қарым-қатынастың болғандығы тілдің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады. Бір халық пен екінші халық ертеде тек мал-мүлік пен киім кешек, ыдыс-аяқ сияқты тек заттық мәдениет қана алмасып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-бірінен молынан ауысып отырған. Әсіресе бұл салада бір тілден екінші тілге көптеген сөздер уақыт талабы, өзара мәдени ықпалдастық арқылы ауысып отырған.
Ғ.Қалиев: «Кірме сөздер дегеніміз тілдің өзіндік сөзжасам тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни сөздің дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөздер делінеді. Жер шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі. Мәдениеті кенжелеп дамыған ұсақ халықтарды былай қойғанда, мәдениеті гүлденіп өскен ең озат деген халықтардың сөздік құрамы да таза тума сөздерден құралмайтындығы дәлелденген. Зерттеушілер ағылшын тілінің сөздік құрамының не бары 30% ғана өзінің төл сөздері, ал қалғаны өзге тілдерден ауысып келген дегенді айтады.
Кірме сөздер көбінесе белгілі бір жаңа ұғым-түсініктің атауы болып келетін кірме сөздер «шет тіл сөздері», «интернационал сөздер», «варваризмдер», «калька» сияқты түрлерге сараланып зерттеледі. Кірме сөздердің кейбірінің түр-тұлғасынан, дыбысталуынан қай тілдің еншісіне жататыны белгілі болып тұрса, ал ертеден қолданылып, тілге әбден сіңісіп кеткен кірме сөздің қайсы бірінің түп төркінін айқындау үшін арнайы этимологиялық зерттеулерге жүгінуге тура келеді» [2, 133 б.].
«Белгілі бір тілдің сөздік құрамының толығуы әр түрлі жолдармен жүзеге асады. Ең бастысы, әрине, тілдің өз мүмкіншіліктері. Сөздердің тіларалық ауысымы сөйлеушілердің тікелей қарым-қатынасы арқылы ғана емес, әдебиет, БАҚ – баспа, радио, теледидар арқылы жүзеге асады. Дүнген тіліндегі кірме сөздер Орта Азиядағы барлық басқа тілдердегі сияқты басым көпшілігі араб, парсы, орыс тілдері және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген. Орыс тілінен енген сөздердің тіл дамуындағы орны ерекше. Бұл тілден кірген сөздер қоғамдық-саяси лексика, іс-қағаздар, мамандық атаулары, түрлі ғылым салаларының терминдері, күнделікті тұрмыстағы зат атауларын құрайды» [3, 29 б.].
Х.Бугазов пен А.Калимовтардың зерттеулеріне қарағанда, дүнген тілінде көршілес халықтардан енген кірме элементтер көп кездеседі. Дүнген тілі әсіресе арабизмдерге толы. Профессор Н.А.Баскаков «Араб және парсы сөздері түркі тілдеріне ислам діні арқылы енген. Олар негізінен діни, ғылыми, кәсіби және қоғамдық-саяси терминологияға жатады» деп жазады. Бұл пікір дүнген тіліне де қатысты. Дүнген халқының шығу тарихының көптеген нұсқаларын санамалай келе, дүнген тіліндегі арабизмдердің орны бөлек. Тілдегі араб, парсы сөздердің көпшілігі дерексіз ұғымды білдіретін зат есімдерді қамтиды. Дүнген халқының кісі аттарының көбісі де араб тілінен енген. Мысалы: Азиз, Абдулла, Хамит, Рамазан, Махмұт, Муса, Ахмет, Исраил, Исмаил, Рахматулла, Мұхаммед, Зайнуддин, Акбар, Али, Малик, Фатима,Насиба, Василя, Алишер, т.б.
Орыс тілі кірме элементтерінің дүнген тіліне сіңісуі түркі тілдерімен бірдей. Жалпылай алғанда, 1870-ші жылдардан кейін дүнген тіліне орыс тілінің әсері Орта Азия аймағындағы басқа да халықтарының тілдеріне ықпалы күшті болғандығы мәлім.
Дүнген тілі мен жоғарыда атап өткен Орта Азия тілдерінен қазақ тілін салыстыратын болсақ, қаза тіліндегі дүние, аспан, құдай, пайда, хабар, ата баба сияқты сөздер дүнген тілінде де толық игерілген. Оны кірме сөз деп жүрген қарапайым халық жоқ.
Ғасырлық көршілес халықтармен мәдени, тұрмыстық қарым-қатынастан дүнген халқының тілінде кірме элементтер көптеп кездеседі. Мәселен: сỷзман – сүзбе, бешбармак-бешбармах, жарма-жярма, чяпан-шапан, бажа-баҗя,күйеу-күе, масақ-машақ, той-туәй, мейрам-мэран, бесік той-бэшик туәй, мейлі-мэли, қазір-хазы, ақымақ-ахмах, жайлау-җяйле, сағат-сахат, құдай қаласа-худа халаса,хайронхали – қайран қалдым, бажа – баҗа, ұр-айда – урайда, паша – патша, базар – базә, мащаха – машақат, оздан – онсыз да,ахә – ақыры, бикә – бекер, береке, ақсақал, пияз, енді, т.б. сөздер. Айта кетерлік жай, көптеген кірме сөздердің дүнген тіліндегі өз атаулары бар. Дегенмен кейбір аймақтарда өзге тілдердің әсерінен болса керек, кірме сөздер көбірек қолданылады.
Түркі тілдерінен кірме сөздердің дүнген тіліне енуі біркелкі емес. Қырғыз халқымен көршілес дүнген диалектілеріне қырғыз тілінен, сол сияқты өзбек, қазақ, ұйғыр тілдерінен де енген. Тіл тілден енген ауысымды тек біржақты қарауға болмайды. Дүнген тіліне көптеген түркі тектес тілдерінің лексикалық бірліктері енген. Яғни, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне дүнген тілінен аспаздық, егіншілік, бақташылыққа қатысты біршама сөздер бүгінде қолданыста кеңінен тараған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 6 том. - Алматы: Қазақ
энциклопедиясының бас редакциясы, 2004.
-
Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы : о. құр. / Ғабдолла Қалиев, Әсет Болғанбаев. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2006.
-
Дунгановедение в Кыргызстане. Отдел дунгановедения. - Бишкек: Илим, 2000 г.
Научный руководитель: к.ф.н. Жиренов Саян Аманжолулы