Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Қазақ антропонимдерінің әлеуметтік-мәдени негізі

Автор: 
Гүлжамал Жұмаділлаева (Шымкент, Қазақстан)

Қазақ тіл білімінде социолингвистика ғылымы тілді зерттеудің бір саласы ретінде кейінгі кезде қалыптасқаны белгілі, бірақ бұл бағыттың қазақ тілінде негізі бар екеніне Ахмет Байтұрсынұлының, Қ.Жұбановтың еңбектерінде назар аударылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік лингвистика – (социолингвистика) тіл білімі, әлеуметтану (социология), әлеуметтік психология және этнография ғылымдарының қиылысқан жерінде дамитын, тілдің әлеуметтік табиғаты мен қоғамдық қызметін, әлеуметтік фактордың тілге әсер ету тетігін және қоғам өміріндегі тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі коммунакативтік қызметін зерттейтін тіл ғылымының бір саласы ретінде қалыптасты. Осы тұрғыдан А.Байтұрсыновтың осыдан 85 жыл бұрын тілге берген анықтамасы социолингвистикалық сипатты деп бағалауға болады: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», – деді [1,141].

Себебі қоғамдағы тілдің мәні мен қызметін күнделікті өмірден өзінің ерекше тілдік, тұлғалық зердесімен байқаған, сезе білген Ахмет Байтұрсынұлының тілдің әлеуметтік қызметін айрықша қабылдауы, түйсінуі – заңды құбылыс. Ал, әлеуметтік лингвистика болса, тіл мен қоғамның өзара байланысын динамикада, қызмет барысында зерттейді.

Сондықтан да әлемдік әлеуметтік лингвистика ғылымы тілдің даму сипатын үш бағытта анықтаса, тілдің таңбалануы (графизация), тілдің жаңаруы (модернизация) және тілдің қалыпқа түсуі, нормалануы (стандартизация) Ахмет Байтұрсынұлы тіл дамытарлық осы үш бағытта бірдей қалам тартты.

Осымен байланысты кез келген тілдің лексикалық қорының мәнді бір қабатын жалқы есімдер құрайды. Оларсыз адамзат қоғамының қарым-қатынас қызметі іске аса алмайды.

Түркі тіл білімінде жан-жақты зерттеліп, ғылыми негізі қаланған ономастиканың күрделі бір саласы – антропонимика. Антропонимика кісі аттары, әке аты – patronim (отчество), тегі (фамилия), лақап аттар (прозвища), бүркеншік аттарды (псевдонимы) зерттейтін ономастиканың бір саласы.

Антропонимдер адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрлысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Олардың кейбір топтары қазақ ауылының ертедегі тіршілік, іс-әрекетінен және шаруашылық күйінен мағлұмат береді. Мәселен, төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық сөздерге байланысты есімдер. Сонымен қатар, халықтың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен кісі аттарының арасында тозбас желі бар. Кісі аттарына байланысты жиналған мыңдаған мысалдарды және есімдердің морфемасын талдап қарағанымызда, құрылысы, лексикалық материалы, фонетикалық ерекшеліктері жағынан олардың әр кез, әр дәуірге тән екенін бірден байқаймыз. Шындығында бұлай болудың өзіндік сыры бар. Өйткені әрбір кісі аты өзінің шыққан заманы мен дәуіріне, оның тілдік заңына тікелей байланысты. Соған орай олардың шығу себебін дәлелдейтін алуан түрлі тарихи жайлар мен сан қилы оқиғалар бары аян.

Халқымыздың ғасырлар бойы басынан кешірген өмір жолында табиғат пен аңға, құсқа сыйыну, ай мен күнге табыну, хайуандардан ит, қасқыр, бұқа сияқтыларды тотем ету – бәрі кісі аттарының қойылуына әсер еттпей қоймады Мысалы: Айкүн, Айжарық, Айтолық, Айтолды, Күнай, Күнсұлу, Күнтуар, Бөрі, Барысбек, Арыстан, Бұқа, Түлкібай, Қоянбай, Алтын, Күміс, Қаршыға, Сұңқар т.б. Осымен қатар, көрші-қоңсы елдермен араласу, шет елдермен байланыс жасау нәтижесінде тілімізге мыңдаған сөздермен қатар, кісі аттарының да еніп отырғаны мәлім. Мысалы, Бөлтірік – қасқырдың қарақұлақтанып қалған күшігін осылай атайды. Жалпы, түркі халқы өзін Көк бөріден тарататын болғандықтан «Бөлтірік, Арлан, Қасқырбай» есімдері ел ішінде ара-тұра кездесіп қалады. Бұл есімді жаңа туған сәбиге «қасқырдай қайратты, қайсар» болсын деген ниетпен қояды. Аузы дуалы Бөлтірік шешеннің де құрметіне нәрестеге осы есімді беріп жатады. Ел ішінде өте сирек кездесетін төл ныспымыз. Жамбыл – моңғол тілінде «қорған» деген мағына береді. Қазақ жаңа туған сәбиге бұл есімді «ертеңгі күні ата-анасының қорғаны, қамқоршысы, қараушысы болсын» деген ниетпен беретін болған. Абыз ақын Жамбыл Жабаевтың құрметіне де нәрестеге осы ныспыны ырымдап қойып жататындар бар. Ел ішінде сирек кездесетін есім. Ескендір – өз заманында атағы жер-жаһанды тітіреткен Ескендір Зұлқарнайынның жаужүрек ерлігіне ел ішінде қойылған ескерткіш есім деп бағалауға болады. Араб тілінде «жеңімпаз» деген мағына береді. Бұл ныспы қазақ арасында жиі кездеседі. Рәбиға – арабтың «Рабии», яғни «төртінші бала» деген сөзінен шыққан. Алланың сүйген құлдарының бірі, сопы әулие Рабия Балқия (Ауғанстан аумағындағы қазақтар мен түріктер көп шоғырланған Балық қаласы) отбасында туылған төртінші бала болған. Сосын оған осы есімді лайық көрген.

Қазақ халқының құрамына енген бөлек тайпалар мен рулардағы кісі аттарының сіңіп кетуінен болған субстрат, суперстрат құбылысы да антропонимдер құрамын едәуір байытқан.

Ұлттық мәдениеттің рухани және материалды салалары мен түрлері жалқы есімдердің этномәдени негізде қалыптасуына ұйытқы болған, сол себепті көптеген қазақ жер-су аттарының, кісі есімдерінің уәжділік танымдары мен түп-төркіні халықтың мәдени және рухани байланысында жатыр. Қазақ тілінің ономастикалық жүйесі қазақ этносының мың ғасырлық тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, халықтың дүниетанымымен тығыз байланыста, сабақтастықта болып келеді. Е.Ә. Керімбаевтың пікірінше: “Әр халықтың онимиясында мәдени-тарихи ақпарат жинақталған, қоғамның мәдени тарихына байланысты жалқы есімнің ерекшеліктерін және типологиялық ұлттық мәдени өзгешеліктерін зерттеу ономастикаға түбегейлі өзгеріс әкелетін бағыт болу керек” [2, 14 б.].

Сонымен қатар қазақ антропонимдері этноспен, этнос болмысымен, яғни халық өмірімен, тіршілігімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, материалдық және рухани мәдениетімен жан-жақты, сан-салалы, тығыз диалектикалық байланыста да екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы тұрғыдан келген қазақ антропонимиясының этнолингвистикалық сипатын айқындап зерттеу – қазақ халқының болмысын, басқа ұлттарға еш ұқсамайтын өзіндік келбетін тану болып табылады. Ұлттық болмысты антропонимия саласында таныту – этнолингвистика мен ономастика (антропонимика) ғылымдарының шекарасын кеңейте түседі.

Қазақ халқының кісі есімдері олардың наным-сенімдерімен, әдет-ғұрыптарымен байланысы жөнінде сонау ХІХ ғасырдың өзінде Шоқан Уалиханов былай деп жазған болатын: “Ырым, яғни әдет-ғұрып деп – алдын-ала бір нәрседен хабар беру тұрғысында орындалатын салтты айтады. Мәселен, ұлды болмай, үнемі қыз көретін ата-ана өзінің соңғы туылған қызына Ұлтуған деген есім береді, мұның өзі кейінгі перзентінің ұл болсын деген үміт-тілегінен туындайды” [3, 163 б.]

Әдет-ғұрыптардың, үлкенге – ізет, кішіге – құрметтің іспетінде қазақ келіндерінің қайын жұртындағы туған-туыс, ата-ене, ата-бабаларының есімдерін атауға тыйым салынуына байланысты, бір әулеттің кісі аттары қайталанбай, ұқсас болса да, көп балалы қазақ әулеттерінде әртүрлі есім беріп отыруы қазақ антропонимдерінің көбеюіне негіз болады.

Қазақ антропонимдерінің ішінде осындай антропонимдердің этнолингвистикалық типтегі әйел кісі аттарына Т. Жанұзақов мынандай сипаттама береді. “Мұндай түрдегі есімдер барлық түркі тілдерінде келесі нұсқаларда кең тараған:”… Қазақша Тоқтасын, Тұрсын, Тоқтар, Тоқтамыс Ұлтуар, түрікменше Турсун, Турды, Иетер (жетер); өзбекше Турсын, Тоқта; құм Олмес, Қалсын. Егер отбасында бірнеше қыз дүниеге келіп, бірде-бір ұл тумаса, ең соңғы қызына ендігіде қыз туылмауы үшін Қызтумас деген есім беретін: құм Қыстаман – қыз тумау немесе Улангерек – ұл керек; қырғызша Бурулгу – бұрылшы, Тоқтбубу – тоқта бибі [4, 9-10 бб.].

Жалқы есімнің – кісі атының құдыретіне, сөз киелілігіне байланысты туындаған осындай ырым және антропонимдер көптеген түркі халықтарының антропонимиясында бар.

Қазақ антопонимдерінің құрылысы жағынан жетіліп, құрамының байып отырған кезі – Кеңестік дәуір. Қазіргі тіліміздегі антропонимдер құрамында барлық дәуірге тән антрополексемалар бар. Әсіресе бұл дәуірде жасалған антропонимдер жаңа форма, мазмұнға ие болып отыр. Бұл күнде дәстүрлі есімдермен қатар, жарқын дәуірімізге лайықты мыңдаған антропонимдер пайда болды. Мысалы: статистикалық мәліметтер бойынша, қаңтар-тамыз айларында республикада 244 292 бала дүниеге келді.

Оның ішінде ұл нәрестелердің арасында ең көп тараған есімдер:

Ерасыл – 1255 бала, Диас – 880, Нұрасыл – 837, Әлихан – 771, Мирас – 737, Бейбарыс – 647, Санжар – 626, Нұрислам – 624, Азамат – 608, Ислам – 560, Нұрдәулет – 505, Дамир – 493, Руслан – 461, Әмір – 443, Арсен – 434, Әділет – 428, Бекзат – 421, Ернұр – 419, Алдияр – 415, Бекарыс – 391, Тимур – 388.

Қыздар арасында: Аружан – 1709, Кәусар – 1098, Аяулым – 1087, Диана – 905, Алина – 816, Әмина – 805, Мәдина – 762, Нұрай – 759, Айша – 721, Айзере – 667, Сабина – 656, Жансая – 607, Жанерке – 607, Назерке – 583, София және Іңкәр – 573, Аяжан – 567, Айым – 563, Арайлым – 546, Мерей – 531, Анель – 503, Айдана – 495, Дильназ – 492, Ақерке – 431, Малика – 418.

Олардың өскен, өркендеген заманымыздың мәдениеті мен өнерінің, ғылымы мен техникасының негізінде жасалғаны мәлім.

Тіліміздегі кеңінен тараған екі не үш сөздерден құралған күрделі тұлғасы есімдердің көбірек кездесетіндері – құрамында бай, бек, би, хан, сұлтан, төре, шах, ханым компоненттері (сыңарлары) бар есімдер. Тарихи сипаты жағынан бұл сөздер архаизм әрі историзм ретінде келмеске кеткен әлеуметтік терминдер.

Этнолингвистикалық сипаты бар, яғни болмысымен, рухани және материалдық тіршілігімен нағыз байланыстағы антропонимдердің үлес салмағы, саны әр тарихи кезеңде біршама болса да өзгеріп тұрады. Әрине, негізгі этнолингвистикалық антропонимиялық қор ғасырдан ғасырға мирас болып негізінен сақталып отырады, алайда кейбір тарихи кезеңдерде идеологияға тәуелді, немесе сырттан келген “интернационалды”, саяси мәні бар анропонимдердің саны күрт көбейіп кетеді. Солардың “көлеңкесінде” халық өмірінен, дүниетанымынан хабардар ететін этнолингвистикалық мәні, маңызы бар қазақ кісі аттары көрінбей, қалып қояды.

Сайып келгенде, тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тіл және азаматтық тарихымен тікелей байланысты болса, олардың типтерінің шығу, пайда болу жолдарын белгілі бір дәуірлерге бөліп қарамайынша, тиісті дәрежеде талдау жасауымыз мүмкін емес.

Қазақ тіл біліміндегі тіл мен мәдениет сабақтастығына негізделген қағидаға сәйкес жүргізіліп жатқан зерттеулерде мәдениеттің өзі метатіл деп анықталып, оның коммуникативтік, кумулативтік, әлеуметтік қызметтерін талдауға қазақ тіл білімінде ерекше назар аударылуда. Осы тұрғыдан қарағанда, мәдениет метатілін этномәдени негізде сипаттайтын өзекті арнаның бірі жалқы есімдердің (антропонимдердің) әлеуметтанымдық жүйесі.

Халық есімдерінің жасалу, пайда болу тарихында маңызды орын алатын мәселенің бірі тарихи-әлеуметтік жағдайлар. Халық тарихындағы бұл елеулі оқиғалар түрлі қоғамдық құрылыстағы әр түрлі діни ағымға байланысты болса, кейде көрші елдермен жасаған алуан түрлі мәдени қарым-қатынас, достық байланыстармен ұштасып жатады. Әдетте, бұл тарихи-мәдени байланыстардың тіліміздегі есімдер құрамының молая түсуіне, антропонимдердің әлеуметтік мәнінің жетілуіне зор ықпал жасағаны аян.

Тарихи дереккөздердегі, эпостық жырлар мен фольклордағы, прецеденттік жүйедегі тілдік деректердің ұлт санасындағы ізін анықтау мәселесі – қазақ тіл біліміндегі антропонимдердің әлеуметтік бағытындағы зерттеулердің негізгі арқауы. Осымен байланысты ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығын қарастыратын үрдіс тіл табиғатын зерттеуде жаңа сапаға көтерілуде.

Әдебиеттер:

1. Байтұрсынұлы А.. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1999. 141б.

2 Керімбаев Е.А. Казахская ономастика в этнокультурном, номинативном и функциональном аспектах – Алматы, 1995. – 248 с.

3 Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения // Под ред.акад. АН Каз ССР А.Х. Маргулана. – Алма-Ата, 1958. – Т.1. С. 163.

4 Жанузаков Т. Очерк казахской ономастики – Алма-Ата.: Наука., 1982. – 176 с.