Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ОТАНШЫЛДЫҚ СЕЗІМ ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ

Автор: 
Баян Абылбаева (Қарағанды, Қазақстан)

Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік адамға тілі арқылы бітеді. Ал тілдің құдіретті ана сүтімен бойға сіңіп, тәрбиеден бастау алатыны анық. Сондықтан да болар, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Өз Отанының патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіне ұялату. Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңызды мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемелекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп мемлекеттік тілдің мемлекетке деген сүйіспеншілігінің басты факторларының бірі екенін нақтылады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» - деп, сондай-ақ, білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Білім берудің негізгі мақсаты мен міндеті – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру, жастарды азаматтылыққа, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу және білім алушылардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамсыз ету үшін кәсіптік дағдылар алуға жағдайлар жасау және осы қойылған міндеттерді іске асыру үшін білім берудің мазмұнын дүниені тұтастай қабылдауды қамтамасыз ететін өнер, технология сияқты білім беру салалары арқылы іске асыру қажет»-деп анық айтылған. Сондықтан жас ұрпақтың бойына білім нәрін құюшы кез келген ұстаздың, әсіресе тіл мамандарының міндеті елімізде қалыптасқан тыныштықты, ел бірлігін, Отаншылдықты сақтай отырып, мемлекеттік тілімізді атына сай мемлекеттік етуге бар күшті жұмылдыру.

Отансүйгіштік сезім - туа бітті пайда болатын қасиет. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады. Сондықтан да студенттерге, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру барлық пәндердің үлесіне жатады деп есептейміз. Соның ішінде әсіресе қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытуда аса жауапкершілікті сезінеміз. Сондықтан пәнге студенттердің ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі жаңа әдістемелік технологияларды қолданып сабақ өткізу тиімді. Бұл студенттердің жалықпауын, жөнсіз әрекетке бармауын, әр іске назар аударып жауапкершілікпен қарауды, ой елегінен өткізіп ойлануды қалыптастырады, бағдарламалық материалдарды жеңіл, тез меңгеруге септігін тигізеді.

Негізінен кез-келген сабақта үш негізгі - танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсат алға қойылады десек, мемлекеттік тілді үйретуде сабақтың танымдық жағымен қатар тәрбиелік жағына да баса көңіл бөлінеді, яғни өз Отанының патриоты, елін, жерін сүйген, айналасындағы халқын қадірлеген, өскен ортадағы тыныштық пен ынтымақтастықты нығайтуға тырысатын білімді азаматтарды тәрбиелеу. Сонымен қатар, қазақ халқының бай мұрасын негізге ала отырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ұят мәселелерін, әдеп ережелерін және т.б. мәселелерді күнделікті сабақ үстінде ескеріп отыру аса қажет. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету тек грамматикамен шектелмей, оның аясының жыл сайын кеңейіп отыратындығы оқытушылардың үнемі жаңашылдығы мен қажырлы ізденушіліктерінің жемісі. Бүгінгі күннің талабы мемлекеттік тілді жан-жақты меңгертуде ақпараттық технолгиялардың мүмкіндігін тиімді қолдана білу, сабақ жүргізудің жаңа оқыту әдістерін әзірлеу, яғни тілдік материалдарға, жалпы оқу бағдарламасына өзгерістер еніп, күрделеніліп, тілді үйретудің әдіс-тәсілдерінің де жетілдіріліп жатқаны да белгі. Сондай-ақ, тіл үйретуге жаңа талаптар қойылып отыр. Ол – инновациялық білім берудің қажеттілігі, түрлі оқыту технологияларының оқу үрдісіне енгізілуі. Сонымен қатар сабақты әдебиетпен, географиямен, тарихпен, саясатпен, мәдениетпен және т.б. ұштастырып өткізу оқытушылар әдісіне айналып отыр. Әсіресе мемлекеттік тілді үйрету барысында халықтың әдебиеті мен мәдениетін оқыту - тәрбие берудің басты құралдарының бірі. Себебі тіл тек оқу пәні емес, сондай-ақ, тәрбие пәні. Халқымыздың сал-дәстүрімен қоса ұлы тұлғалар және олардың шығармаларын оқыту, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді, ұлттық ойындарды үйрету, тілді меңгерту барысында тілдік қорды байытып қана қоймай, өздері өмір сүріп отырған елдің, жердің, халықтың өмірімен жете танысып, оның ішкі жан дүниесін жете түсінуге ұмтылады.

Жоғары оқу орны студенттері үшін жасалған оқу-әдістемелік кешенде әр кәсіби салаға байланысты арнайы жасалған оқу бағдарламасы бар. Тілді меңгертудің ең қарапайым түрінен бастап (өзім туралы, отбасы, досым, және т.б.) кәсіби сала мәтіндері ( педагогика, кәсіптік оқу, заң, экономика, экология, химия, физика, журналистика, тарих және т.б.) алынады. Сонымен қоса тілді меңгерту барысында Қазақстан этномәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Ш.Уәлиханов, қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлес қосқан Ы.Алтынсарин, қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы, философ-ақын Абай Құнанбаев, білім беру мен педагогикалық ой-пікірдің дамуына үлкен үлес қосқан ақын, ғалым, педагог М.Жұмабаев т.б. қазақтың рухани мәдениеті мен өнерінде өшпес із қалдырған алып тұлғалар, халық қаһармандары, спорт саңлақтары, әнші-жыршылар, қазақ батырлары, би-шешендері сияқты халқымыздың біртуар ұл-қыздары туралы мәтіндер және грамматикалық тапсырмалар алынып, тек сабақ барысында ғана емес, студенттердің өздік жұмысында қосымша материал ретінде де беріледі. Өйткені патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, студенттердің бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық сезімін дамытуда кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерінің және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше.

Қарағанды мемелекеттік университетінің, қазақ тілі практикалық курсы кафедрасының оқу бағдарламасында осы университеттің негізін қалаған, өзінің саналы өмірін жоғары білім беру ісін байытуға, білікті мамандар даярлауға, ғылым саласын дамытуға арнаған ғұлама ғалым, университеттің тұңғыш ректоры, ақын, аудармашы Е.А.Бөкетовтің өмір жолымен, творчествосымен таныстыратын мәтін бар.

Евней Арыстанұлы Бөкетов – химия саласындағы жаңа бағыттың – халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған, мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың гидрохимиялық әдістерін жасап, Д.Менделеев жасаған Элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізген, металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеген 50 өнертабыстың, 10 патенттің иесі. Мәскеу, Ленинград, Алматы, Новосібір т.б. қалалардың жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, ол басқарған ұжым бес бірдей авторлық куәлікке ие болып, Канада, АҚШ, Австралия, Швецария, Франция, ФРГ, Жапония, Италия елдерінің патенттерін иеленуші. Өзі басқарған зертханаларда молибден, вольфрам, селен, және теллур бойынша зерттеулер жүргізген.

Аты әлемге танылған Е.А.Бөкетов металлургия және химия саласындағы белгілі ғалым ғана емес, сонымен бірге көркем әдебиетке де құштар болған, тарихты да ұнататын, тек оқуға ғана емес, тәрбиеге де баса назар аударған ұстаз, жазушы, әрі аудармашы. Бірнеше эссе, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханаов, Д.Менделеев туралы естеліктер жазған. «Шесть писем другу», «Человек, родившийся на верблюде», «Грани творчества», т.б. повестерінің авторы. Батыс және орыс классиктерінің «Макбет», У.Шекспирдің «Юлий Цезарь», Дж.Флетчердің «Испанский священник», Д.Маяковскийдің «Клоп» атты еңбектерін, И.Василенконың «Артемка» повесін, Э.Золяның әңгімелері мен мақалаларын аударған. М.Әуезовтың Абай шығармашылығын зерттеудегі еңбектеріне шолу жасады. «Абай жолы» ақынның қасиетін, ойшылдығын, тұлға бітімін жан-жақты аша білген сыр сандық деп бағалады. Ал «Халқымыздың мерейі мен мақтанышы» деген мақаласында М.Әуезовті ұлтымыздың ары мен абыройы деген.

Көптеген қаламгерлерге тән ортақ қасиет табиғат, адам, қоғам бірлігі Бөкетов шығармаларының да негізгі объектісі десек, оқу бағдарламасында алынған өмірбаянымен басталатын мәтін ғылыми еңбектерімен, аударма және өлеңдерімен ұласады. Егіз-қатар екі тілде ой мен өнер адамдары туралы толғаныстары, әдебиет пен театр туындыларын талдаған эстетикалық еңбектері, оқу-білім, ғылым тақырыбындағы ағартушылық көзқарастары, тәлім-тәрбие, парасат жөніндегі келелі ой-пікірлерін қамтитын ғұлама ғалымның публицистикалық шығармаларындағы тіл мен ой тазалығының сақталуының өзіндік құпиясы бар. Ол құпия кілті қаламгердің екі тілде еркін жазып, екі тілде ойлана алуында жатыр. Сабақ барысында «Адам болам десеңіз», «Алғашқы сабақ», «Алтын босағаны аттағандарға» мақалалары, «Досыма алты хат» автобиографиялық повесі, «Шоқанның жарқын істері», «Жас Қаныш» шығармалары, С.Есениннің «Анна Снегина» поэмасы мен өлеңдері, В.Шекспирдің «Макбет» және «Юлий Цезарь» трагедиясы, Э.Золяның әңгімелері, В.Маяковскийдің өлеңдерінен үзінді және т.б. аудармалары, өлеңдері, ғылыми еңбектері аталып, студенттерге өздік жұмыс ретінде қосымша тапсырмалар беріліп, байытылып отырылады. Жастардың оқу-білім, ғылымға деген көзқарас құштарлығын қалыптастыратын тәрбиелік мәні зор мақалалары «Жастарды өмірде тоқсан үйлі тобырды асыраған Қамбар батырдай» болуын немесе «Ақыл жастан, асыл тастан» деген халық даналығын үнемі тілге тиек етіп отыруы өскелең ұрпақты бабалар салған сара жолға шақырғаны, солардан ғибрат ала отырып, өмірлік мақсат-мұратын айқындауға себебін тигізер тағылым екенін еш сәтте естен шығармаймыз.

Солтүстік өңірде туып-өскен, балалық шағынан орыс тәрбиесін, білімін алған Евней Арыстанұлының туған халқының салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жетік білуі, оның өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартатын кез-келген шығармасында, әрине ұлттық рух, ұлттық болмыс қашанда биік тұрады. Оқу үдерісінде тек өмірбаяны мен шығармаларын оқып, талдаумен ғана шектелмей жыл сайын студенттермен бірге ғұлама ғалымның мұражайына саяхат жасалынады. Осылайша ғалым-ұстаздың халқы үшін төккен тері, өнегелі жолы келешек ұрпақ үшін үлкен тәрбие болмақ.

Студенттерге мемлекеттік тілді меңгертуде алға қойылған міндет – жоғары айтылған барлық талаптарға сай оқыту және өз Отанының патриоты, елін, жерін сүйген, айналасындағы халқын қадірлеген, өскен ортадағы тыныштық пен ынтымақтастықты нығайтуға тырысатын білімді, жоғары мәдениетті азаматтар тәрбиелеу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1.  
    1.  
      1. «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы». Қ.Р. Президентінің Жарлығы Астана, Ақорда, 2006 ж. №200

      2. А.Құсайынов. Білім және Реформа., –Алматы. 2006.

      3. Педагогика тағылымы. – Алматы., 2003.

      4. «Жалын» журналы. – Алматы.,1972.№ 95.