Автор:
Саян Жиренов (Алматы, Казахстан)
Адамзат баласына тән құндылықтар – олардың ұлттық ерекшелігіне, жеріне, еліне, т.б. қатысты меншіктік сипатқа ие. Ал солардың ішіндегі қандайда бір шегарамен шектелмейтін екі үлкен нәрсе бар. Ол ғылым мен өнер. Екеуі екі жақтап адамға қызмет етері сөзсіз. Алайда екеуінің де ауқымы кең құбылыстар. Және бір-бірімен сабақтас дүниелер. Тіпті екеуін бір-бірімен жапсарлас, бірінен бірін ажыратуға келмейтін құбылыс деп тануға болады. Мәселен адамның интеллектуалды қуатынан туған ғылыми жаңалықты өнер деп танысақ, өнер ол – ғылым. Міне, осы жағынан келгенде ғылым мен өнер бірінен бірін ажыратуға келмейтін құбылыс. Ал екеуінің қай-қайсысы болмасын тілден тысқары емес. Солардың ішіндегі тілге жақыны, сөзге қатыстысы шешендік өнер. Шешендік – әр ұлтқа, халыққа тән бекзат өнер. Бұл жағынан келгенде әр ұлт өзінше шешен. Шешендік өнерді ғылыми тілде «риторика» деп атайды. Риторика ғылымының негізін салушылар мен өкілдері, әрі әлемдік ақыл-ой онтологиясының белді мүшелері Протагор, Сократ, Платон Лиси, Исакрат, Демосфен, Жан Поль Марат, Максимилиа, Робеспер, Аристотель, әл-Фараби, В.И.Ленин, Луначарский, т.б. болып кете береді.
Шешендік өнерді үлкен классикалық өнер деп танысақ, сол өнердің белді бір мүшесі қазақ халқы. Қазақ шешендік өнері туралы «түркологияның атасы» В.В.Радловтан бастап, Бартолъдт секілді алыс-жақын шетелдік ойшылдардың оңды пікір білдіргені көпке мәлім. Шешендік өнер – қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры, қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан рухани құнды мұрасы, асыл қазынасы. Қазақ шешендік сөз өнерінің көшбасына Майқы би мен Аяз билерден басталып, Жиренше шешен, Асан қайғы, Бұқар жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, т.б. есімдерін жатқызуға болады. Жалпы шешендік өнер мен қазақ шешендік өнеріне қатысты мәселелер академик Р.Сыздықованың «Шешендік сөз», С.Негимовтың «Шешендік өнер», Г.Қосымованың «Шешендік өнердің негіздері» атты зерттеулерінде жалпы шешендік өнердің тарихы, шешендік өнердің ерекшелігі, шешенге тән шеберліктер, ұлттық шешендік өнердің негіздері, шешен сөздің жанрлық түрлері, шешендік сөздің тектері, шешендік өнердің сан салалы мәселелері жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ қазақ шешендік өнері көбіне көп сөз мәдениетімен сабақтастықта қарастырылады.
Жалпы шешендік өнер риторика ғылымының аясында, әдебиеттің бір жанры, сөз өнері ретінде біршама зерттелген сала. Алайда шешендік өнерді тек аталған бағыт аясында ғана емес, лингвистика ғылымының антропоцентристік парадигма аясымен сабақтастықта зерттеу арқылы жаңа бір тың деректерге қол жеткізуге болады. Антропоцентристік лингвистикада ойлау процесі мен тіл табиғатының бір-бірімен күрделі заңдылықтар арқылы бір нүктеге түйісуі басты назарда болады. Ал шешендік сөз шиырлары тікелей ұтымды ой ұшқыны мен тіл шұрайының жемісі. Яғни, антропоцентристік лингвистикадағы ой мен тіл сабақтастығы адамның жан-жақты табиғатына сәйкес әлеуметтік, логикалық, философиялық, биологиялық, когнитологиялық, т.б. факторларды тұтастай қамтиды.
Шешендік өнерді тілтанымдық тұрғыда зерттеу арқылы шешен сөздің коммуникативтік акт барысындағы берілуін, шешендік ойдық қуаттылығын, шешендік сөздің стилистикалық бояуын, этика-эстетикалық ерекшелігін, шешендіктен туған ой мен сөздің астарындағы танымдық ойдың қатпарларын тануға болады. Шешендік сөз ой тасқынынан табиғи түрде туындайды. Ал шешендікке талпыныс жасағандар әрине жаттайды, жаттығады. Шын мәніндегі шешен адам ой қуаты мен философиялық білім тереңдігі арқылы шешендік сөзді өз жанынан шығарады. Алайда шешен адамда өз білімін жетілдіру арқылыда шешендікке қатысты ойы мен сөзін шымырлап отыруы заңды құбылыс. Бұл жағынан келгенде тарихтағы Цицеронның шешендікке өзін-өзі баулуын айтуымызға болады. Цицерон шешендік өнерді игерудің бес әдісін айқындаған. Оның ең біріншісі, айтарыңның болуы, яғни сөзіңнің мазмұны. Екіншісі, сол айтпақ ойыңды салмақтап, жүйеге келтіру. Үшіншісі, көркемдеу, яғни әдеби өңдеу. Төртіншісі, жадыға сақтау. Бесіншісі, келістіріп тұрып жақсылап айтып беру, сөйлеу. Адам бойындағы шешендік туа бітті ме, жоқ әлде жүре бітті ме деген таласты пікірге әйгілі шешен Цицеронның осы бес әдісі жауап бергендей. Цицерон адам табиғатына жаратылыстан берілген табиғи қабілетті (дарынды) мойындай отырып, тек қана соған малданып қалмай, оны үнемі жетілдіру қажет деп санайды. Шешендік өнер адам баласының танымдық әлеуетіне тікелей қатысты. Адам дүниедегі заттар мен құбылыстарды тани келе, оны жарыққа шығарғанда шешендікке тән элементтерді пайдалану арқылы өз өнерін паш етеді. Риторика ғылымында шешендік өнердің өкілдері әркелкі аталады. Мәселен, би-шешен, ділмар, оратор, лектор, т.б. титулды атауларды жатқызуға болады. Алайда бұл атаулар ресми тіркелген атаулар емес, халық өзі таныған жанға (тұлғаға) аталған атауларды бейресми түрде теліп отырған. Бұл ерекшелік қай тілде болмасын кездеседі.
Адам баласының қай-қайсысы болмасын шаршы топ алдында немесе қандай да бір ортада өз ойын шебер де шешен жеткізуге тырысады. Алайда ондай мүмкіндік екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Мәселен біреудің өз ойын жеткізу үшін дайындаған трактофкасын орта қабылдамайды, немесе еріксіз тыңдайды. Яғни, оның жаттанды сөзі сіңімді емес. Ал енді біреудің сөйлеген сөзі еріксіз тыңдарманды өзіне қаратуы ол адамның табиғи болмысына тән қасиет екендігі даусыз. Бұл жерде әрине шешендіктің элементтерін қабілетіңнің бар-жоқтығына байланысты мүлде пайдаланба деген сөз емес. Керісінше пайдалану қажет. Алайда оны әсерлі, ұтымды етіп пайдалану керек. Ал оны оңды-солды қолдану сөздің қадірі мен эстетикалық талғамның тұнығын лайлаумен бірдей.
Шешендік өнерге тән көптеген элементтер сонау Цицерон заманынан бастап күні бүгінге дейін қалыптасу үстінде. Шешен адам үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Қандайда болмасын шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, бейнелі сөзге, тапқыр логикаға құрылады. Сондай-ақ, табан астында тауып сөйлейтін тапқырлық, топ алдындағы тайсалмайтын батылдық, мүдірмей сөз бастайтын өткірлік, сөз сайысында саспайтын сабырлы болу да қажетті шарттардың бірі.
Жалпы риторика ғылымындағы шешендік сөз өнері жазбаша немесе ауызша айтылып (көбіне көп ауызша айтылған) дүниеге келеді де, одан кейін ауыздан-ауызға тарап, кейінгі ұрпаққа сөз өнерінің өлмес-өшпес мұрасы болып қалып отырған. Шешендік сөз өнері өзге сөз өнеріне (прозалық, поэзиялық туындылар) қарағанда ел мен жерге, ұлт пен нәсілге бөліне бермейтін, жалпы халықтық мәні басым өнер. Оған күнделікті тұрмыстағы коммуикативтік акт барысындағы анау айтыпты, мынау айтыпты деген мысалдарды жатқызуға болады. Шешендік сөздің астары тек тапқырлықтан тұрмайды. Ол ой салу мен ойлантудан, насихат пен даналықтан тұрады. Шешендік сөз айтыла келе бастапқы нұсқасының уақыт талабына сәйкес өзгеріске түсуі табиғилық.
Шешендік сөздің анық көрінер тұсы ақындар айтысы, түрлі сөз тартысына құрылған дискуссия мен дебатта (теледебат), алқалы топ алдында сөз сөйлеуде, әртүрлі даулы істерді шешуде, оңаша ой толғау не сұхбат құруда, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет айтуда анық көрінеді. Шешендік сөздер көбіне көп объектінің болмысына қатысты арыдан айтылған түсінік сөзден басталады. Сол арқылы өткен мен кеткенді таразылап, бүгінгі мен ертеңгінің не боларына көз жүгіртіп баяндаудан тұрады. Шешендік сөз өнері өзге өнер түрлеріне қарағанда жасампаз жанр. Ол үнемі жаңғыру мен жаңарудан тұрады. Өйткені адам баласының қандай қоғамдық формацияда болмасын басты қаруы – тіл. Ал сол тілдің бір саласы шешендік өнердің қоғамдық, әлеуметтік сипаты басым. Сондықтан шешендік өнерде қолданыстан шығып қалу, айналымнан кету құбылысы бола бермейді. Оған дәлел бүгінгі тілдік қолданыстағы ежелгі көне грек, рим дәуіріндегі, қала берді орта ғасырлардағы, ренесанс дәуіріндегі шешендік шиырларының күні бүгінге дейін тілдік айналымда жүргендігін алға тартуға болады. Ал бұл дегеніміз шешендік сөз өнерінің астарындағы таным қатпарларының күні бүгінге дейін сыр шертіп жатуы, шешендік сөз өнерінің концептуалды мүмкіндігінің күшті екендігін көрсетеді.
Риторика, шешендік өнер әлем тарихындағы көне ғылым саласы деп атауға болады. Шешендік өнер – өнер ретінде де ғылым ретінде де қоғам дамуының әртүрлі кезендерін басынан өткізіп келеді. Ежелгі грек-рим мәдениеті қарыштап дамыған дәуірлерден бастап, күні бүгінге дейін шешендік өнердің бірде маңызы артса, енді бірде мәні төмендегенімен, өзінің даму процесін үзбей жалғастырып келеді. Алайда шешендік өнерге деген қызығушылық қай қоғамда да артпаса, ешбір кеміген емес. Шешендік өнер сөз мәдениетіне тікелей қатысты жанр. Тіпті шешендік өнерді сөз мәдениетінің ең жоғарғы көрсеткіші деп тануға болады. Тіл білімінде «сөз мәдениеті» дегенде «тіл мәдениеті» деп атау орын алған. Бұл мәселе жөнінде тілшілердің арасында орныққан тұжырым әлі қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен де «тіл мәдениеті» дегенге қарағанда «сөз мәдениеті» деп атасақ, мәдениеттің неге қатыстылығын және «тіл мәдениеті» негізінен «сөз мәдениеті», «сөзді орынды қолдану» деген ұғым-түсінікті білдіреді. Ал, «сөз мәдениеті» дегеннің ғылыми анықтамасына келетін болсақ, бұл мәселені қазақ тіл білімінде арнайы зерттеген ғалымдардың ғылыми пікірлерін басшылыққа алуға болады. М.Балақаевтың тұжырымы бойынша, «Тіл мәдениеті дегеніміз – тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» [1, 17 б.] десе, Н.Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде, «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық» [2, 24 б.], – деп анықтама береді. Ал тілші-ғалым Р. Сыздық: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», – дегенді айтады [3, 24-25 бб.]. Жоғарыда аталған ғалымдардың тіл мәдениетіне қатысты анықтамаларына көз жүгірте отырып, лингвистикалық нормаларды сақтаған сөзді дұрыс айту мен дұрыс жазуды берік ұстанған, сол арқылы көңілдегі көрікті ойдың айқын, әсерлі жетуі мен екі ұдайы ойдың болмауы шешендікке тән көрсеткіштер екендігін анық байқауға болады.
Шешендік өнер қоғамдық-әлеуметтік құбылыс. Ақиқат өмірдегі түрлі саяси-әлеуметтік, қоғамдық жағдаяттарды ретке келтіруде шынайы шешендік өнер қызмет етеді. Шешендік өнердің қоғамдық қызметіне зер салсақ, шешендік әсіресе қоғамдық мәселелерді шешуде өте-мөте белсенді қызмет атқарды. Жалпы шешендік өнердің өкілдері әр алуан әлеуметтік топ арасынан шығып отырған. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың заман талабына сай өзгеруіне байланысты, шешендер мен шешендік сөздердің, шаршы топтың сипаты өзгерді. Бүгінгі шешендік сөз бұрынғыдай өлең түрімен емес, таза қара сөзбен айтылуы қоғамдық-әлеуметтік өзгеріс пен сұранысқа қатысты болды.
Шешендік өнердің антропоцентристік парадигмаға негізделуін адресат пен адресент арасындағы қатынасты дамытып, сөз құдыретін тану басты бағыт етіп алынады. Әрбір сөздің сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы қатынасты жоғары сапаға көтеру үшін екі жақтың да білімділікк, адамгершілік, этикалық әлеуетінің теңдей дамытылуы көзделеді. Себебі адам баласы сөйлеуші ретінде де, тыңдаушы ретінде де ол тілдік және танымдық кодтарды меңгеруі қажет. Шешендік өнердің коммуникативтік сапаларының ішіндегі ең маңыздысы сөз қысқалығы. Мәселен тілдік таңба – стимул, тыңдаушы санасындағы білімнің мәні (реакциясы) күшті болса, аталған тілдік код пен когнитивтік код ұштаса келе, сөз субъектілірінің арасында тілтанымдық диалог орнайды. Ал тілтанымдық диалог – адамзат қоғамы өмір сүруінің басты көрсеткіші. Сондықтан шешендік өнер нормаларын меңгеру, сөз сапасына қатысты аялық білімді қатысымдық тұлғалардың өмірлік дағдыларына тірек етіп ұстану – бүгінгі антропоцентристік парадигманың басым бағыты болып табылады.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев. -
Алматы: Қазақстан, 1965. -186 б.
2. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев. -Алматы, 1984.
3. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары / Р. Сыздық
// Тілдік норма және оның қалыптасуы. -Астана: Елорда, 2001. - 230 б.