Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АРҚА ӘН ДӘСТҮРІНІҢ ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Автор: 
Тельман Нуркенов (Астана, Казахстан)

Өнер зерттеушілері қазақтың халық әндерін аймақтық, орындаушылық ерекшеліктеріне қарай Батыс әншілік мектебі, Жетісу ән мектебі, Сыр бойының әншілік мектебі және Арқа әншілік мектебі деп 4-ке бөліп қарастырады. Оның ішінде Арқаның ән мектебі айрықша дамыған. «Арқа» еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстан аймағын қамтитын кең байтақ өлке. Арқа өңірі әншілік өнердің кең қанат жайып, ерекше дамыған өлкелердің бірі саналып, әндері кең тыныстылығымен, әуенінің байлығымен, терең мазмұндылығымен, асқақтығымен ерекшеленеді. Дәл осы өңірде XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың халықтық кәсіби әншілерінің мектебі қалыптасты. Оның негізін қалаушы әнші - Біржансал Қожағұлұлы (1831-1894 жж). Ал, Ақан сері Қорамсаұлы, Жаяу Мұса Байжанов, Ыбырай Сандыбаев, Мәди Бәпиұлы, Әсет Найманбаев, Естай Беркімбаев секілді Арқа ән мектебінің өкілдері халықтық кәсіби әннің музыкалық-поэтикалық стилін қалыптастырды. Осынау ұлы дәстүрді XX ғасырда Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаппас Айтбаев, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Қуан Лекеров, Жабай Тоғандықов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан және т.б дәстүрлі әншілер легі жалғастырды.

1965 жылға дейін қазақтың дәстүрлі әндері ауыз екі түрде сақталып, ел арасына ауызба-ауыз таралып келді. Тек 1965 жылы Мәдениет министрі І.Омаровтың тікелей қолдауымен Алматыдағы екіжылдық эстрада-цирк өнер студиясы жанынан майталман әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің ән кластары ашылып, осы кезден бастап арнайы оқу орнында дәстүрлі әнді оқыту қолға алына бастады. Оған себеп: XX ғасырдың бас кезінде А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С. Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов сынды қазақ зиялылары бас қосқанда үнемі «Қазақтың әні мен күйі бірқалыпта тұрмауы керек, үлкен ізденістер қажет, әлемдік музыка мәдениетінің озық үлгілері қатарында болуы тиіс» [1, 4 б.] - деген пікірлерді айтып отыратын. Ол үшін дәстүрлі әнді оқытатын арнайы музыкалық оқу орындарын ашып, жастарды сауаттылыққа үйрету басты міндет болды. 1987 жылы Алматы мемелекеттік консерваториясында «Халық әні» бөлімі ашылып, кейін өз алдына кафедра болса, 1998 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында «Халық әні» мамандығы бойынша арнайы оқытыла бастады. 2010 жылы осы оқу орны Қазақ Ұлттық Өнер университеті болып қайта құрылып, «Дәстүрлі ән кафедрасы» ашылды. Содан бері қазақтың дәстүрлі ән өнерінің 4 мектебі тереңдетіліп, мемлекеттік стандарттың «халық әні» мамандығы бойынша бакалавриат дәрежесінде мамандандырылған түрде оқытылады.

Тақырыпқа алып отырған Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшеліктерін аймақтық ән мектептерінің ерекшеліктерімен салыстыруға және бұдан бірнеше ғасыр бұрын бір жүйеге келтірілген академиялық ән салу мамандығының озық тәжірибесімен салыстыра отырып талдауға болады. Қазақтың әншілік мәдениетіндегі орындаушылық ерекшеліктер туралы пікірді М.Готовицкий, Р.А. Пфенниг, А.Эйхгорн, Ф.Щербина секілді ғалымдардың зерттеу жұмыстарынан да кездестіреміз. Олардың жазбаларынан халықтық кәсіби әншілердің бүгінгі күнге жетпеген бірнеше вокалдық ән салу әдістері туралы танып білуге болады. Қазір музыкалық-этнографиялық жазбаларда жиі кездесетін сондай әдістің бірқатарына тоқталып өтейік. Ғалым А.Эйхгорн (1870-1872 жж.) күнделігінде «Қырғыздардың (қазақтардың – Д.А.) әншілігі құдіретті, кең тынысты, айналасы жұп-жұмыр, сұлу әрі жүрекке жылы болып келеді» [2, с. 34] ,- дейді. Бұл жерде автор әншінің ән салу әдістерін суреттеп, бүгінгі күні ұмытыла бастаған «дауыс вибрациясының жасанды әсері» атты тәсілді мысалға келтіреді. Эйхгорн: «Кейде ұзақ ноталы дыбысты көркемдеу үшін әнші ән салып тұрып ауызын алақанымен немесе сәл жұмылған саусақтарымен желпуіш секілді желпиді. Бірақ, бұл қырғыздардың ашық аспан астында сирек қолданатын әдістерінің бірі» [2,с.35] ,- дейді. Ф.Щербинаның зерттеулерінде де: «Қазақтарда атақты әншілер деп теңдессіз дауыс иелерін ғана атайды. Олар жақсы дауыс пен сол дауысты жетік меңгерген адамды ерекше құрметтейді» [2,с.36] , - дейді. Одан әрі Ф. Щербина сарапшыларға сілтеме жасап: «Ән майталмандары қырғыздың ең мықты әншілері табиғатынан виртуоз болып келеді, олардың дауысы икемді әрі төселген дейді» [2,с.36] , - деп жазады.

Арқаның ән мектебіне тән ерекшеліктің бірі – дәстүрдегі жанрлық-стильдік дыбыс идеалы. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Оның қатарында вокалдық және аспаптық өнердің арақатынасы, әнші дауысының ерекшелігі, әншінің дыбыс бояуы түрі және нақты әншілік динамикалық- артикуляциялық әдістер. Қазір біз Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшелігін қалыптастыратын бірнеше талаптарға тоқталамыз.

Алдымен, халықтық кәсіби әншілік өнердің басты талабы - адамның табиғи таза дауысы. Арқаның ән дәстүрі тәжірибесінде төмен дауыстар сирек кездеседі. Мысалы, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Құрманбек Жандарбеков Қ.Байбосынов сынды баритон дауысты әншілер. Әншілік жоғарғы дауыстың болуын техникалық өлшемдермен байланыстыруға болады. Себебі, тек жоғарғы дауыстар ғана алысқа ұшады. А.Затаевич жазбаларында бұл жайлы: «Қазақтар қуатты, алысқа жететін, кеңістікті кернейтін дауыстарды аса жоғары бағалайды, шырқаған дауысы қас қарайғанда 7-8 шақырымға жететін әншіге жететін адам жоқ» [2,с.39] , - деген. Арқа ән дәстүрінде салған әні сахараға жайылған сондай әншілер Ыбырай Сандыбаев пен Әміре Қашаубаев. Әншінің дауыс сапасы, қуаты, тұрақтылығы мен тембрлік көркемдігі, икемділігі дәстүрлі ән терминологиясының дамуына игі ықпалын тигізеді. Мысалы, «Көмейінен бал тамған», «күміс көмей әнші», «жезтаңдай әнші», «дауысын алты қырдан асырған әнші» деген секілді терминдік анықтамалар әнші дауысының тембірлік, акустикалық мінездемесінен көрініс береді.

Қазіргі таңда әншінің дауыс аппараты, вокалдық техникасының принциптері мәселесі терең зерттеуді қажет етеді. Мұндай арнайы зерттеу вокалдық орындаушылықтың заманауи теориялары тұрғысынан талдауды талап етеді. Бұл орайда, Арқа әндерінің әуенінің құрылысы мен әншінің дыбыс тазалығы түрінің өзара байланысы терең зерттелуі керек. Демек, Арқа ән дәстүріндегі кантилена дегеніміз – әуезділік түрі мен дыбыс тазалығы түрі. Асафьевтің анықтамасында: «Әуен құрылысы дегеніміз – музыкадағы әуезділік, біркелкілік және динамика. Ал, дыбыс тазалығы дегеніміз – вокалдылық».

Арқа ән дәстүрінің орындаушылық ерекшелігі дыбыстың естілуі тұрғысынан алғанда жеке ән салуға бейімделген. Тек жеке орындау ғана әншінің өзіндік әдістерін қалыптастырады. Арқа ән дәстүрін жалғастырушыларға кең тынысты әуезділік, тебіреністі декламация және лирика тән. Мұның бәрі әннің сөзін лирикалық пафосқа, экспрессияға толтырады. Осыдан халықтық кәсіби әндердің тыңдарманның көңіл-күйіне ерекше әсері мен қуатын байқауға болады.

Арқа ән дәстүріндегі дыбыс шығару әдістері халықтық эстетикаға баланады. Ән салу өнеріндегі эстетикалық түсінікті қалыптастыратын дәстүрлі әншілік терминологияның саналуандығы көпмағыналылығында, қолданылатын түсініктердің көп мазмұндылығында. Бұл жерден халықтық кәсіби әншінің әншілік дыбыс тазалығындағы динамикалық-артикуляциялық және тембрлік-фондық үйлесімі сезіледі. Мысалы: асқақтата, әндете, баяу, баяулатып, жай, жайлап, қоңыр, майда, шалқыта, шырқата, ырғақпен.

Арқа әндері әуені жағынан Италияның әндеріне өте жақын. Италияның әндері «бельканто» стилімен орындалады. Бельканто дегеніміз - итал. bel kanto - красивое пение - «сұлу ән». Дыбыстан дыбысқа жеңіл өту, дауыстың сұлулығы мен бояуының қоюлығы, барлық регистрдегі дауыстың біркелкілігі және әуен суретінің жылжымалы техникасын сақтайтын дыбыс шығару жеңілдігін білдіретін виртуоздық ән салу техникасы.

Мысалы: Ақансерінің «Сырымбет» әні.

«Ауылым қонған Сырымбет саласына,

Болдым ғашық ақ сұңқар баласына» , - мұнда әннің әр сөзін бөлек-бөлек буынға бөліп айтсақ әннің ерекшелігі кетеді. Ән үзіліп-үзіліп, кесіліп-кесіліп, қысқарып қалады. Сондықтан әнді бір демде үзбей айтқан абзал. Сондай-ақ, Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні.

«Қаратау кейде қарлы ахау, кейде қарсыз,

Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз». Яғни, бұл да бельканто стилінің орындаушылық талаптарына сай, дыбысты үзбей, легатомен орындалатын шығарма. Бұл тұрғыда Арқа әндері, Ақан, Біржан, Жаяу Мұса әндері құрылымы жағынан және орындалу техникасы жағынан Италия әндеріне өте жақын. Ал, Батыс Қазақстанның әндері мен Сыр өңірінің жыр-термелерін бельканто стилімен айту дұрыс емес. Өйткені, әннің орындау мәнері бұзылады. Арқа әндері мен Италия әндері кең тынысты, дыбыстың үзілмеуін талап етеді.

Академиялық ән айтуда композитор шығарманы толық диапазонға жазады. Тенорлар үшін кіші октаваның до нотасынан екінші октаваның до нотасына дейін яғни екі октаваға жазады. Демек, тенор екі октаваны алу мүмкіндігіне ие. Егер әнші ештеңе өзгертпей, дауысын қалқаламай айтатын болса (прикрытие жасамай) онда жоғарғы нотаға жете алмайды, жеткен күннің өзінде көп айтпайды. Тенорда өтпелі нота бірінші октаваның фа нотасынан басталады. Академиялық вокал әншісі де дәстүрлі әнші де әнді өтпелі нотаға дейін бірдей айтады, тек өзіндік мәнерін, өзіндік стилін сақтай отырып орындайды. Өтпелі нота (переходной нота) дегеніміз – кеудеден шыққан дыбысты жоғалтпай тіректі күшейту, резонаторды сезу, тамырлардың жұмысын жеңілдету. Ал өтпелі нотадан жоғарғы ноталарды яғни бірінші октаваның фа диез, соль, соль диез, ля, си бемоль секілді жоғарғы ноталарды академиялық вокал әншілері қалқалап алса, дәстүрлі әншілер жартылай қалқалап кейде ашық алады. Нотаны қалқалап айту дегеніміз - кеуде дыбысын жоғалтпай, тіректі күшейтіп, резонатормен айту арқылы дыбыс байламдарының (связка) жұмысын жеңілдету. Баритондарда өтпелі нота до диез ре немесе си бекар до. Мұнда да ноталарды қалқалап айту керек. Ең кереметі Арқаның әншілерін кез-келген уақытта академиялық ән салу мәнеріне үйретуге болады. Әр әншіліктің өзіндік стильдік ерекшеліктері, өзіндік орындаушылық мәнерінде, вибратоларында айырмашылықтар болмаса Арқаның ән салу техникасымен академиялық вокалдың ән салу техникасы бірдей.

Әдебиеттер:

  1. М.Әбуғазы. Сарыарқа әндері антологиясы. – А., 2009.

  2. Амирова Д.Ж. Казахская профессиональная лирика устной традиции. – Л.,1990.