Автор:
Ләззат Азбергенова (Кызылорда, Қазақстан)
Жалпыхалықтық тілді жаңарту, байыту, жаңа қырынан қолдану - әр жазушының жеке шығармашылық жемісі. Тиесілі сөзді тетігін тауып пайдалану сөз өрнегін келісті сала білген жазушының шеберлігін танытады. Кез келген көркем туындының көркі, шұрайы оның тілінен көрінеді, тілі арқылы бағаланады. Яғни көркем шығарма тіл байлығын көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар тілді дамытатын, байытатын негізгі арналардың қатарына жатады. Көркем әдебиет тілін тілдік қолданыстың ерекше бір арнасы деп танысақ, шығарма тіліндегі жаңа қолданыстар мен әдеби норма, нормадан ауытқулар, оның себебі сияқты мәселелерге талдау жасап, саралап отыратын лингвостилистикалық зерттеулердің қажеттілігі сөзсіз.
Соған орай, қазіргі қазақ тіліндегі бір негізді сөйлемдер турасында айтылған ғалымдар көзқарасын жинақтап, нақтылай түскен және ғылыми негіздемесін жасаған ғалым - Ж.Садуақасұлының бір негізді сөйлемдерді жіктеу мәселесін негізге алып, С.Жұбатырұлының «Абыржы» шығармасындағы белгілі жақты, жалпылама және белгісіз жақты, жанама жақты сөйлем түрлерінің қолданысы жайында сөз етпекпіз.
Қазақ тіліндегі белгілі жақты сөйлем түрлерін бақылау осындай сөйлем түрлерінің семантикалық құрылымында жақ формаларының ерекше орны бар екенін көрсетеді. Өйткені бұл формалар сөйлемнің семантикалық құрылымында субъектіні айқындайтын бірден бір көрсеткіштер болып табылады. Сондықтан сөйлемнің жақтық мағынасын айқындайтын, предикативтік мәнін белгілейтін жақ формаларының мағыналық және стильдік қолданыс ерекшеліктерін қарай отырып, олардың контекст, ситуацияға сай модальдік шақтық белгілермен бірлікте, интонация ыңғайында беретін мағыналарының шеңберін кеңірек қарау қажет [1, 14б].
Жазушы шығармасында кездесетін нақты іс-әрекет иелерінің мәні бас мүшедегі 1,2 –жақтық тұлғалар арқылы берілетін бір бас мүшелі сөйлем түрі – белгілі жақты сөйлемдердің шақтық мәні мен стильдік қызметі арнаулы формалар арқылы да, лексикалық жолмен де (түбір етістіктер), синтаксистік жолмен де (ситуация, контекст) беріледі. Мысалы:
Бұйрық райда 1-жақтық форма жекеше -айын, -йын, (-ейін, -йін), көпше –айық, - йық (- ейік, - йік) болып келеді. Бұл жерде райлық мән мен жақтық мән бір форма арқылы беріледі.
-
Әңгімені сұйылтпайық!... Біз сізге реніштіміз. Себебі, сіз үшін лямканы өзгелер тартып жатыр. Ал сіз барлық ауыртпалықты, сірә, тыныш жерде тығылып өткізгіңіз келеді.
Өзіңмен бүгін жақсылап сөйлесіп, дұрыстап танысқым келді. Қысылмай, еркін отырайық...
2-жақтық бұйрық райлы етістіктердің басқа етістіктерге көмекшілік қызмет атқаруы арқылы:
-
-
Тыңда. Және құлақпен ғана емес, жүректің зердесімен тыңдап көр!
-
Ал, талаңдар! Түтіп жеңдер! Қан мен жынға тойыңдар!
Үйірлі баяндауышқа «де» көмекші етістігінің тіркесіп келуі арқылы: Осы уәжді... аргументті осындағы «Тіршілікті азат ету» партиясының мүшесі, немесе, «беллетрист-публицист» есітсе...
...айдарынан жел есіп тұрған көп ит жалғыз бұралқыны талап жер еді дейсің ғой.
Есімшеге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы:
-
Кешіріңіздер! – деді табалдырықтағы адам үні құмығын.
-
Впрочем, есік ашқан екенсің, кір енді! - Әсерлі қатқылдық сәл жұмсарды.
Сөйлемнің баяндауышы болатын кез-келген сөздер шақ формасын қабылдай бермейді, оны қабылдайтын негізінен етістік қатысқан баяндауыштар болады. Алайда, кез-келген сөйлем контекстік ыңғайда болсын, шақтық мағынамен байланысты болады. Өйткені, сөйлем қандай-да бір қимыл-қозғалыс, іс-әрекет, құбылыстар туралы хабарды білдіретіні рас болса, ол хабар белгілі бір уақыт мөлшерімен, мезгіл кезеңімен тығыз байланыста өтеді. Ал баяндауыштың жақтық формамен түрленуі – осы ерекшелікті айқын танытатын бірден-бір тәсіл. Осы айтылған мәселелерге жоғарыда талданған белгілі жақты сөйлемдер дәлел бола алады.
Субъектісі мүлде көрінбейтін, көрінсе, жақтық мәнді ілік, барыс септіктері арқылы жанамалай ғана байқататын, грамматикалық бастауышы жоқ бір негізді сөйлем түрі – жанама жақты сөйлемнің С. Жұбатырұлы шығармасындағы қолданысы, олардың бас мүшесінің жасалу жолдары мен мағыналары төмендегідей:
-
–у формалы тұйық етістіктің барыс септікте келген түріне «бол» етістігінің тіркесуі арқылы жасалған бас мүше әрекеттің болу-болмауын нақты немесе болжалдап білдіреді: Әрине, мұндай оқиғалар арасында химиядан «екілік», немесе, ұрыншақ Миконың оңаша кездесуге шақыруы сияқты көңілсіз жағдайлар да кездесіп тұрады. Бірақ ондайлар үшін өмірге ренжуге бола ма?
-
Аналитикалық форманттар ыңғайында келген тұйық етістіктердің «керек» сөзімен тіркесіп келуі арқылы жасалғанда, аналитикалық форманттардың семантикасы бас мүшенің жалпы семантикасына әсер етеді: Ерегескенде өлмеу керек. Атасына нәлет, өлмеу керек! Бірақ еңбек пен құнарды сенімді жерге, толымды жеміс беретін топыраққа құя білу керек...
-
Құрамында тәуелденген зат есімдері бар тұрақты сөз тіркестері тұтасымен жанама жақты сөйлемнің бас мүшесі болады: - Әлгі, жылан жорғалатпастың төрт қадам тікен сымы табылмады, ә?! – Құлжұмыр төңірекке сынай қарады.
-
Есімшелердің жалпы, райлық модальдіктерді білдіретін бас мүше ретінде қолданылуы жиі кездеседі: - Коммунист болуды армандайсың ба?
- Ия...Коммунистік партия қатарына өткім келеді.
Талдаудан байқағанымыздай, жанама жақты сөйлем бас мүшелерінің барлығы дерлік айқын. Ондай сөздердің болуын сөйлем семантикасы да, контекст, ситуация ыңғайы да байқатады. Мұндай септік жалғаудағы сөздер синтаксистік мүшелер ретінде кейбір анықтауыштық немесе толықтауыштық қатынаста болғанымен, семантикалық жағынан белгілі бір жақтық-субъектілік мағынаны жанамалай болса да білдіреді.
Сонымен талдауға алынған жанама жақты сөйлемдердің бас мүшелерінің жасалу жолдарын, олардың мағыналарын бақылау мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:
-
Жанама жақты сөйлемдердің бас мүшелері қосалқы модальдік сөздермен тіркесіп келеді де, көбінесе сөйлеушінің субъективтік көзқарасын білдіру ыңғайында құрылады және олар үнемі күрделі құрылымда келеді.
-
Күрделі бас мүшенің негізгі сөзі ашық немесе жасырын тұрған барыс, ілік септік жалғаулы сөздермен байланысатындай ыңғайда келеді. Бұл ерекшелік кейде контекст, ситуациядан байқалатындай дәрежеде көрінеді. Мұндайда барыс, ілік септікті сөздер сөйлемнің логикалық субъектісі қызметін атқарады.
-
Осындай құрылымдағы сөйлемдер кейде, сөйлемнің жалпы семантикасы талап етуіне байланысты субъектіні анық қажет етпейтіндей болып та келеді.
Сөйлем семантикасы жалпыланған жақтық субъектіні білдіретін, соған байланысты іс-әрекет үш жаққа да тән болып көрінетін бір негізді жалпылама жақты сөйлем түрлері де қаламгер шығармасында кездеседі.
-
Бас мүшесі етістіктің дара ашық райлы түрінен жасалған жалпылама сөйлем:
-
Дәрігерге, маман ретінде, сау адамнан гөрі, сырқат қызығырақ... Сырқатты біліп, саушылығыңды бағалайсың.
-
Бас мүшесі күрделі құрылымда келген жалпылама жақты сөйлемдер негізгі және көмекші етістіктердің тіркесінен тұратын күрделі етістіктерден жасалады: Қызық! Осындай бір суретті... жо-жоқ көзқарасты қайдан көріп еді? Қай кинодан?...Таяқ ұстаған адам... Маздаған жанарлар...
-
Бас мүшесі бұйрық райлы етістіктен жасалған жалпылама жақты сөйлем 2-жақты бұйрық райлы етістіктің дара күйінен жасалған:
Осы келтірілген мысалдардан жалпылама жақты сөйлемдердің бас мүшесі негізінен ашық және бұйрық райдың 2-жақтық жекеше формасында жасалатынын байқаймыз.
Жазушы шығармасындағы бір негізді белгісіз жақты сөйлемдердің қолданысы:
-
-
Ашық райдың өткен шағы мен ауыспалы осы шағында келген болымды, болымсыз етістіктердің етіс жұрнақтарының түрленуі арқылы жасалады. Сөйлем 3 – жақтың арнаулы формасы арқылы да (-ды, ты), нөлдік форма арқылы да беріледі. Мысалы:
- Тас-талқан, тал берен!... Бәрібір құрта алмайды!...
-
-
–ар, -ер, -р, -с формалы болымды, болымсыз есімшелерге осындай формалы «бол» көмекші етістігінің тіркесіп келуі арқылы келер шақта болатын я болмайтын іс-әрекетке мегзейтін баяндауыш жасалады:
Сол құм ертерек мұның көзіне құйылса да дұрыс болар еді.
Бұл тажал экологияның да көмейіне бір күні құм құйылар! Мереке-мейрам бізге де келер. Солай емес пе, Медет аға?
Бұл сөйлемде бұрынғы өткен шақтық мән көсемше формалы етістікке «е» көмекші етістіктің тіркесуі арқылы берілсе, кейінгі сөйлемдерде етістікке есімшенің -ар, -ер жұрнақтары жалғанып болжалды келер шақ мәні үстелген.
Сонымен, бір негізді сөйлемдердің көркем әдебиеттегі қолданысына, қарым-қатынас құралы ретіндегі сөйлемнің стильдік тұрғыдан түрлі-түрлі болып құрылуының, сөйтіп ойды нақты, дәл, түсінікті жеткізудің құралы екендігіне С.Жұбатырұлының «Абыржы» романын талдау барысында көз жеткіздік.
Пәйдаланылған әдебиеттер:
-
Ж. Сәдуақасұлы. Жай сөйлемнің құрылымы. А-1996.
-
С. Жұбатырұлы. Абыржы. А-1994.
-
Исаев С.М. Қазақ тілі. Қайнар. А-1993.
-
Сатыбаева А. Қазақ тілінің оқыту әдістемесі. Фолиант. Аст-2008.