Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ПАРСЫ ЛЕКСИКАСЫН ТҮСІНДІРУ ӘДІСТЕРІ

Автор: 
Роза Садыкова (Алматы, Казахстан)

Бастапқы сатыда шетел тілін оқытуда лексиканы меңгертуде алдымен жаңа сөзбен таныстыру, түсіндіру, сөзді бекіту және оны дұрыс қолдануға қажетті білік-дағдыларды қалыптастыру негізгі рөл атқарады. Лексиканы меңгертуде бұл қалыптастыру өте тығыз байланыста болады және бірін-бірі толықтырып тұрады. Егер де лексиканы меңгертуде олардың бірін пайдаланбаса, студенттердің осы сатыда жаңа сөздерді меңгеруіне қиындықтар тигізуі әбден мүмкін. Студенттерді жаңа сөзбен таныстыру кезеңінің негізгі мақсаты – олардың санасында сөздің есту көру моторлық бейнесін қалыптастыру және оның қолданылуымен таныстыру. Яғни, жаңа сөзбен істелетін жұмыстың алғашқы кезеңінде студенттерді сөздің дыбыстық бейнесімен таныстырып, оның қалай айтылатынын студенттерге тыңдату, оны дұрыс айтуға үйрету мақсаты көзделеді, сондай-ақ жаңа сөз қандай сөздермен тіркесе алатынын көрсету көзделеді. Бұл кезеңде жаңа сөзді жеке-дара емес, контекст құрамына енгізу керек. Контекст жаңа сөздің дистрибуциялық ерекшеліктерін, оның тіркесу қабілетін айқын көрсетеді. Жаңа сөздің дыбыстық жағымен таныстыру үшін де контекст тиімді, өйткені сөз жеке-дара емес, белгілі бір контексте қолданылады. Сондықтан сөзді жеке-дара тұрғанда айтып үйренгеннен гөрі оны контексте айтып үйренген тиімді[1].

Жаңа сөз белгілі контекст құрамына енгізілгеннен кейін, оқытушы студенттерге оның түрлерін түсіндіреді. Сөздің формасы деп оның фонетикалық, орфографиялық, грамматикалық ерекшеліктерін, құрамын айтады. Демек, жаңа сөзді контексте енгізе отырып, оқытушы оның айтылу ерекшеліктерін студенттерге көрсетеді, оны олардың санасына жеткізіп, сөзді дұрыс айтуға үйретеді. Жаңа енгізілген сөз өзгеретін сөз табына жатса, онда оның грамматикалық түрлерінің қалай өзгеретінін көрсету керек.

Мысалы, етістіктің жіктелуі, негізгі үш түрінің жасалуы, зат есімнің көптелуі т.б. сөздің жазылуындағы орфографиялық ерекшеліктерді оқытушы тақтаға жазып, астын сызып, оған студенттердің назарын аударады. Егер сөз туынды немесе біріккен сөз болса, онда оның құрамын талдап, жасалу жолдарын көрсетеді. Сөйтіп студенттердің санасында жаңа сөздің есту-көру-моторлық бейнесі қалыптастырылады. Осыдан кейін сөздің мағынасын түсіндіруге көшеді.

Шетел тілі сөздерінің мағынасын түсіндіру барысында кейбір әдіскер ғалымдар мынадай пікір айтады. Осы орайда, И.Е. Аничков, Ю.А. Соколовский: «Шетел тілін оқытуда ана тіліне сүйену шетел тілінде сөйлеу дағдыларына кедергі келтіреді», - дейді. Сондықтан да оқытудың бастапқы сатысында-ақ шетел тілін ана тілінің көмегінсіз оқыту керек екендігін айтады.

Енді біреулері Л.В. Щерба, Т.А. Абрамкина, керісінше, ана тіліне сүйене оқытып, ана тілінің интерференциясын азайтуға болатынын дәлелдеген [2].

Бұл көзқарастағы ғалымдар ана тілінің шетел тілінде сөйлеу дағдыларының қалыптасуына тигізетін кері ықпалын ескере отырып, студенттердің ана тілінен қол үзбей, қайта ана тілі мен шетел тілінің сөздеріне тән ерекшеліктерін ескере келіп, ана тіліне сүйену керек деп есептейді. Яғни, «шетел тілін меңгеру дағдысын қалыптастыруда ана тілін мүлде аластату арқылы емес, ана тілінің интерференциялық ықпалын арнайы әдіс-тәсілдердің көмегімен жеңген дұрыс», - дейді.

Жоғары оқу орнында бастапқы кезеңде лексиканы меңгертуде жаңа сөздерді салыстырып, семантикалық ерекшеліктеріне көңіл бөлу керек. Жаңа оқу материалын түсіндіру деп, оқытылуға тиісті заттың өзіне тән ерекшеліктерін ашу, оның ішкі жүйесін, басқа заттармен байланысын ашуды айтады.

Қазіргі әдістемеде сөздің мағынасын түсіндіруде қолданып жүрген тәсілдерді үлкен екі топқа бөледі:

1. Аударма тәсілдер

2. Аудармасыз тәсілдер.

Бірінші топқа шетел сөзін ана тіліне бір сөзбен аударып беру арқылы түсіндіретін тәсіл мен сөздің мағынасын ана тілінде түсіндіру тәсілі жатады.

Екінші топқа зат-сурет көрнекілігі мен тіл көрнекілігі тәсілдері, яғни, сөз мағынасын контекст арқылы түсіндіру, синонимдер мен антонимдерді пайдалану, сөзді құрамына қарай талдау арқылы түсіндіру тәсілдері жатады. Осы орайда, төмендегі тәсілдерге көңіл бөлейік:

а) Зат-сурет көрнеклігіне көзбен көретін көрнекіліктер жатады: заттар, олардың суреттері, іс-қимыл, әр түрлі кестелер. Сөз мағынасын түсіндірудің бұл тәсілінің тиімді жақтары мынада: зат-сурет көрнекілігі арқылы жаңа сөздің мағынасын түсіндіргенде ана тілі қолданылмайды, сөйтіп шетел тілі сөзі мен сол сөз белгілейтін заттың арасында тікелей байланыс туады[1]. Оның үстіне бұл тәсілді қолдану нәтижесінде сабақ жандана түседі, студенттердің пәнге, шетел тілі сабағына қызығушылығы артады. Дегенмен, бұл тәсілдің тиімсіз жақтары да бар. Олар мынада:

1) тілдегі барлық сөздердің мағынасын көрнекілік арқылы түсіндіру мүмкін емес;

2) қай тілде болмасын кең ұғымдарды білдіретін сөздер мен тар ұғымды білдіретін сөздер болады, мысалы, парсы тілінде درخت /дэрахт/ ағаш, پرنده /пәрәнде/ құс, میوه /миве/ жеміс, حیوان /хейвон/ жануар секілді сөздер кең ұғым білдірсе,سیب /сиб/ алма, طوطی /тути/ тоты құс, درخت گیلاس/дерахте гилос/ шие ағашы, گرگ /горг/ қасқыр сөздері тар ұғымды береді. Егер біз парсы тіліндегі құс деген ұғымды білдіретін پرنده /пәрәнде/ сөзін түсіндіру үшін зат-сурет көрнекілігін қолдансақ, жалпы құстың суретін емес, белгілі бір құстың суретін көрсетеміз (мысалы, қарлығаштың суреті). Студенттер бұл сөзді қате түсінуі мүмкін: پرنده /пәрәнде/ сөзінің мағынасын «қарлығаш» деп түсінуі мүмкін. Өйткені, біз студенттерге қарлығаштың суретін көрсетіп, оны құс деп атап тұрмыз. Сол үшін мұндай сөздердің мағынасын түсіндіргенде, зат-сурет көрнекілігін қалай қолдануды алдын ала ойластырып алу керек.

ә) Тіл көрнекілігі дегеніміз – сөздің мағынасын контекст арқылы, синонимдер мен антонимдер, сөздің құрама бөліктерін талдау арқылы, жағдайға байланысты түсіндіру.

Сөздің мағынасын түсіндіру үшін қолданылатын контекстке мынандай талаптар қойылады: контекстерде грамматикалық құрылым, ондағы жаңа сөздерден басқа сөздердің барлығы студенттерге бұрыннан таныс болуы тиіс. Сонда студенттердің назары толығымен жаңа сөзге аударылады, басқа сөздер мен таныс грамматикалық құрылым студенттерге қиындық келтірмейді. Жаңа сөздің мағынасын түсіндіру үшін қолданылатын контекстке қойылатын келесі талап – контекстке мүмкіндігінше көп анықтамалар болуға тиіс.

Контекстегі анықтамалар жаңа сөздің мағынасын ашуға көмектеседі, ол үшін мұндай анықтамалар абстракты емес, нақты болуға тиіс. Синонимдер мен антонимдерді сөз мағынасын түсіндіру құралы ретінде пайдалану үшін, сөздің мағынасын оның құрама бөліктері арқылы түсіндіру үшін студенттер оларды білуге тиіс.

Тіл көрнекілігінің тиімді жағы – сабақта ана тілі сөз мағынасын түсіндіруде қолданылмайды, ол шетел тілінде түсіндіріледі, сөйтіп жаңа сөз бен оның мағынасы арасында тікелей байланыс жасалады. Тіл көрнекілігі сөз мағынасын түсіндіру құралы ретінде ортаңғы, әсіресе, жоғары сатыда қолданылуға тиіс.

б) Сөзді ана тіліне бір сөзбен аудару арқылы сөз мағынасын түсіндіру жөнінде әдіскерлер арасында көптеген пікірталас, айтыстар болып келді. Аударманы сөз мағынасын түсіндіру құралы ретінде пайдалануға әдіскерлер оны қолданбау керек десе, аударманы жақтаушылар оның уақыт үнемдейтінін, студенттер шетел тілі сөзін бәрібір ана тіліне аудару арқылы түсінетінін айтады. Екінші жағынан, тек бір сөзбен аудару арқылы түсіндіргенде, мағыналары сәйкес келмейтін сөздерді үйренуге ана тілі интерференциялық ықпал көрсететіні де анық. Сондықтан бұл тәсілді қолдану үшін сөздердің әдістемелік типологиясын ескермей болмайды.

в) Сөз мағынасын ана тілінде түсіндіру – сөзді ана тіліне бір сөзбен аудару мен шектелмей, екі тілдегі сөздердің мағыналары арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді студенттерге көрсету.

Парсы тілі лексикасын түсіндіруде сөздің фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне, оның мағынасына және парсы тілінің лексикалық жүйесіне, оның қолданылу ерекшелігіне мән берілу керек.Контекстегі анықтамалар жаңа сөздің мағынасын ашуға көмектеседі, ол үшін мұндай анықтамалар абстракты емес, нақты болуға тиіс.

Тіл көрнекілігінің тиімді жаңа-жаңа сөз мағынасын түсіндіргенде ана тілі қолданылмайды, шетел тілінде түсіндіріледі. Сөйтіп, жаңа сөздің мағынасын түсіндіруге көп уақыт жұмсалады, яғни, студенттер жаңа сөзді өз ана тіліне аударады.

Жоғарғы оқу орнында шетел тілін меңгерту барысында лексиканы оқытудың мақсатын, ережелерін негізге ала отырып, лексикалық бірліктерді студенттерге үйрету жақсы нәтиже береді. Бастапқы кезеңде лексиканы түсіндіру кезінде түсіндіру негізгі орын алады. Яғни, оқытушы жаңа сабақты түсіндіру барысында да түсіндіру әдісін қолданады. Бұл әдістің өзіндік маңыздылығы, оқытушы өз ойын қысқа әрі дәл жеткізіп, шетел тілін меңгеріп жатқан студенттің тез түсінуін қамтамасыз етеді. Сонымен, шетел тілін меңгеруіне көмек береді.

Жоғары оқу орнында шетел тілін студенттердің ана тіліне сүйенбей оқыту, интерференцияны болдырмаудың орнына, керісінше, күшейте түсетіндігіне көз жеткіздік. Себебі, студенттер шетел тілінің сөздерін өз ана тілінің сөздерімен салыстырады да, қателер жасайды.

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында бастапқы кезде шетелдік оқытушылар студенттерге сабақ береді және олар сол тілде сөз мағынасын түсіндірмейді, барынша шет тілінде түсіндіреді. Шет тілін әлі жетік біле қоймаған студенттер қиналады. Сол үшін бастапқы кезде ана тілін және шет тілін жетік білетін мамандар шетел тілі сабақтарын берген жөн.

Қазіргі парсы тілінде парсының сыпайы сөздері кең түрде қолданылады. Ондай сөздерге мынадай сөздер жатады: اقا /ағо/ мырза, سرکار /сәркор/ жолдас, خانم /ханум/ ханым, اشان /эшон/ олар және т.б. Парсы тілінде «ол» деген сөздің орнына сыпайы түрде «эшон» деген сөзді пайдаланады. Эшон коджа аст? اشان کجا است؟Студенттер «Олар қайда?» деп қате аударады. Сол үшін оқытушы студенттерге «эшон» сөзінің қолданылу ерекшеліктерін түсіндіруі керек.

Ал әдіскер ғалым А.Л. Карлин сөзді түсіндірудің басты тәсіл ретінде оның мағынасын ана тілінде түсіндіруді жөн санайды. И.М. Берманның пікірі бойынша лексикалық интерференцияны болдырмау үшін «репродуктивті түрде қолданылатын сөзді түсіндіргенде оның мағынасының тек біреуін ғана түсіндіру жеткіліксіз».

Сайып келгенде, лексиканы дұрыс түсіндіруде төмендегідей тәсілдерге мән берген жөн:

  1. Оқушылардың, студенттердің жас ерекшеліктерін ескеру. Студенттер сөздерді саналы түрде, талдай, екі тілді салыстыра отырып қабылдайды. Ал жоғары оқу орнында бастапқы сатыда жаңа сөздерді көрнекі құралдар арқылы түсіндіру жақсы нәтиже береді.

  2. Осы кезеңде, тіл үйренушінің шетел тілін қаншалықты меңгергенін бақылау арқылы анықтап отыру керек.

  3. Сөздерді түсіндірудің әдіс-тәсілін таңдауда олардың қиындық дәрежесі де ескерілуі тиіс. Үйретілген тілге студенттер мен оқушылардың ана тілінің кері ықпалының әсерінен туындайтын қиындықтар қарастырылуы керек.

  4. Лексиканы берілген уақыт шеңберінде түсіндіріп, пысықтау керек. Жаңа сөздің айтылуына мән беріп магнитофоннан немесе күйтабақтан шетел тілінде тыңдату керек. Студентке бірнеше рет қайталату қажет. Бұл жағдай студенттердің сөзді дұрыс меңгеруіне көмектеседі.

  5. Сөздің сөйлемде дұрыс қолданылуын таныстыру керек.

Студенттерге шетел тілінде оқуды, жазуды, сөйлеуді, бір тілден екінші тілге аударуды үйреткенде біз олардың басқа халықтың мәдениетімен, әрі дүние жүзі мәдениетін білулеріне жол ашамыз, яғни басқа халықтармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік тудырамыз. Сөйтіп, орта мектептегі және жоғары оқу орнындағы шетел тілі пәні қазіргі кезде біздің қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және жалпы мәдени прогресінің іс жүзіндегі факторына айналуда. Демек, қазіргі кезде шетел тілінің жалпы білім беретін пән ретінде жоғары оқу орнында атқарар қызметі студенттерді өздері үйреніп жатқан тілде сөйлейтін халықпен түсіністік, ортақ көзқарас орнатуға дайындап, тәрбие, білім беру, әрі жеке басын, өмірге деген көзқарасын, жан-жақты дамыту болып саналады.

Лексиканы әдістемелік тұрғыдан топтастыру мәселесін шешудің

бірнеше жолдары қарастырылған. Олардың ішіндегі ең көп тарағаны-оқытудың мақсаты мен сөздерді үйренуде кездесетін қиындықтарды ескеру. Ғалымдардың пікірлерін сарапқа сала келе С.Ф.Шатилов сөздерді репродуктивті түрде меңгеруде қиын тиетін факторлар ретінде мыналарды көрсетеді [3].

  1. Ана тілі мен шетел тіліндегі сөздердің мағыналары бір-біріне сәйкес келмейтін сөздерді меңгеру қиын тиеді де, мағыналары сәйкес келетіндерін үйрену оңай болады.

  2. Шетел тіліндегі сөз тіркестерін меңгеру оқытудың бастапқы сатысында студенттерге біршама қиындық тудырады.

  3. Сөздер жасалу жолдарына қарай түбір, туынды, біріккен сөздер болып бөлінеді.Шетел тілін жаңа үйреніп жүрген тіл үйренушіге қысқа /яғни түбір/ сөздерді есте сақтау, оларды тыңдап отырғанда, бір-бірінен ажырату қиын.

  4. Нақты /деректі/ мағыналы сөздер абстракт/дерексіз/ мағынасы бар сөздерге қарағанда әлдеқайда оңай есте қалады. Мысалы: нақты мағыналы сөздер:[истгаһ] «аялдама», [хабгаһ] «жатахана»,

[данэшгаһ] «университет», [даруханэ] «дәріхана» және тағы басқалар абстракт /дерексіз/ мағыналы, [замэн] «кепіл», [мәхсус ] «ерекше» [ғәләбэ] «жеңіс» және т.б. сөздеріне қарағанда жеңілірек меңгеріледі [4].

Жоғары оқу орнында парсы тілін оқытудың басты мақсаты шетел тілін оқыту бағдарламасында белгіленген көлемде лексиканы меңгерту болса, бұл мақсатқа жету үшін студенттер әуелі белгілі мөлшерде тіл материалдарын игеру керек. Онсыз оқытуда сөйлеу іскерлігі мен дағдыларын дамыту мүмкін емес. Тілді қатынас құралы ретінде пайдалану үшін соған қажетті және жеткілікті мөлшерде тілдің фонетикалық, грамматикалық және лексикалық икемділік пен дағдылары меңгертіледі.

Тіл материалын игеру дегеніміз – оны тану ғана емес,сол материалды дұрыс түсіну, әрі дұрыс қолдана білу дағдысын меңгеру деген сөз. Шетел тілі пәні бойынша білім мазмұнына тақырыптар, қарым-қатынас ситуациялары, мәтіндер, тілдік материалдар, лексикалық, грамматикалық, фонетикалық, практикалық коммуникативтік тапсырмалар, оқытылатын шетел тілі елінің кейбір мәдени, ұлттық ерекшеліктері, мәліметтері, күнделікті өмірде жиі кездесетін коммуникативтік сөз әдептері жатады.

Шетел тілін оқыту бағдарламасында көрсетілгендей, лексиканы оқыту да қажетті әдістемелік талаптармен толықтырылып отыр. Бағдарламаның басты көздеген мақсаты – лексиканы терең оқытуға көңіл бөліп, сауатты білім беріп, студенттердің шетел тілінде еркін сөйлеуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ студенттердің сол үйренген сөздерін күнделікті сөзінде пайдаланып, өз ойын еркін жеткізуге төселеу. Бастапқы сатыда шетел тілін меңгеру іскерліктерін дұрыс қалыптастырып, осы кезеңде шетел тілін меңгерудің міндеттері сөз әрекетінің сөйлеу, тыңдап-түсіну,оқу және жазба сөз түрлерінің коммуникативтік іскерліктеріне қойылатын талаптарында нақтыланады.

Әр курстың өзіне тән мақсаттары, оқу материалдары, өзіндік сабақтар жүйесі, оқыту әдістері мен тәсілдері бар. 1-2 курстың өзіндік ерекшеліктері алдына қойылған міндеттерге, сөз әрекеті түрлерінің ара қатынасына, оларды дамыту ретіне, дайындалған және дайындалмаған сөз түрлерінің бір-бірімен қатынасына, ауызша сөзбен оқуға арналған тілдік материалдың бірдейлігіне немесе өзгешелігіне, сондай-ақ әр курста қолданылатын оқыту әдістері мен тәсілдеріне байланысты айқындалады. Олай болса, алғашқы сатыда оқыту ерекшеліктерін анықтау үшін оның алдында қойылған міндеттерін, мұндағы сөз әрекеті түрлерінің, дайындалған және дайындалмаған сөз түрлерінің ара қатынасын, тілдік материалдың ерекшелігін, осы сатыда қолданылатын оқыту әдістері мен тәсілдерін анықтау қажет.

Алғашқы сатының міндеті: сөз әрекетінің барлық түрлерінің (тыңдап-түсіну, сөйлеу, оқу, жазу) негізін қалау, шетел тілін коммуникация мақсаттарына пайдалану икемділігін дамытуға мүмкіндік туғызу. Демек, студенттер алғашқы сатыда өткен тілдік материалды пайдалана отырып, тыңдап түсну, монолог және диалог түрінде сөйлеу, оқу және жазу дағдыларының негізін меңгеруге тиіс.

Алғашқы сатыда ауызша сөздің рөлі басым: ауызша сөз мұнда оқыту мақсаты ғана емес, сонымен қатар ол оқытудың құралы да болып табылады. Осыған орай, 3-4 курсқа қарағанда онда ауызша сөздің алатын орны мен маңызы ерекше сипатқа ие болады. Ауызша сөздің алғашқы сатыдағы бұл басымдылығы сөйлеу икемділіктері мен дағдыларын меңгеру ретін де анықтайды мұнда әуелі ауызша сөйлеу икемділіктері мен дағдылары меңгеріледі, содан кейін осыларға сүйеніп студенттерді оқуға және жазуға үйретеміз.

Шет тілін оқытудың бастапқы сатысында парсы тілінің лексикалық минимумын жоғары оқу орны бағдарламасының талаптарын ескере отырып белгілеу керек; лексикалық минимум студенттердің жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына мән беріп, тақырыптарды күнделікті өмірмен ұштастыру керек; парсы тілінің лексикасын қазақ тілі негізінде оқыту, шетел тілінің сөздерін меңгеруге ана тілінің тиімді және тиімсіз ықпалын ескеруге мүмкіндік береді, бұл жағдай студенттердің парсы тілі лексикасының мағынасын дұрыс меңгеруіне жағдай жасайды; парсы тілі мен қазақ тілі лексикасын өзара салыстыра отырып, студенттер жаңадан меңгеруге тиісті парсы тілі лексикасын меңгерілу қиындықтарына қарай әдістемелік топтарға бөле отырып оқыту бастапқы сатыда студенттерде кездесетін қазақ-парсы лексикалық интерференциясын анықтауға, нақтылауға көмегін тигізеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әдіғали С.Ә. Неміс тілін оқытудың негіздері. –Алматы,1992.-192б.

  2. Щерба Л.В.Обучение иностранных языков .Общие проблемы методики . -Москва : Наука , 1976 . -112 с.

  3. Шатилов С.Ф.Методика обучения немецкому языку в средней школе .-Москва: Просвещение,1977. - 295 с.

  4. Рубинчик Ю. А. Персидско-русский словарь. -Тегеран, 2001. – 845 с.