Автор:
Н.Дыбыспаева (Қазақстан, Астана)
Компьютердің негізгі құрылғыларының арасын байланыстыратын сымшоқтарының түрлері және оның жұмыс істеу прициптеріне тоқталатын болсақ:
Сымшоқ дегеніміз – сым жолдарының жиынтығы, кей кезде сандық жүйеде бірнеше компоненттерді біріктіруші өткізгіштер. Бұл сым жолдары 3 типке бөлінеді: мекен-жай, мәліметтер және басқару. Кейбір кезде бір өткізгіш арқылы әр уақытта мекен-жай және мәліметтер беріледі. Мұндай сымшоқты – мультиплекстелген деп атайды. Сымшоққа қосылған құрылғылар 2 негізгі типке бөлінеді – басқарушы (master) және бағынушы (slave).
Адрестік сымшоқ. Бұл сымшоқ арқылы берілетін мәліметтер жедел жады ұяшықтарының мекен-жайлары ретінде қарастырылады. Осы сымшоқтан процессор орындалуға тиіс командалар мекен-жайларын оқиды. Қазіргі заманғы процессорларда адрестік сымшоқ 32 разрядты, яғни ол 32 параллельді өткізгіштерден құрылады.
Мәліметтер сымшоғы. Бұл сымшоқ арқылы жедел жадыдан регистрлерге және керісінше мәліметтерді көшіру процесі жүреді. Intel Pentium негізіндегі процессорларда мәліметтер сымшоғы 64 разрядты болады[1,15-19 б.].
Командалық сымшоқ. Процессорда орындалатын командалар осы сымшоқпен жедел жадыдан келеді. Командалар байттар түрінде көрсетіледі. Қарапайым командалар 1 байтқа сяады, бірақ 2 немесе одан да көп байтты сыйымдылықты қажет ететін командалар да болады. Қазіргі заманғы процессорлардың көп бөлігінде 32 разрядты командалар сымшоғы бар, сонымен қатар 64 разрядты командалық сымшоғы бар процессорлар да бар.
Аналық тақшадағы сымшоқтар тек процессормен байланыс орнату үшін ғана қолданылмайды. Аналық тақшадағы ішкі құрылғылар және де оған тікелей қосылатын құрылғылар бір-бірімен сымшоқтар арқылы байланысады, әрекеттеседі (сурет 1).
Сурет 1 - PCI Express 1x(кішкентай, ақ), PCI Express 16x(қара)
Аналық тақшалардың негізгі сымшоқ интерфейстері ISA (Industry Standart Architecture) – жүйелік блоктың барлық құрылғыларын байланыстыруға рұқсат береді, сонымен қатар жаңа құрылғыларды стандартты слоттар арқылы жеңіл қосуға мүмкіндіктер тудырады. Қазіргі заманғы компьютерлерде жоғарғы өткізгіштікті керек етпейтін сыртқы құрылғылар да қолданылады (дыбыстық карталар, модемдер және т.б.) (сурет 2).
Сурет 2 - ISA сымшоғы
PCI (Peripherial Component Interconnect) – Pentium процессорының негізіндегі дербес компьютерлерге енгізілген сыртқы құрылғыларды қосудың стандарты. Бұл сыртқы компоненттерді қосу үшін арналған бөліктеушілер мен жергілікті сымшоқ интерфейсі қажет. Осы стандарттың жаңалығы ол plug and play механизмі. Оның негізгі PCI сымшоғының ажыратылатын қосылысына сыртқы құрылғы физикалық қосылғаннан кейін осы құрылғының автоматтандырылған конфигурациясы жүзеге асырылады (сурет 3).
Сурет 3 - PCI сымшоғы
FSB (Front Side Bus). Pentium Pro процессорынан бастап, жедел жадымен байланыс орнату үшін арнайы FSB сымшоғының жүйелілігі негізгі параметр болып табылады, дәл осы параметр аналық тақшаның спецификасын көрсетеді.
AGP (Advanced Graphic Port) – бейнеадаптерлерді қосу үшін арналған арнайы сымшоқтық интерфейс[2, 56-58 б.].
USB (Universal Serial Bus) – компьютерлердің перифериялық құрылғылармен байланысын анықтайтын бірінен кейін бірі орындалатын әмбебап сымшоқ стандарты. Ол әр түрлі жүйелі интерфейсі бар 256 құрылғыға дейін қосу мүмкіндігі бар, осы құрылғылар бір-бірімен тізбек арқылы қосыла алады. Сымшоқтардың 3 типін атап көрсетуге болады:
- жоғары жылдамдықты – 480 Мбит/сек.
- ота жылдамдықты – 12 Мбит/сек.
- төмен жылдамдықты – 1.5 Мбит/сек.
Осы стандарттың ерекшеліктері ретінде мыналарды атап көрсетуге болады: бұл құрылғыларды «ыстық режимде» (яғни компьютерді қайта қоспай) қосу және өшіру, сонымен қатар бірнеше компьютерді арнайы аппараттық және бағдарламалық жабдықтаусыз қарапайым желіге біріктіруге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.М.Гук, В. Юров. PENTIUM 4 Athlon и Duron. - Санкт-Петербург: Питер, 2001г.
2.Томпсон Р.Б., Томпсон Б.Ф. Железо ПК:Энциклопедия.- Спб.: Питер, 2003г.