Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІНДЕГІ ПРОБЛЕМАҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ШАРАЛАРЫ

Автор: 
Бөрібаев Бақыт, Төкеев Уалшер (Алматы, Қазақстан)

Жоғары және одан кейінгі білім беру мекемелеріндегі негізгі қағида жоғары деңгейдегі мамандар даярлау мен оқу процесін инновациялық түрде дамыту ісін жүзеге асыру болып табылады. Қазіргі кезде әлемде білім беру процесін инновациялық дамытуға арналған бірнеше оқыту технологиялары бар, олар:

  • проблемаға бағытталған оқыту технологиясы (Problem-based Learning) – ProblemBL;

  • кейске негізделген оқыту технологиясы (Case-based Learning) – CaseBL;

  • жобаға бағытталған оқыту технологиясы (Project-based Learning) – ProjectBL;

  • зерттеуге бағытталған оқыту технологиясы (Inquiry-based Learning) – InquiryBL.

ProblemBL – бұл оқу жоспарына сәйкес тьютор-тәрбиеші қадағалайтын, студентке бағытталған тәсіл, ол шәкірттерді теория мен практиканы біріктіре алатын зерттеу жүргізуге бейімдейтін және өмірдегі белгілі бір проблеманы шеше алатын білім беру мен соған орай дағды қалыптастыруды жүзеге асыруға тырысады. Мұндай көзқарастың табысты болуының межелік факторы – нашар құрылымдалған проблеманы және оны үйрететін тьютор-тәрбиешіні таңдап алып, оны жүзеге асырылу тәжірибесіне толық талдау ісін жүргізу болып саналады [1].

Бірсыпыра авторлар ProblemBL тәсілін табысты түрде іске асыруға керекті сипаттамалар мен ерекшеліктерді атап көрсетті. Мысалы, Boud пен Feletti (1997) [2] проблемаға бағытталған оқытудың философиясы, стратегиясы және тактикасы сипаттамаларын қарастыратын практикалар тізімін келтірді. Ал Duch, Groh және Аллен (2001) [3] ProblemBL технологиясында пайдаланылатын тәсілдерді сипаттап, жастардың сыни түрде ойлау қабілетін қамти отырып, күрделі практикалық проблемаларды талдап шешу барысында белгілі бір дағдыларды қалыптастырып дамытатын әдіс-тәсілдерді сипаттады. Олар керекті білім беру ресурстарын табуды, бағалауды және пайдалануды көрсетіп, кооперациялық түрде жұмыс істеп, тиімді қатынас құру істерін бейнелеп, алған білімдерін мазмұнды түрде пайдаланып, ары қарай өзін-өзі жетілдіре алатын дәрежеге жеткізу жолдарын баяндады.

Torp және Sage (2002) [4] ProblemBL жүйесін зерттеу жұмысына қарай ұйымдастырылған күрделі практикалық проблемаларды шешуге бағытталып, тәжірибеге негізделген оқып үйрену ісі екеніне назар аударады. Олар студенттерді қойылған мәселелердің шешімін таба алатын, проблеманың негізін бақылап талдауға ұмтылатын және соның барысында өздерін өздері алға жетелейтін деңгейге жақындайтынын көрсете білді. Hmelo-Silver (2004) [5] ProblemBL технологиясын нұсқаушы рөліндегі оқыту тәсілі ретінде сипаттады, мұнда студенттер жеңіл мәселелерді шеше отырып, тек бір ғана шешімі болмайтын күрделі проблемаларды талдауды үйренуге тырысады. Олар топтарда жұмыс істей жүріп, проблеманы шешу үшін нені оқып үйренуі тиіс екенін байқап, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға бет бұрады.

Сонымен проблемаға бағытталған оқытудың негізгі сипаттамаларына мыналарды жатқызуға болады [1]:

  • Студенттер алған білімдеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс, мәселені шешу студентке жүктелсе, оның өзіне қояр талабы күшейе түседі.

  • Проблемаға бағытталған оқу процесінде қолданылатын мәселені модельдеу ісінің құрылымы қолайсыз болуы керек, өйткені өмірдегі барлық мәселелер бір қарағанда қолайсыз болып көрінеді, әйтпесе олар пробемаға айналмас еді. Мәселе дұрыс құрылған болса, студенттердің оны шешуге деген ынтасы жоғары болмайды.

  • Мәселені шешу барысында студенттер көптеген пәндерден алған білімдерін қатарластыра пайдалануы тиіс. Өйткені өмірдегі бір мәселені шешу үшін біз алған біліміміз бен тәжірибемізді толық пайдалануға тырысамыз. Проблеманы шешу негізінде істелетін жүмыстар нақты өмірмен байланыста болғаны көп көмегін тигізеді.

  • Проблемаға бағытталған білім беру ісі оқу жоспарының дидактикалық бір бөлігі емес, оның педагогикалық негізі болуы тиіс.

Қорыта айтқанда, PBL технологиясында үйретуші ұстаз оқу процесін сүйемелдеп, шәкірт­терден олардың ойлану қабілетінің даму бағытын (көзқарас­тарын) түсіндіруін күтеді, бірақ ол оқушыларға қойылған проблеманы шеше алатын ақпаратты толық бермейді – ондай мәліметті ізденушілер өздері табуға тырысуы керек.

Кейске негізделген және жобаға бағытталған оқыту технологиясы – бұл студенттерді анализ және синтез жүргізу тәрізді жоғары деңгейдегі мәселелерді шешуге бағыттай алатын белсенді түрде оқытуға тарту ісін жүргізетін тәсіл болып саналады. Жақсы құрастырылған кейс шәкірттерге қойылған пробле­маның/жағдайдың маңызды элементтерін түсінуге көмек­тесе алады, сондықтан студенттер болашақта осындай жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға жақсырақ бейімделуі тиіс. Кейске негізделген оқыту жүйесі студенттердің қиындық туындаған сәттерге дағдыланып, логикалық ойлау қабілетін дамытуға, шешімдердің өзара логикалық байланыстарын байқауға немесе қате пікірлерді пайымдауға мүмкіндік береді.

Кейске негізделген оқыту арқылы жүргізілетін зерттеу істері студент­тер­ге пән/тақырып аясындағы ішкі байланыстарды қалыптастырып, арнайы терминологиялық сөздіктер құруға және кейстік оқытуда көрсетілген эле­мент­тер арасындағы қатынастарды түсінуге де көмектеседі. Ары қарай кейстік оқыту топтық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, студенттер комму­ни­ка­ция­лық дағдылар мен қарым-қатынас жасау істерін дамыта отырып жақсарта алады.

Зерттеуге бағытталған оқыту технологиясы (Inquiry-based Learning) – бұл сұрақ қоя отырып тексеруге, проблеманы шешудегі сыни ойлау қабілетіне қарай оқытудағы екпінді тәсілдерге негізделген, студентке бағыт­талған әдіс болып саналады [1]. Зерттеуге негізделген оқытудағы іс-әрекеттер ақпарат жинақталып, түсінікті болғаннан соң, жаңалықтар мен тәжірибелерді талқыға салып, жаңадан алынған білім жайлы толғанып, ойланғаннан кейін, алдын ала зерттеулерден шығатын жаңа ұғым, түсінік құрудан басталады. Зерттеуге бағытталған оқыту ісі студенттердің ғылыми әдістерді өмірлік проблемалармен (сұрақтармен) байла­ныстырып, прак­тикалық жұмыстарды жүргізуді қолдап, солардың нәтижесін пайдаланады.

PBL мен InquiryBL технологияларының алғашқы айырмашылығы ұстаз­дың рөліне байланысты болып келеді. Зерттеуге бағытталған оқыту тәсілінде ұстаз білім алудағы көмекші және ақпарат ұсынушы рөлін атқарады.

Европа университеттерінде проблемаға бағытталған оқыту тәжірибесін қарастыратын болсақ [6], оларда сабақ өткізудің бірнеше түрлері пайдаланылады:

- Response lectures (дәріс сабағы – студенттер алдын ала оқытушыға өз сұрақтарын жазбаша түрде дайындайды, ал мұғалім соларға толық жауап береді);

- Wokrshops (арнайы сабақ түрі – студенттерге практикалық немесе теориялық есептер беріліп, соларды шығару қажет етіледі, презентациялар, т.б. дайындау да болуы мүмкін.);

- Progress Tests (өткен материалдардың бөлігі бойынша емтихан өткізу).

Бірақ білім берудің негізгі формасы болып проблемаға бағытталған оқыту топтарында сабақ өткізу болып саналады. «Problem Based Learning (PBL) – проблемаға негізделген оқыту түрі – мұнда студенттерге нақты өмірден алынған практикалық проблемаларды шешу ұсынылады, осындай мәселелер олардың оқуға деген ынтасын арттырады...» (Bound & Feletti, 1997) [2].

Жоғарыда айтылған сабақ түрлерінен басқа да жұмыс формалары (лекциялар, семинарлар, дискуссиялар, симуляциялық жұмыстар – workshops) жүргізіледі, олар PBL-сабақтарының инфрақұрылымын, яғни қажетті білім беру ортасын ұйымдастырады.

Проблемаға бағытталған оқыту тәсілі белгілі бір тапсырмалар түрлерін орындауға негізделген.

Тапсырма (Task) – PBL әдісі бойынша сабақ өткізудің бастапқы пункті болып саналады. Тапсырмада алдымен қойылатын проблеманың сипатта­масы болуы тиіс. Тапсырма тек теориялық сипатта ғана емес, оның практикалық жағы да қарастырылуы керек.

Тапсырмалардың келесі типтерін айрықша атап өтуге болады:

  • проблемалық тапсырма (problem task) – белгілі бір жұмыс аймағының нақты проблемаларының сипаттамалары болады. Осы типтегі тапсыр­малар жиі кездеседі;

  • талқылауға арналған тапсырма (discussion task) – талқылау (дискуссия) түрі беріледі;

  • стратегиялық тапсырма (strategy task) – белгілі бір жағдайда жүзеге асырылатын стратегияны жасау талап етіледі;

  • үйренуге арналған тапсырма (study task) – мұнда қандай материал оқытылуы тиіс және ол қалай іске асырылуы керек екендігі жайлы нақты нұсқау болады;

  • берілген жұмысты (әрекетті) орындауға арналған тапсырма (action task) – кездесуге, интервью алуға, ақпарат жинауға, т.с.с. орындауға арналған нақты нұсқаулар;

  • қолданбалы тапсырма (application task) – алынған білімдерді белгілі бір есепті шығаруға қолдану талап етіледі.

Проблемалық тапсырманың құрамында жағдайдың бейтарап түрде берілген сипаттамасы болады, оның шешімі белгілі теорияға сәйкес ізденіс арқылы табылуы тиіс; студенттер оқып игерген пән түсініктерінен тұратын сұрақтар болуы керек; гипотезалар (болжамдар) құрастыру мақсатында оқытылатын түсініктер қамтылады; оны нақты түсініктер арқылы айқындай­тын ұғымдар болады, олардың шағын көлемде болуы жеткілікті болып есептеледі.

Бұған қоса проблемалық тапсырма берілген модульді оқып үйрену мақсатына сәйкес келуі керек және сол модульдерге негізделуі тиіс және де олар пәнаралық талаптарға сәйкес құрастырылады. Тапсырмаларды игеруге кететін уақыт мөлшері он алты сағаттан артық болмайды, осы мерзім тапсырманың орындалуы жайлы толық есеп беруге жеткілікті болып саналады. Тапсырманы орындау студенттердің оқылып өтілген түсініктердің, ұғым­дардың белгілі бір (шектеулі) керекті көлемін игеруін қажет етеді. Тапсырмаларда студенттерді «шатастыратын», яғни алған бағыттарынан тайдыратындай тұжырымдар болмауы керек деп есептеледі.

Талқылауға арналған тапсырмалар әртүрлі пікірлердің туындауына себепші болатын сипаттамалардан (дилеммалардан) құралады. Соларды қарастыра отырып, әркім өз пікірін қалыптастыратын дәрежеге жетуі керек. Мұндағы тапсырмалар студенттерді бір ортақ пікірге келуге жетелемей, бірден ортақ келісімге келуді де жүзеге асырмайтындай дәрежеде болғаны дұрыс. Оларды орындау барысында қосымша оқулықтар мен әдебиеттер қажеті етілуі мүмкін.

Стратегиялық тапсырма құрамындағы сұраулар: «Егер ... болса, Сіз не істер едіңіз?» деген тұжырымға сәйкес келетін болады. Мұнда студенттер көрсетілген іс-әрекетті орындамайды, бірақ олар белгілі бір жағдайға тап болғанда, не істеу керек екендігі жайлы өз түсініктемелерін беруі керек. Осындай тапсырмаларды орындау барысында студенттердің қалыптасқан жағдайға байланысты одан шығуға қажетті атқарылатын жұмыстардың қадамдық процедураларын құрастыра алатын дәрежелері бағаланады.

Үйренуге арналған тапсырмаларда нені оқып үйрену керек екендігі жайлы, қандай сұрақтарға назар аударылатыны және де керекті ақпаратты қайдан тауып алуға болатындығы туралы толық мәлімет беріледі. Көбінесе тапсырмалар: «Мыналарды оқып үйреніңдер...» деген сөздерден басталады. Мұнда белгілі бір модульде көрсетілген тақырыпқа қысқаша нұсқау беріледі немесе «кіріспе лекцияға» сілтеме жасалады да, оған қоса, игерілуге тиіс әдебиеттің, оқулықтың нақты атауы жазылады. Сол тақырыптарды оқып үйрену мақсаттарын (learning objectives) қысқаша, әрі нақты түрде құрастыру талап етіледі. Оқылған, игерілген материалдар жайлы есеп беруді келесі PBL-сабаққа дайындап келу керек екендігі де сипатталады.

Жұмыс түрлерін орындауға арналған тапсырмаларда студенттер орындауға тиіс жұмыстарды атқаруға арналған нақты нұсқаулар болады, мысалы, рөлдік ойындар өткізу, белгілі бір институтқа барып қажетті мәлі­мет немесе интервью алу, т.с.с. Жұмысты орындаған соң, есеп беру бары­сында қандай кітаптарды пайдалануға болатындығы жайлы ақпарат көр­сетіледі. Келесі PBL-сабаққа даярланатын есеп беру жұмыстарының құрамы мен құрылымы сипатталдады.

Қолданбалы тапсырмаларда студенттер бірсыпыра білім алды деп есептеледі де, олардың ары қарай не істейтіндігі, олардан не күтілетіндігі жайлы айтылады. Мұнда да келесі PBL-сабаққа орындалуы тиіс есеп беру жұмысын дайындау жолдары көрсетіледі. Қолданбалы тапсырмалар үйде орындалады.

Жоғарыда қарастырылған проблемаға бағытталған технологиялардың әртүрлі типтері, атап айтқанда:

  • проблемаға бағытталған оқыту (Problem-based Learning) - ProblemBL;

  • кейске негізделген оқыту (Case-based Learning - CaseBL);

  • жобаға негізделген оқыту (Project-based Learning) - ProjectBL;

  • зерттеуге бағытталған оқыту (Inquiry-based Learning) - InquiryBL түр­ле­рін оқу жүйесінің және де өтілетін пәннің ерекшеліктерін ескеретін деңгей­леріне қарай (бакалариат, магистратура, докторантура) араластыра пайда­лануға болады, мұнда олардың шәкірттерге білім берудегі ең тиімді болып табылатын құрамы мен құрылымы қолда­нылған жағдайда тигізетін әсері де ойдағыдай болатынын талас тудырмаса керек.

Әдебиет

  •  
    1. Savery J.R. Overview of Problem-based Learning: Definitions and Distinctions. The Interdisciplinary of Journal of Problem-based Learning. – 2006. – Vol 1, № 1. – p. 9-20.

    2. Boud, D., & Feletti, G. (1997). The challenge of problem-based learning (2nd ed.). London: Kogan Page.

    3. Duch, B. J., Groh, S. E., & Allen, D. E. (2001). Why problem-based learning? A case study of institutional change in undergraduate education. In B. Duch, S. Groh, & D. Allen (Eds.), The power of problem-based learning (pp. 3-11). Sterling, VA: Stylus.

    4. Torp, L., & Sage, S. (2002). Problems as possibilities: Problem-based learning for K-16 education (2nd ed.). Alexandria, VA: Association for Supervision and Curriculum Development.

    5. Hmelo-Silver, C. E. (2004). Problem-based learning: What and how do students learn? Educational Psychology Review, 16(3), 235-266.

    6. Бабурова О.Р. Разработка модульных программ на основе проблемно-ориентированного обучения: http//sociosphera.ucoz.ru/publ/.