Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫН АРТТЫРУҒА ИННОВАЦИЯ, БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМДЫ ТАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Автор: 
Халел Кусаинов, Н.Т.Әжмұрат (Ақтөбе, Қазақстан)

Социалистік жүйеде ел экономикасының бәсекелестік деңгейінің төмендігі, өндірісте қолданылып жүрген техника мен технологияның дамыған капиталистік елдерден көп кейін қалғаны, отанымызда өндірілетін өнімдерге сұраныстың, жұмыс істейтін адамдарда нәтижелі еңбекке ынтаның жоқтығы баршаға белгілі болатын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жеке меншікке негізделген жүйеде ғана сапалы өндіріс, өнімдерін тұтынушының сұранысына бейімдеу бар, оның іске асырылуы нарықтық қатынастардың қалыптасуымен байланысты. Елбасының экономиканы нарық жолымен дамыту биік межеге жеткізетіне сенімі, экономиканы нарықтық қатынастарға көшірудегі іс-әрекеттері – реформаторлық деңгейдегі экономикалық саясаты деп бағалау керек.

Одақтың ыдырауы, социалистік жүйеде қалыптасқан одақтағы республикалар арасында экономикалық қатынастардың үзілуі ел экономикасын дағдарысқа ұшыратты.

Аграрлық саланы нарықтық жүйеге көшіру, жалпы экономикалық дағдарыс ауыл экономикасының күрт төмендеуіне әкелді. Ел экономикасын көтеруде, әлемдік экономикаға кіруде ауыл шаруашылығын көтерудің маңызды рөлін ескерген Президентіміз 2000 жылғы халыққа жолдауында елімізде қалыптасқан экономикалық ахуал ауылды көтеруге мүмкіндік беретінін, ауылды қаржылық қолдау керектігін атап, ауылды көтерудің үш жылдық бағдарламасын бекітті. Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдер көлемі қысқа мерзімде қарқынды түрде дамыды, азық-түлікке ішке сұраныс негізінен отандық өніммен қамтамасыз етілді.

Президентіміздің ауылды көтеруге арналған бірінші Жолдауында – ауылды көтеру елімізде жалпы экономиканы дамытуға мультипликативті ықпал беретінін, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемінің ұлғаюы оны қайта өңдейтін саланың дамуына, ауыл шаруашылығы мен қайта өндеу кәсіпорындарын материалдық ресурстармен жабдықтайтын салалардың дамуына оң әсер ететінін атап, ауылда орта және ірі тауарлы шаруашылықтардың санын көбейту талаптарын белгілеген еді. Осы ұсыныстары мен қойған талаптарын, әлемдік экономиканың даму қағидалары тұрғысынан сараптағанда, ғылыми негізделгенін, өміршеңдігін көруге болады.

Осы мүмкіншіліктерді іске асыруда ел экономикасының аграрлық саласын жедел түрде индустриялды-инновациялық даму жолына ауыстыру белгіленді. Бұл бір жағынан ауылға кең көлемде инвестиция тартуды , екінші жағынан бұл саладағы өндірісте инновациялық технологияны пайдалану ауқымын кеңейтуді керек етеді. Елімізде қабылданып іске асырылып жатқан бағдарлама дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес және онда ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдай ескерілген.

Қойылған міндеттердің іске асыру шараларын белгілеуге негіз болған еліміздегі қалыптасқан жағдайда еңбек өнімділігінің төмендігі келтіріліп, оны көтеру үшін жаңа инновацияларды енгізу қажеттігі айтылған. Осы жағдайдың ауыл шаруашылығында басымырақ екенін бағалаған ел басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту негізгі үш бағыт бойынша жүруін Жолдауда атап көрсетті:

– 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есеге арттыру;

– 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі нарықтың 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс;

– еліміздің экспроттық әлеуетін іске асыру.

Жолдауда ауыл шаруашылығын бұрын белгіленген бағытта дамыту мен қатар мал шаруашылығын көтеруге ерекше назар аударылған. Ол орынды. Еліміздегі жайылымды жердің көлемі, етке деген сұраныс ауылды дамытуға жол ашады.

2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу белгіленген, мұның құны – 4 млн тонна бидай экспортына тең. Бұл мақсаттың орындалуына байланысты 130 млрд теңгелік несие ресурстарын бөлу қарастырылған. Бұл қарастырылған шаралар бір жағынан ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Экономиканы дамытуда белгіленген биік межеге жетуде ғылым мен білімнің орны ерекше екені, оларды әлемдік деңгейге көтеру Президентіміздің әрқашанда назарынан тыс қалған емес. Осы аталған бағыттардағы жұмыстың нәтижелі болуында еліміздегі ұлттық инновациялық жүйені тиімді және ұтымды қызметін қалыптастырудың ерекше рөлі көрсетілген. Ғылым мен білім деңгейінің биіктігі ауыл шаруашылығын қарқынды дамытудың басты шарты екені белгілі.

Ашық экономика жағдайында ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету осы саладағы тауар өндірушілердің бәсекелестік қабілеттілігімен шешіледі. Бәсекелестік ортада табысқа жетуде өндіріс орындары шоғырландырылған ірі, өндірісте озық технологиялар мен ұйымдастыруда озық үлгілерді пайдалану керектігі әлемдік тәжірибеде анықталған. Осы тұрғыдан бағалағанда ауыл шаруашылығында елеулі кемшіліктер бар.

Ауыл шаруашылығында нарықтық жүйені құруда жүргізілген жекешелендіру нәтижесінде жаңа құрылымдар қалыптасты: ауылшаруашылық кәсіпорындары, жеке шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындары шаруашылығы, жалпы өндірілетін өнімдерде осылардың әрқайсысының үлесі бар. Реформа басталғаннан бері ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде ауыл тұрғындарының үлес салмағы 50%-ға дейін артса, сол мерзімде ауылшаруашылық өнеркәсіптерінің үлесі 25%-ға төмендеді, ал шаруа қожалықтарының үлесі 25%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер өндірілетін өнімнің көпшілігі ұсақ шаруашылықтардың үлесінде екенін анықтады.

Ауыл шаруашылығында басты байлық та, негізгі өндіріс құралы да – жер. Оны тиімді пайдаланудың алғышарттарының бірі – ауылшаруашылық кәсіпорындарында салалық өндіріс құрылымының оңтайлы болуы. Ол ауыспалы егісті таңдауға, жер құнарлылығын сақтауға, өндірістегі маусымдылықты жеңуге, өндірістің жалпы мәдениетін көтеруге және еңбек өнімділігін арттыруға әсерін тигізеді. Бірақ ауылшаруашылық кәсіпорындарында және шаруа қожалықтарында осы алғышарт талаптары сақталмаған. Оларда өндірілетін өнімдер құрылымында өндіріс құрылымында мал шаруашылығы саласының үлес салмағы төмен, жетекші сала – өсімдік шаруашылығы, оның үлес салмағы 82%-дан артады. Сондықтан да оларда ауыспалы егіс жоқ, өндіріс мәдениеті төмен. Олардан айырмашылығы ауыл тұрғындары өндірісті дамыту үшін жер ресурстарының шектелуіне байланысты қиындықтарды бастарынан өткеруде. Олардың меншігіндегі мал басының шоғырлануы жайылымдардың шамадан тыс мөлшерде тозуына әкеп соғуда.

Аграрлық саланы тұрақты дамытып, бәсекелестік қабілетін көтеру үшін ауыл шаруашылығын индустриалды-инновациялық технологияға ауыстыру белгіленді. Агротехникалық жұмыстарды тиімді мерзімде және жоғары сапада жүргізуге мүмкіндік беретін материалды-техникалық базаларының болуы анықтаушы фактор. Республикада жоспарлы экономикадан нарыққа ауысу жылдары ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтаудың деңгейі елеулі төмендеді. Сол үрдіс осы уақытқа дейін жалғасуда. Сонымен қатар инвестиция үшін аграрлық секторда тартымсыздық қалыптасты. Еліміздегі инвестицияның жалпы көлемінде ауыл шаруашылығының үлес салмағы барлық жылдары 2%-дан төмен болуда.

Міне, осындай кемшіліктерді жою мақсатында жоғарыда атап өткен тиімді бағыттарды ұтымды пайдалана білсек ауыл экономикасын жандандырып, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жетілдіре аламыз. Яғни, инновация, білім және ғылым, шет елдік тәжірибе барлығы өзара ықпалдасып ауыл билігі мен басқару жүйесіне жедел енгізілген кезде ғана ауыл деген керемет мекеннің гүлденері айдан анық.

Әдебиеттер:

  1. Қ. Мұратқызы Ауыл шаруашылық өнімдерін еселеп көтеруге мүмкіндік мол-Экономика, 2012

  2. Елбасының Қазақстан халқына жолдауы, 2012