Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҰЛТ МЕНТАЛИТЕТІН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АСТАРЫ

Автор: 
Хорлан Абдильдина (Астана, Қазақстан)

 Ұлттың қалыптасу үдерісі көптеген елдерде әлі күнге дейін жүріп жатыр. Адамдар оны талқыға салады, теориялар мен жоспарлар жасайды, осы үдерістің барысында пайда болған қиындықтар мен қарама-қайшылықтарды шешуге күш жұмсайды. «Ренонның формуласы» бұл істе жақсы көмек бола алады: оған аппеляция жасайды, дамытады. Л.С. Сенгор 60-жылдары Сенегалдың президенті болған кезінде ұлттың қалыптасуында келесі тұжырымдаманы ұсынды [1]. Отан деп аталатын белгілі бір этникалық бірлестік те кездеседі. Отан дегеніміз – ортақ тілмен, қанмен және дәстүрмен байланысқан адамдар қауымы және осы ұғыммен қатар ұлт деген термин де кездеседі. «Ұлт отандарды біріктіреді және оның шеңберінен де шығып кетеді. Ұлт – отан емес, ол өзіне табиғи жағдайларды байланыстырмайды, ол ортаның қалыптасуы емес, ұлт дегеніміз құрылуға немесе қайта құрылуға деген ерік-жігер. Ұлтты қалыптастыратын нәрсе, ол – бірлесе өмір сүруге ұмтылған ортақ ерік. Әрине бұл ортақ ерік көршілік тарихынан туындайды, және міндетті түрде мейірімді көршіліктен емес» [1, 43 б].

Ұлттық мінез-құлық құрылымында ерекше орынды оның менталді бірлестігі алады, ол саналы немесе санасыз өз ұлтының рухани тәжірибесімен сусындайды. Философиялық құрылымдар өз дүниесінде белгілі бір ұлттың тәжірибесімен тығыз байланысты. Ұлттың рухани мұрасы қаншалықты бай болса, ол ұлт даму барысында мобилді іс-әрекеті жемісті болып келеді.

Ұлттық мінез-құлық пен ұлттық менталитетті тығыз байланыстыратын тағы бір компонент ол ұлттық имидж болып табылады. Ұлттық имидж дегеніміз – басқа халықтың өкілдеріне танылатын сипат және сол арқылы нақты бір ұлт өзін басқаларға көрсетіп, дәлелдей алады. Ұлттық имидж де ұлттық менталитетті зерттеуде маңызды орын алады, ол туралы Б.Ф. Поршнев былай дейді, «ұлттық имидждің ядросы ретінде «біз» ұғымының жеке немесе ұжымдық деңгейде түсінілуі жатады. Материал алғашқы қауымдық қоғам тарихынан ғана емес, алайда әртүрлі тарихи кезеңдерде көрінеді, кейде тіпті «олар» деген ұғым болса да «біз» ұғымы жоғалып кетеді. «Олар» - «біз» емес, немесе керісінше, «біз» - «олар» емес. Тек қана «олардың» барлығы, «оларға» қатысты өзіндік анықталып алу арманын тудырады, «олардан» «біз» деген сезім арқылы бөлініп шығу» [2].

Ұлт табиғаты, ұлт менталитеті – күрделі де жан-жақты құбылыстардың бірі. Ұлт табиғатын тану, оның тарихи тағдыры мен болмысын анықтау – қоғамдық ғылымдар үшін қиын да күрделі мәселе. Бір қарағанда ұлт деп тегі бір, тілі, мәдениеті, дәстүрлері ортақ адамдардың қауымдастығын айтуға болады. Миллиардтан асқан қытайлықтардан бастап, бірнеше жүз құрайтын юкагирлерге дейін этнос құрайды. Ұлттардың тарихи тағдыры, өзара ықпалдасуы мен байланысуы қоғам өмірінде жан-жақты көрініс алып отыр.

Ең бастысы — әр ұлттың, оның рухани мәдениетінің бағалы, өзіндік қайталанбас құбылыс екенін ескеру. Оны тек бір тілде сөйлейтін әлеуметтік топтардың бірлігі мен қарама-қарсылығы деумен шектелу, оның терең дүниетанымдық тамырларын ескермеуге әкеледі.

Менталитет пен мінез-құлық ұғымдары синоним сөздер емес екендігін есте ұстауымыз қажет. Ұлттық мінез-құлықтан менталитеттің ерекшелігі мынада, ұлттық мінез-құлық ментальдықтың негізгі бөлігі ретінде өмір сүрудің психологиялық-физиологиялық белгілерін өзіне жинақтайды. Ал менталитет әрине ментальдықтан да күрделі әлеуметтік сапалы жағдай болып саналады.

Ұлттық мінез-құлықты бағытталған мемлекеттік идеология арқылы, мемлекеттік саясат арқылы өзгертуге болады, оның жақсы қасиеттерін басып-жаншып, жаман қасиеттерін әшкерелеуге де болады (бұған қатысты кеңестік тарихымыздан көптеген мысалдар келтіруге болады) немесе керісінше мемлекеттің басымдық мақсатына жетуі үшін, дені сау мемлекеттік ұлттық идеяны қалыптастыру үшін ұлттық мінез-құлықтың жақсы жақтарын дәріптей отырып, жастарды жаңа сапалы рухта тәрбиелеуге де болады.

Ал менталитет, әрине, көптеген сыртқы факторларға байланысты сырттай өзгергенімен, заманға сай бейімделгіштік қасиетін көрсете отырып, өз ядросын немесе түпкі тамырын өзгеріссіз қалдыра алады. Сол арқылы өзіндік ықпал да етеді. Бұл жағдайда менталитет қорғағыштық қызмет атқарады. Заманның қойған талабына сай ұлттың бейімделуін жеңілдететін де осы менталитеттің қасиеті.

Тәуелсіздіктің қалыптасуы, ұлттық мемлекеттіліктің дамуы қоғамдағы біріктіру факторы болып табылатын дені сау ұлттық менталитетпен тығыз байланысты. Ол мемлекет территориясында тұратын барлық этностық топтар мүдделерінің теңқұқылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік саясатқа едәуір ықпал ете алады.

«Ұлт мәселесінің қиындығы мен күрделілігі — оның қөп қырлылығында. Сондықтан оны зерттеу барысында белгілі бір уақиғалардың, саяси бағдарламалардың, экономикалық факторлардың, сезім мен көңіл жетегінде кетуге болмайды. Ұлт менталитеті мәселесінде жеке адамдардың, ұлт көсемдерінің де ықпалы өте зор екендігін естен шығармаған жөн. Дегенмен, ұлт менталитеті болмысының астарында мәңгілік құндылықтар жатады. Баспасөз бетіндегі айтыс-тартыс та, бүгінгі саяси серкелердің еңбектері де тарих еншісіне кетер, тіпті ұмытылар да, бірақ ұлттық құндылықтар уақыт өткен сайын мәңгілік сипат ала береді. Бұл — жалпы өркениет дамуының заңдылығы. Ал рухани қазынаның, тарихтың иесі — ұлт» [3].

Бердяев мемлекеттілік «ұлттық болмыстың қалыпты жағдайы, ал мемлекеттілігінен айрылу - ұлттың дінін бұзатын үлкен бақытсыздық, ауыр індет» деді [4]. Ал неміс зерттеушісі Дарендорф ұлттың негізі – «жалғыз ғана Конституция мен құқық» деп атап көрсетеді [4, 68 б]. Ұлттық пен мемекеттіліктің арақатынасын айта келіп, П.Б. Струве былай деді: «Өз мемлекетіңді жек көруге болады, бірақ өз ұлтыңды жек көру мүмкін емес» [5]. Расында да мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына байланысты кейде келіспеушілігімізді білдіріп жатамыз, алайда ұлттық қасиет туралы айтқанда ешкім де өз ұлтына қатысты жағымсыз пікір білдірмейді.

Мысалы, ойшыл Ш. Монтескье былай дейді: «Климаттың билігі барлық биліктен күшті» [2, 135 б]. Сонымен қазақстандық менталитеттің қалыптасуына әсер ететін жоғарыдағы факторлардың барлығын да айта кеткеніміз абзал. Ортақ тағдыр, ортақ территория, ортақ заң бірегейлікті қалыптастыруға жағдай жасайды. Сонымен бірге тіл мәселесін де айта кеткен жөн. Туғаннан қандай әуендерді, дыбыстарды естіген бала сол әуендерді, дыбыстарды қолданушыларға өзін жақын ұстайтын болады.

«Қазіргі ұлт менталитетінің ішкі даму тенденциясы үш себепке байланысты болып отыр. Олардың алғашқысы далалық демократия қағидаларынан сусындаса, екіншісі, социализм заманындағы қалыптасқан демократия қағидаларынан, үшіншісі қазіргі қоғамдағы демократиялық үдерістерге байланысты болып отыр. Сондықтан да Қазақстандағы демократиялық үрдіс жайында сөз еткенде, оны тек бүгінгі саяси қатынастардың көрінісі ретінде қарап қоймай, оның кешегі ментальдық астарына да үңілу керектігін баса айтқымыз келеді. Өкінішке орай, бұл жолда тарихи-мәдени дәстүрге сүйенуден бұрын сыртқы, батыстық үлгідегі ағымдарға еліктеу басым. Қазақтың демократияны түсіну ерекшелігі оның ата- дәстүрі мен салтында, мәдениетінде жатыр. Оның лейтмотиві - сыйластық. Сыйласу, өзара түсінік, мәмілелік бүгінгі демократияның негізі. Демократияның институциялық жүйелерінің қалыптасу негізінде өзара сыйластық, мәмілелік, төзімділік, түсіністік тәрізді ұлттық құндылықтар жатуы керек. Болмаған жағдайда қазақ халқы өзінің алдында тұрған әлеуметтік- экономикалық және саяси мәселелерден жатсынып, жаһандану қарсаңында өзінің белсенділігінен айырылып қалуы мүмкін» [6].

Бұл жерде тек бір нәрсеге назар аударуға болады. Батыстық зерттеушілер, сонау қазақ хандығы кезінде де біздің қоғамды зерттеуді бастаған. Сол кезде оларды таң қалдырған жайт, қазақ қоғамындағы билік пен халық арасындағы қарым-қатынас: батырлардың бұқара халықтан шыға отырып саяси элитаға еркін ене алуы, билердің де бұқара халықтан шыға отырып, элитада мәртебелі, сыйлы статусқа ие бола алуы, бұқара халық өкілдерінің хан сарайына еркін кіріп, онымен дастархандас бола алуы және сөз еркіндігі, батыс зерттеушілерінің ойынша, мұндай жағдай не Батыс мемлекеттерінде, тіпті Шығыстың басқа мемлекеттерінде кездеспеген жағдайлар болып есептелінеді.

«Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру ұлт менталитетінің замана талабына сай бейімделуіне тікелей байланысты. Ол үшін ұлт менталитетін кешегі әміршіл- әкімшіл жүйе қалыптастырған стереотиптерден, бюрократизмнен тазарту қажет. Мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігі «қоғам-мемлекет-жеке адам» жүйесінің өзара байланысының тереңдігімен, бағыт-бағдарымен айқындалады. Мүдделердің тоғысуы ұлт менталитетін жаңа деңгейге көтеріп, оның жасампаздық белсенділігін арттырады. Болмаған жағдайда халық өз алдына қойған мақсаттардан жатсынып, керіағар үрдістердің басталуы мүмкін. Сондықтан да мемлекеттік басқару жүйесінің пәрменділігін арттыру, оны халыққа қызмет істеуге бағындыру халық пен үкімет арасындағы түсінбеушілік пен қайшылықтарды жеңудің объективтік негізін қалайды» [6, 264 б].

«Басқа саяси тұрақты мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда ұлттық менталитеттің қалыптасу және даму үрдісіне жағдай жасау қоғамдағы руханилылыққа импульс бола алады, ол азаматтардың өзін бағалай білуі мен ұлттық қадір-қасиетті сезінуге кепілдік береді. Рухани бастаулар болмысты анықтауда экономикадан аз рөл атқармайды, керісінше әсіресе дағдарысты жағдайларда қоғамның рухани көңіл-күйі қоғамдық ағзаның тереңнен жаңаруына алғашқы себеп бола алады. Әрбір азамат өзін өз халқының тарихы мен мәдениетінің дәл төріне қоя білуі қажет, сол халықтың бір бөлігі ретінде, халықтың тағдыры мен өткені әрбір азаматттың өмірімен тығыз байланысты екенін сезіне білуі қажет» [6, 265 б].

Менталитетті саяси дамудағы рухани-әлеуметтік негіз ретінде қарастыра отырып, біз қазақстандық менталитетке сипаттама бергенде біздің мақсатымыз басқа халықтарда жоқ қасиеттер, өз халқымызда ғана бар деп айтудан аулақпыз. Біздің қорытындылауымызша, қазақстандық менталитет өтпелі кезеңді басынан кешіріп жатқандықтан, ұлттық, яғни мемлекеттік мұратты айқын анықтап алуы қажет және бұл жерде негізгі белсенді субъект биліктің өзі болуы қажет. Абай ойшылымыз айтқандай, билік халықтың бүгіні мен ертеңі үшін жауапты болса, халық оған толық өз сенімділігін көрсетеді.

Зерттеуші Джон Стюарт Миль белгілі бір қоғамға жаңа заң еңгізбес бұрын, сол қоғамның ақылдық қабілетін, өнегелігін және саяси сана сезімділігін, бір сөзбен айтқанда менталитетін ғылыми тұрғыдан зерттеп алу қажеттілігін ұсынады. Немесе ойшыл Шоқан Уәлихановтың ойларына тұжырым жасасақ, қоғамдағы өзгерістер, реформалар халықтың мүддесі, пайдасы үшін жүзеге асатындықтан, сол халықтың материалдық мұқтаждығына шақталуы және ұлттық мінез-құлқына сай келуі қажет деп санайды. Сондықтан, қазақстандық қоғамға қатысты да жоғарыдағы факторлар ескерілетінін айтуға болады.

Осыған байланысты бұл мәселе бойынша келесі қорытындыны жасауға болады:

Біріншіден, кез келген қауымдастықтың қасиеттері барлық халықта да кездеседі, тек мәселе ол қандай деңгейде көрсетілген. Мысал ретінде өмір сүруге қабілеттілікті алсақ, ол барлық халықтарға тән қасиет, тек кейбір объективті себептерге, атап айтсақ, халықтың маңдайына түскен қиын тарихи сынақтарға байланысты, біздің менталитетімізде ерекше ащы шындық деңгейінде кездеседі. Менталитетті зерттеген ойшылдардың атап кеткен ұлттық қасиеттері, әлеуметтік нақты өмірде көрініс тауып отыр, бұл жерден біздің көретініміз саналылықтан санасыздықтың басым тұрғаны; адамгершілік және рухани элементтердің мәнінің жоғарлығы.

Екіншіден, тағы бір айта кететін жайт «біз» деген ұғымды қолданғанда, біз ортақ қазақстандық деген ұғымға сай қолданамыз. «Біз» ұғымы, яғни қазақстандық идея барлық Қазақстанда тұратын этностардың санасында бірдей сіңген жағдайда, олар өздерін осы «бізден» алшақ ұстамайды, керісінше олардың «біздікі» деген ойлары басқа мемлекетке емес, біздің мемлекетімізге арнап айтылуын көруге болады, тек осы жағдайда қазақстандық менталитеттің негізін құрайтын қасиеттер қазақстандық халықты біріктіре отырып, қазақ ұлтының құндылықтары ауқымынан шығып кетпеу мемлекеттік саясат тұрғысынан қамтамасыз етіледі.

Үшіншіден, қазақстандық менталитет Қазақстандағы саяси дамудың рухани-әлеуметтік негізі бола алады, себебі менталитет қоғамдағы рухани-әлеуметтік дүниетанымның негізін құрайды, қоғамдық сананың түпкі қазығы бола отырып, құндылықтарды анықтай алады.

Төртіншіден, қазақстандық менталитеттің негізінде осы мемлекетте тұратын барлық ұлттардың, ірі әлеуметтік топтардың болмысында тарихи қалыптасқан дәстүрлері, ұстанымдары стереотиптері жатыр, осылардың барлығы жинақтала отырып, бір-бірімен өзара астарласа саяси дамуға да ықпалын тигізе алады.

Әдебиеттер:

1. Иванов В.Н., Назаров М.М. Политическая ментальность: опыт и перспективы исследования // Соц.-полит. журн. – 1998. – №2. – 93 б.

2. Кусов В.Г. Категория ментальности в социологическом измерении // Социол.исслед. – 2000. – № 9. – 79 б.

5. Бердяев Н.И. Мир объектов. Опыт философии одиночества и общения. - Париж, 1931 // Цитаты из книги: Пути всех к мудрости. – М., 1987. – 267 б.

6. Марков Б.В. Разум и сердце: история и теория менталитета. – Санкт-Петрбург, 1993. – 229 б.

7. Филипченко А.М. Национальный менталитет как институциональный фактор экономического развития РФ. – М., 2003. – 250 б.

8. Бурбаев Т.Қ. Қазақ менталитетінің даму ерекшеліктері. – Астана, 2005. – 287 б.