Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҚОҒАМДАҒЫ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІ

Автор: 
Жанаргул Пангалиева (Астана, Казахстан)

Бүгінгі әлем қоғамның барлық саласын және адамдардың құндылық бағдарлары мен ұстанымдарын, өмір сүру салты мен деңгейін, соның ішінде діни-рухани дүниесін қамтыған күрделі трансформацияны басынан өткізуде.

Заманауи жаһандану дінге деген қызығушылықтың артуымен, жаңа діни ағымдардың пайда болуымен ерекшеленеді. Ғылыми баспа беттерінде жаңа діни қозғалыстарды «секта», «тоталитарлық секталар», «альтернативті діндер», «дәстүрлі емес діндер», «деструктивті ағымдар, культтер», тіпті кейде, «жаңа ғасыр діндері» деп атап жүр. Бұл түсініктер қоғамда әртүрлі ассоциация туғызып отыр. Осыған орай зайырлы, демократиялы қоғамдағы діннің орны, мемлекет пен діннің қарым-қатынасы, діни ұстаным туралы көптеген сұрақтар пайда болды.

Діндердің халықтар мен халықтарды, мемлекет пен мемлекеттерді өзара жақындастыруда да, керісінше алыстатып, бір-бірімен жауластыруда да ролінің айрықша зор екені белгілі. Адамзат тарихындағы қаншама дау-жанжалдар мен соғыстарға діннің, яғни өркениеттің әркелкілігі себепші болған.

С.Хантингтон өзінің «Өркениеттер қақтығысы» еңбегінде ХХІ ғасырдағы қақтығыстар өркениеттердің соғысы болады, ол әсіресе діндер арасында көрініс табады деп жазған болатын. Шын мәнісінде оған әлемнің түрлі елдеріндегі дау-жанжал, қақтығыс пен соғыс мысал болып отыр. Өйткені олардың себебін діннен іздеу үрдісі етек ала бастады. Бүгінгі күні де әлемнің әр жеріндегі үлкенді-кішілі қақтығыстар мен қантөгістер астарынан да сарапшылар осы діни келіспеушілікті байқауда.

Соңғы жылдары дін үлкен күшке айналды. Бірақ сол күштің кімнің қолында екендігінің маңызы зор. Егер ол содырлар немесе діни фанатиктердің қолына тисе халық қасірет шегеді. Ал зиялылар басқарса – дін көркейеді.

Діні, тілі, дәстүрі басқа ұлттардың тең дәрежелі қарым-қатынаста болуы елдің өркенеттілігінің белгісі. Көп ұлысты, көп конфессиялы мемлекет үшін бейбітшілік пен тұрақтылық, қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Бұл жерде Қазақстан қоғамы да тыс қалмайды.

Соңғы жылдары дін тақырыбы мен адамдардың сенім бостандығы дискуссиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының объектісіне айналды, оның үстіне бұл мәселеге тек мемлекеттік билік құрылымындағылар ғана емес, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен психологтар, жалпы қоғам назар аударуда.

Себебі, қазақ елі өз егемендігін жариялағалы халқымыздың рухани қазынасының тарихи тамырларын, олардың нәр аларлық жалпыадамдық және ұлттық құндылықтарына деген қызығушылық, ынта мен талап бұрын соңды болмаған дәрежеге көтерілді. Осы тұрғыдан алғанда қоғамның діни санаға, діни тағылымдарға қайтадан бет бұруы өте құптарлық құбылыс. Дегенмен де бұл құбылыстың екінші жағы да бар. Бұл бүгінгі таңда шешімін таба алмай жүрген мәселелердің бірі - еліміздегі әр түрлі діни конфессиялар мен ұйымдардың жұмыстары, миссионерлердің қызметтері, жаңа діни ағымдардың пайда болуы мен жастардың дінге қызығушылық танытуы болып есептеледі.

Діни рәсімдер қоғамға терең сіңісіп, діни тәжірибе дінге сенушілердің де, сенбеушілердің де күнделікті өміріне айналды. Тәжірибе көрсеткендей дін мәселесі экономикамен, әлеуметтік-саяси, ұлтаралық қатынастармен де тығыз байланысты. Сондықтан да дін мәселесі күрделі болып есептеледі.

Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдары жұмыссыздық пен кедейліктің әсерінен туындаған қылмыс, нашақорлық және маскүнемдікпен күресуге тура келсе, қазіргі кездегі мәселелер одан да күрделі. Сол жылдары «рэкетир», «қылмыскер», «нашақор», «маскүнем» деген жиі айтылса, бүгінгі таңда олардың орнын «терроризм», «террористер», «діни экстремизм», «жиһад», «шахид», «секта» деген сөздер алмастырған және оны күн сайын еститін болдық. Оның үстіне соңғы жылдары әлем бойынша, әсіресе ислам дініне қатысты «экстремистер», «террористер», «ваххабистер» деген таңба тағылған. Мұның барлығы исламдағы «жиһад» түсінігінің бұрмалануынан туындап отырған жағдай. Себебі, жиһадты пайдаланып, ислам бағытындағы қозғалыстардың өз мүдделері үшін экстримистік, террористік әрекеттер ұйымдастыруы жиі байқалады. Ал шындығына келетін болсақ, исламдағы жиһадтың мәні мүлдем басқа. Сондай-ақ ислам діні ешқашан күш көрсетуді қолдаған емес, әрі Құран бойынша да оған тиым салынған.

Терроризм дегеніміз латын тілінен аударғанда «қорқыныш» деген мағынаны береді. Бұл ұғым «күш көрсету», «зорлық-зомбылық», «кінәсіз адамдарға зардап келтіру» мағынасында қолданылады. Терроризм - жүйелі түрде күш қолдану мен қорқыту арқылы үкімет пен қоғамнан белгілі бір саяси шарттарды орындауды талап ету.

Ал, Ислам адам өмірін ең жоғарғы, маңызды құндылық ретінде қарастырады. Сондықтан ислам дінінің ұстанымына сай кінәсіз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатқа қарсы жасалған әрекетпен тең және ол үлкен күнә деп Құранда жазылған. Ислам дүниетанымына байланысты сенім білдіруші барлық адамды дәл сол күйінде қабылдауы тиіс. Бұл дегеніңіз адамды тегіне, нәсіліне, ұлтына, дініне қарамастан барлығын теңестіру, құрметтеу.

Осы тұрғыдан біз үнемі исламды адалдық, тазалық, татулық, адамгершілік жолы ретінде түсіндіріп, дәріптеуіміз қажет.

Тарик Рамадан айтқандай біздің дәуірде, жаһандану заманында, масс-медия және техника мен технология дамыған уақытта ең алдымен өз еліңнің үлгілі азаматы болу, белсенді және адал болып қалу маңызды.

Қазақстандағы басым дін – ислам. Соңғы санақ қорытындысы бойынша, бұл дінді республиканың 24 ұлт өкілдерінен құралған, негізінен қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, дүнген т.б. 70,2% халық ұстанады. Сонымен бірге 26,3% - христиандықты, 0,01% - буддизмді, 2,8% - дінге сенбейтіндер, 0,5% - діни ұстанымын көрсетуден бас тартқандар құраған. Тағы да бір көңіл аударатын жайт - 0,4% қазақтар мен өзбектердің 0,5% - ұйғырлардың, 10,2% - татарлардың, 0,3% - қырғыздардың христиандық бағытты ұстанатындығы болып отыр.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар»,-деп жазылған. Бұл бойынша дінге сене ме, атеист бола ма, қай конфессияға бет бұрады, әр адамның қалауы өзінде болуы тиіс. Біздің елімізде адамгершілік–демократиялық құндылықтардың бірі ретінде ар-ождан бостандығы, діни ымырашылдық, толеранттылық жарияланған. Рас, әр адамның нанымына, сеніміне, діни бостандығына ешкім қол сұғуға тиісті емес. Алайда, қазақ халқыныың өзге дінге бет бұруы ойландыратын жағдай. Оның үстіне қазақстандағы ислам дінін ұстанушылардың барлығы бірдей дәстүрлі ханафиттік мазхабындағы сунниттік жолды ғана емес, ханбалиттік және шафиттік мазхабын, суфизм бағытын да ұстанады.

Кейінгі кездері тіпті христиандық, протестанттық бағытты айтпағанда, салафиттер, кураниттер, вахабистер, сүлейменшілер деген ислам бағытындағы әртүрлі жаңа ағымдар мүлдем көбейіп кетті.

Бүгінгі таңда елімізде «Аль-Каида», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Хизбут-Тахрир» сынды т.б. экстремистік және террористік ұйымдардың қызметіне ресми түрде тыйым салынғанымен, олардың әрекетін тоқтату мүмкін болмай отыр. Ал осы жаңа ағымдар мен қозғалыстардың, ұйымдардың алдауына ұшырап отырған негізінен жастар. Қазақ жастары үшін дәстүрлі ислам дінінен бас тартып, басқа дінді қабылдауы немесе жоғарыда аталған ұйымдарға мүше болуы ұлттың өркендеу үрдісіне кері ықпал ететін жайттардың бірі, сол себепті әлеуметтік жаңару жүріп жатырған шақта жастардың рухани дүниесін зерттеу, олармен тәрбие жұмыстарын жүргізу маңыздылығы туындап отыр.

Жастардың дәстүрлі ислам жолынан бас тартып, адасып жүруінің әртүрлі себебі бар. Бірақ ең бастысы жастарымыздың өзінің тарихын, салт-дәстүрін толық білмеуі мен діни сауаттылықтың төмендігін атап өтуге болады. Қандай жағдай болмасын, өзінің тілін, дінін, ділін, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін білетін адам барлығына қарсы тұра алады. Сондықтан да жастарға осы тұрғыдан білім, ақпарат беруді күшейтуіміз керек.

Елбасымыздың өзі биылғы жолдауында оқыту үрдісінің тәрбиелік компонентіне көп көңіл бөлінуі қажет, жастарымыздың бойында патриоттық, адамгершілік сезімдерді қалыптастырып, рухани құндылықтарды дамытуымыз тиіс деген еді. Ол үшін елбасы оқу орындарында арнайы типтік кешенді жоспар жасауды, оқулықтар даярлауды тапсырған болатын.

Жастардың өзге діннің, көзқарастың ықпалына қарсы тұруы үшін ең алдымен діни сауаттылықты арттыру қажет. Діни сауаттылықты арттыру үшін оқу орындарында дінтану пәні міндетті пән ретінде енгізілуі тиіс. Бұл мәселе соңғы жылдар ішінде көтерілгенімен әлі де шешімін таба алмай жүр. Мектеп қабырғасынан бастап, жастарға дәстүрлі ислам мен православиелік діннің негізгі қағидаларын, ұстанымдары мен ілімдерін үйреткен жөн. Екіншіден, тарих сабақтарында исламның тарихы, ислам дінінің Қазақстанда таралуы, қазақ халқының наным-сенімдері туралы көбірек тоқталу қажет деп ойлаймын. Үшіншіден, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тұрмысы жөнінде, жалпы өмір салты туралы арнайы курстар оқылса да артық етпес еді. Себебі, қазақтың мақал-мәтелінің, толғаулары мен жырларының мәні зор. Олардың астарында да исламның негізгі қағидалары көрініс тапқан. Ислам дінінің адамгершілік, төзімділік, ұстамдылық, бауырмалдылық, ізгілік туралы қағидалары қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерінде де көп кездеседі. Сол зиялы қауым өкілдерінің дін, адамгершілік, үлгі-өнеге жайлы қанатты сөздері мен өлеңдерін тұрмыста қолданысқа енгізіп, күнделікті өмірде дәріптеу керек. Төртіншіден, жаңа діни ағымдар, олардың сипаттары, пайда болуы мен зияны туралы ақпараттарды кеңінен тарату қажет деп есептеймін. Бұл тұрғыда интернет желісін, БАҚ пайдалану және таратылатын ақпараттық парақтар, кітапшалар шығару қажеттілігі туындап отыр. Бесіншіден, дін саласының мамандарымен, әділет министірлігінің қызметкерлерімен, дін мәселесін зерттеушілермен және сарапшылармен кездесуілерді, дөңгелек үстелдерді жиі ұйымдастырудың да пайдасы болары анық. Мұндай кездесулерде тек исламның қағидалары жайлы ғана емес, мұсылмандық және христиандық бағыттағы секталар туралы, олардың қызметі, ұстанымдары жөнінде де сөз қозғалуы тиіс. Сонда көпшіліктің хабары болады, жастар дәстүрлі жолды және жаңа теріс ағымдарды ажырата біледі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Айталы А. Государство и религия // Мысль 2011, №9

2. Ахметжанов А. Казахстан: религиозный экстремизм – проблема №1//www.geokz.tv

3. Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстанның дамуының басты бағыты // ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Астана 2012 жыл6 27 қаңтар.

4. Орынбекова Д.С. Уровень религиозности студенческой молодежи: критерии и показатели// Алматы энергетика және байланыс университетінің хабаршысы. 2010, № 3/2