Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Қазақ әлемінің дүниетанымдық түсінік ерекшеліктері

Автор: 
Сайраш Сапаргалиева (Астана, Казахстан)

 

Әрбір тарихи дәуір өзіне тиесілі болмысымен айырықша ерекшеленеді. Осы ерекшелік бүкіләлемдік адамзат тарихын жаңа әлеуметтік және танымдық тәжірибелермен толықтырып отырады. Ежелгі номадтарға тән мифологиялық көріністің бүгінгі сипаты көшпенділерге тән кеңістік пен уақыт бірлігінің тұтастығынан көрінеді. В.Б. Иорданский аталмыш философиялық категориялардың мифологиялық тұрғыда жақындығын түсіндіре келе төмендегідей қорытындыға келеді: архаикалық сана қоғамды қоршаған шынайы болмыстың уақыт ағымын емес, кеңістік өрісіне көп көңіл бөлді. Бұл бір жағынан түсінікті құбылыс. Табиғат, көршілес қауымдар мен ру-тайпалық топтарға үнемі және күшті ықпал етті. Осы топтардың қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасының уақыттық дамуы өздігінше ерекшеленгенімен бірінші орында кеңістіктік байланыс тұрды. Соған сәйкес қоғамдық санада әлем кеңістігінің құрылымы ерекше орынға ие.

Қазақ халқының көшпенді өмір салты кеңістіктен өз малына қолайлы жайылымдық жерлер іздеумен байланысты. Сондықтан көшпенділер үшін кеңістік ерекше сипатқа ие. Дәстүрлі дүниетанымымыздың негізгі әмбебептары – кеңістік пен уақыт сакральді орталық ұғымдар. Көшпенділердің ұлттық дүниетанымында уақыт пен кеңістік бір-бірінен ажыратылмай тұтастықта қарастырылды. Батыс ойшылы Жиль Делездің пікірінше, кеңістікті сырт жағынан қарап топшылау мүмкін емес, оны тек өз ішінде саяхаттау арқылы ғана тануға болады. Олай болса, дала тұрғыны көшпенді үшін кеңістік көз мөлшермен өлшенбейді. Яғни, көшпенділер кеңістікті бөлмей, керісінше кеңістікке бөлінеді. Осы кеңістік пен уақыттың бірлігі мен тұтастығы заман ұғымына келіп саяды.

Көшпенділер өзге де халықтар тәрізді дүниені біртұтас, тұтастық ретінде таныған. Орталығында айырықша таңбалық белгілермен Әлемдік ағаш, таулар және Әлемдік өзендер түйіскен. Бір жағынан осы белгілер көшпелілер әлемінің тік және көлденең көріністі құрылымын білдіреді. Қазақ халқында Көк Төбе тауының шыңында өскен қасиетті Әлемдік ағаш – Бәйтерек деп аталды. "Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы – өрлемелік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниені үшінші әлем – төменгі дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтар аймағымен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан жасыл желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады" [1] - деп, белгілі философ Т.Х. Ғабитовта ерекше атап өтеді.

Егер М. Элиададағы аспан (сакральный) кеңістігі және жер (профанный) кеңістігінің архетиптік қайталану концепциясына сүйенсек, отырықшы халықтарға қарағанда көшпенділер вертикаль бойынша үш бөліктік, горизонталь бойынша төрт бөліктік дүниенің құрылымын өздерінің тіршілік әрекетінің барлық саласында қолданды. Сондықтан көшпенділер түсінігіндегі дүниенің төрт бөлікті құрылымы жер кеңістігі (профанное пространство) мен аспан кеңістігі (сакральное пространство) ұғымдарының маңыздылығын арттыра түседі. Төрткүл дүние – дүниенің төрт бұрышы, яғни төрт полюсі (оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс). Бұлардың әрқайсысы көшпелілер үшін түрлі мағыналық қызмет атқарады. Оның ішінде айырықша атауға, терең мазмұнды мағынаға ие ұғым – "Құбыла". Мысалы, ислам дінінде дүниеден өткен адамның басын құбылаға қаратап барып жерлейтін болған, тіпті әрбір мұсылманның бес уақытылы намаз оқу ережесіде дәл осы құбылаға бағытталған.

Жер кеңістігі – архетиптік қайталану заңына сәйкес жер мен аспан өлшемдермен орталықтан бөлініп шыққан реттелген және меңгерілген физикалық кеңістік. Кеңістікті бірнеше деңгейге бөліп қарастыруға болады: біріншіден бұл тұрақ, яғни адам арқылы барынша меңгерілген кеңістік. Екіншіден, тікелей тұраққа жақын, мал бағу, жылқыны үйрету т.с.с. басқа да шаруашылықпен шектелген кеңістік. Яғни бұл дегеніміз тұрмыстандырылған кеңістік. Үшіншіден, ру, тайпаның (отбасының) шаруашылығымен игерілген территория, яғни өңделген егістік, өзен-көлдер, жайылымдар. Мәселен, қазақтардағы мезгілдік жайылымдар – жайлау, күзеу, қыстау, көктеу деп аталынды. Бұнда адамдар рух, аруақ т.б., яғни тау қожайындарымен, су тасқындарымен, нақты айтқанда табиғат құбылыстарымен сырлас, мәндес өмір кешеді. Жоғарыда келтірілген үзіндіден маңызды екі қорытынды шығады: біріншісі, кеңістік "өзімдікі және өзгенікі" оппозициясы арқылы сипатталса, екіншіден "мендік кеңістік" [свое] тұрақжай, тұрақжайға жақын және шаруашылықты территория деңгейлерін үйлестіруші. Ендеше, келтіріліп отырған мысал көріністерінің көшпенділер дүниетанымына етене жақын екендігін аңғару қиын емес. Дәлел ретінде номадтардың тұрақжайлық кеңістіктік параметрлеріне тоқталып өтейік. Ең біріншіден, көшпенділердің тұрақжайы – киіз үй немесе қазақ үйдің орналасу тәртібі. Бұл жөнінде отандық философ Д. Кішібеков өз ойын былай деп ортаға салады: "...мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі өзінің тұрағын, яғни киіз үйін кез-келген жерге емес, өзіне және басқа адамдарға, мал-жанына қолайлы жерге тігіп, қоныстанатын болған" [2]. Халқымыздың ұлттық мәдениетінің бұлтартпас айғағы қасиетті киіз үй көп ғасырлық тәжірибелік саралаудан өткен шығармашылық еңбектің жемісі, көшуге аса қолайлы тұрақжай. Аталмыш концепция түйіні төмендегідей:

- көшпенділердің мал-жанын қоректендіру мақсатында жаңа жайылымдық жерлерді үнемі іздестіру үстінде болуы архетиптік қайталану заңына сәйкес көшпеліліктің кеңістік ареалының жоғары сакрализациясын қамтыды;

- көшпенділер тұрақжайы, игерілген кеңістік аясы, үнемі өзгеріп отыратын болған. Себебі, көшпенділер қонысының тұрақтануы шаруашылық негізіне тікелей байланысты.

Көшу кеңістікті талап етеді, ол үшін қозғалысқа, шаруашылыққа ыңғайлы жиналмалы киіз үй, күш, көлік, тағам қоры, арнайы киім-кешек қажет. Осы құрамдас бөліктің кез-келгені өзінің жүзеге асырылуын талап ететін әлеуметтік кеңістікті қажет етті. Ендеше, көшпендінің арман-тілегі тұрақты бір жерді мекендегісі келгенімен, ол өзінің тұрағын үнемі ауыстырып отыруға мәжбүр болды. Көшпенді үшін кеңістіктің кең немесе тар болуы аса маңызды емес, ол өзінің жайлылығымен және қажеттілікті өтеуімен пайдалы, әрі қолайлы. Ұлы дала осындай қажеттілікке сай мекен болды. Әрбір қазақ руының белгілі бір көшу жолы болған. Ал, көш бағыты тек табиғаттың қолайлылығы мен жердің құнарлылығына ғана қатысты емес, оған ру аралық қатынастардың да айтарлықтай әсері болды.

Көшпенділер дүниетанымындағы кеңістік ұғымы, басқа да көшпенді халықтар түсінігіндегі уақытпен қатар дамыған, қозғалмалы, мобильді категория. Себебі, қазақтардың әлемдік образы номадалық өркениет шеңберінде қалыптасты. Бұл дегеніміз, қазақ халқының үнемі жолда, қозғалыста, дамуда болғандығын аңғартады. Көшпенді өмірінің басым бөлігі кеңістікті игерумен байланысты. Олардың ішкі жан дүниесінің ұлылығы дүниені қабылдауының мағыналық тереңдігіне және космоспен біртұтас органикалық түсіністікте болғандығына келіп саяды. Көшпенді өзін ерекше тіршілік иесі ретінде әлемнен бөліп қарамайды, әлем ол үшін ашық, әрі кең. Көшпенді үшін негізгі құндылық кеңістікте еркін орналасу және еркін қозғалу. Ендеше, көшпенді болмыс пен шаруашылық қозғалысқа бейім. Көшпенді үшін ең жоғарғы құндылық қозғалыс, белгілі бір территорияда мәңгілік шектеліп қалмау. Демек, дүниедегі қозғалатын, өзгеретін, ағыста болатындардың барлығы көшпенді үшін өте құнды. Ал, қозғалмайтын, отырықшылыққа бейімділер құндылығы екінші орында қалып қояды. Тоқтау, тұрақтану, отырықшы болу – қозғалысқа, өзгеріске деген бейімділікті, қабілеттілікті, тұтастай алғанда ең жоғарғы құндылықты жоғалту.

Көшпенді түркілердің интеллектуальдық ой-өрісінің табиғаты олардың әлемді шеңбер түріндегі жалпақ кеңістік негізінде қабылдау арқылы танылатын космогониялық көзқарастарға алып келді. Демек, көшпенділерде барлығы уақыт бойынша өрістетіліп отырған. Шексіз кеңістік көшпенді дүниетанымының көлденеңінен емес, керісінше аспанға, яғни жоғарыға бағытталуына алып келді, бірақ аспан өте үлкен, сондықтан көшпенді уақытпен үндестік табуы қажет. Бұл жерде уақыт пен кеңістік байланысы жүзеге асып, тығыз байланысқа түседі.

Әр халықтың дүниеге деген қатынасы, дүниені тану жолдары әртүрлі. Сондықтан номадтар түсінігіндегі дүниені тану үрдісі мүлдем өзгеше. Оны тек жолда, қозғалыста жүру арқылы ғана тануға болады. Бұл дегеніміз, тек дүниені ғана тану емес, осы әлемдегі адам болмысын, оның дамуын, өзіндік тұжырымын танумен байланысты. Олай болса, кеңістікті игеру дегеніміз тек дүниені тану ғана емес, көшпендінің бақытқа, махаббатқа, еркіндікке ұмтылуы. Сондықтан болар, даланы көшпенділер тіршілікке апаратын "мәңгілік жол" деп санады. Ал, жол, қозғалыс номадтар үшін, өткеннен құтылу, болашаққа ұмтылыс, дүниенің қазіргі болмысын игерумен байланысты. "Жол" ұғымы дәстүрлі дүниеге көзқарас динамизмін білдіреді. Қазақта алыс жолға шыққан адамға айтылатын бірінші тілек "Жолың болсын" деген киелі сөз. Бұл дегеніміз жолдың адам өмірімен, тағдырмен байланыстырылуы.

Көшпенділер дүниетанымындағы әлеуметтік кеңістік пен уақыт категорияларының маңызы олардың тұрмыстық өмірінен айқын байқалады. Қазақтың ата-тегінің болмыс шындығына тікелей жақын болуы, - деп жазады М. Орынбеков, - олардың бақылайтын, қабылданатын дүниеге сезімдік тұрғыдан жақын болуы, бұл болмыспен тамырластығы уақытты, кеңістікті, адамның ішкі дүниесін, тіршілік етудің ождан бастауларын түсінуінен өз көрінісін тапты. Тағы бір айтып өтетіні, сапа, сан ұғымдары мал өсіру мен егіншілік процестерінде қатар қалыптасты. Бұл қазақтың ата тегінде бірыңғай таңбалы жүйе болғандығын көрсетеді. Қарапайым санау операциясынан бастап, санның негізгі субкатегориялары – сан, шама, құрылым т.б қалыптаса бастады. Демек, санның онтологиялық сипаттамасы барлық кезде кеңістік пен уақыт болды. Өйткені, қазақтардың барша тіршілігі табиғатпен тамырлас. Жыл маусымдарымен санаса отырып, көшіп-қонуға бейімделдген көшпелі қазақтың материалдық өндіріс жүйесі шаруашылықтың біртұтас құрылымын қалыптастырды. Мұның өзі бір-бірімен өзара біте қайнасқан әлеуметтік экономикалық және әлеуметтік-мәдени жүйені орнықтырды. Ендеше, көшпелілердің барша тіршілік болмысының табиғатпен етенелігін, олардың артықшылығы немесе кемшілік балаңдығы деп емес, тарихи даму барысындағы өмір сүрудің кепілі ретінде қарастыру керек [3]. Бұл жөнінде Л.Н. Гумилев көшпелілердің табиғат жүйесін тани білгенін айта келіп: "дала ландшафтарына бейімделіп алғаны сондай, олардың шаруашылық тірлігі табиғатта болып жатқан процестермен бірігіп кетті де, өздері белгілі дәрежеде игеріп алған жер табиғатының құрамдас бөлігіне, яғни дала биоценозының ең жоғарғы, қорытынды буынына айналды" [4] – деп жазады. Расында да, көшпелілер табиғат құбылыстарына, қоршаған ортаға қарсыласы ретінде қарамай, неғұрлым табиғат сырын терең танып, табиғатпен жақын болған сайын өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктердің де молая түсетінін жақсы білді. Олар табиғатты бағындыру арқылы емес, табиғатпен тіл табысу арқылы қалыпты өмір сүруге болатынын тәлім-тәжірибе деңгейінде тани алды. Сондықтан да, көшпелілер үшін қоршаған орта, тау-тас, өзен-көл, дала-орман, табиғат құбылыстары, тіптен аспан денелеріне дейін баршасы "тұлғаланған", "кейіптенген" немесе "жанданған", қалпында қабылданған.

Көшпелілікті дәстүр тұтқан қазақ халқы өздерінің тіршілік болмысына арқау етіп, ең алдымен уақыт пен кеңістікке қатысты таным түсініктерін қалыптастыра білді. Өзі мекен еткен кеңістіктің барша қадір-қасиетін танып білу, сол кеңістіктегі құбылыстарды уақытпен шендестіре зерделеуге машықтану – көшпелілер үшін өмір сүрудің кепілі. Қазақтың ата-тегінің даму үрдісіндегі уақыт ұғымы болмыспен тікелей қатысты құбылыстан, сезімдік нақтылықтан, эволюция барысында фенологиялық және циклдық сападағы кезеңдерге қарамастан өз бойларына нақты болмысқа тән қасиетін сақтап қалды. Уақытты бұлай түсінудің арқасында ол бейнелі және эмоциялы сипатқа ие болды, бұл оның сезімдік нақтылыққа жақын екендігін білдіреді. Көшпелі адам өзін қоршаған ортаны әлемдік кеңістікпен бірлікте қарастырып, оны өзіндік уақыт заңдылықтарына бағындыра білді. Демек, бүкіл ғұмырын табиғат аясында өткізген көшпелілер үшін даладағы негізгі мекен – Көк пен Жер арасындағы байтақ кеңістік. Сондықтан болар ежелгі ата-бабаларымыз өздерін қоршаған кеңістікке қатысты уақыт межесін циклдық тұрғыда, яғни күн мен түн, қыс пен жаз, өмір мен өлім арасындағы сабақтастықты реттейтін өлшем ретінде қабылдаған. Сондай-ақ көшпелі қазақ уақыт пен кеңістікті бір-бірінен ажыратпай, тұтастықта танып білуді дәстүр еткен. Яғни, уақытқа қатысты құбылыстарды кеңістік аясында, кеңістікке қатысты құбылыстарды уақыт аясында парықтап отыру машығы көшпелілер дүниетанымынан айқын байқалады. Мәселен, қазақ табиғат аясында өмір сүргендіктен бе екен, астрологиясыз-ақ жұлдыздарды айырып, метрологиясыз-ақ ауа-райын пайымдап, тауының биіктігін көз қиығымен, қашықтықты өмір тәжірибесімен аңғарады. Қазақтың "ат шаптырым" дегені отыз шақырым, "қозы көш" дегені шамамен он бес шақырым болса, "бие байлар уақыт" дегені таңертеңгі тоғыз, "үркер жанбасқа түскен уақыт" дегені азанның төрт сағат мөлшері. Қыр қазағы таң елең бере жолға шығам десе шырылдауықсыз-ақ оянып, аттанып кете барады. Көшпелілердің жан-дүниесінің бұл ерекшеліктерін, әсіресе, қазір өркениетті деп аталатын европалықтар түсіне бермейді. Түсінбегендіктен көшпелілерді бейшараға балап, мүсәпірісте қарайды. Әрине, мәселенің мәні халық санасында уақыт пен кеңістіктің тұтасып жататынын аңғарып, оған мысал келтірумен ғана шектелуде емес. Мәселенің мәні халқымыздың тұрмыстық тәжірибесіне сүйене отырып, әлеуметтік кеңістік пен уақыттық таным түсініктің өзектілігін айқындау. Түптеп келгенде, уақыт пен кеңістіктің ара-жігін ажырату тек атау терминмен ғана өлшенбейді. Тіпті, бүгінгі адамдардың таным-түсінігінде де уақыт пен кеңістікті шендестіріп елестететін мысалдар өте көп. Көшпелі өмір салты уақыт пен кеңістікті тел танып, бір-бірімен біте қайнасқан сабақтастықта игеру арқылы әлеуметтік өмірдің негізін қалады. Көшпенділердің қоғамдық ой-санасы қоршаған ортаны заттанған нақтылықта танып түсіне отырып, сол танып түсінген кеңістіктің барша қадір-қасиетін уакыт аясында анықтап отырған. Мысалы, төрт түлік мал, көшпелілердің өмір сүруінің кепілі. Ал, сол төрт түлік таңдалған кеңістік жайылымда ғана өсіп өнеді. Бұған күмән жоқ. Төрт түлік мал өсіп өну үшін сәтті таңдалған кеңістік, жайылымға қоса, уақытпен де дұрыс есептесе білу керек. Яғни, кеңістіктің қадір-қасиеті уақыт аясында нақтыланатын болған. Сондықтан қазақтың халық күнтізбесі, уақыт есебі, кеңістік өлшемі оған байланысты өмір тәжірибесі осы көшпелілік, әсіресе мал шаруашылығымен байланысты.

Көшпелі қазақтың уақыт пен кеңістік туралы таным түсінігі, кең мағынасында, екі түрлі межелік категориямен көрсетіледі. Оның біріншісі – мифтік уақыт пен кеңістік, екіншісі – нақтылы уақыт пен кеңістік. Осы екі түрлі меженің сыртында уақыт пен кеңістікке қатысты фольклорлық меже халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелерде айқын байқалады. Алайда мифтік меже мен нақтылы меже халық санасында әлеуметтенген қасиетімен ерекшеленсе, фольклорық меже өмір шындығынан тыс тұрады. Былайша айтқанда, уақыт пен кеңістік туралы фольклорлық межені әдеби қиялдың ғана жемісі деуге болады. Яғни, фольклорлық шығармалардағы алты күнде жүріп, алпыс күнде атқа мініп, алты айшылық жолды алты-ақ аттап өтетін кейіпкерлердің өзіне ғана тән уақыт пен кеңістік межесі бар. Сондықтан да, тарихи әлеуметтік және бар уақыт пен кеңістікті межелеу барысында көшпелі қазақ мифтік және нақтылы межелік категорияларға жүгініп отырған.

Мифтік меже дүние-тіршіліктің алғашқы жаралуына қатысты таным-түсінікпен сабақтасып жатады. Бұл ретте, көбінесе "есте жоқ ескі заманда", "ерте-ерте, ертеде", "баяғыда", "бұрынғы өткен заманда", "байырғы кезеңде" т.б. деп келетін уақыт пен кеңістікке қатысты ұғымдар қолданылады. Мифтік уақыт өлшемінде сабақтастық болмайды, тек белгілі бір оқиғалық кезеңдерді ғана межелеп отырады. Мифтік уақыттың мәні нақтылы өмірмен сабақтастықты бажайлауға байланысты емес, нақтылы уақыт өлшемінен тыс кезеңдерді межелеп, дүние-тіршіліктің жаралуына қатысты таным-түсінік сұранымдарына жауап береді. Сондықтан да, мифтік дәуір туралы айтылатын нақтылы оқиғаның өзі субьективтілігімен ерекшеленеді. Сөйте тұра өткен өмір туралы байырғы санаға әлеуметтік мағына дарытып отырады. Ал, нақтылы уақыт пен кеңістік межесіне ден қойғанда, көшпелі қазақтың барша таным-түсінігі тікелей өмірлік тәжірибемен сабақтасып жатады.

Көшпелілік әлемдік уақыт пен кеңістіктік өрістен тыс болмыс емес. Қазақ мәдениетінің тарихи типологиясын тереңірек негіздеу, өзге де мәдениеттермен үндестік іздеудің қазақи дүниетанымға іштей тән ұлттық өркениет ерекшелігін басқа әлеуметтік-өркениеттілік үлгілерімен салыстыра зерделеудің қажет екенін көрсетеді. Қазақ әлемінің дүниетанымдық түсінік ерекшеліктерін әлеуметтік философия тұрғысынан саралау далалық білім жүйесіне тән өзіндік "кеңістік" және "уақыт" категорияларының болғандығын айқындай түседі. Кеңістік пен уақыт философия қарастыратын негізгі мәселелердің бірі. Әр халықтың кеңістігі мен уақыты өзіндік ұлттық ерекшеліктері арқылы емес, керісінше, кеңістігі мен уақыты арқылы айқындалады. Өйткені, олар кеңістікте орналасу арқылы уақыт өлшемін қалыптастырады. Осыған сай, әрбір халықтың белгілі бір кеңістік аясында салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, тілі, діні, мәдениеті т.б түзіледі. Мәселен, қазақ халқының әлеуметтік кеңістігі мен уақыты күнделікті тұрмыс нышанынан айқын байқалса, аталмыш ұғымдар өзге халықтар дүниетанымында әр түрлі сипатқа ие. Сондықтан да, ғасырлар безбенінен өткен халқымыздың дәстүрлі таным-түсінігі табиғат тылсымымен үйлесіп қана қоймай, оның құпияларын ғылыми негізбен ұштастыра жете түсіндіретіні таңданарлық. Демек, көшпенділердің кеңістік пен уақытқа қатысты дәстүрлі түсінігінің ешкімге де ұқсамайтын айшықтыда бірегей дүниетаным болғанын айту міндет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің типологиясы: Мәдениеттану оқу құралы. - Алматы: Қазақ университеті, 1998. - 203 б.

  2. Кшибеков Д. Кочевое общество: генезис, развитие, упадок. - Алма-Ата: Наука, 1984. - 283 с.

  3. Орынбеков М.С. Ежелгі қазақтардың дүниетанымы. - Алматы: Ғылым, 1996. - 168 б.

  4. Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. – Л.: Гидрометеоиздат, 1990. - 528 с.