Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ТҮРКІ ТІЛДЕС ХАЛЫҚТАРДЫҢ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНДЕГІ ҰҚСАСТЫҚТАР (қазақ, башқұрт тілдеріндегі материалдар негізінде)

Автор: 
Айкенже Баймахан (Казахстан, Актюбинск)

Қазақ тілі - тілдік қоры жағынан қазіргі әлем тілдерінің ішіндегі ең бай, әрі тілдік қолданыстағы аясымен ерекшеленетін, яғни санадағы ақпаратты тұрақты сөз орамдары арқылы жеткізуге мүмкіндік жасайтын, бір ойдың астарын бірнеше сүбелі сөздердің тіркестері арқылы жеткізе білетін, қанатты сөздер мен афоризмдерге, тұрақты тіркестерге, құнарлы сөз бірліктеріне, сөйлем жүйелеріне өте бай тіл. Сол тілімізде көрініс табатын, халқымыздың ұлттық ерекшелігін айқындап көрсететін, этностық менталитетке тән, қазақты қазақ етіп көрсететін тіліміздегі шұрайлы, жүйеленген, тілдік бірліктердің бірі емес, бірегейі – тұрақты сөз тіркестері. Бұл аталмыш айтылған бірлік тіл теориясында фразеологизм деген атауға ие.

Фразеологизмдер – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Тілімізде көкейге қонымды, көркем, орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланады. Мақал-мәтелдермен бара-бар жоғары бағалап, оларды қастерлей сақтап келеді.[1; 230].

Фразеологиялық сөз тіркестерінің басқа бірліктерден (сөз,күрделі сөз, тіркес) айырмасын, бас белгілерін (релеванттық қасиетін) танып білуде І.Кеңесбаев «Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген кітабында 3 түрлі критерийді белгілеп көрсетеді: 1) мағына тұтастығы (белгілі бір фразеологизм құрамындағы сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара жартылай айрылып қалады да, шоғыр тіркес біртұтас мағына береді); 2) тіркес тиянақтылығы (белгілі бір фразеологизм құрамындағы сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады, олардың орын тәртібі нық келеді, барлық жағдайда дерлік бір шоқ тіркесу өз қалпын сақтайды); 3) қолдану тиянақтылығы (белгілі бір фразеологизмнің әрдайым айна-қатесіз, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай қайталана қолданылады). [2; 60].

Фразеологизмдер – ішкі мазмұндық құрылымы, сыртқы тұлға-тұрпаты, мән-мағынасы тұрғысынан алғанда, қатпар-қаттаулары мол,қыр-сыры тереңдеп зерттеуді талап ететін күрделі лингвистикалық құрылымдар. «Фразеологизмнің күрделілігі олардың құрылымдық типтерінің және синтаксистік модельдерінің алуан түрлі болып келуінде ғана емес, сонымен қатар тақырыптық және семантикалық тұрғыдан сан түрлі, ойдың әр алуан эмоциональды-экспрессивті реңкілерін білдіруге айрықша қабілеттілігінде» - дейді академик Ә.Т.Қайдаров.

Фразеологизмдер – тіл иесі халықтың (этностың), күллі дүние-ғалам жайлы ұғым-түсініктерінің, өзін қоршаған шындық болмысты тұтастай қабылдауының, мүшелей тануының өзіндік ерекшеліктеріне байланнысты тіл-тілде өзгеше өрілетін ғаламның тілдік бейнесін, яғни дүниенің тілдік суретін жасауға қатысатын әсем де әсерлі сөз өрнектері,тілдік метафоралық композициялар. Фразеологизмдер халықтың тұрмыс-тіршілігінің сан алуан қырын,дүниетанымын, эстетикалық талғамын, эпикалық сана-сезімін, наным-сенімін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын толықтай танытатын тұрақты тілдік орамдар болып табылады. [3; 73].

Түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ және башқұрт халықтарының тілдеріндегі фразеологизмдерге келер болсақ, екі тілде де кездесетін ұқсастықтарды айтуға болады. 3. Ғ. Ураксиннің редакциялауымен шыққан «БАШКОРТСА-РУССА ФРАЗЕОЛОГИК ҺҮҘЛЕК» (Башқұртша-орысша фразеологиялық сөздік) деген сөздігінен башқұрт пен қазақ тілдеріне ортақ бірнеше фразеологизмдерді көрсетуге болады. Мысалы, айҙы күккә сығарыу - айды аспанға бір шығарды (даңқы жер жарды, атағы шықты), аҡты-ҡараны айырыу (таныу) – ақты-қарасын ашты (дұрыс-бұрыстығына көзі жетті), аҡылға килеү - ақылға келу (ойлылық таныту), айылдан яҙыу (шашыу) - ақылдан адасты (есі ауды, алжасты, не істерін білмей дал болды), асыҡ ауыҙ - ашық ауыз (аузында сөз тұрмайтын адам, не естісе соны жұртқа жаюшы), ауыҙ ҙа астырмау - аузын қақты немесе аузын қақпайлады (сөзін сөйлетпеді, көңіліндегісін айтқызбады), араларына кыл да һыймай - арасынан қыл өтпейді (өте тату болу, дос көңілді болу), араларынан кара бесәй үтеу - арасынан қара мысық өтті (екі адамның ортасына суық сөз жүгірді), Л нкы-тиңке булыу (килеү) - әңкі-тәңкі етті, әңкі-тәңкісін шығарды (ойран-топыр ету, бей-берекетін кетіру), ауыҙына һуғыу кемдең - аузына қақпақ болды(еркін сөйлетпеді, тыйым салды, қақпалап көңіліндегісін айтқызбады),ауыр аяҡлы - аяғы ауыр (екіқабат, жүкті болды), аяҡ баҫыр урын юҡ (аяҡ баҫҡыһыҙ) - аяқ алып жүргісіз, аяқ алғысыз (бір нәрсенің көптігінен аяқ алуға болмайды деген мағынада), балиғ булыу - балиғаға толды (кәмелетке жетті), башҡа менеү (менеп ултырыу) - басына ойнады, төбесіне шықты (басынды, менсінбеді), Һыуынһыҙ ергә бысаҡ Һалыу - буынсыз жерге пышақ салды (орынсыз жерге жабысты, кісінің қимас нәрсесін сұрап, әлек болды), зыярат итеү (ҡылыу) - зират етті (қайтыс болған адамның зиратына барып бата оқыды, дұға қылды), күҙ яуын алыу - көздің жауын алды (өзіне еріксіз қарату, қызықтыру, көздің майын құртты), күккә күтәреү (сөйөү) - көкке көтерді (дәріптеді, құрмет көрсетті, асыра мақтады), Ҡабағына ҡарыш ҡар яуғандай кемдең - қабағынан қар жауғандай(қатты ашуланып қаһарланды, кектенді),Ҡанатын ҡырҡыу (киҫеү, һындырыу) - қанатын қиды (кесті, қырықты) (сорлатты, сорын қайнатты,қадамын, өрісін қысқартты) ,тырнаҡ аҫтынан кер эҙләү - тырнақ астынан кір іздеді (бәле іздеді, жаманшылық қуды), үҙәкте өҙөү - өзекті өртеу, өзегі өртенді (күйінді, қатты қайғырды, қапаланды), үҙәк ялғау - өзек (жүрек) жалғады (болар-болмас тамақ ішті), эс-бауырына инеү (кереү) - іші-бауырына кірді (жылы сөзі, жақсы мінезімен баурап алды, өзіне жақын тартты).

Жоғарыда салыстырыла келтірілген мысалдардағы фразеологизмдерден қазақ және башқұрт тілдеріндегі фонетикалық және лексикалық, ерекшеліктерді айқын байқаймыз. Мысалы, «с» - «ш» (сөз ортасында келсе), (асыҡ ауыҙ - ашық ауыз, ауыҙ ҙа астырмау – аузын аштырмау, қақпайлау, башҡа менеү – басына шықты, т.б.), ескере кетерлік бір жайт, қазақ тіліндегі «с» дыбысы сөздің басында келсе, башқұрт тілінде «һ» дыбысына алмасады (Һыуынһыҙ ергә бысаҡ Һалыу - буынсыз жерге пышақ салды,т.б.) «ж» - «я» (күҙ яуын алыу – көздің жауын алады), «ө» - «ү» (күҙ яуын алыу – көздің жауын алады, күккә күтәреү - көкке көтерді, үҙәкте өҙөү - өзекті өртеу), «қ» - «к» (аҡылға килеү - ақылға келу, Ҡабағына ҡарыш ҡар яуғандай - қабағынан қар жауғандай ) дыбыстарының алмасуы. Морфологиялық ұқсастықтар мен ерекшеліктерге келсек, Ҡанатын ҡырҡыу (киҫеү, һындырыу) - қанатын қиды, тырнаҡ аҫтынан кер эҙләү - тырнақ астынан кір іздеді, аҡылға килеү - ақылға келу, күккә күтәреү - көкке көтерді, үҙәкте өҙөү - өзекті өртеу, т.б. Сонымен қатар тілдік қолданыстағы бұл тұрақты тіркестердің алатын орны мен мағынасы бір-біріне өте жақын, сайып келеді. Бұдан біз, қазақ халқы мен башқұрт халқының этностық жағынан жақындығын, туыстас түркі тілдері арасындағы тұрақты сөз оралымдарының ұқсастығын аңғарамыз.

Аталған ұқсастықтармен қатар кейбір ерекшеліктерді айтуымызға болады.Мысалы, қазақ тілінде қолданылатын «Жеміс ағашымен, адам ісімен көрікті» (Ағас емеше менән, кеше эше менән), «Алма ағашынан алысқа түспейді» (Алма ағасынан алыҫ төшмәй), «Арақты ішкенің – ақылыңды ішкенің» (Араҡы эскән—аҡылын эскән) сынды мақал-мәтелдердің башқұрт тілінде фразеологизм ретінде қолданылатынын көрдік. Алайда мақал-мәтелдерді фразеологизмдер тобына ендіріп-ендірмеу жайлы башқұрттарда ортақ пікір қалыптаспағандығын Ураксин сөздіктің басында айтып кетеді. Дей тұрғанмен, кейбір мақал-мәтелдерді фразеологиялық сөздік қатарына қосқан. Бұл тұрғыдағы біздің байқағанымыз – башқұрт тіліндегі фразеологизмдердің кей мәселелері шешімін таппағандығы. Ал қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестер мен мақал-мәтелдердің ара-жігі айқын ашылып, өз заңдылықтары тұрғысынан бекітілгенін қазақ тіл білімі дәлелдейді.

Сонымен қорытындылай келе, башқұрт тілі мен қазақ тілідеріндегі фразеологизмдердің өзара ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне көз жеткіздік. Ендеше, осы тұрғыдағы тіл категориясын арифметикалық заңдылықтар арқылы тұжырымдай алмаймыз. Себебі, туыстас екі тілдегі фразеологизмдер аксиома емес, дәлелдеуді қажет ететін гипотеза. Соның бір қырын біз ашып аңғаруға тырыстық.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. І.Кеңесбаев. «Қазақ тіл білімінің мәселелері»

  2. Академиялық жинақ. «Қазіргі қазақ тілі» (Оқу құралы).Алматы, 2005. «Print-s» баспаханасы

  3. Ғ. УРАҠСИН, Ф. А. НАДРШИНА, Х. Ғ. ЙОСОПОВ. «БАШКОРТСА-РУССА ФРАЗЕОЛОГИК ҺҮҘЛЕК»

 

  1. І.Кеңесбаев. «Фразеологиялық сөздік» Алматы, 2007. «Арыс» баспасы.

 

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д. АқМУ профессоры Садирова Гүлзат Қаниқызы