Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Автор: 
Қ.Ө. Сыдықова (Тараз, Қазақстан)

Бала - болашақтың адамы, жаңадан қалыптасып келе жатқан ел азаматы. Ал, бүгінгі бала дүние танымымен өсіп жетілуі, дене бітімімен көзқарасы, тіршілігі мен түсінігі бұдан 10-15 жылғы балалардан мүлдем өзгеше, сонымен бірге олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өзіңдік дара ерешеліктері мінез-құлықтары бар. Сондықтан тәрбиешілер мұғалімдер, ата-аналар барлық жылы жүрек мейірбандылық пен балаларды қаз-қалпында сүюге тиіспіз. Олардың ішінде ақылдысы да, жалқауы да, тілалғышы да, еркесі де, тілазары де болуы заңдылық.

Балалардың осы ерекшелігін түсіну арқылы баланы жан тәнімен жақсы көре отырып танып білуге олармен санасу, қам-қарақетін, ісін, көңіл- күйін білу басты шарт.

Бала қоғамның барлық ақпарат құралдарынан хабардар, оның ақыл-ойының даму дәрежесі, түсінуі адамдар өмірінен еңбегінен, техникадан қарым-қатынас ережелерінен мағлұматы бар. Әсіресе мектепке келгенге дейін-ақ балардың шамамен 30% оқу, жазу, дұрыс сөйлеу, өзін-өзі ұстау ережелерін біліп келеді.

Бірақ әлі де болса бүгінгі күнде балалар ата-баба дәстүрін ұлттық әдет-ғұрыпты халқының тарихымен рухани байлығын, ана тілін, дінін, жете білмей отыр.

Сондықтан қазіргі қоғамның жаңару жағдайы болашақ ұрпақты тәрбиелеуде тұтас педагогиқалық процесінің барлық саласында халықтық педагогиканың озық идеялары мен тәжірибесін кеңінен қолдануды талап етеді. Бүгінгі балалар жоғары мәдениетті ой-өрісі кең, мамандығын еркін таңдай алатын, білімді болумен қатар, өз халқының өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата -баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатыныс, мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек [1].

Міне, осындай шын мәніндегі асыл қасиеттер болашақ жас адамның бойында қалыптасуы оқу -тәрбие жұмысының өзара дәйектілікпен ұштасып жататын алуан түрлі саласына тәуелді.

Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай "...Әрбір үйде отбасы реликвиясының бұрышы болғаны жөн. Бұрындары жасалған еркектерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік", сондықтан жас ұрпақты ата-баба дәстүрі рухында тәрбиелей отырып, оларды адамгершілікке, инабаттылыққа баулыған абзал. Ол үшін әр отбасында қалыптасқан, тұрмыс-салт дәстүрі жүйелі тәртіптің болуы тиіс.

Психологиялық қолайлы жағдай болған отбасында балалардың дұрыс дами алатындығы белгілі. Ата-аналардың еңбексүйгіштігі рухани адамгершілік мәдениеті ата-аналық жауапкершілігі баланың жеке тұлға болып қалыптасуына оң ықпал жасайды.

Адамгершілік тәрбие - екі жақты процесс. Бір жағынан, ол үлкендердің: ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан—тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, өзінің тәрбиеленушілерінің жетістіктерін зер салып талдауға тиіс.

Адамның адамгершілік дамуында ұрпақтан ұрпаққа көшкен, дамыған, толықтырылған, адамдардың бірлесіп өмір сүру процесінде жасалған адамгершілік нормаларын игерудің елеулі маңызы бар.

Осы міндеттердің барлығының өзара әрекеттестігін жүзеге асыра отырып, педагог баланың сезім өрісіне әсер етеді, адамгершілік мінез-құлық дәстүрлеріне тәрбиелейді, кейбір моральдық сапалар мен қоғамдық өмірдің балаларға лайықты құбылыстары жөнінде түсініктерін дұрыс қалыптастырады, бірте-бірте баға беру және өзара баға беру қабілетін дамытады.

Моральдық сезімдер мен әдеттерге тәрбиелеу - баланың жеке басының күрделірек белгілерін, оның моральдық қасиетін еліміздің қоғамдық өміріндегі құбылыстар мен оларға дұрыс көзқараспен қарау жөнінде көз алдына елестетуді қалыптастырудың қажетті негізі болып табылады.

Карапайым әдеттерді тәрбиелей отырып (мәселен, мәдени мінез-құлыққа), педагог балдырғанның бар істі шын пейілімен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, онын ережеге деген көзқарасын айқындайтын болсын. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады, немқұрайдылықтың пайда болуына, құрбыларына, төңіректегі үлкендерге қалай болса солай қарауға мүмкіндік жасалмайды [4].

Гуманизм негізінде тәрбиелей отырып, педагогтар мен ата-аналар балалардың үлкендерді қадір тұту, олардың айтқандарын тыңдауға тырысу, кеңестерін, тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға әзір тұру сияқты қасиеттердің дамуына баса назар аударуы міндетті; құрбы-құрдастарымен өзара достық қарымқатынасты қалыптастыру, оларға сондай-ақ өзінен кейінгілерге, үлкендерге қамқорлық көзқараспен қарау. Балаларды өз міндеттерін ескеріп, әрі оларды ыждағаттықпен орындауға үйрету керек; өзінің білгендерін басқаларға айтып, түбегейлі ойларымен, ойыншықтарымен және құралдарымен қуана-қуана бөліскені жөн; басқа адамдардың қайғысы мен куанышына сәйкес, қуана да қайғыра білу. Әдеби кейіпкерлердің, өзінің, құрбы-құрдастарының мінез-құлқын дұрыс бағалауға үйрету. Әр түрлі ұлттардың балалары мен үлкендеріне мейірімділікпен қарап, сүйіспеншілікте болуға тәрбиелеу; шын мәніндегі адамгершілік сезім мен көзқарасты көрсетіп, олардың қоғамдық бағыт алуына қол жеткізу. Осыған байланысты балаларды еңбек сүйгіштікке баулуда: еңбек етуге ынтасы мен қабілетінің болуы, мақсат қоя білу және оның жақсы нәтижесіне қол жеткізу, қалаудан тыс қажетті істерді істеуге ерекше көңіл аудару. Белсенділікке, кедергілерді жеңіп шығуға әзір тұруға қойылған міндетті орындау кезінде белсенділік керсету, үлкендердің талаптарын орындауға, істі аяғына дейін жеткізуге тырысуды мадақтауға тәрбиелеу. Топ алдында жауапкершілікте болуға әзір тұруға тәрбиелеу.

Мектеп жасына дейінгі балалық шақтың алғашқы сатыларында қаланған гуманизмнің бастамасы, оның қоғамдық бағыты балаларда жеке бастың ұжымдық белгілерінің, мінез-құлық дағдысының, қарым-қатынас пен түсініктің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.

Ұжымға тәрбиелеу – балалар бақшасындағы мектепке дейінгі жастағыларды адамгершілікке тәрбиелеудің басты міндеті. Ол эгоизм сарқыншақтарына, өзінің айналасындағы адамдарға, тек өзі үшін маңызды емес, басқалар үшін де маңызды іс-әрекетке немқұрайды қарауға қарама-қарсы. Ұжымның негізі - балалардың сәбиірек кезінен бастап, оларда жинақылық, жауапкершілік, өзара достық, ұнамды қарым-қатынас басталысымен, парыз сезімінің, шыншылдықтың ұшқындарын тәрбиелеген жағдайда қаланады, ол балалардын бірлесіп істеген ісінде, үнемі қоғамдық жағдайларда орындалатын мектепке дейінгілерді тәрбиелеуде өте маңызды ортақ іс. Бұл ортақ іс мақсаттарды, міндеттерді қою мен іске асыруда және нәтижелерге қол жеткізуде зор мүмкіндіктер береді. Балаларда оптимистік көңіл күй тудыратын ортақ мазмұнды іс-әрекет, ортақ ойындарға, топ істеріне қатысуға құштарлық әр балада ұжымның дамуына негіз болады және мектепке дейінгі ұжымның қалыптасуында маңызы айқын.

Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуді ойдағыдай іске асыру үшін қандай педагогикалық жағдайлар қажет?

Ең алдымен балалар мекемесінде ұжымның үлкен мүшелері арасында өзара дұрыс қарым-қатынас стилін жасау керек.

Өзара сыйластық пен қамқорлық, өз ісіне сүйіспеншілік, еліміздің саяси және еңбек өміріне қоян-қолтық араласу — осының бәрі қажетті стильді қамтамасыз етуі қажет. Балалар бақшасының ата-аналармен жүйелі жұмысын, отбасындағы тәрбие тәжірибелерін зерттеудің нәтижесінде жинақталатын педагогикалық және ата-аналар ұжымының қатынасының дұрыс стилі де ерекше маңызды [5].

Сонымен балалар бақшасында адамгершілікке тәрбиелеуді іске асыру барлық жағдай жасалуы тиіс, балалар үлкендер жағынан қолдауды сезініп, сенгендері жөн. Осындай жағдайда ғана бала бойында эмоциялық сәттілік сезіліп, ол өз құрбы-құрастарымен қысылмай-қымтырылмай, еркін араласа алады, олармен кездесуді асыға күтіп, балалармен тату ойнап, үлкендермөн өздерінің қуаныштар мен реніштері жөнінде сырласатын болады.

Адамгершілік баланың жеке тұлға болып қалыптасуының рухани арқауы. Ал, адамгершілік қасиеттердің ішіндегі құндылықтардың бірі болып саналатын ізеттілік оның басты белгілері кішіпейілділік, қайырымдылық адамжандылық бала мектепке дейінгі кезеңнен-ақ не жаман, не жақсы деген ұғымдарды салыстыра отырып, адамгершілік туралы түсініктерін кеңейтеді. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінде, аңыз-әңгімелерінде балалар түсінігіне сай қайырымдылық, кішіпейілділік, адамжандылық, ізгілік мазмұнда берілген бай мұра сақталған.

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хаттай болар

Есік алдында тебең болса, ерттеп қойған аттай болар».

«Жақсы ай мен күнде, әлемге бірдей»

«Кішілік пен кісілік - ұлылықтың белгісі» /Махмуд Қашғари/.

«Жасанды кішіпейілділік- жақсы қасиет емес» /Абай Құнанбаев/.

«Адамның асқан сұлулығы - оның сезгіштігі, қарапайымдылығы, тілектестігі, ниеттестігі...» /В.А. Сухомлинский/.

Балалардың бойында ізеттілік қалыптастыруда халық педагогикасының озық дәстүрлерінен туындаған ережелерді үнемі үйрету, олардың рухани өмірінің бағытына айналдыру нақтылы іс-әрекетпен шешіледі. Балалар бақшасындағы балалардың қарым-қатынас жасауының алғашқы әліппесі, қадамы сәлем беруден, амандасудан басталатынын білуі керек. Қазақ халқының сәлемдесу рәсімі ұзақ ата-ананың, ағайын-туғанның жекжаттың, түгелдей ел жұрттың амандығын, саулығын барлығын қамтитын мазмұнда болады, дәстүр бойынша сәлемдесу «Ассалаумағалейкум» деген сөзден басталады. «Сөз анасы-сәлем», «Көргенді бала алыстан сәлем береді», деген аталы сөздер арқылы баланың азамат болып өсуіне бағытталған. «Батыр болып өс, балам» немесе «Сөзің қандай тәтті, сәлемің қандай сәтті» деген жылы сөздерін білдіреді.

Қазіргі кезде адамдар арасындағы қарым-қатынаста мейірімділік, адамжандылық өте қажет болғандықтан бұл қасиеттер:

Мейірімділік - жүректен

Мейірімсіздік - білектен.

Ата-анаға, өзінің жақын туыс жолдастарына мейірімділікке тәрбиелеу. Отбасында, мектепте, қоғамдық ортада үлкендерді сыйлағыш болып тәрбиеленген бала, сөз жоқ әдепті бала деп танылады. Мұндай баланы әдепті деумен қатар мәдениетті деп те танимыз. Үлкендерді сыйлау, қайырымды болу-әдептіліктің ғана белгісі, емес, ол мәдениеттіліктің де белгісі. Әдептілік пен мәдениеттілік егіз ұғым. Баланы жасынан әдепті, тәртіпті етіп тәрбиелей отырып, оны мәдениеттілікке үйрете береміз. Адамның мәдениетті болуы оның оқуына, алған біліміне ғана байланысты емес, ол оның отбасында, мектепте, қоғамдық ортада алған тәрбиесіне, үлгі өнегесіне де байланысты.

Бір нәрсе істей білсең, оны жолдасына да үйрет, егер жолдасың қиналса, көмектес. Бар затыңды, ойыншықтарынды жолдастарыңмен бөліс. Жолдасың жамандық істесе, оны тоқтат, жақсы дос болу өте жақсы қасиет. Бір-біріне тек шындықты айту керек. Жолдастарымен жұмысты орындау жөнінде келісіп, жұмыс істе. Әркім өз жұмысын мерзімінде және адал істеу керек. Жұмыс барысында басқалардың қалай істеп жатқанын біл. Кімнің жұмысы өнбесе соған көмектес, ақыл бер. Ойын ережелерін сақта, арамдық жолмен ұтып алға шығуға ұмтылма. Тек қана адал күресе біл, онсыз жеңісте қызық емес. Басқалар жеңіліп қалса табалама. Ұтылу-өкініш, бірақ еңсеңді түсірме, жеңгенге, жеңілуге себепкер болғандарға ызаланба.

«Ата-ана қадірін білмеген, халықтың қадірін біле алмас. Халықтың қадірін білмеген ата-ана қадірін біле алмас»,- деген Ғ.Мұстафин.

Міне, осындай халық дәстүріндегі жинақталған тәрбиелік үлгі-өнеге, салт-дәстүр, бүгінгі күнде адамгершілік, имандылық табиғи талаптармен сабақтасып жүргізілуі тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Азбука нравственного воспитания. Под ред. И. А. Каирова и О.С.Богдановой. Изд. 2е., «Просвещение», 1975.

2. Нравственное воспитаие дошкольников (Младший и средний дошкольнын возраст). Под ред. В. Г. Нечаевой. М., «Педагогика» 1972.

3. Нравственное развитие младших школьников в процессе воспитання. Под ред. И. А. Каирова и О. С. Богдановой. М., «Педагогика», 1973.

4.Үдербаева Б. Әдеп-ғұрып сабағы. Қазақстан мектебі. 2010. 9,10.51-52 бет.

5.Тайжанов А. Халық педагогикамен ұлттық тәрбие. А., Ақиқат. 2011ж. №8.