Автор:
С.Б. Шокалакова (Тараз, Қазақстан)
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында білім беру саласына қатысты «Мектептің әрбір сатысын оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет және жастарды азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке баулып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, Конституцияға қайшы, қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу» -деп көрсетілген. Олай болса қазіргі кезеңде білім берудің мақсаты-бүкіл тарих бойындағы адамзат жинақтаған мәдени құндылықтарды ұрпақтан–ұрпаққа жеткізіп беру, ой елегінен өткізу болып табылады. Жаһандану мен стандартизациялау жағдайында постиндустриалды қоғамды дамытудың маңызды құбылысы ретінде адам өмірінің рухани аспектілері барған сайын үлкен мәнге ие болып келе жатыр. Заманауи жаңа заманға лайық мәдениет пен заманауи білім берудің ең өзекті мәселелерінің бірі өскелең жас ұрпақты адамзаттық рухани мәдениет жетістіктері мен құндылықтарына баулу болып табылады. Бұл проблеманың қазіргі таңда өзекті болып отырғанының себебі, заманауи қоғамда қалыптасуы үрдісіне, өмірдің мәніне қатысты проблемаға, адамның өміріндегі рухани мәдениеттің алатын орнына және тәрбиелеу мен білім беру үрдісінің негізін құрай алатын құндылықтарға да әртүрлі көзқарастар бар екендігінде болып отыр. Қазіргі таңда біздің қоғамда дүниетанымдық және аксиологиялық мәселелерге аса күмәнді немесе тіпті көріп, біле тұра жалған бағдар мен бағыттар көрсету кең құлаш жаюда. Бұған күйбең тіршілікке бағынған сананың қайшылығы, кез келген жеткіліксіз білімге сүйеніп, сыни ойдан өткізуге ұмтылыс, белгілі ғылыми теорияларды жеткіліксіз негіздемемен жоққа шығару, танымдық, нигилизм, субъектизмнің дәлдігіне деген бейқам, самарқау көзқарас пен көпшілік мәдени бағдар берудің кеңінен жайылуы да әсер етуде.
Бұдан басқа дәстүрлі құндылықтардан бас тартудың негізгі себебі, қоғамдық өркендеу екпінінің жылдамдығы, өзгенің мәдениеті мен өркениетінің құндылықтарын ешбір сарапқа салмай қабылдап ала салу, заманауи мәдениеттің прагматизациялануы мен утилитаризациялануы, біздің қоғамдағы дағдарыс, ғасырлар мен мыңжылдықтардың алмасуы (бұл, әдетте, адамдарда кризистік және эсхатологиялық сананы оятады).
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында жазылған «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажет жағдайлар жасау; Әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен ҚР-ның басқа да халықтарының тарихын, әдеп-ғұрпын, дәстүрлерін зерделеу; жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру; жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін дамыту»- деген айқындама мектепте оқытылатын жалпы пәндердің жаңа білім мазмұнын жүзеге асыру ісінің негізгі мақсаттарын анықтауда басшылыққа алынды.
ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша «Білім беру ең алдымен сананы дамытудың факторы болу қажет деп көрсетілген. Ең алдымен адам өміріне қажетті мақсатты құрастыратын моральдық, рухани, эстетикалық байлықтар есте болуға тиіс. Осы байлықтардың ішінде адамның абыройы, жақынына сүйіспеншілігі, табиғатпен үйлесімділігі әрбір жаңа дәуірде дамып, жаңаруы іске асырылуы қажет» - деп көрсетілген.
«Толыққанды, ұлтжанды, үйлесімді, білімді, жан-жақты дамыған тұлға-барлық кезеңдегі педагогтардың мақсат –мұраты болған»,-деп жазады Сара Алпысқызы өз еңбегінде. Осындай тұлға тәрбиесін жан-жақты зерттеген Ресей ғалымдары Н.А. Бердяев, С. Булгаков, К.Д. Кавелин, Л.П. Карсавин, А.Ф: Лосев, Н.А. Лосский, Н.К. Михайловский, В.В. Розанов, В.С. Соловьев, П.А. Флоренский, П.Я. Чадаев, Э.В. Ильенков және тағы басқалардың еңбектерін айтуға болады. Олар, «Гуманистік білім беру технологиясында оның жас ерекшелігінің жоқтығын анықтап, психофизикалық параметрлер, әлеуметтік және мәдени контекст ерекшеліктері тұлғаның ішкі жан дүниесінің күрделілігімен бір мәнді еместігін ескерді. Ең бастысы, тұлғаның жалпы мәдени, әлеуметтілік – инабаттылық және кәсіби дамуы неғұрлым үйлесімді болса, тұлға соғұрлым өзінің мәдени - гуманистік функциясын іске асыруда еркін және шығармашылық жағынан қабілетті бола алады»-деп топшылайды .
Жалпы адамзаттық құндылық-барша мәдениет пен дәуір адамдары үшін абсолюттік стандарт болып табылатын теориялық жағынан бар адамгершілік, имандылық құндылық болып саналады. Заманауи әлем жағдайында адамдардың ешбір бірлестігі бір-бірінен жырақта өмір сүре алмайды, сол себепті де мәдениеттің бір бірімен қатар өмір сүруі үшін құндылықтардың кейбір жалпы жүйесі қажет. Жалпы адамзаттық құндылықтар-бұл әртүрлі халықтардың, әртүрлі діндердің әртүрлі кезеңдердің рухани мақсатын жақындастырып, туыстырады. Олар сол себепті жалпы адамзаттық деп аталып ХХ ғасырдың аяғында адам құқығы жайлы ООН құжатында өз көрінісін тапты. Жалпы адамзаттық – бұл әрбір адам, оның еркіндігі мен адамшылық деген ажырамас та пәк кіршіксіз құқығы. Тұлға құндылығы-жалпы адамзаттың рухани негізі. Адам –ең басты құндылық. Дәстүрлі жалпы білім беретін мектепте білім мазмұны кеңес өкіметі кезінде де, қазіргі күнде де (елді индустриялизациялау міндеттері, техникасы дамыған елдер білімінің деңгейіне қарап, үлгі алумен, ғылыми – техникалық прогресстің жалпы рөлінің артуымен айқындалатын ) технократтық бағытта болды. Білім негізінен оқушылардың рухани жан дүниесіне, адамгершілігіне, инабаттылығына емес, тұлғаның бастапқы түсінігіне бағдарланды.
Білім беруді дамытудың жаңа прадигмасын жүзеге асырудың жолдары жайлы ой толғағанда, білім берудің өз міндеті бойынша, ол гуманитарлық білім, яғни қоғамда гуманизм тудыруы қажет деген тұжырымға келеміз. Білім берудегі гуманизм мен оны гуманитаризациялау жаңа заманда болып жатқан ауқымды және болашақ өзгерістермен байланысты. Техногендік өркениет пен технократтық ойлау өзін өзі жоюда. Адам тіршілігіндегі құндылық оның табиғат әлемімен жарасымдылықта болған сайын алдыңғы қатарға шығуда. Адамдар арасындағы қатынастарға бүгінгі ұрпақтар ғана емес, болашақ ұрпақтың да қызығушылығы ескерілген гуманитарлық мәселелер, жалпы адамзаттық құндылықтар өктем түрде енуде. Ғылыми – білімдік үрдісте өнегелілік, құлықтылық мәселелері, қоғамның руханилығы , гуманистік құндылықтар сияқты өзекті мәселе болып отыр. Тек гуманизм адамгершілік пен этикалық формада бекіген өзіндік сана мен руханилықты ендірумен іске асыру болып табылады. Білімді гуманизациялау адамның техника алдындағы үстемдігін арттырады . Адам негізінен табиғат пен қоғамның ең зор күші. Адамның ішкі рухани дүниесінің, оның белсенділігінің терең көзқарасын түсіну, сезіну және болжау өте қиын. Жаңа қоғамдағы білім беруді дамыту жөніндегі гуманистік дүниетеным, гуманитарлық тұжырымдама осыған байланысты.
Мектеп оқушыларына жалпы адамзаттық құндылықтарға сүйене отырып гуманистік тәрбие беру бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр. Адамзаттық құндылық мәселелерін алдыңғы қатарға шығарудың жаңа дүнитанымы рухани мәдениет пен өнегелікті қайта құрумен сипатталады. Құндылық дегеніміз «қоршаған орта объекетілерін олардың адам және қоғам үшін жағымды және кері мағынасы (қоғам өміріндегі және табиғат құбылыстарында бекітілген игілік, қайырымдылық пен зұлымдық, әсемдік пен ұсқынсыздықты) айқындайтын арнайы әлеуметтік анықтама. Субъектіге қатысты құндылық, оның қызығушылығының объектісі ретінде қызмет етеді, ал оның санасы үшін қоршаған ортадағы бұйымдар мен құбылыстарға практикалық қатынасын білдіру, заттық және әлеуметтік болмыстағы күнделікті бағдар рөлін атқарады.
Мектептегі білім беру үрдісін гуманизациялауға байланысты М.Ж. Жадрина былай деп жазды: «Қазіргі заманның басты мәселесі адамдық тұлғаны сақтап қалу болып табылады. Қоғамдағы өнегелік тәрбиенің былыққа батуы, тұлғаның мәдениетін, білімнен жат болып кетуі ақыл – парасаттың және жалпы адамзаттық қызығушылығынан пайда табу жолының биік тұруы, адам үстінен және оның рухани құндылықтарынан техниканың үстемдік етуі, білім беру аймағының адамға оның тұлға ретінде туылуына әсер етуін төмендетті. Бұл тығырықтан шығудың жолы, білім берудің ғылыми, технократтық моделінен,мәдени модельге бағытталып, білім беру үрдісін гуманизациялауға яғни ізгіліндіруге ерекше көңіл бөлу қажет».
Қазіргі ғылыми – техникалық прогресстің адамзат дамуындағы рухани - өнегелікті басып озып бара жатқаны баршаға мәлім. Бұл қоғамның рухани өміріндегі ғылым мен техниканың абсолютизациясын, ойлаудың технократизмі мен қоғамдағы мәдениет пен гуманизм дамуын бағалаушылықты тудырды. Сондай- ақ қазіргі кезде қоғамның басты құндылығы адам емес тамақ, қаржы формасындағы өнім, ақша талап ететін тұтынушылық ориентацияға ие адамзат. Бүгінде қоғамдық санада мақсат пен қажеттілікке қатысты және оларға жету, тіршілік мәнін, нағыз шынайылық пен көз бояушы құндылықтар ұғымы мен түсінігінде ауытқулар байқалады. Дәлелденбеген қағида мен бейімделгіш ымырашылықтан да өзіндік мәні бар, сыншыл, шығармашылықпен ойлайтын адамды қажет ететін бүгінгі қоғам талабы, ғалымдарды, педагогтар мен психологтарды педагогика саласындағы күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге және бірлесіп еңбек етуге мәжбүр етеді.
Қазіргі білім беру тек білім берумен және адамдарды қайта оқытумен ғана шектелмеуі тиіс. Соңғы кезде білімді дамытудың маңызды факторы оны әлемдік масштабта интеграциялау болып отыр. Білім беру үрдісіндегі отандық және әлемдік тәжірибелерді олардың тұтастығында және өзара байланыста пайдалану тиімді болмақ. Білім беру үрдісінің негізгі объектісі де субъектісі де – адам. Педагогика сол адаммен өзара әрекеттістікте жұмыс жасайды. Адам өз табиғатын педагогика көмегімен түсініп, өзгертеді. Сондықтан білім беру әрекетінің мәні, мақсаты мен негізгі мазмұны адамды тұлғалық сомдау болып табылады. Әрбір адамға оның сыртқы жағдайы мен қалыптасқан ортасына және оның өзіне де байланысты болатынын оның субъективтілігі, жеке тұлғалылығы, қайталанбастығы, оның дене тәрбиесі мен құлықтылылығы, психологиялық, шығармашылық, интеллектуалдық, әлуметтік мәнді қасиеттеріне байланысты оған өзіндік ерекше ішкі құрылым тән. Жаңа сапалы білім беру жүйесін реформалаудың айқындаушы бағыттарының бірі адамдардың белсенділігі, біліктілігі, бейімділігі мен шығармашылық әрекеттерінің дамуы болмақ.
Адам осы кезге дейін «машиналық дамудың», «технологиялық», «технократтық» заказын орындаушы маман ретінде оның «тетігі» болып келді. «Тетік» санатындағы адамның жай – күйі тек ғылыми- техникалық қажеттіліктермен ғана шарттанбайтыны түсінікті. Ол осы жағдайды бекітетін тарихи, сол қоғамдық қатынастар жүйесімен айқындалады. Қалыптасқан білімдік жүйе, оқу- тәрбие үрдісін оңтайландыру, күшейту, унификациялау, яғни үндестіру мен оны оқытудың оқу жоспары және оқу бағдарламаларын жалпы типизациялау, стандартизациялау ұстанымдарына негізделді. Нәтижесінде, бұл білімдік жүйе қоғамды нағыз еркін, саналы, шығармашыл, мәдениетті тұлға қалыптастыруға алып келе алмады. Енді білім беру тек әлеуметтік тәжірибені тасымал жасаумен, яғни көшірумен ғана шектеліп қалмай, бұрынғы классикалық ғылым принциптеріне негізделген классикалық мектеп моделі мұғалім жағынан болсын, оқушылар жағынан болсын тұлға шығармашылығының әрекеті болып қалатын білім беру үрдісімен алмастырылуы қажет. Адамзат жинақтаған білімді қарапайым түрде меңгеру деген білім мақсаты қазіргі ақпараттық ағымның үдеуіне байланысты пайдасыз болып қалды. Басты нәрсе білім, білік, дағдыларды механикалық түрде беру емес, ақпараттық- интелектуалдық ресурстарды өз бетімен ала алатын, талдай білетін, идея бере алатын, ылғи даму үсінде болатын және жылдам өзгерістегі әлем жағдайында өзін -өзі іске асыра алатын тұлға қалыптастыру болып саналады.
Мектептегі өнер сабағында оқушылардың көркем-эстетикалық іс-әрекеттермен тікелей араласуы нәтижесінде жаңа заман адамының мәдени тұлғасы қалыптасады. Мектептік әртүрлі рәміздерді елдік белгілерді ел таңба, қыран құстың бейнесі мен алтын күн бейнеленген ту, ұлттық әскери белгісі бар мемлекеттік символикаларды пайдаланып, сәнді сурет салу мен безендіру үрдісінде ұлттық тәрбие беру мақсаты іске асырылып, оқушы тұлғасында елжандылық сезім тудыратын әңгіме – сабақтар өткізу тиімділігін мектеп практикасы көрсетуде.
Зерттеу тәжірибелері көрсетіп отырғандай мәдени жетістіктерге, білімділік пен біліктілікке өнерде эстетикалық тұрғыдан талдап, талғай білу дағдыларын қалыптастыруда бірқатақ іс-шаралар атқарылуда. Мектеп оқушыларының ұлттық мәдени құндылықтарға деген игі тілектерінің ұнамды өзгерістері болашақ ұрпақтың бүгінгі рухани жан дүниесінің толыққанды қалыптасқан тұлғалық бейнесі сомдала түскені байқалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.ҚР-ның «Білім туралы» заңы. Астана .2007 ж.
2.С.А. Назарбаева . Өмір әдебі. Астана 2007 ж.
3.С.Ақселеу. Ойтолғақ/жарияланбайтын жазбалар/Парасат- 1993 № 9.4-5.
4.М.Ж. Жадрина Оқулық мектептегі білім беру үрдісін гуманизациялау контекстінде ОО Мектеп №1, 2000 9 б.
5.Аль-Фараби. Естественно – научные трактаты, «Наука», Алма-Ата. 1987, С.263.
6.М.Х. Балтабаев . Педогогическая культурология. Алматы. 2000-94б.
7.Б. Неменский. Мудрость красоты. Москва. Просвещение.1987.с.34.