Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ГАЛЫМДАР МҮРАСЫ

Автор: 
Гүлназия Аманжолова (Москва, Россия)

Уақыт тіршілік өзегі десек, тіршілік дегеніміз – тынымсыз өзгерістер. Қазақ халқы тарих деп аталатын өмір толқынында ғаламат өзгерістерді басынан кешіріп, ХХІ ғасыр табалдырығын еңсесі биік ел болып аттады. Бүгінде тәуелсіз ел атанып, өз алдына жеке мемлекет болып, қазақ халқының өнерін жаңғыртып, мәдениетін басқа елдерге танытуда. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев бұл туралы: «Біз талантты халықтың өнерлі ұрпағымыз. Ата дәстүрін, ана тәрбиесін көріп өскен, содан нәр алып жетілген ұрпақтың өнерді қадірлемеуі мүмкін емес. Халық өнері – қазына. Біз сол өнерді жалғастырушылармыз» - деп барлық елді мәдениетті қолдап, атадан қалған қазынаны ұмытпауға үндеді және оны өркендетуге мүмкіндіктер жасауда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 шілдедегі № 924 Қаулысы бойынша құрылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде осы үндеуді қолдау барысында көптеген жұмыстар жүргізілуде.

Ғылыми орталықта: ғылыми зерттеу, мәтінтану, археография және деректану, кітаптану, ғылыми қорды жинақтау және жүйелеу бөлімдері жұмыс істейді.

Орталықтың негізгі мақсаты - тарихымызға, әдебиетіміз бен мәдениетімізге қатысты жәдігерлерді жинақтап, ел игілігіне айналдыру. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары – жазушылардың жарық көрмеген еңбектерін тауып, жарыққа шығару, отандық ғылымға мол үлес қосқан айтулы азаматтардың мұрасын насихаттау. Ғылыми орталықта жүйелі жинақталған Қазақстан ғылымы мен өнерінің, әдебиет қайраткерлерінің, ұлттық мүддені қадірлейтін жеке тұлғалардың мемориалдық мұражай-кітапханалары жүйелі жинақталып, оқырман игілігіне айналып отыр. Оларды атап айтар болсақ, Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, археолог, шығыстанушы, этнограф, тарихшы, әдебиетші ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, академик Кемал Ақышевтың, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, әдебиет сыншысы, тұңғыш Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы Мұхаметжан Қожасбайұлы Қаратаевтың, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі Рабиға Сыздықованың, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы ғалым Оразгүл Нұрмағамбетованың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің, жазушы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің, академик Мұхтарбай Өтелбаевтың, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың, Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, әдебиет сыншысы, Серік Қирабаев пен академик, географ Әлия Бейсенованың, Германияның қоғам және мемлекет қайраткері Н.Д.Геншердің, жазушы, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбектің жеке кітап қорлары мен мемориалдық-мұражай кітапханалары. Кітапхана қоры негізінен әдебиет, тіл, тарих ғылымдары салалары мен ұлт мәдениетіне қатысты құнды еңбектерден тұрады.

Жалпы кітап қорынан табылмаған көп кітаптар, осы жеке кітап қорларынан табылып отырады. Жеке кітап қорлармен, мұражай-кітапханалармен таныстыру мақсатында, жаңа оқу жылының басында 1 курс студенттеріне арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.

Қордағы кітаптың көпшілігі сыйға берілген кітаптар, атап айтсақ, Н.Назарбаевтың, И.Тасмағамбетовтың, М.Жолдасбековтың, Ә.Кекілбаевтың, О.Сүлейменовтың, М.Вестагердің, Н.Гумилеваның кітаптары. 2001 жылы Рим Папасы ІІ Иоанн Павел 20 томдық «Новая католическая энциклопедия» кітабын сыйға тартты.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында, Х-ХІ ғасырда Иранда басылған Әл-Фарабидің 11 ғылыми трактатының көшірмесі, «Латафат-нама» дастанының ұйғыр жазуымен жазылған көшірмесі, қытай тілінде жазылған «Жоу дәуіріндегі даналардың шешендік сөздерінің түсіндірмесінің» түпнұсқасы, 1912 жылы басылған Қ.А.Яссауидың «Диуани хикметі», ХҮІІІ ғасырдағы Еуропа кітаптары, ХІХ ғасырдағы Ресей кітаптары, ХХ ғасырдағы Қазақстан кітаптары, ескі араб жазбалары, В.Радловтың «Атлас древностей Монголии», Г.Гейкельдің «Орхон Енисей ескерткіштері» атластары, 1743 жылы француз тілінде басылған Вольтердің «Фанатизм немесе Магомет», Сервантестің 1757 жылы баспадан шыққан «Дон Кихот тарихы», 1828 жылы поляк тілінде жазылған А.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының жазбалары» атты еңбегінің түпнұсқасы, 1754, 1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңіріне саяхат» картасы, Виссарион Белинскийдің 1872 жылы Мәскеуде басылған шығармалары, 1909 жылы басылған Абай өлеңдерінің жинағы тағы басқа құнды еңбектер бар.

Жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы ХІХ ғасырда Мысыр мемлекетінде, Бағдат, Бұхара, Самарқан, Мәскеу, Қазан, Уфа қалаларында басылған дін тарихына байланысты сирек кездесетін кітаптарды сыйға тартты.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында қазақ және орыс тіліндегі кітаптардан басқа, араб, парсы, ескі шағатай тілінде жазылған Ислам дінінің тарихы, хадистер, тәпсірлер, т.б. қолжазба кітаптар бар.

Кітап иелерінің белгілері мен қолтаңбалары сирек кітаптар қорының басты ерекшелігі болып табылады. Осы қайталанбас белгілер оларды басқа кітаптардан ерекшелей түседі.

Қордағы осындай белгілері бар кітаптар әлі зерттеле қойған жоқ, олар арнайы зерттеуді қажет етеді.

Орталықта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады. Қазақ мәдениетінің қалыптасуының рухани негізі болып табылатын сирек қолжазбалар мен тарихи жазба ескерткіштерді жинастырып, ғылыми сипаттамалар жасалынып, аударма, түсініктеме жазылып, он жыл ішінде алпыстан аса кітаптар жарыққа шығып, оқырман игілігіне айналып отыр.

Мәдениетіміздің мұрасы – келешек ұрпақтар мен бүгінгі заманымыздың игілігі. Халқымыздың тарихына байланысты қағаз бетіне түсірілген барлық мәлімет атадан балаға аманат, ұрпақ үшін рухани асыл мұра.

Осы бабаларымыздан жеткен асыл мұраны, баға жетпес байлықты жинау, сақтау, оқырман игілігіне айналдыру, келер ұрпаққа аманат ету ғылыми орталық қызметкерлерінің абыройлы міндеті, асыл парызы.