Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

БАТЫС АЛАШ ОРДА ТАРИХЫ. ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Автор: 
Тұяқбай Рысбеков (Орал, Қазақстан)

Өткендегі тарихымыздың ақтаңдақтарын толық және шынайы тұрғыдан қалпына келтіру бүгінгі таңдағы тарих ғылымының негізгі міндеттерінің бірі. Оның ішінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық қозғалыстардың тарихы елеулі орын алады. Бұл ең алдымен Қазақстандағы алаш қозғалысына тікелей қатынасы бар.

Алаш қозғалысының басты іске асыруға тырысқан мәселесі азаттық пен ұлттық мемлекет құру болды. Алаш зиялыларының ортақ түсінігі бойынша отарлық езгі жағдайында ұлттық мүддені қолдап, қазақ елінің әлем халықтарымен терезесі тең болып дамуының ең басты көрсеткіші ұлттық мемлекеттің құрылымы еді.

ХХ ғасырдың екінші онжылдығындағы аласапыран төңкерістер кезеңінде қазақ халқының жеке ел болу мүддесін көздеп, Досмұхамедовтер автономия құруға ұмтылды және сол үшін де олар уақыттың тығыздығына, жағдайдың қиындығына байланысты қазақ жерінің батысында басқарушы аппараты, әскери, орталығы бар, тиісті қаржысы жинақталған, белгілі бір территориясы бар мемлекеттік құрылым жасады.

Жаһанша жас кезінен-ақ халқы үшін өте маңызды мәселеге араласып, болашақта үлкен істің басына келетін азамат, тағылымы мол, көргені көп, хылқының өткен тарихынан жан-жақты хабардар ортадан өсіп шыққан адам.

Жаһанша 1887 жылы қазіргі Жымпиты ауданындағы Бұлдырты елді мекенінде дүниеге келген. Бастауыш білімді ауылда алып, кейінірек Орал әскери реалдық оқу орнында білімін жалғастырды. Ол оқуды өте зерек оқыды. Училищеден кейін білімін Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде жалғастырды.

Училищеде Халел Досмұхамбетұлы, Жалмұхаммед Сүйінтұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Нұрғали Досбайұлы, Ғұбайдолла Бердіұлы, Шабазгерей Көсепғалиұлымен араласты, сырласты.

Реальдық училище шәкірттері қаланың көптеген өндіріс орындарында болып, тәжірибе жинақтады. Олар Кондрахинның бағында, Дадонов кірпіш зауытында, Ванюшин диірменінде, Михайлов соборында, Пфейлдің лакрица зауытында болды. Ұстаздарының ішінде Жаһаншаға жақын іш тартатын неміс тілінің мұғалімі Феликс Глизенгер болды. Ол жас шәкіртінің халқыма қызмет ету үшін оқып жүрмін деген жауабына ризашылық білдіріп, “олай болса тарихқа көбірек үңіл, заңдық қағидаларды зертте, халқың үшін қызмет істеуге көп, табанды дайындал” деп кеңес берді.

1906 жылы Жаһанша Санкт-Петербургтегі Император университетіне оқуға түсіп, осы кезеңде Императорлық әскери медициналық академияда оқып жүрген Халел Досмұхамбетұлы, Нұрғали Ипмағамбетұлы, Ғұбайдолла Бердіұлымен қайта кездесті.

Заң факультетінің профессорларының дәрістерімен қатар Батыс Еуропа елдері заңгерлерінің еңбектері, оған қоса Ресейде шығатын “Вестник права” (1899-1906), “Тюремный вестник” (1893-1917) журналдары мен “Право” заңгерлік газеттерін оқыды. Ол шешендік өнерге ерекше көңіл бөлді.

Жаһаншаның шешендік өнері оның ақыл-парасатының жоғарылығы кейінгі заңгер мамандығында айқын көрінді. Ол өзінен жасы үлкен, қазақтың арасынан шыққан көрнекті заңгерлердің бірі Бақытжан Қаратаевтың батасын алып, соны өмірде іске асырады. Кезінде Бақытжан жас Жаһаншаға мынандай бата берген болатын: “Балдай тәтті тілің бар, тереңге тартқан ойың бар екен, қазақтың маңдайына біткен айбынды азаматы болғалы тұр екенсің. Халқыңның сөзін сөйлер шешені бол, қол бастайтын көсемі бол”.

Өзінің алғашқы қызметін Том округтық сотының прокурорының орынбасарлығынан бастады. Заң органдарында жұмыс жасаған кезінде Жаһанша әділдігімен, кәсіби дайындығымен және сатылмайтындығымен танымал болды. Әдеттегідей сол кезеңде қазақтың білімді азаматтарын еліне қызметке жібермей әдісі көрінісін тапқанымен, 1917 жылы Жаһанша Ақжайық өңіріне оралады.

Жас Жаһаншаның саяси қызметі мен өміріне Б.Қаратаев, Г.Жетпісұлы, И.Ахметшеұлы және Орал облысы қазақтарының атынан 1-ші мемлекеттік Думаның мүшесі болған А.Қалменұлының әсері көп болды.

1917 жылы 19-22 сәуірде өткен облыстық қазақ съезінде (800-ден астам адам қатысты) Жаһанша Орал облыстық қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы болып сайланды. Төрағасының ұсынысы бойынша съезд мынандай шешімдер алды:

1. Ресей халықтарын құлдықта, қараңғылықта ұстаған монархия осыдан былай жойылсын;

2. Ресейде Демократиялық Республика орнату идеясын түгел қуаттай отырып, қазақи халқына ұлттық территориялық автономия беруді талап етеді.

3. Қазақ еліне келімсектерді жіберуді тоқтатып, осы кезге дейін пайдаланбай келген монастырьлардың, шіркеулердің, дворяндардың жерлерін қазақтарға себеп-сылтаусыз қайтарылсын;

4. Бұрынғы бюрократтық әкімшілік жүйесі жойылып, оның орнына қазақ жерінде халық сайлаған өкілетті комитеттер құрылсын;

5. Халық ағарту ісін қанағаттанғысыз деп тауып, мұғалімдер съезін өткізу, Оралда гимназия бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып оны қазақ қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру белгіленсін;

6. Қазақ тілінде газет, кітапшалар шығу шаралары жүзеге ассын.

Съезде облыстың қазақ комитетінің құрамына мына адамдар сайланды: Ж.Досмұхамбетов, И.Таңберменов, Х.Тасымов, Т.Сыпырбөлиев, И.Мұқанов, Д.Сарсенбаев, Ғ.Әлібеков, Д.Құсіпқалиев, Б.Жанқадамов, Р.Қаржаубаев, Д.Жұлдызов, Х.Досмұхамбетов, И.Топаев, И.Әбенов, К.Жаленов, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұманғалиев, С.Омаров, Б.Тілепов.

Жаһанша 1917 жылы желтоқсанның 5-13 жұлдыздары аралығында Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ-қырғық съезіне қатысып, тез қарқынмен өзгеріп отырған жағдайдағы партия тактикасы мәселелері жөнінде және съездің күн тәртібіндегі маңызды проблемалар (автономия, милиция, ұлт кеңесі т.с.с.) бойынша сөз сөйлеп, жарыссөздерге белсенді түрде араласты. Съезде автономияны жариялау мерзімінде Ә.Бөкейханұлы мен Ж.Досмұхамбетұлы бастаған екі бағыт арасында едәуір талас болды. Алайда ұлттық, халықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Әлихан мен Жаһанша Алаш автономиясын жариялау мерзіміне байланысты ортақ ымыралы келісімге келді.

1918 жылы 18-қаңтарда П.Кобозев пен С.Павлов басқарған қызыл гвардия отрядтарының Орынборды басып алуы біртұтас қазақ автономиясын құрып үлгермеген және барлық қазақ жерлерін оның аясына біріктіре алмаған Алашорда өкіметінің бірлігінен айырды.

Республикамыздың барлық облыстарында Кеңес үкіметінің күшейіп жатқандығына байланысты Алашорда олардың орталық және жергілікті органдарымен амалсыздан байланыс жасауға мәжбүр болды. Бұл мәсселеде де Жаһанша белсенділік көрсетіп, өзінің серігі Халелмен бірге Мәскеуде Кеңес үкіметінің басшыларымен кездесулер өткізуге қатысты. Сталинмен жүргізілген бұл келіссөздерден Орталық Кеңес үкіметінің ынтымақ пен тұтастық негізіндегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығы, керісінше қазақ халқына таптық жіктелуге негізделген кеңесттік тұрпаттағы автономия беруге екендігі анық байқалды.

1918 жылғы мамыр айының 18-21 аралығында Жым питыда Орал өңірі қазақтарының ІV-облыстық съезі өтті. Онда Жаһанша мен Халел Досмұхамбетовтер Ойыл уәлаятының уақытша үкіметін құрды. Құрамына Ілбішін, Орал, Атырау, Ақтөбе, Ырғыз уездерінің қазақтар мекендеген аудандары мен Маңғыстау, Ойыл және Бөкей уездері кірді. Бұл әрекет Жаһаншаның бүкілқазақтық екінші съезіндегі ұлттық-территориялық автономия құру жөніндегі шешімінің Батыс Қазақстанның айтарлықтай территориясында жүзеге асқандығының көрінісі еді. Сондықтан да 1918 жылғы қыркүйекте Уфа директориясын құру туралы мәжіліске қатынасқан Алаш Автономиясының делегаттары сол айдың 11-жұлдызында автономияның жергілікті басқару жүйесі туралы мәселені талқылап, Алашорданың Батыс бөлімшесін құру туралы шешімге қол қойды. Бұл мәжіліске Алашорданың төрағасы Әлихан Бөкейханов, мүшелері: У.Танашев, Халел және Жаһанша Досмұхамбетовтер, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков және М.Тынышбаев қатысты. Алашорданың батыс бөлімшесінің төрағасы болып Жаһанша тағайындалып, Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі таратылып, Батыс Қазақстанның қазақтар мекендеген жерлері аталған бөлімшенің қарамағына берілді.

Жаһанша басшылық еткен Ойыл уәлаяты үкіметі өзінің ішкі және сыртқы саясатында елеулі қиыншылықтарға кездесті. Бастапқыда ниеттес болып, бірге жүрген, Алаш қозғалысының белсенді қайраткерлері Ғұбайдолла және Ғалиасқар Әлібековтер, Молдағали Жолдыбаев, Хафиз Мырзағалиев шешуші кезең туғанда Жаһанша мен Халелден шығысып, қазақ автономиясының өмірге келуіне қол ұштарын тигізбеді, керісінше қарсы әрекет жасады. Сондай-ақ халық арасында беделі зор, өлкеге танымал Бақытжан Қаратаев большевик жағына шығып, Алаш қозғалысына қарсы болды, ол оның інісі жоғарғы білімді заңгер Арон Қаратаев ақ казактарға қызмет етті, тіпті ел тәуелсіздігі үшін күреске қатысқан қазақ зиялыларының артына түсті. Ауыл азаматтары арасынан шыққан саяси қозғалыстың белсенділері Меңдігерей Ипмағамбетов, Әбдірахман Әйтиев Алаш қозғалысына қарсы қолдарына қару алып қүресті.

1919 жылғы сәуірдің бас кезінде Колчак басқарған әскерлер, ал одан кейін Орал ақ казактарының бөлімшелерінің шабуылға шығып, Қызыл Армия бөлімдерін ығыстыруы Батыс Алашорда жетекшілерінің қимыл-әрекетіне өзгеріс әкелді. Батыс бөлімшенің жауынгер жігіттері қазақ халқын ғасырлар бойы қан қақсатып, езіп-жаншып келген казачество жағында соғысып, қан төккісі келмеді. Олар қолдарына қару алып, өкіметке қарсы шықты. Жымпиты оқиғасынан кейін Орал ақ казактарының Алашордаға көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Генерал В.Тостов Батыс Алашордаға қарайтын аймақтағы күштік құрылымдарды өз қарауына алып, тікелей өзіне бағындырды.

Жаһанша мен Халел Ақжайық өңіріндегі саяси және әскери жағдайдың тұрақсыздығын, оның аса қысқа мерзімнің ішінде жиі-жиі күрт өзгерістерге ұшырап отырғандығын өз көздерімен көріп, ой елегінен өткізіп отырды.

Батыс Алаш үкіметі 1918 жылы мамыр айының екінші жартысынан 1918 жылы қазан айының аяғына дейін Қызыл үйде (Жымпитыда) 17 ай бойы үстемдік құрып, Қызылқоғаға (Атырау жері) көшті.

1919 жылы 10-желтоқсанда Ойыл уәлаяты үкіметі өзінің ең ақырғы отырысын өткізді.

Жаһанша және Батыс Алаш қозғалысының мүшелері кеңес органдарымен өзара түсінісіп кете қоймады. С.Меңдешев басқарған Қазревком комиссиясы Жаһанша мен оның төңірегіндегілерге күдікпен қарады. Олар Алашорданың Батыс бөлімінің Кеңес жағына шығуы осы өкіметтің идеясын жақтағандықтан емес, керісінше бұрынғы одақтасы болған Орал казактарының жағдайының нашарлауынан және облыстан қашып кету мүмкіндігі қалмағандығынан деп санады. Әрине саяси мәдениеті төмен сатыдағы жергілікті кеңес “көсемдерінен” басқаша әрекетті күту қиын еді. Алашордаға кешірім жасалғандығына қарамастан, оның жетекшілері саяси тұрғыдан оқшаулануға тиісті болды. Алашорда мен оның басшылығына осындай көзқарас Казревкомның 1920 жылғы наурыздың 5-нде қабылданған “Алашорданың Батыс бөлімін тарату туралы” қаулысында және Жаһанша мен оның серіктерінің (Халел Досмұхамбетов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәлелов, Беркінғали Атшыбеков) жазған мәлімдеме хаттарында аса анық көрінеді. Шын мәнінде қазіргі таңда белгілі бірқатар мәліметтерге қарағанда Жаһанша өмірінің соңына дейін Кеңес өкіметін мойындамаған.

1922 жылы Орынборда Жаһаншаға сот болып, өзінің кінәсіз екендігін толық дәлелдеп, босатылады. Ол 1920-1925 жылдар арасында Ташкентте ғылыми жұмыстар мен өзінің мамандығы бойынша адвокат болып жұмыс жасайды. Осы аралықта қазақтың көрнекті ұлдарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловпен қарым-қатынас жасайды.

1930 жылы сот процесінің үкімімен Ресейдің орталық қара топырақты облысына (Воронеж облысы) Х.Досмұхамбетов, М.Тынышбаев, Н.Омаровпен бірге жер аударылып, 1938 жылы жазаға тартылды.

Жұбайы Ольга Константиновна 1986 жылы Мәскеуде қайтыс болды. Ол өмірінің соңғы мезеттеріне дейін Жаһаншаның аруағының алдында бас иіп, оның шаңырағына кір жұқтырмай, сүйген жарының адалдығын, кінәсіздігін дәлелдеумен болды.

Жаһаншаны Жоғарғы сот өзінің 1956 жылғы үкімімен ақтады.