Автор:
Айгуль Елепбергенова, Зауре Қанапьянова, Карлыгаш Шетиева (Талдыкорган, Казахстан)
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары болашақ мамандарды даярлауда кәсіби даярлыққа көп көңіл бөліп отыр. Оның бір бөлігі ретінде пәнаралық байланыс арқылы пәндерді меңгертуде қоғамның әр түрлі салаларында студенттердің қарым-қатынастық құзырлығын қалыптастыру жатады. Сол себепті жоғары оқу орындарында тәлімгерлерге қойылатын жаңа әлеуметтік-экономикалық талаптар ең алдымен студенттердің жаһандану үрдісі және олардың мегақарым-қатынастық ортаға бейімделген қарым-қатынастық білім-біліктерін қалыптастырумен байланысты.
Қазіргі таңда ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір студентте сапалы терең білім мен іскерліктің болуын, олардың шығармашылықпен жұмыс істеуге, ойлауға қабілетті болуын талап етеді. Пәнді оқыту үдерісінің негізгі мақсаты – арнайы педагогикалық әдістерді мақсатты, жүйелі түрде қолдана отырып, студенттердің интеллектін, шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін ұшқырлау, өз бетімен білім алу дағдыларын дамыту болып табылады. Қазіргі заманғы қоғамның дамуы жоғары оқу орындарында математикалық білім беруді жаңаша ұйымдастыруды негізгі міндет етіп қойып отыр. Ол үшін оқытудың әдістемелік жүйесін оның білім беру, ақпараттық т.б. қызметтерінің ішінде дамытушы саласына шешуші рөл бере отырып қайта бағыттау және осы ақпараттарды пайдалану біліктерін қалыптастыруға басты назар аудару керек. Білім мазмұнын игеруде, студентердің оқу-танымдық іс-әрекеттерінде басшылық ететін силлабус тек оқыту үрдісі дұрыс ұйымдастырылғанда ғана оқытудың дамытушылық-тәрбиелік міндетін шешуге мүмкіндік бере алады.
Материалдық дүниені тұтас күйінде және өзара байланыста кескіндейтін ғылыми дүниетанымның барлық компоненттері – табиғатты, қоғамдық өмірді материалистік-диалектикалық түсіну, адамды тану негіздері өзара байланыста. Сондықтан олардың бәрін толығымен меңгеру үшін пәнаралық байланысты қарастыру өте маңызды. Бұны пайдалану әр пән әртүрлі көзқараспен сипаттайтын құбылысты жан-жақты және өзара байланыста оқып-білуге көмегін тигізеді.
Педагогикалық сөздікте: «пәнаралық байланыс оқу бағадарламаларының өзара үйлесімділігі» деп анықталған. Қазіргі кезде білімнің интеграциялануын қамтамасыз ету, оның ғылыми деңгейін арттыру, тұтастай алғанда оқушылардың танымдық әрекетіне тән дағдыларды қалыптастыру міндеті негізгі мәселелердің біріне айналып отыр [1, c.24].
Оқыту процесін тиімді ұйымдастыру, жеке пәндер арасындағы ортақ ұғымдарды заңдылықтарды бір-бірімен өзара байланыстыру, студенттердің танымдық, ізденушілік қабілеттерін, іс-әрекеттерін дамыту, алған білімдерін жинақтау, тәжірибеде қолдана білуге үйрету және тағы баска мәселелер дидактикалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Пәнаралық байланыстардың бір пайдалы жағы ол бүкіл оқыту ісін, барлық оқытушыларға бірыңғай талаптар қоюға және әр түрлі пәндерде ортақ мүддені шешуге жұмылдырады. Пәнаралық байланыстарды жүзеге асырудың жолдарына мыналарды жатқызуға болады: жеке пәнді оқытқанда басқа пәндерді оқыту ісіне өз ықпалын тигізетіндей болуын көздеу; пәндерді оқып үйренуде өтілетін материалдарды уақыт жағынан үйлестіріп отыру; студенттердің ғылыми теориялар мен заңдылықтарды игеруің, олардың жинақтылығымен әдістерімен, дағдыларымен сабақтастыра қалыптастыру; жалпы теориялыьқ білім алуды және практикалық іскерліктер мен дағдыларды бірыңғай әдіспен жүзеге асыру; әр түрлі пәндердің зерттеу әдістерінің ортақ ерекшеліктерін көрсете білу; сабақтарда оқылатын құбылыстардың өзара байланысын ашып, дұрыс дидактикалық дүниетаным қалыптастыру.
А.Я. Коменский былай үйреткен: «Байланысы бар барлық нәрсені сол байланыстарымен қоса оқыту керек». Пәнаралық байланыс оқылатын теорияны терең меңгеруді және ғылыми түсініктерді нәтижелі қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Ол ғылымдарды интеграциялауға, білім салалары арасындағы байланысты дамытуға, ғылымдар жүйесінде пәннің орнын анықтауға әсерін тигізеді. Пәнаралық байланыстың өз дамуында нақтылы негіз бар.
Бірінші негіз – оқытудың жан-жақты болуына талап қою. Пәнді жан-жақты білу үшін, оның байланысының бар жағын оқып-білу, қамту қажет. Нақты дүниедегі бір құбылыс әр ғылымда әртүрлі жақтармен сипатталады. Сондықтан, студенттің санасына зерттелетін нысанның санқилы жақтарын тұтасымен қарастыруға бағыттайтын пәнаралық байланысты қалыптастыру керек.
Екінші негіз – ғылымды интеграциялау үрдісі. Маманды дайындау сапасы белгілі мөлшерде білім салаларының, ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысын және де ғылымдар жүйесіндегі оқылатын пәнінің орнын дұрыс түсіндіруге тікелей тәуелді.
Үшінші негіз И.П. Павловтың ілімі бойынша ақыл-ой әрекетінің табиғаты ассоциативті болатындығында, дәлірек айтқанда тану үрдісінің қарапайым элементі болып жергілікті ассоциация табылады. Өзара байланыста болу үшін, ассоциацияның бір элементін орнату сәтіне дейін, алдыңғы ассоциацияның элементі негізінен санада бекітілген болу керек.
Психологиялық және физиологиялық тұрғыдан қарағанада, толық емес білімнен толық білімге көшу бұл ассоциацияның бір деңгейінен екінші, күрделі де көпжақты кеңейтілген деңгейіне көшу болып табылады. Санада әртүрлі көзқарастар арасында байланыстар құру ойлау қабілеттері мен білімді қалыптастырады. Білімді қалыптастыру оқыту кезеңдеріне сәйкес жеңілден күрделіге ауысады. Әртүрлі ассоциациялар (жергілікті, жүйе ішіндегі және пән ішіндегі, жүйеаралық және пәнаралық) оқытудағы пәнаралық байланыс құрудың психологиялық негізі болып табылады. Пәнаралық байланыстар туралы көптеген түсініктер бар. Ғалымдардың бір тобы оны оқу үрдісін жаңартудағы дидактикалық шарт ретінде қарастырады, ал басқалары оқыту мақсаттарының бірдейлілігі деп түсінеді. Пәнаралық байланыс дұрыс ұйымдастырылғанда оқу жоспары мен әртүрлі оқу пәндердің әрқайсысы өздерінің әдістемелік бағдарын ұстай отырып, жан-жақты оқыту мен қатар тәрбиелік үрдіс арасындағы байланысты да қамтиды. «Оқылып жатқан пәндер арасындағы байланыс әр пәннің әрқайсысының ішкі логикасын бұзбайды. Пәнаралық байланыстардың негізі - келісілген мақсатты, мазмұнды, әр пән бойынша оқу материалын оқып үйрену темпін олардың арасында қарастырылуға жататын нысандарды дұрыс бөлуді қадағалайтын оқу жоспары мен бағдарламаларды құру болып табылады» [2, c.37].
Пәнаралық байланыстар әлеуметтік-педагогикалық, әдістемелік, дидактикалық және психологиялық аспектілерде қарастырылады. Педагогтар пәнаралық байланысты қарастыруда байланыстың үш негізгі типіне бөледі: мазмұнды-ақпараттық, операциялық-қызметтік және ұйымдастыру-әдістемелік. Мазмұнды-ақпараттық байланыс білім мазмұны негізінде орналастырылады және деректік, ұғымдық, түсініктер және теориялық болып бөлінеді. Операциялық-қызметтік байланыс оқу үрдісінде қалыптасқан іскерлік негізінде құрылады және практикалық іскерлік пен дағды өңдейтін деректікке; ойлау қызметінің оқу іскерлігін қалыптастыратын танымдыққа; дүниетанымдық көзқарасты бағалауды, коммуникативті және басқа да қызмет түрлерін қалыптастыратын бағалы-ориентациялыққа бөлінеді. Ұйымдық-әдістемелік байланыс студенттердің жалпы қалыптасқан байланыстар мен іскерліктерді меңгеруін қамтамасыз етеді, меңгеру тәсілдеріне, орындалу уақытына және оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру формасы мен деңгейіне байланысты генетикалық, құрылымдық және хронологиялық болып бөлінеді.
Пәнаралық байланыстың студенттерді кәсіби-педагогикалық дайындауда ерекше мәні бар. Бұл түсінікті де, себебі болашақ оқытушының өз пәні бойынша ғана емес, сонымен қатар басқа пәндер бойынша да дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыратын білімдері болуы керек.
Ақпараттандыру білімді жетілдіру барысына елеулі әсерін тигізді. Ақпараттық және коммуникациялық негізде оқытудың жаңа технологиялары оқу барысын күшейтуге, түсініп қабылдауды жылдамдатуға, кең көлемді білімді түсініп терең меңгеруге мүмкіндік береді.
Оқу жүйесіндегі ақпараттық технологиялар - компьютерлік техника мен программалық құралдардың көмегімен студентке ақпаратты дайындауды және беруді жүзеге асыратын үдеріс. Оқу жүйесіндегі ақпараттық технологияларда ақпаратты беріп үйренуде мыналарды бөліп айтуға болады: техникалық құралдар, оған компьютерлік техника, байланыс жолы, және әртүрлі жүктеме бойынша берілетін программалық құралдар. Оқытушы компьютердің көмегімен берілетін сабақты өңдеуде оның функционалдық мүмкіндіктерін және жоғарыда аталған компоненттердің әрқайсысын қолдану шартын білуі тиіс. Техникалық құралдардың да программалық құралдардың да өз ерекшеліктері бар және оқу барысына айтарлықтай әсерін тигізеді.
Қазіргі кезде студенттердің білімін тексеру үшін тест бағдарламаларын қолданып жүрміз. Кез-келген курстар бойынша тест бағдарламасын құруда ақпараттану пәнінен біліміміз болуы керек. Онлайн - тесттерді құруға HTML, JavaScript тілдерін пайдалануға болады. JavaScript – программалау тiлi “Java” тiлiнен туындағанымен, оған қарағанда бiршама қарапайым болып келедi. JavaScript-тi қолдану, кәсiпқой программист болып табылмайтын HTML-құжатының авторына, динамикалық парақтарды құруға және клиентпен толтырылған формаларды өңдеуiне мүмкiндiк туғызады. JavaScript – клиенттiк және серверлi желiлiк қосымшаларды құруға арналған ықшамды, объектiге бағытталған программалау тiлi болып табылады. Бір жауап таңдауға арналған тесттерді құру үшін радиобатырмаларды пайдаланған ыңғайлы. HTML-да олар мынадай түрде сипатталады: <input Name="имя" Type="radio" Value"номер"> жауап. Скриптегі аты объектінің экземплярына қол жеткізу үшін қолданылады. Өзара біріккен топқа кіретін батырмалардың аттары бірдей болуы керек (мысалы, Radio1 радиобатырмалардың бірінші тобын білдіреді).
Қорыта келгенде, пәнаралық байланыс – бұл тек дидактикалық шарт немесе білім мен іскерлікті меңгеру нәтижесін жоғарылататын құрал ғана емес, сонымен бірге оқу үрдісінде студенттерді тәрбиелеудегі кешенді де тиімді педагогикалық құрал болып табылады [2, c.127].
Қолданылған әдебиеттер:
-
Сулейменов Ж.С. «Дифференциалдық теңдеулер» курсын оқытуда пәнаралық байланыстың алатын орны, ИФМ журналы, 2003 ж,№ 3
-
Келбакияни В.Н. «Межпредметные связи в естественно-математической подготовке учителей», Тбилиси. Гоноклеба, 1997, 1987, 291 с.