Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

БІЛІМ БЕРУДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ - КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР

Автор: 
Даметкен Байғожанова, Т.Ж. Байдильдинов, Эльвира Сергазинова (Талдықорған, Қазақстан)

Өркениетті қоғамның дамуы – ақпараттандыру үрдісімен тығыз байланысты болып келеді. Бұл үрдістің басты ерекшелігі – қоғамдық қызметтің барлық саласында ақпараттық және коммуникациялық технология құралдарының негізінде жүзеге асырылатын ақпаратты жинау, өңдеу, олардың қорын жасау, сақтау және тарату болып табылады.

Біздің зерттеу тақырыбымыздың өзектілігі: білім беру саласын ақпараттық-коммуникациялық және мультимедиалық технологияларды оқу үрдісіне қолданумен, олардың әдістемелік негіздерін жасап ұсынумен және тиімді пайдалана білуді жүзеге асырумен анықталады.

Мұндағы басты мақсатымыз – ақпараттық-коммуникациялық және мультимедиалық технологияларды білім беру саласына заман талабына сай тиімді түрде қолдануды игеру.

Көздеген мақсатымызды жүзеге асыру үшін алдымызға төмендегіше міндеттер қойылды:

  • білім беру жүйесін басқару механизмдерін мәліметтердің автоматтандырылған банкілерін қолдану негізінде жетілдіру;

  • қоғамның ақпараттандырылуының қазіргі жағдайында – білім берудің жеке адамды жан-жақты қалыптастыру мақсаттарына сай келетін әдістемелер мен тәсілдерді, ұйымдастырушылық формаларды және т.б. жетілдіріп отыру;

  • білім алушылардың интеллектуалдық дамуларына, өз беттерімен білім ала білу қабілеттерін қалыптастыруға және олардың оқу-ақпараттық, тәжірибелік-ғылыми қызметтерін жүзеге асыра білулеріне бағытталған білім берудің жаңаша бағыттағы әдістемелік жүйесін жасау;

  • білім алушылардың білім дәрежесін аз уақыттың ішінде жүйелі түрде бақылап, бағалауға мүмкіндік беретін компьютерлік жүйе бойынша есептелетін және болжайтын әдістемелер жасау.

Оқу үрдісіндегі ақпараттық-коммуникациялық және мультимедиалық технологиялар құралдарының мүмкіншіліктерін пайдалану барған сайын арта түсуде, бұл әрине заман талабы. Бұд құралдарға қысқаша анықтама берелік.

«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдары» – дегеніміз микропроцессорлық және жаңа ақпараттық технологиялар негізінде қызмет атқаратын, ақпаратты таратудың жаңа құралдары мен жүйелері, ақпаратты жинақтау мен олардың қорын жасау, сақтау мен өңдеу, оларды жан-жақты таратуды, одан қалды компьютерлік жүйелердің ақпараттар қорына енуді қамтамасыз ете алатын программалық, программалық-аппараттық және техникалық құралдар мен құрылымдарды айтамыз. Ақпараттық және коммуникациялық технологияларға жататындар: ЭЕМ, дербес компьютерлер, терминалдық құралдардың жинақтары, жергілікті есептеу жүйелері, мәтіндік және графикалық ақпараттардың құрылымдары, көлемі үлкен мұрағаттық ақпараттарды сақтау құралдары, аудиовизуалдық ақпараттарды бақылайтын құралдар мен құрылымдар, машиналық графика жүйелері, программалық кешендер, жергілікті желілер, әлемдік деңгейде ақпарат алмасуын қамтамасыз ететін қазіргі кездегі байланыс құралдары [1, 45 б.].

Білім беруді ақпараттандыру үрдісіне тән нәрсе – ол педагогика ғылымы дамуының бүкіл тарихында тұңғыш рет ақпараттық және коммуникациялық технологияның негізінде қолданыс табатын оқу құралдарының мүлде жаңа түрлерінің пайда болуы болып табылады. Ал, бұл технологиялар педагогика тарихында бұрын-соңды болып көрмеген білім беру үрдісінің қарқындауына даңғыл жол ашып берді: жедел түрде жүзеге асырылатын кері байланыстар; оқу ақпаратын компьютерлер арқылы беру; көлемі үлкен болып келетін ақпараттарды мұрағатқа сақтау; есептеу, ақпараттық-ізденіс қызметі, сонымен қатар оқу тәжірибесінің нәтижелерін автоматтандыру; оқу қызметін басқару мен басқару нәтижелерін бақылауды автоматтандыру.

Ақпараттық қарым-қатынастар құралдарын қолданудың тиімді бағыттарының бірі – мультимедиа.

«Мультимедиа технологиясы» дегеніміз – компакт-диск негізінде аудиовизуалды ақпараттарды қабылдаудың әдістерінің, тарату тәсілдерінің, өңдеудің, сақтаудың және т.б. жиынтығы болып табылады. Компакт-диск технологиясын пайдалануға негізделген мультимедиалық-операциялық орта интерактивті сұхбаттың мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, компьютер экранында кез-келген аудиовизуалдық ақпаратты түрлі формаларда (видеофильм, мәтін, графика, анимация, слайдтар, музыка) бере алады. Мультимедиа технологиясының негізінде орындалатын білім беру жүйесінің көмегі арқылы компьютер экранында кез-келген қажетті ақпаратпен жете таныса аламыз. Мұндай кезде бұл жүйе пайдаланушы адамның белгілі бір сюжеттің немесе жағдайдың өзіне керекті бөлігін таңдап алып көрінуіне де мүмкіншілітер тудырады. Мультимедиа технологиясын қолданудың педагогикалық мақсаты ақпаратты эмоционалдық тұрғыдан қабылдаумен байланысты болып келген білім берудің мотивациясының артуымен және ақпаратты өңдеуге байланысты атқарылатын өзіндік жұмыстардың түрлі формаларын қолдана білу қабілетін қалыптастырумен айқындалады.

Білім беру үрдісінде мультимедиа технологиясының жүзеге асырылуы компьютерлік жүйе мен телефон, теледидар, спутниктік байланыс құралдарын синтездеу деңгейінде телекоммуникация құралдарын пайдаланумен тығыз байланысты болып келеді.

Жоғарыда атап өтілген құралдарды қолданатын кешендер еліміздің кез-келген жерін қажетті ақпараттармен жан-жақты қамтамасыз ету үшін ақпараттарды қабылдау-тарату жүйесіне бірігулеріне әбден болады. Мұндай жағдайда компьютерлік жүйе арқылы байланыстар жасау (жергілікті және әлемдік деңгейіндегі) мәтіндік, графикалық ақпараттарды пайдаланушы адамның сұраныстарын да қанағаттандырады және мәліметтердің орталық ақпараттық банкіден оның өзіне қажетті жауаптарды алуына да мүмкіндік туғызып отырады. Телекоммуникациялық байланыстар нақты уақыт ішінде жүзеге асып отырады, ал бұларды синхронды телекоммуникациялық байланыстар деп атайды. Телекоммуникациялық байланыстар шектеулі уақыт ішінде электронды пошта арқылы жүзеге асырыла береді, ал бұлар асинхронды телекоммуникациялық байланыстар. Электронды пошталар қажет болған жағдайларда ЭЕМ-ның жергілікті жүйесін де, телефонның ортақ жүйесін де пайдалана алады. Олардың мүшелері еліміздің қай түпкірінде болса да оқу, ізденіс немесе зерттеу сипатындағы жұмыстарды бірлесе отырып орындай алатындай мүмкіндікке ие болады [1, 56 б.].

Жоғарыда атап өтілгендерден басқа телекоммуникациялық жүйелер ресурстарын пайдаланудың тағы да бірнеше түрлері бар.

  • алыс қашықтықта орналасқандарына қарамастан кез-келген адамға қажетті мәтінді, графикалық бейнелерді, компьютерлік программаларды, дыбыстық ақпараттарды тез арада жеткізе алатын қазіргі заманның электрондық поштасы;

  • пайдаланушы адамның өзіне қажетті хабарларды өзінің электрондық жәшігінен алуға мүмкіндік тудыратын тарату тізімдері;

  • белгіленген сөздер және суреттер бойынша қажетті ақпараттар мен көріністерді (дыбыс, видео, виртуалдық шындықтың элементтері және т.б.) іздестіріп табуға мүмкіндік берумен қатар әлемдік жүйелермен де байланыс орнатуды қамтамасыз етіп отыратын дүние жүзілік мультимедиалық орта;

  • өзін қызықтырған проблемаларды талқылауға араласуға мүмкіндік беретін электрондық конференциялар («электрондық хабарламалар тақтасы»). Мұндай кезде әрбір адам өзінің компьютерінен алыстамай-ақ бір уақыттың ішінде бірнеше конференцияның жұмыстарына қатыса алады;

  • әлемдік Интернет жүйесіндегі компьютерлердің көмегіне сүйене отырып, мәліметтердің түрлі қорларындағы іздестіру жұмыстарын жүргізуге жағдайлар туғызып отыратын жүйе;

  • абонентке өзіне қажетті файлды алумен қатар өзінің файлдарын жіберуге мүмкіндік беретін файлдарды жіберудің хаттамалары.

Мультимедиа (multimedia) – бұл компьютерлік жүйеде мәтін, дыбыс, видеобейнелерді, графикалық бейнелерді және анимацияларды (мультипликация) біріктіруге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы компьютерлік ақпараттық технология. Мультимедиа – бұл мәтін, графика, анимация, сандық бейнелерді, видео, дыбыс сияқты мәліметтер типін енгізуге, өңдеуге, сақтауға, беруге және бейнелеуге мүмкіндік беретін технологиялар жиынтығы. Мультимедиалық технологиялар (МТ) – визуалдау, аудиоэффектілерді және интербелсенді бағдарламалық қамтамасыздандырудың жалпы басқаруымен әртүрлі жағдайларды мультипрограммалауды қамтитын электрондық құжаттарды дайындау әдісі.

Мультимедиа технологияның бұл екі анықтамасы мультимедиалық технология түсінігінің мәнін толық ашады, яғни МТ – бұл бірінші кезекте, компьютер экранында ақпаратты дайындау және ұсыну технологиясы. Мультимедиалық технологиялар толығымен компьютерлік оқыту технологиясының даму концепциясына сәйкес келеді. Оқытудың мультимедиалық технологиялары да компьютерлік технологиялар сияқты теориялық негізге ие. Оқытудың мультимедиалық компьютерлік технологияларын қазіргі заманғы компьютердің дидактикалық мүмкіндіктерін, программалау технологияларын және оқытудың компьютерлік құралдарын құрудың құрал-жабдықтар орталарын қолданатын компьютерлік оқыту технологиясы дамуының қазіргі заманғы кезеңі деп қарастыруға болады.

Мультимедиа технологиясының идеялық алғышарты ретінде 1945 жылы американ ғалымы Ваннивер Бушпен ұсынылған “MEMEX” жадысын ұйымдастыру концепциясы саналады. Ол ақпаратты оның формальды белгілері (нөмір, адрес реті немесе алфавит бойынша т.с.с) бойынша емес мағыналық мазмұнына қарай іздеуді қарастыратын. Бұл идея гипермәтін (мәтіндік құжаттар жиынтығының жұмыс жүйесі) түрінде компьютерлік жүзеге асырылады, одан кейін гипермедиа (графика, дыбыс, видео және анимациялар жиынтығымен жұмыс жүйесі) және осы жүйелерді байланыстырған мультимедиа. Яғни мультимедиа мәтін, графика, дыбыс және видеобейнелерді біріктіретін диалогтік ақпараттық технология болып табылады. Мультимедиа – кешенді түсінік. Бір жағынан, ол құжаттардың ерекше типі болса, екінші жағынан – программалық және аппараттық қамсыздандырудың ерекше классы.

Мультимедиалық құжаттардың қарапайымдардан айырмашылығы, дәстүрлі мәтіндік және графикалық деректерден басқа дыбыстық және музыкалық объектілерді, анимацияланған графиканы, видеоүзінділерді қамтиды.

Мультимедиалық программалық қамсыздандыру – бұл мультимедиалық құжаттарды және үзінділерді құру және ойнату үшін арналған программалық құралдар. Мультимедиалық аппараттық қамсыздандыру – мультимедиалық программалық қамсыздандыруды құру, сақтау және ойнату үшін қажет құрал-жабдық. Оларға дыбыстық карта, CD-ROM дисковод және дыбыстық колонкалар жатады. Сонымен қатар құрал-жабдықтардың бұл тобын базалық мультимедиалық кешен деп атайды. Мультимедиа құралдарының дәстүрлі ақпарат тасушылардан айырмашылығы – интербелсенділік, еркін талғап-талдап түсіндіру және үйірімділік [1, 80 б.].

Мультимедиа құралдарының негізгі стандарттарына келесі программалар жатады:

  • Лазерлік ойнатқыш (CD Player);

  • Әмбебап ойнатқыш (media Player);

  • дыбыстың естілуін реттеуші (Volume Control);

  • Фонограф дыбысты жазу программасы (Sound Recoder).

Мультимедиа технологиялар жарнама бизнесінде, компьютерлік ойындарды құруда қолданылады. Мультимедиа технологиялардың кең дидактакалық мүмкіндіктері электрондық оқу құралдарын құруда және оқытушы сипаттағы материалдарды құруда қолданылады.

Мультимедиа құралдары ретінде: графика, гипермәтін, дыбыс, анимация, видеоны қолдана отырып қолданушыға компьютермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін аппараттық және программалық құралдар кешенін түсінуге болады.

Біздің елімізде мультимедиа жүйелерінің мүмкіндіктері қоғамымыздың барлық салаларына, оның ішінде білім беру саласы бойынша ұлттық тұрғыдағы әдістемелік жүйе жасаудың жаңаша моделін жасау барысында кеңінен пайдалануда.

 

Әдебиеттер:

  1. Өстеміров К. Қазіргі педагогикалық технологиялар мен оқыту құралдары. – Алматы, 2007 ж.

  2. Аяжанов С.С., Сатымбекова С.Б. Компьютерлік желілер. – Алматы, 2011 ж.

  3. Караев Ж.А. Активизация познавательной деятельности учащихся в условиях применения компьютерной технологии обучения: автореф. ...док. пед. наук. – Алматы, 1994. – 45 с.