Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

КОСМОГОНИМДІК АТАУЛАРДЫҢ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

Автор: 
Саян Жиренов (Алматы, Казахстан)

Он сегіз мың ғаламның бір бөлшегі космологиялық әлем тілден тысқары емес. Адамзат баласы жер бетін қаншалықты игерсе, жер үстін, аспан әлемін соншалықты игеру үстінде. Космологиялық әлемді (ғарышты) адамзат баласы космосқа ұшқаннан бастап қана емес, одан бұрын есте жоқ ескі замандардан бастап-ақ игере бастады десек жаңылмаймыз. Оған дәлел космонимдік атауларға байланысты көптеген тілдік деректердің (фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, фольклордан, аңыз-әпсаналар т.б.) қолданысынан көруге болады. Қазақ халқы метрология ғылымы ғылым ретінде қалыптасқан уақыттан бұрын-ақ, аспанға қарап ертеңгі күн мен болашақты (күн райын, жыл мезгілін, табиғат құбылысын, т.б.) дәл болжай білген. Ғылымдағы космология, метрология, астраномия ғылымдары бір-бірімен сабақтас, өзара тармақтас ғылым салалары екендігін байқауға болады. Солардың ішіндегі космология ғылымы аспан әлемі мен кеңістігін, ғарыштық сфера мен жұлдызнаманың халық танымындағы көрінісін қарастыратын ілім. Қазақ космологиясының түп тамыры мифологиямен де сабақтасып жататындығын фольклолық туындылар мен мақал-мәтелдерден көруге болады. Оған дәлел қазақ (түркі) космологияның аясына кіретін ұғым-түсініктер түрлі уақыт пен кеңістіктің өлшемімен (хронотоптың) трансформацияланған. Қазақ халқы ерте замандарда өз өмірін жұлдызға «аманаттайтын» түсінік болған. Бұл түсініктің ар жағында әр адамның өзінің туа бітті жұлдызы болады, жер бетінде қанша адам болса, сонша жұлдыз болады деген аңыз қалыптасқан. Тіпті ел арасында, тілдегі сөздік қорда «менің жұлдызым», «жұлдызың оңыңнан тусын», «жұлдызы жоғары//биік», «жұлдызы жанған», «жұлдызды сәт», секілді т.б. көптеген фразеологиялық тіркестердің ішкі мағыналық мазмұнынан көруге болады. Сондай-ақ адамның жұлдызы жанған сайын сол жұлдыздың жердегі иесінің (адамның) мерейі үстем болады деп саналған. Ал адам өмірден өтсе, «көктегі жұлдызы сөнді», «жұлдызы жерге ағып түсті» деген әпсана елішінде кең тараған болатын. Яғни, мұндай әпсаналық түсініктерді ежелгі анимистік танымнан туындап, қалыптасқан деуге болады.

Қазақ мақал-мәтелдерінде, әсіресе, космогонимдік атауларға байланысты бірліктер көптеп кездеседі. Оның себебі қазақ халқының дүниетанымында біркездегі көшпелі өмір салтында аспан әлемімен «тілдесу», сол арқылы өмір көшін бір арнаға түзеу салты қалыптасқан. Сондай-ақ өздерінің малшылық, бақташылық өмір салтына байланысты, аспан әлемінің әрбір құбылысына (жұлдыздар, өзге де галактикалық құбылыстар) қарап, бағыт бағдар алып отырған. Мәселен, Темірқазық жұлдызын қазақ халқы көшпелі тұрмысында бағдар ретінде пайдаланған. Ол бағдар тек жол бағытын ғана емес, өмір көкжиегін дұрыс тануға дейін ұласады. Темірқазық жұлдызы атауының туындауы да атына сай, қазыққа қағылып байланған, бір орында тапжылмастан тұрады. «Темірқазық түнгі аспанның шырқау биігі – жоғарғы нүктесінде орналасқан. Кейде Солтүстік жарты шардың осынау орталық жұлдызын Алтын Қазық деп те атайды. Оған Тәңір өзінің аттарын байлайды. Темірқазықтың қасындағы қос жарық жұлдыз – Тәңірдің ақбоз тұлпарлары» [1, 210 -б.], – деген мифологиялық түсініктен темірқазықтың Тәңірге «бағынышты» туған космобейне екенін көруге болады. Сол секілді өзге де космонимдік атауларға қатысты қазақ тілінде көптеген төмендегідей мақал-мәтелдер қалыптасқан. Мәселен, Үркер құрғаққа түссе аңызғақ жел болады, суға түссе жаңбырлы болады, тасқа түссе қатты ыстық болады; Батыр ортақ, ер ортақ, Күн ортақ, ай ортақ; Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр; Айдың тік тұрғаны, Өзіне жайсыз, халыққа жайлы. Шалқасынан туғаны, Өзіне жайлы, халыққа жайсыз; Сарыжұлдыз көтерілсе күн суыйды (Юпитер); Қызылжұлдыз жоғарыласа қыс қатты болады (Марс); Үшарқар айша туып күнше батар, т.б. көптеген мақал-мәтелдердің жасалуына космогонимдік атаулардың негіз болғандығын көруге болады. Жоғарыда көрсетілген космогонимдік атауларға негіз болған мақал-мәтелдер қазақ халқындағы аспан атауларының қазақы атауын ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар образдық негізіне аспан әлемімен үнемі санасып отыратын, көшпелі шаруа өмірі алынады.

Жоғарыда көрсетілген мақал-мәтелдердің астарында қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен ұлт өмірінің барлық саласынан көрініс табады. Аталған мақал-мәтелдер этностың мекені мен тұрақ жайынан реттестіруге, шаруашылық жағдайын бекемдеуге, ішетін тағамы мен киетін киімін алдын ала дайындауға, т.б. танымдық тәрбиелік істерге бастамашы ретінде қолданылады.

Космогонимдік атаулар тірек болған қазақ мақал-мәтелдері мифтік наным-сеніммен, дүниенің материалдық мазмұнымен, халықтың рухани, мәдени өмірімен біте қайнасып кеткен деуге болады. Қандай да болмасын мақал-мәтелдерді тілді жасаушы этностың бір кездердегі ой-санасының, жан дүниесінің сәулесі деп те тануға болады. Мәселен космогонимдік атауларға негізделген қазақ мақал-мәтелдерінің жасалуында, халық бала секілді бәріне сенеді, айға, күнге, жұлдызға, бұлтқа тіл қатады. Олардың метафизикалық әрекетіне сай тіршілік қамын реттейді. Алыстағы аспан әлемі денелерінің әрбіреуінің құрылысы жұмбаққа толы құпия, сиқырлы күш бар, олар әрі қасиетті, әрі киелі деп саналған.Және соларға табынған, жалбарынған, тілдегі мақал-мәтелдерден ерекше орын алған.

Тіл қазынасының ішінде мақал-мәтелдердегі космогонимдік атаулардың берілу жолдары мен мағыналық қолданыс ерекшеліктерін антрополингвистикалық бағыттағы зерттеудің нысанына алып, олардың терең мазмұнын «Табиғат–Адам–Қоғам» контексінде, ұлттық дүниетаныммен, этностың мәдениетімен сабақтастыра әр қырынан (когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, этнопсихолингвистикалық, прагматикалық, паралингвистикалық т.б.) алып қарастырудың маңызы зор. Себебі, космогонимдік атауларға негіз болған мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы, халық жадына сіңіскен философиялық ой-толғаныстардың, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлттық сананың айшықты айғағы, ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жалғасар халықтық эстетикалық талғам мен этникалық тағылым-тәлімнің мектебі болып табылады.

Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, метрологиялық және галактикалық көзқарасының айнасы болып табылатын космогонимдік атаулар тірек болған мақал-мәтелдер – мифологиялық кезеңнің сөз суреті, ойлау мен танымның ерекше бейнесі, тіл қабаттарының ішіндегі құрылымдық типтері болып табылады.

А.Сейдімбек: «Әрбір ұлттың я болмаса халықтың өзіне тән болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары, ұлттық ерекшелігі – сол халықтың тарихи даму жолының бет-пердесі, бүгінінің кескін-келбеті. Адамзаттың ой-санасы толып, таным-түсінігі артқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған материалдық және рухани мұралардың тереңіне бойлап зерттеп, оны игеруге деген қажеттілік күн өткен сайын арта түсетіні хақ. Бүгінгі ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, ел-жұрттың білім өресі мен сауатын да, ойдың орамдылығы мен тілдің құнарлылығын да, материалдық және рухани қажеттіліктердің деңгей-дәрежесін де, ең арысы талғамның татымына дейін мәдениеттің аясына сыйғызады» дегенді айтады [2, 31 -б.]. Ғалымның аталған пікірін басшылыққа ала келе, мақал-мәтелдердегі космогонимдік атаулардың берілуі мен қолданысынан - халық даналығын, тіл иесі этностың өмірлік философиялық ұстанымдарын, сондай-ақ болмыстың онтологиялық категорияларын көруге болады.

Сонымен, мақал-мәтелдердегі космогонимдік атаулардың берілуінде аспан әлемі бейнесіндегі халықтың рухы мен ділін танытып, этностың әлемді (космосты) игеруінің мәдени-тарихи тәжірибесін және дүниедегі заттар мен құбылыстар арасындағы қарым-қатынасқа берген бағасы түйінделіп беріледі. Сондықтан да космогонимдік атаулардың мақал-мәтелдердегі көрінісінде қарапайым тәлімдік-тәрбиелік мәселелерден бастап, этнотанымдық реалилердің тұтас жиынтығы, ауа-райы, климат, жан-жануар және өсімдік дүниесі, жер бедері сияқтыларды қамтитын космологиялық, метрологиялық, географиялық ортаның толық сипаттамасы, көне наным-сенім мен діни көзқарастар, қоғамдық құрылым мен қоғамдық қатынас жүйесінің айшықты суреттемесі көрініс тауып жатады. Сондай-ақ тіршілік-тынысы табиғат аясында өткен, ғұмыры сайын сахарамен тығыз байланысты қазақ халқының табиғаттың (космологияның) жіті зерттеушісі де болғандығын көруге болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Жанайдаров О. Ежелгі Қазақстан мифтері. – Астана: Аруна, 2006. – 252 б.

2. Сейдімбек А. Сонар. – Алматы, 1989. -352 б.