Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ЖЕТІСУ ТОПОНИМДЕРІНІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ

Автор: 
Гулим Чукенаева (Талдыкорган, Казахстан)

Кез келген халықтың дүниетанымдық жүйесі, өзіндік салт-санасы, халықтық рухы ең алдымен оның тілінде көрініс табады. Тіл мәселелерін мәдениетпен, халық әдет-ғұрпымен, салт-санамен байланыстыра зерттеу XX ғасырдың 20-70 жылдарында орын ала бастады.

«Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлар этнос өмірінің мың да бір елесі ғана, оның шын мәніндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-домалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана. Яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін» дейді ғалым Ә.Қайдар[1, 34б.].

Адам баласы пайда болғаннан бері әр ұрпақ өздері ойлап тапқан және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениет пен рухани мәдениеттегі жетістіктерін мұра ретінде қалдырып отырды. Адамзаттың қай заманда болмасын алдына қойған ең басты мұрат-мақсаттырының бірі дәстүрді сақтау, ұлттық құндылықтарды қадірлеу болғандығына ешкімнің де таласы жоқ. Біздің қазақ халқы да атадан балаға сан ғасырлардан қалыптасып жеткен асыл қазынасын келешек ұрпақ мақтан тұтып айтып, сақтап жеткізетіндей өшпес мұралар қалдырды. Олардың қай қайсысы да тілде көрініс тауып отырды.

Адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын тілдің қызметі арқылы бейнелейді. Әрбір тілдің өзінің ішкі, ұлтық өзгешеліктері бар болғандықтан, кез келген тіл әлемді өзінше суреттейді. Халықтық салт-сана жайлы мол мағлұмат көзі болатын тілдік тұлғалардың бірі – топонимдер. Өмірде көрген-білгенін, зердесіне түйгенін, өмірлік тәжірибесін, бүкіл асыл құндылығын тілінде тұжырымдаған қазақ халқы көшіп-қону барысында кездескен әрбір бұлақ-бастауға, төбе, жазыққа, ой мен қырға олардың ерекшелігін айқындап, соған сәйкес ат берген. Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Осыған орай, жалқы есімдердің этномәдени мәніне де назар аударыла бастады.

Топонимиялық атаулардың пайда болуына, қалыптасуына, дамуына ұлттың мәдени өмірі әсер етеді және «атауды қалыптастырған немесе пайдаланып жүрген халықтың мәдениетіне ешбір байланысы жоқ атау болмайды» [2, 131б.]. Себебі, атаулар жүйесі ― ұлттың дүниетанымының, психологиясының, материалдық дүниесінің тоғысқан жиынтығы.

Ұлттық топонимдер өз бойынан ұлттың этникалық құрамы мен мекендері, шаруашылығы, дүниетанымы, әлеуметтік өмірі, наным-сенімі, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі, яғни материалды және рухани құндылықтар жайында ақпарат береді. Оларды 1) Материалдық мәдениетке байланысты топонимдер; 2) Рухани мәдениетке байланысты топонимдер деп топтастыруға болады.

Материалдық мәдениет ― жер бетінде тіршілік еткен адамдардың өзі өмір сүруі үшін жасаған түрлі еңбек құралдарымен қоса, тұрғын үйлері, ғимараттары, мәдени ескерткіштері, киген киімі, тіпті жүріп-тұрған көлігіне дейін, толып жатқан көзге көрінетін, әрі өзінен кейін ұрпақтарына қалдырып отырған заттық байлығы [3,141б.].

Топонимикалық жүйенің қалыптасуына қазақ халқының шаруашылығы, кәсіптік іс жүргізуі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы белгілі бір деңгейде өз ізін қалдырып отырды. Жер шаруашылығымен шұғылдану Жетісуды мекендеген тайпалар өмірінде орта ғасырда болғаны тарихтан белгілі. Олардың жергілікті өзен бойында егін салып, көбіне арпа мен тары еккендігін, сол жерлерден табылған археологтар аршыған көне арықтар толық дәлелдеп отыр. Сөйтіп, жер шаруашылығы мал бағып, иен далада көшіп-қонып жүрген елдің қосалқы тіршілігіне айналған. Егіншілікпен айналысқан халық оған қатысты атауларды да қалыптастырлы. Мысалы: Егінсу, Егінбұлақ, Бесқауға, Қызылегіс, Арықты, Қараегін, Байқоныс, Алтынарық, Арантоған, Ақтоған т.б.

Топонимдердің құрамынан киім-кешек, ыдыс-аяқ, күнделікті тұрмыста

қолданылатын заттар да орын алып отырған: Қойсоғым, Жандорба, Ошақ, Балта, Биебайлаған, Қазансу, Шотқалған, Айнабұлақ, Есік, Кетпен, Күл, Қазанкөл, Қайрақ т.б.

Көшіп-қону, жол қатысы, өзен, су өткелдері туралы мына төмендегі географиялық атаулар толық мағлұмат бере алады: Қостіккен, Өткелсіз, Қозыкөш, Құмөткел, Көшөтер, Көшкентал, Арқанкерген, Есекартқан т.б.

Рухани мәдениет ― адамдардың өмір сүру, тішілік ету барысында сол ұлттың тұмыс салты, білімі, заңы, этикасы, ғылымы, діні, мифологиясы, рухани дүниелері ― өнері, өлеңдері, мақал-мәтелдері, фразеологизмдері, нақыл сөздері т.б. [3,141б.].

Кез келген ұлттық топонимдердің бойында тарихи-мәдени ақпараттар сақталады және олардың кумулятивті қызметі ұлттық топонимдерде анық көрінеді. Себебі кез келген ұлттық топоним халықтың ғасырлар бойы жинақтаған білімдерін көрсетеді және ол білімдері топонимнің кумулятивтік қызметі арқылы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен діни көзқарасын білдіретін топонимдерге мыналарды жатқызуға болады: Әулие, Әулиебұлақ, Әулиебастау, Ақбейіт, Бейіттібұлақ, Молалы, Қоңырәулие, Бұрханбұлақ, Мазар, Иманқұт, Қажыауыл, Бәйгетөбе, Қарамола, Майқан, Құлтөбе, Өрнек, Жетім, Аламан, Байғазы, Бесіктас.

Жетісу жерінің өзендері туралы Б.Нұржекеевтің берген деректері бойынша Бұрқанбұлақ өзенінің басында сарқырама бар екен. Судың астында үлкен тас бар. Жергілікті халық ол тасты киелі санап сиынған. Сондықтан ол будда дініндегі Бурхан әулиемен байланысты деген болжам бар [4,53б.].

Есік өзенінің қыста қатпайтынын ескерген халық оны қасиетті деп санап, «ыссы өзен» деп атаған. Кейін атау фонетикалық өзгеріске түсіп Есік болып өзгерген. Сол сияқты Майқан өзенінің құрамындағы май – киелі, қасиетті дегенді білдірсе, түркі тіліндегі «ған» сөзі өзен дегенді білдірген [5,14б.].

Әулиесу өзенінің бас жағындағы таста адамның намаз оқыған кезіндегі екі алақаны, маңдайы, екі тізесінің таңбасы басылып қалған екен. Осыған байланысты өзен Әулиесу аталған [6,84б.]. Қарамола, Молалы, Ақбейіт, Бейіттібұлақ атаулары да діни ұғымдарға, яғни өзеннің бойында мазарлардың болуына байланысты қойылған. Бұл көрсетілген топонимдердің бәрінде халықтың діни сенімдері мен нанымдары, дүниеге көзқарасы жан-жақты бейнеленіп отырғанын көреміз. Сонымен қатар, салт-сананың кейбір көріністері кейде тотемдік ұғымдарға байланысты қойылған топонимдерде де кездесіп қалады.

В.Г.Белинский салт-дәстүрдің өміршеңдігі жөнінде «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра ауысып, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет әлпетсіз бейне, болымсыз тас мүсін тәрізді» - дейді.

Дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани байлық. Жетісу жеріндегі топонимдердің туындауына негіз болған салт-дәстүр элементтерін қарастыра келе, адамдардың табиғаттағы әр түрлі құбылыстарды бақылап, оны өз іс-әрекеттерімен, тәжірибесімен салыстырып, адам санасында қалыптасқан оймен байланысқан бейнелер түрінде әр түрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы, яғни метафоралық мағынаның жетекші рөл атқарғанын көруге болады. Мәселен, Бесік, Бесіктас атаулары метафораланып қойылған, яғни бесікке ұқсатудан туған болса керек.

Бесік - қасиетті киелі, құтты мүлік. Сәбидің, алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланың, бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке жолы үлкен елдің, тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Бесіктің сәбидің денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесік ағаштан, талдан иіп жасалады. Бесіктің мынадай құрал жабдықтары болады: жастық, мамық, жүргек, түбек, шүмек, қолбау, тартпабау. Олар да өзінше қолданыс тауып отырған. Мұнда атау тек сыртқы көріністің ұқсастығына ғана қарап қойылмаса керек. Халық барлығына құтты қоныс болған жерді бесікке теңеген.

Ал Бәйгетөбе, Аламан гидронимдерінің қалыптасуына сол аймақтарда аталмыш қазақтың ұлттық ойынының өткізілуі себеп болса керек. Бәйге (дәстүр). Ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығын осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Аты озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік, ғұрып. Оның біраз бөлігін әруаққа, ақсақалдарға атап, қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді. Бәйге казақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр.

Айдар (ғұрып). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Мұны —«айдар» дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Мысалы Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың айдары болған. Балаға Айдар деп те ат қойылады, ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады. [7, 48б.]. Өлкемізде Айдар (ауыл), Айдарлы (ауыл) сияқты топонимдер ұшырасады. Т.Жанұзақтың айтуынша, атау жердің шоқы мен биік төбенің биіктігін айдарға теңеуден қойылған.

Халықтың рухани мәдениеті жайлы мол мағлұматтарды бойына сақтаған атаулардың бір парасы туыстық, рулық, этникалық қатынастарға байланысты болып келеді. «Қоңыр қазақтың өзіне тән барша қасиетін ана сүтімен, жусан иісімен, күйдің күмбірімен, саумал иісті самалдың лебімен бойына дарытқан, көкірегі ояу, көзі ашық, халқының тарихын, өнері мен мәдениетін, тұмса тұнық әдебиетін, ғұрпын, салтын білетін, «Мен қазақпын!» дей алатын азамат өзінің шықкан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт» [7,198б.]. Қазақ алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан. Туыстық желіні үзбеген, береке-бірлікті бұзбаған. Қазақта туыстық қатынастарды үш жұртка топқа бөліп атайды. Біріншісі — адамның әкесі жағынан туысатын өз жұрты әйелдер төркін жұртым деп атайды. Екіншісі шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты. Ал үшіншісі әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты. Туыстық атаулар да жер-суға ат қоюда назардан тыс қалмағаан. Туыстық атаулар негізінде қалыптасқан топонимдер: Әже, Бәйбіше, Атабайбұлақ, Әйелсай, Жанбөбек, Бескемпір, Қатынқопа, Балаарқалық, Ұлықыз, Қызқашқан, т.б.

Қазақ даласында «қыз» сөзіне байланысты көптеген жер-су аттары кездеседі. Жалпы даламызда әйел затына байланысты қатын, ханым, бике, бегім сияқты дәрежені көрсететін топонимдер де бар. Мысалы: Әйелсай, Қызүшбұлақсай. Қызға байланысты жер-су атауларының туындауына нақты тарихта болған қыз аты, эвфемизм мен діни нанымдағы қыз образдары, метафоралы түрде қыздың дене мүшесіне балау және қыз бұйымдары негіз болады. Әсіресе «қыз» сөзімен байланысты гидронимдер көп кездеседі. Мәселен, Қызбастау, Қызқорған, Қызтаусу т.б.

Топонимдердің кейбірі сол аймақты мекен еткен ру-тайпалардың атымен байланысты аталған. Жетісудағы Алтай, Амангелдісай, Бақалы, Мұса, Айпара, Айту, Бақалы, Балғалы, Кәлпе, Меркі, Наймансүйек, Шажа топонимдері ру атына байланысты қалыптасқан. Мәселен, Бақалы өзені өтетін Сарқан ауданында найман тайпасының руы Бақалыдан тараған ұрпақтар қазір де мекен етеді. Сол сияқты Жетісу жеріндегі Матай тауының, сол аттас темір жол станциясының және ұзындығы 13 км болатын өзеннің аттары Орта жүз Найман ішіндегі «Матай» руының атына қойылған. Ал Төлеңгіт атауына жеке тоқтала кеткен жөн. Төлеңгіттер – Қазақ хандығындағы әлеуметтік топ, ханның жансерігі, хан билігі сүйенетін әскери жасақ. Төлеңгіттер көмегімен хандар мен сұлтандар халықтан салық жинаған, жайылымдарын қарап жүрген. Төлеңгіттер көбінесе жаугершілік кезінде қолға түскен тұтқындардан құралған [7,31б.].

Академик Ә.Қайдардың пікірінше: «...тіл – қорған, тіл – қару, өнер алды –қызыл тіл, тіл – ұлттың жаны мен тәні. Өз тілінен айрылған ел – ел емес, ұлт – ұлт емес. Өйткені, этностың ұлт санатына қосылуы үшін қажетті де міндетті шарттарына ортақ табиғи орта, ортақ күнкөріс көздері, ортақ тіл, ортақ психология жататыны белгілі, сондықтан да қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану процесінде біртұтас ұлт болып қалуы үшін ана тілінің тас түйін етіп ұйыстыратын ұйытқы болар құдіретті күшіне сүйену керек...» [9,32 б.].

Халықтың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Сөз құпиясын, сөз құдіретін анықтаса, ғасыр қойнауында жатқан немесе келмеске кеткен білім мәнінің сарасы көрінері анық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998.-304б.

  2. Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігі. Словарь социолингвистических терминов. Сүлейменова Э. Д., Шаймерденова Н.Ж., Смағұлова Ж.С., Ақанова Д.Х. ― Астана: Арман-ПВ, 2008. ― 392 б.

  3. Рысберген Қ.Қ. Қазақ топонимиясының лингвокогнитивтік және этномәдени негіздері. Филол. ғыл. доктор.дисс.авт. Алматы, 2010. 64 б.

  4. Нұржекеев Б. Өзендер өрнектеген өлке. – Алматы: Жалын, 1987. – 228 бет.

  5. Жанұзақ Т. Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы. – Алматы: Арыс, 2005. – 256 бет.

  6. Жүнісов Д. Өзен-көл атаулары. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 128 бет.

  7. Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә., Елемесов Ә. Қ., Дауенов Е. Н.

Дәстүрлі қазақ этнографиясы: оқу-әдістемелік құралы. –Павлодар: «Кереку», 2008. – Б. 2. –260 б.

  1. Керимбаев Е.А. Казахская ономастика в этнокультурном, номинативном и функциональном аспектах. –Алматы, 1995. – 248 с.

  2. Қайдар Ә. Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйытқы. – Алматы, 2003. – 319 б.