Автор:
Ербол Калиаскаров (Павлодар, Казахстан)
Қазіргі уақытта туризм коммерциялық қызметтің ең қарқынды түрде дамып келе жатқан түрі болып табылады. Әлемдегі әрбір 12-ші жұмыскер туристік және қонақ жай бизнесінде жұмыс істейді. Туризм үлесіне әлемдік жалпы ұлттық өнімнің 5 % және қызмет көрсету экспорты әлемдік көлемінің 30 % (жылына 1 трлн. АҚШ доллары) келеді. Бүкіләлемдік туристік ұйым ЮНВТО-ның халықаралық туризм Барометрінің соңғы мәліметтеріне сәйкес 2011 жылы халықаралық туристік келулер саны 4%-дан аса артты және 981 миллион АҚШ долларын құраған, ал Қазақ еліне 5 миллион 600 мың турист келіп, саладан түскен табыс 74 миллиард теңгеге жеткен. Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамы бойынша 2020 жылы туристтік сапарлардың саны 3 есеге көбейіп, 1,6 млрд. адамға жетеді [1, 3 б.].
Қазақстанның бай мәдени-тарихи мұрасы, бірегей табиғи-территориялық кешендері, тиімді көліктік-географиялық орналасуы, дамып келе жатқан туристік сала инфрақұрылымының кейбір элементтері ұлттық туристік өнімнің ілгерілеуінің алғы шарттары болып табылады.
Қазақстан Республикасының туристік индустриясының перспективті бағыттарын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасында сырттан келушілер туризмі көрсеткіштерінің өсуіне қол жеткізу міндеттердің бірі ретінде қарастырылды. Бағдарламаның негізгі міндеті туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын арттыру. Мемлекеттік қолдаудың шаралары: инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз ету; білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету; бәсекелестікті дамыту; инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау [2, 1 б.].
Менің ойымша, Қазақстан Республикасы сырттан келушілер туризмін дамыту үшін көптеген алғы шарттарына ие болып отыр: ұлттық туристік өнімнің ажырамас бөлігі болатын және басқа елдермен салыстырғанда республиканың бәсекелі артықшылықтарын қалыптастыруға тікелей байланысты елдің тиімді рекреациялық-географиялық орналасуы, алуан түрлі табиғи және рекреациялық ресурстардың болуы. Одан басқа, Қазақстан бірегей және халықаралық маңызы бар мәдени-тарихи ресурстарға ие, оларды инновациялық түрде қолданған жағдайда өте сапалы ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға қабілетті болады.
Жоғарыда айтылғандай, саланың жағымды жақтарына қарамастан, Қазақстанның туристік тартымдылығы бүгінгі таңда көптеген кемшіліктерге толы. Жағымсыз факторлардың ішінде табиғи рекреациялық ресрустардың шектеулігін айта кеткен жөн (Әлемдік мұхитқа жолы тұйық континентальды болуы, комфортты мерзімнің қысқалығы). Маңызды проблема ұлттық көрнекті жерлердің шетелде танымал еместігі болып табылады. Дегенмен, Қазақстанның халықаралық туризмде артта қалып келе жатқан себебі, рерурстар сапасы төмен болуы емес, оларды тиімсіз пайдалану. Мысалы, Алматы облысының аймағы турзимді дамытуға қолайлы, табиғи ресурстары тартымды. Мұнда 5 бірдей ұлттық табиғи бақ, 2 қорық, сондай-ақ 3 мыңнан аса тарихи ескерткіштер бар. Алайда, бұл өңірде де өзге облыстардағыдай туризмнің дамуы бәсең. Кері тартып тұрған жәйттер туристер қызығушылығы жоғары нысандарға баратын көлік жолдарының халықаралық талаптарға сай келмеуі, материалдық базасының әлсіздігі, сонымен қатар аудандарда туристік орындарда білікті мамандардың тапшылығы анық байқалады.
Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігі 2020 жылға дейін туризмді дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеуде. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстан сыртқа шығушылар туризмі өсіп келе жатқан әлемдік нарығының центрінде тұр. 2020 жылға қарай тек көршілес Ресей, Қытай, сондай-ақ, Үндістан мен Таяу Шығыс елдері сыртқа шығушы туристер санының жыл сайын 200 миллионнан астам өсім береді. Жақын орналасқандықтан бұл әлеуетті пайдалануымыз керек. Бұл үшін туризмді дамыту бағдарламасында Қазақстан металлургияда және машина жасауда қолданатын нақты экономикалық және индустриалды жолдар белгіленеді. Бұл өз кезегінде, мемлекет тарапынан қолдауды, кәсіпкерлер үшін жеңілдіктерді, сондай-ақ жоғары деңгейлі мамандар даярлауды болжамдайды.
Жақын арада Қазақстан Малайзия және Түркияның тәжірибесін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл елдерде туризм аз уақыт ішінде қуатты индустрияға айналған. Мәліметтерге сәйкес, Малайзияға жылына 24 миллионнан астам турист барады. Саладан түсетін табыс мөлшері $20 млрд., бұл ҰІӨ 12,5 %-ын құрайды. Ал туристік саланың өзінде елдің еңбекке жарамды халқының бестен бір бөлігі жұмыс істейді. Қазақстан осы көрсеткіштерге ұмтылуы керек, оның үстіне бізде барлық алғы шарттар бар. Бүгінгі таңда туристердің ағымын қамтамасыз ететін басты жобалар белгіленген. Олар елбасының Жолдауында айтылған. Бұл Алматы маңындағы тау шаңғы курорттары, Щучинск-Бурабай курортты аймағы, және Кендірлі. Осы курорттардың әрқайсысына туристік ағымдар болжамдалады, дамыту үшін бірегей ұсынстар әзірленеді және инвесторлармен жұмыс жасау моделі анықталады [3, 13 б.].
Ұлы Жібек Жолының Қазақстандағы сілемі VI—VII ғасырларда белгілі болған, Қытайдан батысқа Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін осы жол мейлінше жандана түскен. Бүгінгі таңда бұл тарихи жолдың әлеуетін пайдалану мүмкіндігі туып отыр. 2012 жылы қыркүйекте Азербайжанда (Баку) ЮНВТО Бүкіләлемдік туристік ұйымы «Жібек жолының дәмі» атты гастрономия, мәдениет және туризм бойынша Халықаралық конференциясын өткізді. Конференцияның мақсаты Жібек жолы аймағының зор әлеуетінің гастрономиялық және материалдық емес тарихи-мәдени туризмнің дамуында қолданыс табуын талқылау болды. Жібек жолы туристік дестинациялары тарихи-мәдени мұраның маңызды орталықтары ретінде танымал, сонымен қатар, бұл аймақ алуан түрлі гастрономиялық және мәдени дәстүрлерге ие. Конференцияда туризм, гастрономия және мәдениеттің әртүрлі секторларының сарапшылары Жібек жолы елдерінде және бүкіл әлемде гастрономиялық туризмді дамыту саласындағы тәжірибелері және жаңа тенденциялары жөнінде ақпарат алмасты. Қазақстан өзінің ұлттық тағамдары, дәстүрлері мен этикетінің маңыздылығы мен бірегейлігі белгісі ретінде «Дастархандық тур» жасаған – халқымыздың аспаздық мәдениетін танытатын мейрамханаларға баруды көздейтін Алматыдағы гастрономиялық турлар. Сондай-ақ, бұл турларға Қазақстанның табиғи мұрасымен танысу кіреді, туристерге Алакөлде балық аулаудың дәстүрлі әдістерін және оны даярлаудың тәсілдерін үйрену мүмкіндігі беріледі [4, 35 б.]. Мысалы, көлге апарумен және сол жерде туристік қызметтер ұсынатын бір күндік демалыс турларын жасауға болады. Бұл шаралар өз кезегінде тамақ индустриясының, мейрамхана ісі кәсіпорындарының дамуына және ілгерілеуіне түрткі болады.
Қазақстандағы туризмді дамытудың ағымдағы жағдайын дамымаған және белсенді деп сипаттап отырмын, яғни саладағы өзгерістер енді басталып жатыр және болашақта атқарылар істер жетерлік. «Қазақстандық Индустрия Дамыту Институты» АҚ және Horwath HTL консалтингтік компаниясы Қазақстан Республикасының туризмін дамытудың жүйелік жоспарын әзірлеген (сурет 1). Еліміздің жекелеген аймақтарында туристік кластерлерін құру мәселесін ұсынып отыр. Бірақ, нақты бір жердің туристік тартымдылығына қарамастан, Қазақстан туризмін республиканың барлық аймақтарында бірдей дамытқан жөн деп ойлаймын. Horwath HTL Қазақстан туристік кластерлері бойынша алдын-ала ұсыныстары – тартымдылық және географиялық жағдай бойынша 5 кластерге көңіл бөлуден тұрады:
1. Солтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстанды қоса алғандағы Астана;
2. Шығыс Қазақстан;
3. Алматы өңірі;
4. Оңтүстік Қазақстан;
5. Каспий маңы өңірі.
Бұл кластерлер Қазақстанның халықаралық туристік имиджін және 2020 жылғы туристік ұсыныстарын дамытуға арналған ең маңызды, қызықты аймақтары ретінде белгіленген. Дегенмен, елде мәдени туризм, экотуризм туристік өнімдерін сапалы етіп жасап, халықаралық нарыққа шығару үшін аталған кластерлерді ғана емес, туристік саланы республиканың барлық аймақтарында дамыту қажет. Бұл отандық туристік өнім ұсынысының алуан түрлі болуына да әсерін тигізеді деп санаймын. Мысалы, туристік ресурстарға бай аймақтар ретінде – Павлодар және Семей өлкелеріндегі Ертіс жағалауы мен Сарыарқаның ұсақ шоқылары (әйгілі Баянауыл және Абай өлкесі), Қостанай облысының Наурызым мемлекеттік табиғи паркі, Ақтөбе облысы Мұғалжар тауының табиғи ресурстары, Батыс Қазақстан облысындағы Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Жайық өзені жағалауы, Ұлытау-Жезқазған өңірі белгілі, осы аймақтардың әлеуеттерін пайдалану қажет.
Аймақтардың туристік кластерлерінің барлығын бірдей дамыту туристік саланы ғана емес, жалпы республика индустриясын дамытуға ықпал етеді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. ЮНВТО-ның халықаралық туризм Барометрінің мәліметтері: UNWTO Tourism Highlights, 2012. – 15 с.
2. Қазақстан Республикасының туристік индустриясының перспективті бағыттарын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі, Астана, 2010. – 35 с.
3. Динамика развития Казахстанского туризма, Мир путешествий, №3 (20), Алматы, 2012. – 27 с.
4. Глобальный доклад по гастрономическому туризму, Вкус Шелкового пути – Международная конференция по гастрономии, культуре и туризму, Баку - Азербайджан, 2012. – 63 с.
Ғылыми жетекші:
География ғылымдарының докторы, ПМУ география және туризм кафедрасының профессоры Куат Табылдинович Сапаров