Автор:
Рима Абдуалиева (Талдыкорган, Казахстан)
Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын тәлімді, ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, дүниетанымы дұрыс дамыған азамат етіп тәрбиелеуде дидактиканың алатын орны ерекше.
Дидактика (гр. didaktikos– тәлімді)– білім беру, оқыту, тәрбиелеу теориясы; педагогиканың үйренушілерге білімді, машық пен дағдыны меңгерту және тәрбиелеу заңдылықтарын зерттейтін, әр кезеңде берілетін білім мазмұнының көлемі мен құрылымын айқындайтын, білім берудің әдістері мен ұйымдық формаларын жетілдіру жолдарын ғылыми негіздеумен айналысатын саласы [1, 52 б].
Дидактика ежелгі Грекияда жас ұрпақты «оқыту-үйрету» тәжірибесінің негізінде пайда болды. Қайта өрлеу дәуірінде жалпы мәдениеттің, ғылымның дамуына, оқыту жүйесі мен тәлім-тәрбие ісін жаңаша құру міндетіне байланысты, педагогика ғылымының негізгі саласы болып қалыптасты. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мәнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нәрсеге үйретудің әмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тәрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас және қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. «Дидактика» терминін XVII ғасырда чех ғалымы Я.А.Коменский өзінің «Ұлы дидактика» (1657) деген зерттеуінде алғаш рет пайдаланды. Ол білім берудің мазмұнын, дидактикалық принциптер мен көрнекілікті, дәйектілікті және табиғатпен сәйкес келуді негіздеп, сабақ өткізу жүйесін ұйымдастыруды ғылыми тұрғыдан тұжырымдап берді. Коменскийдің дидактикалық идеялары XVIII–XIX ғасырлардағы швейцариялық педагог И.Г.Песталоцийдің, неміс ғалымы Ф.А.Дистервегтің, Ресейде К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде одан әрі дамытылды. И.Г.Пестолоций пәндерді көрнекілік арқылы оқыту тиімді екендігін дәлелдеген.
Қазақстанда дидактикалық ой философиялық, әлеуметтік, этникалық, әдеби шығармалар арқылы дамыды. Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, т.б. дидактикалық дастандарында бала тәрбиесіне, оқу-білімнің маңызына, адамгершілік негіздеріне жан-жақты тоқталған.
Қазақ әдебиеті тарихында «жыраулық поэзия» деп аталатын Асан Қайғыдан Бұқар жырау шығармаларына дейінгі ауызша жыр-толғаулар ұлттық дидактикада ойдың терең қазынасы болып табылады. Отандық педагогика ғылымы тарихында таза ағартушылық қызметпен айналысып, тәрбие мен оқу-ағарту ісін дамытуға кәсіби теориялық тұжырымдамаларымен ат салысқан ғалым – Ы.Алтынсарин. Оның мақалалары мен хаттарында, «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы», «Қырғыздарды (қазақтарды) орыс тіліне оқыту ісіне алғашқы басшылық», т.б. кітаптарында сол замандағы дидактика мәселелері әр қырынан сөз болады. XX ғасырдың басында балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселелері А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б. кітаптарында жан-жақты талқыланды. Әсіресе, Байтұрсынұлының сол замандағы әлемдік дидактика ғылымындағы оқыту әдістерін талдаған мақалалары, әдістемелік «Баяншы» кітабы отандық кәсіби дидактика ғылымының дамуына негіз қалады. Кейін оқыту теориясымен айналысқан педагог ғалымдар (Қ.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Р.Г.Лемберг, Н.Көшекбаев, т.б.) әлемдік дидактиканың заңдылықтары мен принциптерін отандық оқу-ағарту ісіне қатысты тұжырымдап, тәжірибеге енгізді.
Қазіргі заманғы дидактика ғылымы білім беру теориясы болып табылады. Оның зерттеу пәні – оқытудың мақсаты, мазмұны, заңдылықтары мен принциптері. Дидактика өзінің алдына қойған мақсаттарына жету үшін белгілі бір дидактикалық принциптерге негізделеді. Дидактикалық принциптер оқу-тәрбие жұмыстарының заңды жүйесін көрсетеді, оқыту ісінде табысқа жетудің қажетті шарты болып табылады. Олар бір-бірімен тығыз байланысты құрылған [2, 25 б, 3,92 б, 4,128 б].
Оқу процесіндегі дидактиканың мәні. Оқу процесі әр текті және табиғаты жағынан әртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы оқытушылардың қызметін, ал оқып-үйренуді ұсынылған білімдерді игеруге бағытталған білімгерлер іс-әрекетін танытады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады: 1) екі тараптылық; 2) оқытушы мен оқып-үйренушінің бірлескен ескен іс-әрекеті; 3) басқару оқытушы тарапынан; 4)жоспарлы ұйымдасу және басқару; 5) біртұтастық және бірлік; 6)білімгерлердің жас ерекшелік даму заңдылықтарына сәйкестік; 7) білімгерлердің дамуы мен тәрбиесіне жетекшілік.
Оқу және білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. Олар: нені үйрету және қалай үйрету проблемасын шешу: қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса - қашан, қай жерде, кімді және не үшін оқу қажет деген мәселелерді қарқыңды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, әдіс-тәсілдері мен құрал-жабдықтары, нәтижесі. Дидактикалық жүйе және оның технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да, ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика– бұл оқу және білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, әдістері, құрал жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нәтижелері жөніндегі ғылым [5, 156 б].
Дидактикалық жүйелер уакыт талабына сай өзгеріп отырады. Мысалы, И.Гербарттың (1776-1841)дидактикасы кейін дәстүрлі оқыту түріне айналды. Онда Я.А.Комменский (1592-1670) дидактикасының, сол сияқты ертедегі догматикалық және схоластикалық жүйелердің элементтер болды. Д.Дьюй (1859-1952) дидактикасы дәстүрлі дидактика негізінде пайда болды. Сол сияқты қазіргі бағдарламалық немесе компьютерлік оқытулар да бұрынғы жүйелер жасаған негізге сүйенеді.
Адамның дүние туралы түсінігі алғашында анық емес, оны реттейтін оқыту арқылы жиналатын білім қоры, өйткені ол ақыл –ой жұмысын туғызады. Бірақ білімді бере беру жеткіліксіз, ақылдық қуатын арттыру керек. Ол үшін түрлі жаттығулар, балаға сөйлеу, ойлау, сұрақ -жауап тәсілдері қолданылған. Мұғалім сабақ үстінде оқушылардың дүниетанымының, білімге құштарлығының, қисынды ойлауларының азаматтық тұрғыдан қалыптасуы –тәрбиелеуге өте көп көңіл бөлуі қажет. Осыған орай, сабақтың бірден бір белсенді өтуіне себепші, оқушылардың өз деңгейін көрсетуге ықпал ететін құралдың бірі- тақырыптың мазмұнына сәйкес жасалған дидактикалық материал болып табылады.
Дидактикалық материал – сыныпта немесе үйде өздігінен жұмыс істеу үшін оқушыларға таратылатын немесе бүкіл сынып алдында мұғалімнің көрсететін көрнекі оқу құралының ерекше үлгісі (көп жағдайда карталар, кестелер, мәтіндері, цифрлары және суреттері бар карточкалар, реактивтер және т.б.). Дидактикалық материалдар – үлестірмелі материалдар, әр баланың қабілетіне қарай, өткен тақырыпты үлгере алмайтын оқушыларға қосымша үлестірмелі материалдар, аралас сабақ материалы, үй тапсырмалары, ұзартылған күн тобының тапсырмалары, бақылау жұмыстары, сыныптар бойынша тест тапсырмалары (тақырыптық, тоқсандық,жарты жылдық, жылдық), дидактикалық ойындар болып бөлінеді.
Дидактикалық материалдарға өзіндік жұмыс тек оқыту сипатында жаңа өтілген материалдарды пысықтауға және бекітуге арналып беріледі. Ол тапсырмалар оқушылардың біліктіліктерін, дағдыларын қалыптастыруға көмектесуге және олардың білімдерін тексеруге бағытталады. Дидактикалық материалдар ретінде дидактикалық ойындарды қолдану оқушылар үшін өздерін еркін сезінуге, ізденімпаздық, тапқырлық қасиеттерін көрсетуге ұмтылдырады [6, 5 б]. Ойын үстінде бала қуаныш пен реніш сезімдерін сезінеді. Дидактикалық ойындардың сапалылығы: олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын-ала дайындап алуына, ойын үрдісіне оқушыларды белсенді қатыстыруына байланысты болады.
Қорыта айтқанда, дидактикалық материалдар оқушылар мен білімгерлерді өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөз қорын молайтуға көмектеседі, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырады, бағдарламалық материалдарды қажет деңгейде меңгеруге ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиет
1.Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е.Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 482 б.
2.«Қазақ Энциклопедиясы», 5-том
3.Орысша-қазакша түсіндірме сөздік: Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е.Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006. - 430 б.
4.Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.
5. http://magistr.kz/referat/show/6675/54/1
6. Дидактикалық ойындар А.В.Фаркоф Айрис-Пресс 2007. – 288 б.
Научный руководитель:
к.п.н., доцент кафедры ИТ и МПИ Жетысуского государственного университета имени И. Жансугурова Алдабергенова Айгуль Оналбековна.