Автор:
Гульфаруз Калиаскарова (Казахстан, Павлодар)
Жастар проблемасы қашанда қоғамның өзекті мәселелерінің негізі болып табылған. Әдебиетімізде жастар көп жылдар бойы жеке әлеуметтік-демографиялық топ болып қарастырылған жоқ. Тек 1960 жылдардан бастап «Жастар» түсінігіне анықтама беріле бастады, «Жастар» -жас айырмашылығы, әлеуметтік жағдайы және әлеуметтік-психологиялық ерекшелігіне тән әлеуметтік-демографиялық топ. Ал нақты жастар субмәдениетін қарастыру елімізде Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жүзеге аса бастады, ескі жүйе құлдырап, жаңа постиндустриалды қоғамға қадам басу, яғни қалыптасқан құндылықтар мен ережелер өзгеріп, жаңа әлеуметтік қоғамға тікелей әсер еткен реформалардың қабылдануы барлық әлеуметтік топтарға, әсіресе жастар қауымына ықпалын тигізбей қоймады. Жастар субмәдениеті проблемасын анықтау үшін, ең алдымен, «жастар» деген түсінікті қарастыру керек, яғни жастардың басқа топтардан айырмашылығын, жастардың жеке қасиеттері мен құндылықтарын, жастарға тән іс-әрекет пен жас тұлғаға әсер ететін факторлармен танысу қажет. Адамның жас шағы - құндылықтар жүйесінің қалыптасуы мен әлеуметтік статусының алғышарты болып табылады. Сонымен қатар осы шақта жастарға жаңаға деген ұмтылыс, ерекше болып көріну, белсенді өмір салтын ұстану тән, сондықтан жастар арасында нормадан ауытқушылықтар, яғни әртүрлі ықпалдарға еліктеушілік, оның ішінде батысқа еліктеушілік, әртүрлі жастар субмәдениетіне ену көрініс табады. Яғни «Жастар субмәдениеті» дегеніміз жеке адам дамуының өтпелі сатысы, жастардың ресми емес қатынастары және олардың өздеріне ғана тән мақсаттарын табуы жеке субмәдениеттің қалыптасуының себебіне айналады, белгілі бір субмәдениет өкілдері киген киіммімен, сөйлеу мәнерімен, жаргондары және айрықша әуестенулерімен ерекшеленеді және үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылықты білдіретінін көрсетеді. Мұндай топтарға жастар қай жолмен келеді немесе не әсер етеді дейтін болсақ, ол жастардың тікелей психологиялық ерекшелігімен байланысты, яғни ең алдымен, ата-аналары мен мектеп тарапынан болатын бақылаулардан босауға деген ұмтылыстан, эмоцияға аса берілгіштіктен, жасөспірімдік әсірелеушіліктен, өмірге қатысты ойларының тым мінсіздігінен, адамгершілік ұстанымдарының тұрақсыздығынан, жеке адами құндылықтарының қалыптаспауынан. Қазіргі жаһандану заманында елімізде жастардың өз орнын тауып, жеке әлеуметтік топ болып, дұрыс бағытта дамуы қиынға соғуда. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Сондықтан отбасы жағдайы, мектеп қабырғасы жастардың қалыптасуының негізі болып табылғандықтан жастармен тең дәрежедегі позициясын ұстанып, тәрбиеге көбірек көңіл бөлгені дұрыс.
Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Қоғамдағы біркелкіліктің болмағандығына байланысты мәдени мұралар элементтерінің де соншалықты санқырлылығы байқала түседі. Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар), діни топтар (секталар) және жаңа технологияның дамуына байланысты (хакерлер, геймерлер) субмәдениет бірлестіктері айрықша даму үстінде. Готика, эмо, скинхэд, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі. Ресми емес бірлестіктер негізінен оқушылар, студенттер арасында психологиялық қалыптасу кезеңі мен әсіресе ата-ана тарапынан болатын олқылықтардың қатарласуы салдарынан орын алады.
Болашақ иесі жастар болғандықтан, ең алдымен, осы аталған субмәденеттердің қоғамға пайдасы мен зиянын анықтамағанша, қоғамдағы рөлін бекітпегенше қарастырған мәселенің өзектілігі жойылмайды. Екіншіден, субмәдениеттер қоғамның көптеген аспектілеріне, оның ішінде қоғам тұрақтылығына тікелей әсер етеді, мысалы, радикалды бағыттағы бейформал бірлестіктер саясаттағы көзқарастарға қарсы пікірде болған жағдайда, қоғамда әртүрлі тәртіпсіздіктер, митингтер ұйымдастырып, инфрақұрылымдарды қалыптан шығаруы мүмкін, сондықтан қоғамдық орталарда саяси, әлеуметтік және басқа жағдайлар шарықтаған жағдайда субмәденет топтарының іс-әрекетін болжау және ақпараттандырылуы үшін субмәдениеттер түрлері мен типтерін қарастыру маңызды болып табылады. Үшіншіден, дәл қазiр жастар саясаты енді жөнге қойылып келеді. Жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ. Сондықтан осындай субмәдениеттерді қадағалайтын органдардың, заңдардың ашылуы біздің елге қажет боғандықтан, жастардың болашақ өміріне кедергі келтіретін, қоғамға зияны тиетін субмәдениеттерді қадағалау мәселесі маңызды болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
Әбдірайымова Г.С. / Жастар социологиясы: Оқу құралы - Алматы, 2008. - 256 б.
Туркпенова С.Ж. / Социальная адаптация как способ профессионального самоутверждения молодежи. Материалы II Конгресса социологов Казахстана - Астана, 2005. - 375 б.
Ғылыми жетекші:
Билялова Гульмира Кайсаровна
С.Торайғыров атындағы ПМУ, Әлеуметтану және саясаттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы