Автор:
Ләззат Азбергенова (Кызылорда, Қазақстан )
Мәтін – қатысымдық тұлғалардың ішіндегі – тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйе. Тіл білімінде қатысымдық бағыт дами бастағаннан кейін, осыған байланысты сөйлемнен де ірі тілдік тұлғаның бар екеніне оқытушылар мен тілшілер назар аудара бастады. Бұрын мәтін дербес жиынтық тұлға ретінде жеке өзі зерттеу өзегі болмай, тек сөйлемді жан-жақты білу үшін жұмсалатын контекст есебінде қарастырылатын де, көбінесе оның сөйлемге қатысты жақтары сөз болатын.
Лингвистикада мәтін сыртқы тұлғасы жағынан да, ішкі мазмұны жағынан да ерекше ұйымдасқан біртұтас күрделі құрылым ретінде қарастырылады. Мәтін термині (латынның "textus" сөзінің баламасы) қазақша бірігу, қосылу, байланысу деген мағынаға сәйкес келеді. Мәтін - тіл бірліктерінің мағыналық байланысынан және лексика-грамматикалык қарым-қатынасқа түсу арқылы үйлесіп, белгілі бір ортақ ойды білдіру үшін жүйеге келтірілген сөйлеу бірлігінің тізбегі.
Мәтін құрылымына енген сөйлемдер өзара ең алдымен екі жақты байланысқа түседі:
- грамматикалық категориялар арқылы байланысып, белгілі бір синтаксистік формада тіркеседі;
- өзара қарым-қатынасқа түскен сөйлемдер семантикалық жағынан бір-бірімен байланыста тұрады.
Мәтін лингвистикасы филологияда ерекше пән ретінде XX ғасырдың ІІ жартысында қалыптаса бастады. Біріншіден, ол поэтика, риторика, стилистика, герменевтика, семиотика сияқты гылым салаларының тоғысында дүниеге келді.
Екіншіден, оның пайда болуы түрлі мектептің өкілдері мен ғылыми көзқарастардың мәтінді түсіндірудегі мыңжылдық тәжірибесі негізінде жүзеге асты.
Ал XX ғасырдың соңғы ширегінде тіл білімінде мәтін лингвистикасы карқынды дами бастады.
Қазіргі мәтін лингвистикасында мәтіннің бірнеше даму бағыттары көрсетіліп жүр. Олар:
- мәтінді жоғары дәрежедегі жүйе деп қарап, оның басты белгілері тұтастық пен байланыстылық екендігін назарда ұстау;
- лингвистикалық белгілерге сүйене отырып коммуникативтік параметрлер бойынша мәтін типологиясын құру (мазмұн межесі айтылу межесі);
- мәтінді құрайтын бірліктерді анықтау;
- негізгі мәтіндік категорияларды анықтау.
Мәтін лингвистикасына қатысты жалпы тіл білімінде көптеген ғалымдардың еңбектері жарық көрді.
Мәтін лингвистикасы соңғы 10-15 жыл ішінде түбегейлі және тиянақты пайда болды. Зерттеу нәтижесінде лингвистика мен мәтін стилистикасының аражігі ашылып, бірін-бірі толықтыратын тең дәрежелі ғылым деп қарастыруга болады.
Мәтін дүниежүзі лингвистерінің назарына іліккен кезде қазақ тіл білімінде де бұл мәселеге қатысты қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы еңбектерін де алғашқы ойлар кездеседі [1, 28 б].
Бұдан басқа да көптеген ғылыми ойларды зерделей отырып, мәтінтану қазақ тіл білімінде А. Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады деуге әбден болады. Б.Шалабай: «Біздің ойымызша, ғалым А.Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігіне жатқызады. Сондай-ақ мәтіннің қатысымдық қызмет тудыруға негіз болатынын, айтушының ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты» [2, 24 б].
Мәтін әрқашан коммуникативтік жағдайларға, сөзді айтушы мен тыңдаушыға байланысты болып келеді. Мәтін авторының ойланып белгілі бір бағытты тандауының нәтижесі болады.
Мәтінде тілдік амалдармен қатар жүретін бeйвepбaлды амалдар қол арқылы жүзеге асып, ол өзінің қанша жерден атқанын көрсетеді. Диалогқа катысты пікірлердің арасында шешеннің жақсы кұрылған мәтіні диалогқа жақын болады деген тұжырымдар да кездеседі.
Демек, мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау құбылыстарымен байланысты, адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға.
Мәтін лингвистикасы мәселелері қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, Н.Уәлиев , З.Ерназарова, Г.Смағұлова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөз болып, көркем әдебиеттің тілдік фактілері жүйеленді. Ал көркем мәтіннің танымдық қырлары Қ.Ә.Жаманбаева, Г.Қосымова, Ш.М.Елемесова, Ж.Б.Саткенова, Ә.Ж.Айтпаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде кең түрде зерттеле бастады.
А.Байтұрсынұлы көркем мәтіннің өзіне тән ерекшеліктерін басты назарға ала отырып, «ақын тілі» мен «әншейін тілдің» айырмашылығын, сөздің ажарлы, келісті де кисынды болуының талғамдық шарттарын ұсынды. Ол тілді зерттеудің функционалдык, қатысымдық қырын басшылыққа ала отырып, көркем мәтінді өзге мәтіндерден ажыратудың басты белгісі ретінде эстетикалық критерийді алады [1, 57 б].
Көркем шығарма немесе кез келген мәтін қатысымдық негізде құрылып, оқырманға, қабылдаушыға әр түрлі әсер етеді. Сөйлеу актісінің орын алуы үшін мәтіннің қосылуы шарт болса, мәтінді тудырушы адресант пен мәтінді қабылдаушы адресаттың да болуы қажет. Автор мен оқырман байланыс арнасының екі жағында болғандықтан қарым-қатынас барысында екеуінің де рөлі ерекше. Әдетте көркем шығармада автор ролінің маңызы зор. Дегенмен оқырманның да психологиялық күйі мен қабылдау, пайымдау табиғатын жоққа шығаруға болмайды. Мәтінді оқып түсіну арқылы оқырманның әлеуеттік болмысы қалыптасады. Оқырманның мәтінді қабылдауы жөнінде белгілі ғалым Н.Уәли былай дейді: «...ықпал етуші субъектінің, сырт қарағанда, сөз мәтінін тудырушы, өндіруші ретінде әрекеті белсендірек көрінеді де мәтін қабылдаушыда белсенділік жоқ сияқты сезіледі. Алайда мәтінді қабылдаушыда да белсенділік болады. Бірақ бұл белсенділік — ішкі белсенділік» [3, 246 б].
Көркем мәтінде тура қатынас орнамағандықтан, оқырман тікелей адресат ретіндс қарастырылмайды. Адресатты анықтауға ықпал ететін жайттар ретіңде шығарманың бағытын, стилін, автордың жеке тілдік қолданыс ерекшелігін көркем мәтіннің қатысымдық мәні мен қызметін айтуға болады.
Көркем мәтіңде басқа мәтіндерге қарағанда коммуникация үдерісі күрделірек болады. Себебі, көркем мәтінде баяншы және қабылдаушымен қатар автор бейнесі мен оқырман бейнесі қалыптасады.
Автор мсн адресат қатысым барысында бір-бірінен ажырағысыз күрделі құрылымдар ретінде қарастырылады. Бұл жөнінде Қ.Есенов: «Бірі - қандай да бір идеяны туындатып мәтінгс айналдырса, екіншісі - сол идеяны меңгеріп, мәнге айналдырады. Адресантты жасампаз, шебер шығармашылық қабілеті бар тұлға десек» адресатты сол туындыны түсінетін, тереңінен ұғынатын қабылдаушы деуте болады дейді [4, 108 б]. Сондықтан да көркем мәтінді қатысымдық тұрғыда қарастырғаңда оқырман көзқарасымен, қабылдауымен астастыра талдау қажет. Мысалы:
Көркем шығармадағы автор мен оқырман арасындағы коммуннкацияның жүзеге асуьн былайша көрсетуге болады:
көркем шығарманы тудырушы — автор;
көркем шығарманың идеясын жеткізуші - баяншы;
көркем мәтіннің мазмұны - хабар;
көркем шығарманы қабылдаушы - адресат.
Көркем мәтін оқырманға жол тартқанда оқырман мен автор арасындағы қарым-қатынас әрекетінің сипаты түрліше өрбиді. Ауызша сөйлеу барысында баяншы қатынас жасауға қажет адресат факторын ескереді. Автор көркем шығармадағы бейнелеулермсн оқырманның дүниетанымын кеңейтеді, оны тың қарым-қатынасқа жетелейді. Сондықтан, көркем шығарма барысында жазушы оқырманмен өзара қарым-қатынас орнатып, қатысымдық байланысқа түседі. Осыдан келіп, оқырман мен автор арасында іштей пікірлесу орнайды.
Осылайша, автордан оқырманға бағытталған көркем мәтіндегі мағлұмат мазмұны көптеген сүзгіден өтеді. Хабарды түсіну, қабылдау автор мен оқырман арасында рухани қарым-қатынасты қалыптастырып, шығарманың мазмұнын өзара қатысымдық тұрғыда жеткізуте көмектеседі.
Сырқат адам көздерін жұмып, біраз үнсіз қалды. Сосын, аларыңқыраған жанарымен бұған көз қиығын салып біраз қарады.
– Басжібін үзген бұқадай сүмеңдеп, біреудің ақ некелі қатынының ізінде жүргенді қой! Елде сөз бар... Желкілдеген жас емессің... Әлгі ақшаны неғыласың? – деді туысы кенет.
«Құлпытас» үнсіз қала берді.
Осы мәтінде тыңдаушыға бағытталған бірнеше белгілі жақты бір негізді сөйлем бар. Сөйлеушінің аузынан айтылған бұл сөйлемдер тыңдаушы жақтың характерін ашуға бағытталған. Өзі сырқат туысы мына отырған жақынының істеп жүрген әрекетіне жанашырлық танытады. Егер осы сөйлемдер осы мәтінде осы орында қолданылмаса, мазмұн басқаша да болуы мүмкін.
Құлжұмыр бүгін мүлдем бөтен, түсініксіз жат еді.
– Сен, бала, маған мынаны айт! – деді бір кезде, әлдебір үмітсіз торығыңқы үн құлақ түбінен. – Ол жерден бұл жердің, о судан бұ судың несі кем еді? Оны хан көтеріп, сүгіретін ит өлген жақтан біздің ауылға әкеліп әспеттегенде, мына, мұны басқа тебетіндей не жазығы бар еді, байғұстың?!
Осы мәтінде тыңдаушыға бағытталған белгісіз жақты және жанама жақты бір негізді сөйлем бар. Сөйлеушінің аузынан айтылған бұл сөйлемдер оның өзіне түсініксіз жайт туралы тыңдаушы жақтың пікірін білуге бағытталған. Егер мәтінде осы сөйлемдер болмаса, онда мәтіннің басындағы бұйрықты және сұраулы сөйлемдердің мәні ашылмас еді.
«Алдыңғы күні желмен арпалысып қораға тікен қаптап жатқанда, әпенде не деді, осы? «Мына бала сонша қадалып көп қарады-ау. О несі?! Ойбай, беті аулақ! Іргесі бүтін ағайынды ала жіп аттатпа, періште жолдан тайдырма... Бала, - деді сосын бұған оқыс мойнын бұрып, – байқау керек. Құстың келу-қайту уағы. Өліара шақ. Көп ойлана берген – кәкір».
Бұл мәтінде де асты сызылған бір негізді сөйлемдер алдыңғы және кейінгі сөйлемдердегі ойларды бір-бірімен жалғастырушы, сөйтіп мәтін семантикасының тұтас мазмұнын құрауда белгілі қызмет атқарып тұр.
«– Сезондық авитаминоз дейді мұны, Жұмыраға, – деп күлді бұл.
– Біліп айтқан. Адамға от пен су, шөл мен аштық өте мінез. Пенде әлсіз... Жаманаттан аулақ. Ойбай!...»
Диалогтағы сөйлеушінің де, тыңдаушының да сөздері белгісіз жақты сөйлемдер арқылы беріліп, бірінің ойын екіншісі толықтырып, мақұлдап тұр. Екі сөйлемнің осылай қатар келуінің өзі кейіпкерлердің пікірлес, психологиялық жақтан байланысты екенінен болса керек.
Сонымен, бір негізді сөйлемдер мәтін ішінде алдыңғы орында келіп, тұтас ойдың беташары, кілті қызметін атқарса, аяғында келіп ойды тұжырымдаушы, қорытындылаушы қызметін атқарады.
Ал мәтін ортасында келгенде, ой бөліктерін жалғастырушы, толықтырушы қызметін атқарады. Мәтіннің қай тұсында келсе де, бұл сөйлемдер мәтіндегі басқа сөйлемдерімен мағыналық байланыста болып, тұтас ойдың автордың қалауындай ыңғайда берілуіне қызмет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.-28б.
2. Шалабай Б.Қазақ тілінің стилистикасы.-Алматы, 2006.-24б.
3. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті.-Алматы,1984.-246б.
4. Есенов Қ. Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер.-Алматы, 1974.-108б.