Автор:
Арай Ахмежанова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Сайын Мұратбеков шығармаларының қазақ әдебиеті тарихынан алар орны зор. Оның шығармалары мазмұнының тереңдігімен, тілінің көркемдігімен, айшықты қолданыстарымен ерекшеленіп, төл әдеби тілімізді байытуға өзіндік үлесін қосты.
Көркем шығарма тілі – қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем туындыда автор баяндауы жетекші орын алады. Бірақ белгілі бір тұстарда кейіпкерлерінің ойлануына жол береді. Бұл тілдегі диалог, монолог, ішкі монолог, ортақ төл сөздерді арқылы орындалады.
С.Мұратбеков шығармаларындағы бейнелеу тәсілдердің бірі – ішкі монолог (кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, іштей сөйлесу, өзіңмен – өзіңнің сырласуың, өзіңді –өзің іштей саралау) көрінісі жан – жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айнала қойған жоқ. Сол себепті, біз мақалада автор шығармаларындағы монологқа талдау жасауды көздедік.
Монолог – сөз өнерінде кейіпкердің ішкі жай-күйін, толғаныс-тебіренісін бейнелеу мақсатында қолданылатын тәсіл [2, 509]. «Монолог, автор сөзі, ортақ төл сөз сияқты баяндау бөлшектерінде бірімен – бірі аралас келіп, бірінен – біріне білінбей ауысуы арқылы автор баяндауын кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне жақындату, ой – сезім дүниесін жан – жақты ашу көзделінеді» [3, 81].
Г.Пірәлиева ішкі монологтың екі түріне үлкен ғылыми тұрғыда талдау жасаған болатын. Оның біріншісі – шығарманың бейнелеу өрісіне монологқа айналған сана-сезімнің қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты көрінеді. Оның өзі үш түрлі жағдайда көрініс табады. Бірінші санадан, еркіңнен мүлдем тыс ішкі монолог (безсознательность), екінші жарым-жартылай саналы, кейде санадан тыс сәттегі ішкі монолог, ол көбінесе, «ой ағысы» (поток сознание) тәсіліне ұласып жатады. Ал үшінші өзін бақылай, қадағалай алатын, жүйелі түрде бағыты айқындалған, шын мәніндегі ойлау үрдісін білдіретін ішкі монолог. Оның қосалқы бір түрі автор өзі тікелей оқиғаға, әрекетке талдау жасайтын монолог.
Ішкі монолог – көркемдік бейнелеу тәсілі екенін көркем шығарманың кейіпкер образын танудағы жолдардан байқауға болады.
Ішкі монологтың авторлық түрлері негізгі үш жағдайда байқалады. Біз жазушы әңгімелерінде ұшырасатын монологты соған сәйкес талдадық.
Бірінші: ішкі монолог кейіпкердің ой-сезімін жеткізетін автор сөзі тұрғысында берілуі. Мысалы: «Арбалар шиқ-шиқ етіп келеді. Күзгі қара жол шаңы аспанға шығып, бұрқ-бұрқ етіп жатыр. Күн еңкейген. Таңертеңгісіндей қыздырмайды. Аспан да мұнартып тұр. Төңірек бір түрлі көңілсіз жабырқау тартып, ұйқыны келтіреді. Көзім жұмылып маужырай бастадым. Біразға дейін терісіне сыймай, тырсылдап жатқан Қанатай, бетін қапқа басып ұйықтап кетті...» (Күзгі бұралаң жол) [1].
«Кетпесе керек еді ғой. Қайтып оралуы тиіс еді ғой...» мұнда Рысжанның Төлепті күтуден күдері үзілмегендігі байқалады (Ескек жел) [1].
Осы берілген мысалда кейіпкердің ішкі сезімі, яғни ішкі монолог автор баяндауы арқылы беріліп отыр. Автор кейіпкердің ішкі ойын, сезімін дала табиғатының сырымен астарластыра берген. Ішкі монологқа тікелей қатысты кейіпкер бойынан табылатын түс көру, оны жорыту, ішкі дауыс, ішкі диалог, ой ағысы т.б. көркемдік бейнелеу тәсілдері С.Мұратбековты өзгелерден бөліп көрсететін жазушылық шеберлігі екені анық.
Адамның сезім-күйін, ой толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де танымды нақышпен бейнелеуде де монологтың қызметі зор.
Шығармаларда авторлық баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын сипаттамалар, астарлы атаулар аз кездеспейді [4, 84].
С.Мұратбековтың «Бекеңнің құбылысы» деп аталатын әңгімесінде де мұндай баяндаулар баршылық. Мәселен, Бекең шал бірде «Әй, аруақ деген бар болғыр, жоқ шығар. Жоқ қой. Әйтпесе атпас па еді, мына періні табанда», «Оу, осының бәріне кінәлі осы антұрған ба? Ендеше, аруақ осыны неғып атпаған?», «О, жазаңды құдайдан тартқыр-ай, қайсысы екен айдатқан» деп қарғанса, бірде «О, аққыр көзім, осы кесапатты көргенше неге ақпайсың... Аруақ, неге мені атпайсың» деп күйінеді, бірде «Қаршадай қыздың ата-бабамның сүйегін таптап, бұл қай басынғаны болды», «Аруақ та қатыгез бе еді, осындай. Арыстай бір азаматты қыршыннан қиғаны несі. Басқа жеңілдеу жаза табылмағаны ма» деп күйінеді, енді біраздан соң «Астапыралла, нені ойлап кеттім... Аруақ ісіндегі жұмысым не, ей» деп шүкіршілік қылып, сабасына түседі [1].
Монолог арқылы мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының не бір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бейнеленеді. Ашық тілдесулердегі тәрізді үнсіз ой жүйелерінде де образдың даму логикасына сәйкес психологиялық дәлелдемелерді қажет ететін тұстары да кездесіп жатады.
В.Е.Хализев: «Кейіпкер монологтарында (әсіресе ішкі монологтарда), ортақ төл сөздерде лирикалық медитацияларда интеллект қызметімен байланысы жоқ және «ақыл-ес бақылауынан» тыс көңіл-күй әуендері қамтыла түседі. Айтылар ойлар адамның сол сәттегі толғанысынан көшірме емес, сөзсіз, пікірсіз жан қозғалыстарының шартты өрмегі ретінде көрінеді-дейді [5, 105]. Автор өз ойын жеткізу үшін кейіпкердің белгілі бір нәрсе туралы ойына ішкі монологты кірістіреді. Сонымен бірге, кейіпкерін ұзақ толғандырып, сұрыптап айтқызу ішкі монологтың ең негізгі тұсы болып табылады.
Ішкі монологтың авторлық түрінің екінші бір түрі – бұл тура автордың өз атынан айтылатын ішкі монолог. Автор атынан айтылған ішкі монолог, кейіпкерлердің ішкі толғанысын, сонымен бірге олардың қоғам алдындағы беделі мен өз бойындағы мінездеріне талдау жасауға көмектесері хақ. Ішкі монологтың автор атынан берілуі, автордың сөз саптауымен және қай қоғамдағы кейіпкерді бейнелей алуына ерекше мән беруі ішкі монолог тәсілдерін аша түсетіндей. Ішкі монологтың автор атынан берілуіне, оның стильдік-көркемдік бейнелері автордың өз қалауы мен алынып отырады. Бірақ мұнда автор мен кейіпкер арасы айқын байқалып тұрады.
Мәтін түзудегі ішкі монологтың үшінші түрі – кейіпкер рөліне көшкен автордың өзі, ішкі монологы ретінде келуі. Мысалы: «Ананың арманы» әңгімесіндегі монолог: «Мен әжемді дүниедегі ең бақытты ананың бірі санайтынмын. Өз құрсағынан шыққан үш ұл, бір қыздан өніп-өскен өркеннің өзі кіші-гірім бір ауыл дерліктей боп қалдық. Ең үлкені менің әкем - Көсембай колхоздың бас бухгалтері, дүниені қалай шайқап жүремін десе де қолынан да, тілінен де келеді; ортаншысы - Әсембай колхоздың маңдай алды шопандарының бірі. Москва, Алматыдағы мәжіліс, көрмелерге жылына үш-төрт барып қайтады; кіші ұлы - Еселбай жоғары оқу орнын, одан кейін аспирантураны бітірген, ғалым деген атақ алуға сүйемқарыс жүрген адам, қазір аудандағы беделді қызметкер, ал кенжесі - Мәржәпия, үш ағасының арқасында маңдайынан ешкім қақпай бұла боп өскен, адуын ерке қыз, жуырда ғана ауылдағы ең көрікті жігітке ұзатылды.
Міне, әжемнің барар өрістері осындай. Ендігі бір аңсайтыны шөбере сүю, тек әттең немерелері кәмелетке толмай жатыр. Немерелерінің ең үлкені - мен он алтыға биыл ғана толдым. Әрине, он сегізге тола қалған күнде де үйлене қояйын деп жүрген мен жоқ. Бірақ әжемнің жатса- тұрса армандайтыны менің тезірек өсуім» [1]. Автордың қай кейіпкерін алсақ та бір толғаныс, бір ой үстінде жүреді. Ой, ішкі ой – жалғыздықтың таптырмас серігі. Кейіпкер өз ойымен өзі, өзімен-өзі сөйлеуге ғана шешім қабылдайды, оны тек өзі шешеді. Жазушы кейіпкер тіршілігін қадір-қасиетіне, үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай оқиға бойында бейнелейді. Суреткер өмірдің бұралаң жолындағы адам психологиясын, толқуын, тебіренісін сананың үздіксіз күресін, сезім күйін нәзік шеберлікпен суреттейді. Кейіпкердің аузына сөз сала отырып, образ табиғатын, олардың ой-толғаныстары мен құпия сырларын ашу мақсатында ішкі монологке жүгінеді.
Негізі кез келген кейіпкер өз монологымен өзі шектеулі, және оның ойлау үрдісі – шекарасы қатаң түрде шектелген: ол әрекет етеді, толғанады, ойланады және ол өз болмысына сай бәрін пайымдайды. Ол өзімен – өзі болуды қоя алмайды, яғни кейіпкер өз мінезінінен, темперамені мен типтік болмысынан, өз табиғатынан тысқары ойлап, іс – әрекет істей де алмайды. Сондай – ақ ол автордың монологтық ой – ниетінен шығып та кете алмайды.
Сонымен қатар, С.Мұратбеков кейіпкердің монологтік сөзі арқылы келесі бір адам туралы хабарлап, сипаттайды.
Мәселен, «Алғашқы қар» әңгімесінде Күлзипа трактор жүргізуші Сұлтанның зор денесіне қарамастан тапқан жұмысы жайлы «Еңгезердей боп жаны қия алмайтын жеңіл жұмысты тапқан» деп сынайды. Енді бірде «Адамның тұлғасы да осындай рабадайсыз болады екен-ау» немесе «Мәссаған, керек десе сөйлеуді де білмейді, кеңірейіп. Мал ғой, мал...», «Сорлы, түріне қарамай қыз айттырғышын. Күйеу бала... Байғұс, өзінде дәрмен болмаған соң екен ғой, әке-шешесін тыным таптырмай құдалыққа аттандыратыны» деп Сұлтанның түр-тұлғасы, мінезі туралы ішкі ой арқылы оның болмысын танытады. Күлзипаның бұл ойына Сұлтанның да іштей жауабы бар. Ол «Қандай дөрекі, мынау ешкімге әйел боп оңдырмас» деген қарама-қарсы монолог [1].
«Ескек жел» әңгімесінде де осыған ұқсас монолог кездеседі. Рысжанның «Онда ұят жоқ, ол осында кіруден де тайынбайды», «Ой, алла-ай, шашы жирен, мұрты мен қасы қап-қара қызық екен», «Ойбу, байқұс-ай, нағыз ұялшақ, әлжуаздың өзі екенсің ғой» деген ішкі ойынан Төлептің образы ашыла түседі.
«Қарындасым» әңгімесінде бас кейіпкердің қарындасы туралы ой-пікірі монолог түрінде беріледі: «Биыл қысқы демалыста ауылға келгенімде, қарындасымның соншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткені қатты таңырқатты. Кеше ғана жолда келе жатқанымда оны көз алдыма тіптен басқаша елестетіп едім. Орта бойлы, толықша келген қара торы жүзді, әр кездегі ерке қалпында менімен таласа кетуге дайын тұратын өжет қыз. Шолақтау келген сүйкімді мұрны үнемі күлкі нышанын аңғартып, сөйлеген кезде жыбырлап тұратын. Қақ жара өрген қалың қара шашының маңдай алды бұрымына қосылмай, бұйралана шоқтанып біткен. Ол кейде желбіреп көзіне түсетін. Осы бір көзіне түсе беретін "тентек" шашы кейде менің зығырданымды қайнатушы еді... [1].
Образ жасаудың үйлесімді амалы - қос үнді сөз. Өйткені, кейіпкердің ішкі сезім дүниесіне, ой әлеміне, тұңғиық сырларына тереңінен үңіліп, толық ашып көрсету қос үнді сөз көмегімен жүзеге асып отырады. Сөйтіп кейіпкердің не ойлағанының, не айтқанының эмоциясын бейнелі түрде жеткізіп, кейіпкер мінезінің терең ашылуына жәрдемдеседі. Кейіпкердің ішкі әлеміне жіті үңіліп, оның мінез – құлық, іс - әрекеттерін психологиялық талдау негізінде көрсетуді мақсат еткен жазушының қай шығармасында болмасын кейіпкерлер көбіне бір – бірімен бетпе – бет келіп нақты қақтығыс немесе іс үстінде көрінбейді. Қайта бұған керісінше оның кейіпкерлері ішкі толғаныс, ой үстінде жүреді. Сондықтан да Жазушы шығармаларының кейіпкерлері бір – бірін толықтырып, бір – бірінің мінезін нақты әрекет, қимыл үстінде тырыспайды. Осы қалыптасқан машық С.Мұратбековтың шығармаларында өзінің шырқау биігіне көтерілгендей.
Мысалы, «Үскірік» әңгімесінде: «Һм, қуын қарай гөр. Бәсе, асыққаны тегін емес еді. Қар оюды өз міндетіне ап, маған лақтыртпақ екен ғой», деп басын шайқап қойды Қайрақ. «Иттің күші бар, едәуір күшті, оңайшылықпен ала алмайсың. Сақ болмасаң мерт қылып жіберуден де тайынайын деп тұрған жоқ. Оқасы жоқ. Бұл бірінші рет күш сынасуымыз, амандық болса әлі екінші рет те айқасармыз, сонда көрермін әуселесін... Дегенмен қауіпті екен өзі, байқамаса болмас», - деп ойлады Қайрақ. «Осындай итпен шөпке келіп жүрген обал жоқ өзіме де, обал жоқ... Басқа білмесе де менің білетін кезім жетті ғой, осының мінезін, сөйте тұра, онымен бірге жүрем. Бүгін осы шөпке бірге келмеуіме де болатын еді ғой. Өзімше батырсынып, қорқатынымды білдіргім келмеді. Жоқ батырлық өз алдына... Лажы болса ендігәрі бірге жолға шықпауым керек»,- деген ойда болды Дәнеш [1]. Мұнда Қайрақ пен Дәнештің арасындағы өзара бәсекелестікті және кейіпкерлердің бір-біріне деген жағымсыз көзқарастарын анық байқауға болады.
Автордың алған кейіпкерлері үнемі бір ой қақтығысында жүреді. Өзімен - өзі сөйлесуі арқылы үлкен қоғамдық мәселелерді шешуге ұсыныс білдіреді.
Қорыта айтқанда, Сайын Мұратбеков шығармаларындағы монологтың қолданысын талдай келе мына жайттарды анықтадық:
- кейіпкердің іштей сөйлеуі арқылы автор белгілі бір оқиғаны, іс-әрекетті бір-бірімен байланыста өрбітіп, айтылар ойды дамытады;
- монологта кейіпкерлердің көңіл-күйі мен ішкі жан дүниесі, толғанысы, тебіренісі баяндалады;
- ішкі монолог пен авторлық баяндауда кейіпкердің қалыптасқан жағдайға байланысты көзқарасы беріледі;
- кейіпкердің монологтік сөзі арқылы келесі бір адам туралы хабарланып, сипатталады.
Әдебиеттер:
1. Мұратбеков С. Таңдамалы шығармалары. І, ІІ том. – Алматы: Жазушы, 1991ж.
2. Қазақ тілі. Энциклопедия. - Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 ж.
3. Шалабаев Б. Көркем проза тілі. – Алматы: Білім, 1994ж.
4. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997ж.
5. Хализев В. Речь как предмет художественного изображения. Москва, 1975г.