Автор:
Бахтияр Бекназаров (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Бауыржан Момышұлы! Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, жазушы, Совет Одағының Батыры. Көзінің тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған, осы бір ғажайып адамды исі қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін біледі десек, артық айтқандық емес.
Аты бүкіл әлем халқына аңыз болып таралған қазақ елінің ақиық қыраны Бауыржан Момышұлының қайталанбас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде сан тарапты пікір айтылып, толассыз жазылып келе жатқан мақала, зерттеу кітаптар қаншама. Ұлтымыздың біртуар ұлы, даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы үлкен жазушы. Бауыржанның өзі бастан аяқ қатысқан Ұлы Отан соғысындағы қаруластарының теңдесіз ерлігі жайлы төл туындылары, оның аузынан жазып алып, бір әрпін өзгертпей қағазға түсірген А.Бек пен Ә.Нұршайықовтың тамаша романдары әлемді шарлап кеткелі қашан.
Отан үшін соғыста ерен ерлігімен көзге түсіп, аты аңызға айналған. Бауыржан Момышұлы соғыста 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған. Баукең «1943 жылдың аяғында майданнан келеді. Наурыз айына дейін Алматыда болады. Осы кезде ол екі жерде - Академияда және театрда лекция оқиды. Волоколамда болғанын, қоршауда қалғанын айтты. Панфилов туралы көп айтты. Оны туған әке, ағамыздай көрдік деді. Ол біздің бойымыздағы ерлікті жанып отыратын еді» деді. [3;334б.] – деп, Қазақ КСР - інің халық әртісі Серке Қожамқұлов өзінің сол лекцияларға қатысқанын айтып, Бауыржан естелігін жазып алғандығын айтқан.
Қазіргі көпшілік оқырман қауым Бауыржан Момышұлын жазушылық өмірге 1950 жылдардың аяғы, 1960 жылдардың басында келді деп біледі. Тіптен, олай емес екен. Бәукең жазушылық өмірін 1928 жылдары бастаған. Бәукеңінің сол жылдардағы қаламынан туындаған қалта кітапшасына маржандай тізіліп жазылған жыр шумақтары осыны растайды.
Қазақтың кез-келген жазушысы қолына қалам алған сәтте, әдебиетке келер шағында, әдебиетіміздегі поэзия жанрына соқпай кеткені кемде кем. Бәукең де сол секілді. Жазушылықты поэзиядан бастаған көрінеді. Поэзиядан бастауының тағы бір себебі, қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындап, Абай мен Мағжан өлеңдерін көп оқығанының әсері болуы керек. Сондай-ақ Жуалының әсем табиғаты да оны өлең жазуға итермелегені сөзсіз. Өлең-жырларының көбі ауыз әдебиетінің үлгісімен жазылған. 1930 жылдардың басынан үнемі әскери жорықтарда болған Бәукең қалта кітапшасына көрген-білгендерін тізіп жаза отырып, осы күнге мұра етіп қалдырыпты. Бұл қалта кітапшалары Алматыдағы орталық мұрағатта сақтаулы.
1943 жылдың аяғына таман КСРО Жазушылар одағының мәжіліс залында «Знамя» журналының редакциясымен бірге жазушы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесінің қолжазбасы талқылаудан өтеді. Талқылауға көптеген әскери басшы генералдармен қоса Бәукеңнің өзі де қатысады. Повесть егжей-тегжейлі ұзақ талқыланып, екі-үш күнге созылды. Мінбеге көтерілген шешендердің барлығы дерлік повестке өте жоғары баға беріп, оның авторы Бауыржан Момышұлы да, ал Александр Бекті оның жанама авторы деген қызу талқылау болғаны мәлім.
Расында да, осы сөздің жаны бар секілді. 1942 жылы Бауыржан Момышұлы мен Александр Бек кездесіп, шығарманың жазылуы жайлы алғашында ауызекі, кейіннен жазба түрде шарт жасасып қол қойысады. Сонда автор мен кейіпкер өзара келісімге келе отырып, Александр Бек шығарманың авторы, ал Б.Момышұлы кітаптың бас кейіпкері болуға бәтуаласады. Алайда А.Бек Б.Момышұлының айтуы бойынша ғана кітапты толық жазып шықты, және бас кейіпкер қалай айтса, солай жазылды. Автордың шығарманы кәсіби жазушылар секілді көркемдеп, жанама, қосалқы деректерді қосуға құқы болмады. Б. Момышұлының баяндауы бойынша қалай баяндалса, сол күйінде қағаз бетіне түсірілді. Бірақ осы күнге дейін А.Бек авторлығын, Б.Момышұлы бас кейіпкерлігін сақтап келді. Бұл әрі қарай да осы күйінде қала бермек.
Кейде оқырмандардың мынадай ойға келуі әбден мүмкін.
Шығармадағы объекті де, деректер де түгелдей Б. Момышұлынікі, ал автор оған жанама дерек қоспаған. Осы орайдан келсек, Бәукең неге осы шығарманы өзі жазбаған? – деген заңды сұрақ туындайды.
Әрине, автор мен кейіпкер арасындағы жасалған шарттарға жүгінсек жоғарыдағы сөзімізді толық дәлелдеп шығамыз.
Біріншіден, Б.Момышұлы қырғын соғыстың ортасында жүріп, мұз қатқан окоптарда отырып, бұл шығарманы жазуы мүмкін емес еді. Соғыста жүріп шығарма жазуға оның уақыты да жоқ. Екіншіден, жаза қалған жағдайда оны Бәукең соғыс аяқталғаннан кейін бастауы мүмкін деген пікірді толық қуаттаймыз. Қалай айтсақ та, шығарма дер кезінде жазылды. Осы шығарма арқылы Б.Момышұлының есімі әлемге әйгілі болды. Бұл жерде А.Бектің еңбегін, әрине, жоққа шығаруға болмайды. Қайткен күнде де шығарманы жазып, баспаға ұсынуда А.Бек өз міндетін ойдағыдай орындап шықты. Бәукеңнің айтқанына жүріп, айдауына көніп, Мәскеу мен майданның алдыңғы шебінің арасын жол қылып, талай ұйқысыз түндері мен күндерін өткізе жүріп, атақты «Волокалам тас жолы» повесін дүниеге әкелді. Негізінен осы повесть арқылы А.Бек жазушы деген атқа ие болып, Мәскеудегі ірі тұлғалы жазушылардың қатарына қосылды. Жай ғана қосылып қойған жоқ, аты дүние жүзіне танымал жазушы болды. Осы повесть жазылғанша А.Бекті жазушы ретінде ешкім де білмейтін еді. Повесті жазуды бастамас бұрын А.Бек «Знамя» журналының редакциясына келіп, қазіргі жүріп жатқан сұрапыл соғыс жайлы шығарма жазуға тапсырма сұрайды. Бұл 1942 жылдың соғыстың нағыз қайнап тұрған кезі еді. 1941 жылдың күзінде Мәскеуді жаудан қорғау кезінде ерекше ерліктерімен көзге түскен жиырма сегіз панфиловшы батырлардың еңбегін ешкім толық жазбай және де олардың кім екендері анықталмай тұрған кез.
Редакцияға тапсырма сұрай келген А.Бек нақ осы тұсқа тап келеді. Редакцияның сол кездегі қызметкері «Бранденбург қақпасы» кітапшасының авторы жазушы Александр Кривицкий А.Бекке осы жиырма сегіз батыр жайлы түсіндіре келіп, шығарма жазуды тапсырады. Сен барған полкте бір қатал полк командирі – аға лейтенант Б.Момышұлы деген командирдің бар екенін ескерте айта келіп, сол жайлы шығарма жазуды қатты өтініп сұрайды. Аға лейтенант өте қатал, ешкіммен ашықпа-ашық сөйлесе бермейді, тіпті маңына да жолатпайды дегенді баса ескертеді. Сен Момышұлымен тіл табыса алсаң, онда сенің жолыңның болғаны, – дейді Бекті жолға шығарып салып тұрып. Шындығында да Александр Кривицкий өзі де соғыстың алғы шебін аралап жүріп, Бәукеңмен танысып, шығарма жазуды ойлағандардың бірі еді. Әйтсе де, оның бұл ойы іске аспады. Ол Б.Момышұлының қатаң қаһарына шыдамай, дегеніне көне алмай жолдары екі айырылған болатын. Осы жағдайды көп ойланған А.Кривицкий панфиловшылар жайлы шығарма жазуды бір сәтте есінен шығарған емес. Ақыры А.Бекке өзінің ойын іске асыруды тапсырады. Ал, А.Бек бұл жұмысты ойдағыдай атқарып, Б.Момышұлының атын да, өзінің атын да дүние жүзіне әйгілі етті.
Б.Момышұлы А.Бекті алғашында қабылдамады. Турасын айтсақ, сөйлеспек түгіл маңайына да жолатқан жоқ. Ал Бек Б.Момышұлының бұл қылығына қатты қынжылса да, наразы болмады. Бірақ, соңынан қалмай Б.Момышұлы алғы шептегі окоптарды аралағанда, ізінен қалмай алғы шепке барды. Штабта отырса, ол штабтың босағасын қарауылмен бірге күзетіп отырды. Сөйтіп жүріп ақыры Бәукеңді дегеніне көндіріп, өз ойын іске асырды.
«Егер дұрыс жазбасаң, алдымен оң қолыңды, содан соң сол қолыңды шауып тастаймын деген» Бәукеңнің қатал бұйрығы осы кезде болған.
Талай ұйқысыз түндері мен күндерін өткізе жүріп А.Бек Баукеңнің айтқандарын бұлжытпай айна-қатесіз қағаз бетіне түсіре берді. Арнайы дайындап алып барған қалта кітапшаларын бірінен кейін бірін толтырып, өзінің болашақ повестіне деректер жинады. Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастарды тәптіштеп баяндап берсе, А.Бек мұқият тыңдап, бір сөзін өзгертпей жазып алып отырды. Бірер күннен кейін А.Бек «Волоколам тас жолы» повесінің алғашқы бөлімін жазуға Мәскеуге қайтады. Қайтып бара жатып, повестің алғашқы бөлімін бітіріп, жарияламас бұрын Бәукеңе оқып беруге уәде етіп, жолға шығады.
Мәскеу бағытына баратын поездардың біріне отырған Бек қатты шаршаулы еді. Өйткені Б.Момышұлының қатал мінезі бір вагонға жүк боларлықтай ауыр болатын. Сапарының сәтті басталғанына А.Бек қатты қуанды. Алайда, оның бұл қуанышы ұзаққа бармады. Жүрер алдында Баукең Бектің арқа қапшығына бір бөлке нан мен бес алты банкі консерві салып берген еді. Ал А.Бек Бәукеңнің айтқандарын жазып алған қалта кітапшаларын осы қапшыққа салған болатын. Қатты жүйіткіп кел жатқан поездің тербеуі ме, әлде ұйқысыз өткен бірнеше күндердің шаршауы ма Бек қапшығын алдына қойып, қатты ұйықтап кетеді. Ұйқы дұшпандығын істеді. Қапшық қолды болып бір кезбе ұрының қолында кетті. Былай қараған адамға ұрыға қапшықтың ішіндегі нан мен консерві ғана керек. Ал, Бектің қолжазбасының түкке де керегі жоқ. Ұйқысынан селт етіп оянған Бек қапшықтың қолды болғанын біліп, поездағы вагондардың барлығын аралап, қапшығын іздеді. Бірақ қапшық табылмады. Салы суға кетіп, үйіне сүлесоқ оралған Бек өзінің зеректігінің арқасында Бәукеңнің баяндауларын мұқият есіне түсіре отырып, повестің алғашқы бөлімін жазып шығады. Бәукеңнің мінезінен сескеніп қалған Бек қолжазбаны Бәукеңе қорқа-қорқа ұсынады. Бәукең қолжазбаны түгелдей оқып шығып, аз ғана түзетулер жасап, баспаға ұсынуына рұқсат етеді. Қолжазба «Знамя» журналында жарық көреді. Бұл жолы Бек шынымен қуанды.
1944 жылы академик Қаныш Сәтпаев Қазақстан Ғылым академиясын басқарып отырған кезінде Александар Бекті Алматыға шақыртып, оның «Волоколам тас жолы» кітабын Алматыдан шығаруға келісім шартқа отырады. Сөйтіп, кітап шыққанша сегіз мың, кітап шықаннан кейін сегіз мың сом қалам ақы төлеуге келісім бере отырып, А.Бекті кітаптың авторы ретінде, ал Б.Момышұлын шығарманың бас кейіпкері деп белгілеп, келісім шартқа қолын қойып, мөрін басады. Бұл келісім шарт А.Бек пен Б.Момышұлының арасындағы ауыз екі келісім шарттың заңдастырылған түрі. Қалай айтсақ та, автор мен кейіпкер арасындағы ауыз екі келісімшарттың негізінде жасалған бұл шарттың маңызы зор еді. А.Бектің «Волоколам тас жолы» кітабы сол кездегі соғыс тақырыбына қалам тартамын деген қазақ жазушыларына жол сілтеуші құрал болатындай шығарма еді. Бір қызығы, шартты Қазақстан Жазушылар Одағы емес, баспа емес, Ғылым академиясы жасап, қаламақыны авторға солар төлеп отырғаны.
Жазушы – заманның құлы. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның толық тыныс-тіршілігіне аса мән беріп, төңіректегі болып жатқан құбылыстарды қағаз бетіне түсіріп, суреттеп, көркем шығарма ретінде оқырманға ұсыну – жазушының парызы. Олай болса сол кезде жүріп жатқан соғыс тыныс-тіршілігіне қалам тартып жүрген қазақ жазушылары бірен-саран болмаса жоқтың қасы еді. Болса да, бірен-саран ақындар өлең жазып, М.Әуезов «Намыс гвардиясын» енді аяқтап, баспаға ұсынған болса керек. Әйтсе де, соғыс тақырыбына жазылған қомақты дүние әлі пайда болған жоқ болатұғын. Ондай үлкен дүние 1950 жылдардың ортасында қазақ оқырмандарының қолына тиді. Ол Б.Момышұлыныың «Москва үшін шайқас» романы. Оған дейін мұндай қомақты үлкен соғыс тақырыбына жазылған шығарма болған жоқ.
Әдебиеттер:
1. Бек А. Арпалыс. - Алматы: Жалын, 1985. - 664 6.
2. Мырзахметов М. Б.Момышұлы жайында сұхбат // Қазақ әдебиеті. 2004.-10қыркүйек.-8 б.
3. Нұршайықов Ә. Ақиқат пен Аңыз, 2-том Алматы: Қазығұрт, 2005.
4. Ахметова З. Шуақты күндер, Алматы: Жалын, 1987. – 264 б.
5. Әлімжан Е. Жанартау // Ақ жол. – 2000, № 81 (15.381) 4-5 бб.
6. М.Мырзахметұлы «Өмір өзен ағысында» Алматы: Шапағат-нұр, 2010.
7. Әлімжан Е. А.Бек пен Б.Момышұлының әдеби келісім шарты // Қазақ әдебиеті. - 2000. - 8 желтоқсан. - 10 б.
8. М.Кәтімхан «Арпалыс» романының авторы кім? Астана: Педагогика-пресс, 2010. – 128 б.