Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

І.ЖАНСҮГІРОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ГИДРОНИМДЕР

Автор: 
Қарлығаш Сарбасова, Гүлайым Қожақова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)

Ономастиканың үлкен бір бөлімі - гидронимия саласы болып табылады. Гидроним  грек тілінен аударғанда "hydor - су + onyma, onoma - ат, атау, есім" кез келген су объектісін  білдіретін жалқы есім, топонимнің бір түрі. Әр тілде қолданылатын гидронимдер өзіне тән гидрографиялық терминдер арқылы жасалады. Гидрографиялық терминдер күрделі топонимдер  құрамына еніп қана қоймайды, түбір күйінде жалқы есімге өтіп, апеллятив атаулар да жасайды.  Топонимикада  гидронимдер ең көне атаулар деп  есептеледі, сондықтан олардың мағынасын ашып жеткізу маңызды іс болып саналады. Гидронимия топонимиканың ең өзекті де ірі бөлімі болып табылады.

         Гидронимдерге ғалымдар түрлі анықтамалар берген: Т.Жанұзақ "Қазақ ономастикасы" атты еңбегінде гидронимдерді топонимиканың бір бөлімі ретінде қарастырып, "өзен, су, көл аттары" деп анықтама береді [1,5 б.].

         Ғалымдардың тағы бір тобы "Гидронимия - өзендер мен көлдер, көлшіктер, бастау мен қайнарлар, бұлақ, құдықтардың жиынтық аты болып табылады" [2,4 б.] деп, жоғарыдағы берілген  анықтаманы  толықтыра кетеді.

         Зерттеу нысаны болып отырған І.Жансүгіровтің «Мақпал», «Жаңа туған», «Исатай», «Рүстем қырғыны» сияқты поэтикалық шығармалары мен «Жолдастар» романында  гидронимдер көптеп кездеседі. Олар кейде қайталанып, кейде даралай қолданылған. Мысалы Іле гидронимі  І.Жансүгіровтің "Мақпал" поэмасында бір шумақтың өзінде бірнеше рет кездеседі:

Өр Іле, өргек Іле, ұшан Іле;

Осқырып ұлы асқарды құшады Іле.

Қайсарын Қас, Күнестің қосарына ап,

Текестің тентегін ап жетегіне [3,20 б.].

         Мұндағы Іле гидронимі туралы Т.Жанұзақов: Іле- Ұйғыр ауданындағы өзен. Бұл көне атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әрқилы пікірлер болғаны мәлім. Ғ.Қоңқашбаев бұл қалмақтың иле- "жарқыраған", "жалтыраған" деген сөзінен шыққан дейді. ХІ ғ. ірі ғалымы Махмұт Қашғари: "Бұл дария түрік елдерінің Жаухуны деп есептеледі" - деген. Қытайдың 2 мың жыл бұрын өткен Хан патшалығы заманында-ақ тарихшылар Іле өзенін ханзу жазуында "Иле" деп жазыпты [4,217 б.].

         Текес - Райымбек ауданындағы өзен. Бұл атауды Э.М.Иурзаев "Теріскейден ағатын су- Күнестің антонимі" десе, Шоқан Уәлиханов "Қашқарға сапар" атты еңбегінде осы өзеннен өткен кезде "Теріс аққан өзен" деп атаған. Себебі өзен басқа өзендердей емес, батыстан шығысқа қарай аққандығынан атаса керек [4,186 б.].

         "Рүстем қырғыны" дастанында:

Бетке алып Көксу, Шаған, Қараталды,

Қиқулап салды жолға шабын малды.

Астында алтын күннің әзілдесіп,

Өтісіп  Қараталдан қол қозғалды [4,44 б.]. -

деген жолдар кездеседі. Бұл жолдардағы Қаратал, Шаған - негізінен Жетісу аймағының су атаулары. Оқиға Жетісуда өткен соң, шығармадағы тарихи атаулардың барлығына жуығы Жетісу гидронимдері болып табылады. Қаратал - Алматы облысындағы өзен, ұзындығы 321 км. Осы өзен атымен қойылған поселке, аудан аты бар. Қаратал сөзінің мағынасы "қалың, ну өскен тал", "қалың, жыныс орман, тоғай" деген ұғымға сәйкес келетіндей. Бұған Қаратал өзенінің жағасында талдың көп, қалың өсуі дәлел болады.

         Ал Шаған  - Іле өзенінің оң жақ құйылысындағы өзен. Шаған атауы моңғол тіліндегі цаган - "ақ" деген сөздің тіліміздің дыбыстық жүйесіне орай ц\ш дыбысына алмасып, өзгерген түрі. Яғни Шаған атауы "өзен жағасындағы ақ шағыл, ақ құм" деген мағынаға ие екендігін байқаймыз [4,205 б.].

         Ақынның "Жаңа туған" топтамасында мынандай жыр жолдары кездеседі:

Ертіс, Іле, Балқаш, Сыр,

Балық туып, тұз құсып.

Жерге жауып май жаңбыр,

Ембі емшегі иіп тұр [ 3,137 б.].

Мұндағы Балқаш гидронимінің этимологиясы жайында халық арасында мынандай аңыз сақталған: Бұдан көп ғасыр бұрын көлдің батыс жағалауын бір бай мекендеген екен. Оның Балқия атты қызы болыпты. Ол ақылдылығымен, адамгершілігімен ел аузына ілігіпті. Сүйікті қызды  бүкіл - ел-жұрт еркелетіп Балқаш деп атайды екен. Жасы 17-ге толғанда Балқия алыс елден келген Ерден атты жас жігітке ғашық болыпты.Бірақ қазақтардың салты бойынша Балқияның атастырып, малын алып қойған екен. Содан екі жас ақылдасып, бір түнде қашып кетеді. Екеуі бір қамыстың түбіне келіп паналайды, сонда олардың аттарына қабандар тап береді. Ерден аттарын құтқарам деп өзі қатты жараланып қайтыс болады.Балқия жігітті жерлеген соң өзі де өлмек болады. Бұл кезде Балқияның әкесі қызын ұстап әкелуді бұйырады. Жігіттер Балқияның тығылған жерін тауып алады. Қыз әкесінің қатал мінезін біліп, жардан суға секіріп кетеді, бұл оқиғаны естіген халық сол көлді қыздың атымен атайтын болыпты -дейді халық аңызы [2,17 б.].

         Ал Ертіс атауының шығу төркіні мен мағынасы жайлы айтылған пікірлер аз емес. Бұл гидронимнің этимологиясы жайлы ғалым Т.Жанұзақ былай дейді: Ертіс атауына негіз болған негізгі тірек сөз «ер» болса, оның бастапқы негізгі айтылу түрі түркілердің jer, jer (suv) - материк, земля, jerimi subum  - менің жерім сияқты сөз бен сөз тіркестеріндегі  jer  сөзі екені айдан анық. Ол сөз атақты Күлтегін, Могилян, Мойынчор, Онгон, Тоныкөк ескерткіштерінде көрсетілген. Бұған қарағанда Ертіс атауының бірінші сыңарындағы «ер» сөзін көне түркі тіліндегі jer (иер) сөзінің көршілес тұрғындардың айтуына орай қысқарып, өзгерген нұсқасы, ал тіс< іс түркі, т.б. тілдерде "өзен" мәніндегі сөз деп білеміз.Демек, Ертіс "жер суы", "жерден шыққан өзен" мағынасын білдіретін атау [4,71 б.].

         Сыр - Орта Азиядағы өзен. Сыр сөзінің шығу төркіні жайлы алғаш пікірді А. Левшин айтқан болатын, ол: дарья в татарском (т.е. в тюркском) языке, есть нарицательное имя всякой реки.  Сыр- значит желтый. Ал Т.Жанұзақов өз еңбегінде А.Әбдірахмановтың мына пікірін көрсете кетеді: «Бұл гидронимнің көне түрі сил мен жаңа түрі сыр – ескі иран тілінен аударылған «інжу» деген сөз» [4,178 б.]. Бұдан Сыр сөзінің «інжудей жарқыраған өзен» деген мағына беретіндігін байқаймыз. 

         Ілияс поэмаларында ғана емес, сонымен қатар, прозасында да гидронимдер көптеп кездеседі. Ілиястың "Жолдастар" романында бір сөйлемде бірнеше су атауы қатар келеді: "Алатаудың сайынан, Сарыарқаның белінен, Арал, Балқаш көлінен, Сырдың бойынан, қырдың қойнынан өре түрегелген өңшең жалбағай тымақтар тұс-тұсынан қалың қолға қосылып кетті" [5,13 б.]. Сөйлемдегі шығу төркіні жағынан қызықты да күрделі гидроним ол - Арал гидронимі. Бұл атаудың этимологиясы жайлы ғалым Т.Жанұзақов өзінің "Қазақ ономастикасы" атты еңбегінде былай дейді: Арабия саяхатшылары Ибн- Хордадбектің мәлімдеуіне қарағанда, Арал теңізі 865 жылы Курдер аталса, Әл-Масуди өзінің 943 жылғы еңбегінде оны Куржани деп көрсеткен. Әл- Истархи 961 жылы оны Казбин, Әл -Хафизи 1339 жылы Абруда, Бекрон ХІІІ ғасырда Женут деп жазған дей келе ғалым Арал гидронимінің шығу төркіні жайлы өз пікірін білдіре кетеді: арал сөзінің негізгі, тура мағынасы - "су, бұлақ, көл", "арал, өзен, көл аралы" дегендер қосымша, ауыспалы, екінші мағынасы дейді [4,38 б.].

         І.Жансүгіровтің "Исатай" поэмасында мынандай жолдар кездеседі:

- Жайықтың жалпақ елім аржағында;

Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл аймағында.

Жұмысым Исатай мен Махамбетте;

Батырдың қосы қолдың қай жағында? [3,395 б.].

         Осы шумақта бірнеше су атаулары қабат кездеседі: Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл. Мұндағы Жайық гидронимінің этимологиясына тоқтала кетсек, Жайық өзені жайлы алғашқы мәліметтерді ертедегі грек ғалымдарының жазбаларынан кездестіреміз. ІІ ғасырда грек ғалымы Птоломейдің еңбегінде Жайық өзені "Дайкс" деп аталған. Көрнекті түркітанушы  А.А.Баскаков Жайық гидронимінің алғашқы Даих нұсқасы алтай тілінің Куман диалектісінде  Дайык - өзен тасқыны  деген мағынаны білдірген дейді. Мұндағы дауыссыз д дыбысының дауыссыз ж дыбысына алмасуы тілдегі заңды құбылыс, ал атау соңындағы ық (қ) қосымшасы орал - алтай тіліндегі көптік жалғаудың көне көрсеткіші. 

         Жем - Ақтөбе және Атырау облыстарындағы өзен. Бұл атау орыс тілінде бұрмаланып,күні бүгінгі дейін Эмба тұлғасында қолданылып келеді. Тіліміздегі Ембі аталуы осының салдарынан. Шындығында тува тілінде Кем/Хем - "өзен" - деп Т.Жанұзақ  атауға түсініктеме  береді [4,81 б.].

         Сағыз - Атырау облысындағы ұзындығы 511 км.өзен. Сағыз атауының түп - төркіні жайында Е.Қойшыбаев: Түрік тілінде сағ + ыз: "сағ" сөзі оғыздардың айрықша әскери термині, басқа түркілердің оң сөзінің орнына жүреді, яғни "алдыңғы сап" ұғымын білдіреді. Бұл туралы Махмұт Қашғари да көрсеткен: "ыз - түрікше көптік жалғау" деген түсінік береді [4,163 б.] дейді.  

         Ойыл - Ақтөбе облысындағы өзен. Ұзындығы 800 км. Жергілікті тұрғындар аңызына қарағанда ағылшын тіліндегі "мұнай" сөзінің баламасы көрінеді. Ағылшындар бұл жерде мұнай көп, мұнай шығарамыз деп Ойыл атанып кетіпті.Ресей Федерациясының Челябі, Қорған облыстарында, Тобыл өзенінің сол жақ тармағы Уй өзені аталады екен.  Башқұрт, татар тілдеріндегі уй, қазақша ой, "ойпаң, ойпат" деген мағынаны білдіреді. Яғни Ойыл - "ой, ойпаң жердегі өзен" мағынасына сәйкес келеді. 

         Қорыта келгенде, І.Жансүгіровтің жоғарыда аталған шығармаларында 10 өзен атауы,1 көл, 1 теңіз атауы кездеседі. Ол атаулардың барлығының этимологиясы белгілі.Ақын тарихтың куәсі болып көнеден  келе жатқан туған жер, атамекен атауларын шығармаларына арқау етіп,бай табиғатын  мақтан тұтады. Бұл  топонимдердің әрқайсысы тарихи - мәдени мағынаға ие болып, белгілі бір тарихи кезеңді, тарихи - географиялық дәуірді меңзейді. "Еліңнің аты - жеріңнің хаты" демекші, туған топырағымыздың тарихи атауларының мән -мағынасын жете түсініп, санамызға сіңіру - туған елге,туған  жерге деген үлкен құрметтің белгісі болмақ. 

 

Әдебиеттер:

1. Т.Жанұзақ. Қазақ ономастикасы. І том. - Астана, "1С -Сервис" ЖШС, 2006 ж. - 400 б.

2.Қ.Б.Сарбасова, Г.Т.Чукенаева. Жетісу гидронимдері:оқу құралы.- "Жетісу университеті" баспа оталығы. Талдықорған, 2011.- 86 б.

3. І.Жансүгіровтің көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: "Қазығұрт" баспасы,- 2004. Үшінші том. Поэмалар - 408 б.

4. Т.Жанұзақ. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры 3.- Алматы: Дайк- Пресс,2007. - 524 б.

5. І.Жансүгіровтің көп томдық шығармалар жинағы.- Алматы: "Қазығұрт" баспасы,- 2003. Екінші том: Жолдастар.Роман -  448 бет.