Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АУДАРМА ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ СИПАТЫ

Автор: 
Роза Садыкова (Алматы, Казахстан)

       Қазақ тілінен өзге тілдерге, сонымен қатар шетел тілдерінен қазақ тіліне аударма жасаудың практикасы соңғы кезеңдерде барынша дамып келеді. Бұған қазіргі  Қазақстандағы тілдік жағдаят көп ықпал жасауда. Біздің еліміздегі тілдік жағдаят – қоғамдағы саяси, этнодемографиялық, әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің айқын бейнесі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының стратегиялық мақсаттарының бірі. Бірақ біздің елімізде қазақ тілін өркендету шектеулі қалпында емес. Тілді дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік лингвистика, аударма, тілдерді оқыту іс-шараларымен   тығыз  байланысты. 

       Қазақстандағы     әлем    халықтары   әдебиетінің   танымал  болуы   XIX-XX ғ.ғ.  кеңінен  өрістеді. Абайдың орыстың классикалық әдебиетін, оның  ішінде  А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов аударған үлгілерінен басталады. Абай аудармасы арқылы Дж. Г. Байронның, В.И. Гетенің туындылары да қазақ оқырмандарына жетті. Ал әрідегі Ұлы Жібек жолы  орта ғасырдағы ислам өркениеті арқылы араб-парсы, үнді фольклоры мен классикалық әдебиеті қазақ қауымына таныс болды. Сондықтан Шығыс пен батыстың сөз өнері мұраларымен біздің халқымыз ғасырлар бойы таныс болып келеді. XX ғ. екінші жартысынан бастап, шетел әдебиетінің классикалық үлгілерін тәржімалау айрықша қарқын алды және алыстағы ауылдардан бастап, қала тұрғындарына дейін шетел әдебиеті үлгілерінен қазақ және орыс тілдерінде кеңінен танысып үлгерді. Нақтылап айтқанда, ағылшын әдебиетіндегі В. Шекспирдің, неміс әдебиетіндегі В.И. Гетенің, Г. Гейненің, француз әдебиетіндегі Г. Мопассанның,   АҚШ әдебиетіндегі Э. Хемингуэйдің, Д. Лондонның, М. Твеннің, үнді әдебиетіндегі  Р. Тагордың және т.б. шығармаларымен аударма арқылы таныс болды [1]. 

       Бір  тілден  екінші  тілге  аударудың  теориялық  мәселелерін көтеріп берген ғалым  –  қазақ    лингвистикасының      негізін      қалаушы     атақты   зерттеуші Қ. Жұбанов. Ол өзінің шағын мақаласында орыс тілінен қазақ тіліне аударудағы синтаксистік құрылымның ерекшеліктерін сөз етті [2]. Бұдан кейін Қазақстанда аудармаға қатысты пікірлер 1950 жылдардан бастап көбірек айтыла бастады. Өйткені осы кезеңде біздің елімізде аудармаға көбірек мән беріліп, көптеген әдебиеттер (көркем шығармалар) бір тілден екінші тілге аударылды. Елуінші жылдарда ең бірінші болып, аударманың тілдік-стильдік жағдайына тоқталған адам  –   М. Әуезов.  Ғұлама  жазушының    пікірлерімен   таныса  отырып, біз М. Әуезовті Қ. Жұбановтан кейін аударманың лингвистикалық теориясының негізгі мәселелерін көрсетіп берген ғалым деп санаймыз. Өйткені оған дейін қазақ интеллигенциясы, жазушылар мен журналистер, ғалымдар бір тілден екінші тілге аудару ісі тек әдебиеттану ғылымының шаруасы деп жүрді, өйткені орыс ғалымдары да осылай деп есептеген болатын. Ал М. Әуезов болса, «аударманың бір беткей, сұрқай пішіндерін қарастыру» дұрыс емес, аударма ісін танып-білу үшін бір тілдегі түпнұсқаны екінші тілге аударғанда ұлттық дәстүр, ұлттық форма қалай берілді, аудармашы қолданған құрал-тәсілдер қандай (интонация, ырғақ, синонимдер, идиомалар, мақал-мәтелдер, афоризмдер) сияқтыларды   жүйелі   түрде   талдау  керектігін  айтады  [3, 6-7 бб.]. Бұдан әрі М. Әуезов көрсеткен «ақын-жазушының өз ана тілінің ұлттық формасы мен түрін кәдеге жаратып, өз тарапынан «жаңа сөз туындыларын қосу, жаңа сөз байланыстарын жасап, бар сөздердің мағыналарын тереңдетуі, жаңартуы керек» деп айтқаны – аударманың лингвистикалық теориясының басталуы.

Осындай пікір  жасауға ғалым-жазушының келуінің бірнеше себептері кейінгі ғылыми тұжырымдарда көрсетіледі. Мәселені анықтап беру үшін біз ғалым А. Алдашеваның тұжырымымен толық көрсетеміз:

«Тәржіманың толыққанды жазба үлгілерінің қалыптаса бастаған кезеңі – 1920-шы, 1930-шы жылдар; ал шын мәнінде алғашқы тәжірибелер қорытылып, кемістік-кетіктер жөнге түсіп, «көркем аударма да  соны шығармалар сияқты, творчестволық еңбекті, шеберлікті талап ететін үлкен искусство» [4, 17 б.]  екенін мойындатқан тұс – 1950-60 арасы. Бұл кезең сондай-ақ қоғамдық-саяси, ресми мазмұндағы әдебиеттің, оқу-ағарту әдебиетінің жаппай тәржімалана бастаған кезі. Нақ осы кезден бастап орыс тілінен қазақ тіліне аударудың тәсілдері мен жолдары, тәржімалаудың тілдік-стильдік принциптері, аударманың нормасы тәрізді маңызды факторлардың ерекшеліктері қалыптаса,  әрі біртұтас,  бірізді  жүйеде анық көріне бастады.

50 жылдардан бастап қазақ лингвистикасының нақты ғылыми-теориялық бағыттары бір арнаға түсе бастады: осы тұста қазақ алфавиті мен графикасы реттелді, лексикографиялық еңбектердің негізгі ұстанымдары (принциптері) анықталып, әр алуан типтегі сөздіктерді (екі тілді, терминологиялық, орфографиялық және т.б.) шығару қолға алынды; қазақ тілінің лексикалық-грамматикалық жүйесі мен құрылымы турасында кешенді зерттеулер жарияланды. Сөздің семантикалық өрісі, сөз құрылымының екі жақты сипаты ғылыми назарға ілінді. Қазақ көркем әдебиетінің тілі мен стилі, стилистика ғылымы, функционалдық стильдер жүйесі, сөз мәдениеті, әдеби норма мәселелері жайындағы алғашқы пікір-көзқарастардың айтыла бастаған тұсы да – осы мерзім. Әдебиеттану ғылымының жеке ғылыми аспектілерінің саралана, жетіле дами түсуінде де осы кезеңде елеулі ілгерілеулер болды. Жалпы алғанда, бұл кезең, яғни осы ғасырдың 50-90 жылдарының аралығы –  әдебиет пен тілдің дамуындағы  қоғамдық-ұлттық, әлеуметтік  сипаттары жағынан айрықша дәуір» [4, 5-6 бб.].

М. Әуезов айтқан пікірден кейінгі жылдарда бір тілден екінші тілге аударудың тілдік жағдайына арналған, оның ішінде көркем әдебиеттің аударылуы зерделенген бірнеше  жұмыстар  болды, бірқатар жұмыстарда қазақ көркем әдебиетінің ағылшын, неміс, француз тілдеріне тәржімасы әңгіме болды (Ю. Сушков, Д. Алтайбаева, З. Жантикеева,  Ә. Ипмағамбетов және т.б.). Бұл еңбектермен танысу барысында біз авторлардың тілдік фактілерді салыстырып, «жақсы-жаман», «дұрыс-дұрыс емес» деген қорытындылар жасағанын байқап, дей  тұрсақ  та осы авторлардың еңбектері арқылы қазақ аударматану ғылымына үлес қосылғандығын айта аламыз.

60-70 жылдарда да зерттеулер  жүргізілді, бірақ оларда тәржіма ісі әдебиет,     шығармашылыққа  қатысты      болды     (С. Талжанов , Ә. Сатыбалдиев және т.б.). Дегеннің өзінде де бұл еңбектерде тілге қатысты мәселелер қолданылып отырды.

Лингвистикалық тұрғыдан келген жұмыс ретінде Ө. Айтбаевтың «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деген зерттеуін  атаймыз [5]. Бұл – 70-інші жылдарда орыс тілінен қазақ тіліне аударылған көркем шығармадағы фразеологиялық тілдік бірліктерді тілдік-стильдік тұрғыдан жүйелі етіп талдаған бірінші еңбек. Жұмыста орыс тіліндегі фразеологиялық единицалардың сөзбе-сөз, еркін, жуықтатып аударылған тұстары талданып, әдеби нормаға байланысты, қазақ әдеби тіліне ену жағдайлары толыққанды айтылады.

        «Аударма әдебиет, – деп жазады С. Исаев, – қазақ тілінің ғылыми стилін     қалыптастыруда белгілі бір рөль атқарғандығын атай кетуге болады. ....Расында да ғылымның жеке салаларындағы көптеген ұғымдар қазақ халқына осы әдебиеттер   арқылы келіп, әдеби тілімізге  көбінше соның   негізінде сіңді»  [6,

168 б.]

       – аударма әдебиет арқылы жаңа сөздерді көптеп жасауға; тілдегі синонимдердің мүмкіншілігін жан-жақты пайдалануға болады [2]  

        – «ғылым мен техникалық әдебиеттер стилі аударма әдебиеттер негізінде жеке стильдік тармақ болып қалыптасты» деген түйін де бар [7, 129 б.];

        – өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ зияткерлерінің өкілдері аударманың басты қайнаркөз екендігін жақсы түсініп, әрі оның технологиясын шебер меңгергендіктен, аударма арқылы көптеген жаңа сөздер жасаған, мысалы, қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі А. Байтұрсынұлы «әдебиетке, өнерге, тілге  қатысты еуропалық, орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға     шып-шырғасын   шығармай, түгелдей қазақша балама тапқан»  [ 8];

        – аударма арқылы қазақ әдеби тіліндегі синонимдік қатарлардың номинация жасау,   термин   түзу  ісінде   рөлі  аса жоғары   екендігін    дәлелдеген   ғалым А. Төрениязова. Ол, мысалы, ақпарат, дерек, ақпар, мәлімет, мағлұмат, хабар, хабарлама дегендердің тәржіма арқылы мағыналық жағынан сараланғандығын  көрсетеді [9];

       Аударма әдебиеттің қазақ әдеби тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымының, функционалдық жүйесінің қалыптасуына, баюына, өзгеруіне тигізген әсері жөнінде айтылған көзқарас аударма ісінің тілдік тұрғыдан зерттелуінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр.

       Бір тілден екінші тілге аудару ісінің лингвистикалық тұрғыдан зерттелуін жүйелі талдап, бағдарламалық нақты ғылыми тұжырымдар ұсынылған еңбек деп, «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер» деген монографиялық еңбекті айтамыз [4]. 

       Бұл еңбектің басты ғылыми және практикалық тұжырымдарын барынша жинақтап, топтап атап шығуға тырысамыз, олар мыналар:

       – қазақ ғылымында аударманың практикасы бойынша аударманың теориялық жағымен салыстырғанда, анағұрлым көп жұмыстар жүргізілген; яғни ХХ ғасырдың елуінші жылдарының өзінде-ақ 300-ден астам көркем шығарма (орыс және шетел әдебиеті өкілдері жасаған) қазақ тіліне аударылған; оларды зерттеу көбіне әдебиеттану ғылымы аспектісінде қарастырылған;

       – аударма ісі мәдениет-ұлт-тіл тұтастығы шеңберінде талданған; осыған байланысты бұл лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика бойынша және осы салалардың бағыттарын аударманың теориясымен салыстыра қараған алғашқы еңбектердің бірі деп санаймыз. Ғалым былай деп жазады: «Адам факторының тілдегі көрінісін, тіл мен сол тілді иеленуші адамның (тұтас бір халықтың) ойлау-пайымдау қабілетінің арасындағы байланысты, ұлттық мәдениеттің ұлт тіліне (және керісінше) ықпалын зерттеуде аударма әдебиет көп көмек жасайды. Аударма әдебиетті түпнұсқамен салыстыру бірнеше тілдерде бар универсалды бір ұғым, образ, стереотиптер үшін жұмсалатын тілдік единицалардың ұлттық-мәдени құндылығын дәлірек танытуға мүмкіндік береді» [4, 17 б.];

       Кейінгі жылдарда да аудармаға қатысты едәуір жұмыстар атқарылды. Контрастивті лингвистика және аударма, лингвистикалық универсалий және аударма мәселелері туралы теориялық тұжырымдар (Э. Сүлейменова), оқу бағдарламалары (Н. Шәймерденова), аударма ғылымына қатысты терминдердің сөздігі (А. Жұмабекова) шығарылды, ғылыми  көпшілік  мазмұнда, практикалық тұрғыдан көмек берерлік еңбектер бар. 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1. Тебегенов Т. Әлем әдебиеті аударма арқылы жетеді // Қазақ әдебиеті. №19, 2010, мамыр.

2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. –  581 б. 

3. Әуезов М. Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері // Қазақ әдебиеті, 1957,  қазан.

4. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы: Арыс, 1998. – 243 б.

5. Айтбаев Ө. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс. – Алматы:  Ғылым, 1975. –  175 б.

6. Исаев С.  Қазіргі  тіл    білімінің    мәселелері.  – Алматы:  Арыс,    2008.

 – 624 б.

7. Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. Көркем аударма мәселелері. – Алматы: Жазушы, 1987. – 232 б.

8. Нұрғалиев Р. Алып бәйтерек //А  Байтұрсынов  Ақ жол  // Қазақ әдебиеті. 1989, сәуір.

9. Төрениязова А. Қазақ әдеби тілі синонимдер жүйесінің терминжасамдағы рөлі: филол. ғылымд. канд. автореф.: 10.02.02.  – Алматы, 1999. – 24 б.