Автор:
Саида Садуақасова, Бахыт Ахметова, Шолпан Байзакова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Қазақ тілінде өзіндік стильдік қызметі бар бірліктердің бірі – қайталау амалы. Қайталау – синтаксистік амал. Себебі ол сөйлем ішінде белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Ал бір сөйлем мүшесін қайталап атау арқылы синтаксистік бірнеше, коммуникативтік мақсатты іске асыра аламыз.
Қайталау – бата сөздерде күшті көрінген синтаксистік тәсілдің бірі. Бата сөздер бүтіндей бір мәтін болғандықтан, оның тұрақты қалыптасқан тіркестері бар. Арнайы субъектіге арналған, оның басындағы ситуацияны көрсететін баталар болмаса жалпы халықтық бата жолдары ұқсас келеді. Мысалы:
Ел басқарған ер азаматтың,
Бақ-тәлейі тасып тұрсын.
Абырой-атағы асып тұрсын,
Пәле-жаладан қашық тұрсын.
Әділдік безбенге түскенде,
Сары алтындай басып тұрсын!..[1]
Мұнда «тұрсын» етістігі бір бата мәтінінің соңына дейін қайталанған, сол арқылы бата беруші ел басқарған ер азаматтың өмір құбылыстарынан сақтауды сұрайды. Сол сияқты бата сөздерінде «қабыл ет», «қыл», «бол», «сақта», «ет», «болсын», «берсін», етістіктері әр жолда қайталанып, әрі жетекші, әрі көмекші қызмет атқарады. Бұлардың мағыналарында түрлену жүйелерінде ортақ сипаттар болумен қатар бір-бірінен ерекшеліктері де бар.
Құдайым, малды қыл,
Тең құрбыңның алды қыл.
Дегенмен, бұлардың қай-қайсысы болсын есімдермен тіркесіп, құранды етістік жасауға бейім тұрады.
Ендігі бір жиі қолданылатын жеке сөздер тобы – қайталаулардың сөз басында келуі. Бұл қайталаудың түрін академик З.Қабдолов былай түсіндіреді: «Мұндайда ой мен сыр шынында да біртүрлі есіле түйдектеп, еселеніп келеді де, алдыңғы ұғымның аяғы соңғы ұғымның басына қайталана келіп, өлеңге әсем әуез, әдемі әсер дарытқандай болады».
Асың, асың, асыңа
Береке берсін басыңа! – дегенде «ас» сөзі үш қайталанып қолданыс тапқан.
Маң, маң, маң басқан, маң басқан,
Маң далада марғасқан...
Атың, атың, ату бол,
Ағайынмен тату бол...
Мұндай қайталану еспе қайталану деп аталады. Сол сияқты:
Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол,– деген бата жолдары да осы пікірдің дәлелі.
Тілек-бата сөздердің әр жолының соңында немесе әрбір ой ағымының аяқ жағында қайталаулар жиі ұшырасады. Қайталаудың бұл түрі эпифора деп аталады. Бұйрық райлы етістіктер эпифоралық қайталаулар жасауға негіз болады, айтылар ойды аяқтап, үйлесімді ырғақ құрайды. Жиі қайталанатын мұндай эпифораларды төмендегіше топтастырар едік:
1) "бол" бұйрық райлы II жақтағы етістіктің қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:
Атың, атың, ату бол,
Ағайынмен тату бол,
Жаз кигенің құлпы бол,
Қыс кигенің түлкі бол.
Бағаншы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол. [2]
2) "болсын" бұйрық райлы III жақтағы етістіктің қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:
Қайырлы бала болсын,
Білетін дана болсын.
Ағайын, туысқа сүйікті және болсын.
Үлкенге қызықты болсын,
Кішіге қылықты болсын.
Дәрежесі биік,
Еліне білікті болсын. [2]
3) "қыл" бұйрық райлы етістіктің II жақ және III жақта қайталанып
келуі арқылы жасалған эпифоралар:
Е, құдайым, жарылқа,
Жарылқасаң малды қыл,
Біткен жұрттың алды қыл.
Бұған қас қылғанның
Малын алып, жарлы қыл.
Бір құдайым бар қылсын, Малы жоқты бай қылсын, Төрт түлігін сай қылсын, Оңын - күн, солын ай қылсын! [3]
4) "ет" бұйрық райлы етістігінің II және III жақта қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:
Жаз жайлауын жаусыз ет,
Қыс қыстауын қарсыз ет,
Дүниеде мұңсыз ет,
Толғатқанын ұл ет,
Тамызғанын май ет.
5) "бер" етістігінің бұйрық райдың II және III жағында қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:
Ғұмыр берсең жайлы бер, Дәулет берсең қайырлы бер. Әйелді сүйікті ғып бер,
Ұл берсең, ұлықты ғып бер, Келіннің келістісін бер,
Ат берсең желістісін бер...
6) "сақта" етістігінің II және III жақтағы бұйрық рай түрінде келіп қайталануы арқылы жасалған эпифоралар:
Халқыңды даласымен сақтасын,
Еліңді данасымен сақтасын.
Жігітті панасымен сақтасын,
Жаманның жаласынан сақтасын.
немесе:
Қаба жауған қарыңнан сақта,
Қапталдай шапқан жауыңнан сақта.
Аузы қанды бөріңнен сақта,
Түсі суық көріңнен сақта,
Ақ найзаның ұшынан сақта
Сом білектің күшінен сақта.
Аталған етістіктер (ет, қыл, бер, бол, сақта) негізгі етістіктер түрінде де, күрделі етістіктің құрамындағы көмекші етістіктер түрінде де қайталанып қолданылады. “Жалпы қайталау дегеннің өзі формалдық тәсіл емес” деп көрсетеді. М.Дүйсенов. Бұл тәсіл тілек–бата сөздерде жиі қолданылатын көркемдік амал ретінде зор қызмет атқаратынын аңғардық.
Тілек-бата сөздердің синтаксистік құрылымын анықтағанда, негізгі қолданылатын конструкция бұйрықты сөйлем екендігі белгілі. Осы тақырыпқа сай бұйрық мәнін білдіретін құрылымдардың парадигмасын анықтауды жөн деп санаймыз.
Сөйлем болмыстағы қатынастарды білдіру үшін ғана жұмсалмайды. Кісінің тіл арқылы қатынас жасалуы, пікір айтумен қатар екінші кісіден пікір білу, ақпарат алу үшін сөйлеуіне немесе басқа біреуді іске қосу, жұмсау мақсатына да байланысты болады. Сөйлеу үстінде сөйлеушінің эмоциясы да көрінеді. Сөйлеудің осы мақсаттары тілде сөйлемнің тиянақты формалары арқылы көрінеді. Дәстүрлі синтаксисте сөйлемдердің сөйлеу мақсатына қарай төрт парадигмалық қатары көрсетіліп келеді: хабарлы сөйлемдер, сұраулы сөйлемдер, бұйрықты сөйлемдер, лепті сөйлемдер.
Алайда жай сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай топтастыруда кейбір авторлар (О.Төлегенов) хабарлы, сұраулы, лепті деп үш топқа жіктесе, көптеген синтаксист ғалымдар (М.Балақаев, Р.Әмір, О.Күлкенова) жоғарыда талған төрт топты көрсетеді [4]. Біз осылардың ішінен өз тарапымыздан бұйрық рай арқылы жасалған тілек-бата сөздерге мысалдар келтірейік:
І жақ қатысты бұйрықты, іс–әрекетке жұмсауды –айын, –ейін, –ейік формалы етістіктерден жасалады:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
ІІІ жаққа қатысты бұйрықты білдіру үшін келсін, айтсын тұлғалы бұйрық рай етістіктер баяндауыш ретінде жұмсалады: Айтқаның келсін! Құдайдан тілегенің келсін! Тілегіңді берсін!
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын,
Балаң үбірлі болсын,
Қызың шүбірлі болсын.
немесе:
Әз Жәнібектей көсем бол,
Жиреншедей шешен бол,
Әрдайым аман есен бол!
Бұйрықты сөйлемдер етістіктің шартты, қалау, ашық рай тұлғалары арқылы құрылады:
...Қара қойың қозылы болғай,
Ойсыл қара жоталы болғай.
Жыл құрғатпай боталы болғай...
Бұйрықты сөйлемдер тілек, өтініш білдіру, жалыну мағынасында жұмсалады:
Е, жаратушы жасаған,
Тілегімді қабыл ет.
Иманымды кәміл ет,
Дозақтағы оттан сақта,
Қаңғырған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта!
Бұйрықты сөйлемдер тіке бұйрық білдіру, нақтылы талап қою мағынасында айтылады:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
ІІ жақтық бұйрық етістік баяндауыш сөйлемдер көбіне, бұйрық, талап, кейде үндеу мәнді болады:
Иә, патша құдай, әуелі өз кәріңнен сақта,
Шайтанның шерінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта,
Қадамы қаттыдан сақта,
Қатты төнгеннен сақта,
Дос болып, қас болғаннан сақта,
Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақта...
Тілек-бата сөздердің әр жолы бұйрық рай жалғауы жалғанған негізгі етістіктерден құралады. Мұнда бұйрық мән болғанмен, оның астарында бұйыру емес, тілек, қалау мәні жатыр. Мысалы, арыстанның айбатын бер... Оның коммуникативтік мақсаты қабылдаушы іс-әрекетінің жүзеге асырылуы болып табылады. Яғни тілек-бата сөздердің бұйрық мәнінде берілуі - болашақ іс-әрекеттің орындалуына деген тілекті білдіреді. Сол сияқты алған баталары арқылы ойының жүзеге асатындығына иландыру мақсатын көздейді, тыңдаушыға айрықша көңіл бөлінеді.
Қорыта айтқанда, тілек-бата сөздерінің өзіне тән грамматикалық құрылым-құрылысы бар екенін, қайталау амалының – бата жасаудағы күшті тәсіл екендігі, аталған сөздердің бұйрықты сөйлемдермен бұйрық мәнді формалармен берілгенімен, мазмұны бұйыру емес, қалау мәнді болып келетіндегі мысалдармен дәлелденді.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Радлов В. Образцы народной литературы тюркских племен. – М.: Наука, 1870 ж.
2. Оразалин К. Ақ тілек, ақ бата. – Алматы: LEM, 2002ж.
3. Мейірбекұлы Ә. Бата сөзі – базына, айта білсең – қазына // «Жетісу» газеті., 2009ж. - №18(24)
4. Әмір Р. Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі: Оқулық.-Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 199б.
5. Бата // «Жетісу» газеті., 2009ж. - №21
6. Дүйсембекова Л. Қазақ тіліндегі бұйрық райдың құрылысы мен мағынасы. Оқу құралы. – Алматы, 1999.– 112 б.
7. Уәлиұлы Н. Бата-тілектер. Алматы: Арыс, 2005. – 88 б.