Автор:
Саида Садуақасова, Риза Омарбекова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Қазақ халқының болмысында тілек-бата ұғымы ежелден бері үлкен орын алған және осы ұғым бата алу, бата беру деген үлкен дәстүрлермен бекітіліп отырған. Жақсы сөз жан семіртеді, жаныңды жадыратады. Алғыс, тілек-бата сөз – жақсы сөз, жарым ырыс, жақсы ниеттің мәйегі.
Тілек-бата мәнді сөздердің лексикалық құрамы тіліміздегі фразеологиялық оралымдар, мақал-мәтелдер, афоризм сияқты бірліктердегідей әр алуан. Бұл сөздердің экспрессивтік, суггестикалық мәнін құрамындағы көнерген сөздер, діни сөздер, қазіргі кезде түсінігі күңгірт сөздер, қаратпа сөздер, диалект сөздер, эвфемизм, дисфемизмдер арттыра түседі.
Қазақ тілінің бай лексикалық қабаттарының бірі фразеологиялық тіркестер. Осындай тұрақты тіркестердің біразы өте ерте заманда қалыптасқандықтан құрамында көнерген сөздердің болуы фразалық, әсіресе, идиом сөздердің ерекше белгісінің бірі. Мәселен, малдың пірлеріне байланысты айтылған бата-тілекте архаизм болып кеткен атаулар кездеседі. «Шаруаның бір пірі – Ойсыл қара», «Шаруаның бір пірі – Зеңгі баба», – деп басталатын бата жолдары Шопан ата, Қамбар атаға да беріледі. Ал «Қағанағың қарқ бол, Сағанағың сарқ бол, Қызың – қияға, ұлың ұяға – қонып, Қызығына қарқ бол» деген батадағы «қағанағың – қарқ, сағанағы – сарқ» тіркесі уайымсыз, мәз-мейрам, көл-көсір молшылық деген мағынаны береді. Мұндағы жеке компоненттердің мағынасы тым көмескіленіп кеткен.
Бірнеше ойдың басын құрап, көп сөзді болуына байланысты мақал-мәтел өлең түрінде ұйқасып келе береді.
Өмірлі бол қарағым,
Таудай болсын талабың!
Қар үстіне от жанар
Қалаушы тапса қалауын.
Мұндағы «Қар үстіне от жанар, Қалаушы тапса қалауын» тіркесі «Қалауын тапса қар жанар» деген мақалдың негізінде айтылып тұр. Кейбір мақал-мәтелдер еш өзгеріссіз айтылса, кейбір мақал-мәтелдер айтушының, яғни бата берушінің өзіндік қолтаңбасымен өңделіп, қайта жасалып отырған.
Тілдегі сөздің көнеруі не біржолата жоғалуы – күрделі құбылыс, ол өте ұзақ уақытты қажет етеді. Белгілі ұғымның көнеленуіне байланысты оны аңғартатын сөздің де қолданысы сирей бастайды. Демек, актив қабаттан пассив қабатқа көшеді деген сөз. Одан әрі бірте-бірте ұмыт болып, тілде бүтіндей қолданылудан қалады, бірақ бұл процесс әр кезде осындай бірқалыппен жүре береді деуге болмайды. Белгілі зерттеуші В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері енген «Ел қазынасы – ескі сөз» атты еңбекте мынадай бата сөздері кездеседі [1, 41]:
Әр кезде байлық кетпесін,
Кешке келіп шулатқан,
Қошақанның атасы,
Қошқар бассын үйіңді.
Бақайлары шыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Үй арасын боқ еткен,
Ішсе, айранға тоқ өткен,
Бұзаулардың атасы,
Бұқа бассын үйіңді!..
Осы бата өлең жолдарындағы «қошқар бассын үйіңді», «бұқа бассын үйіңді» тіркестерінің қазіргі кезде айтылмауы бүгінгі күні халықтың айналысатын кәсібі тек мал шаруашылығы еместігімен түсіндіруге болады.
Тіліміздегі көнерген сөздер тарихи сөздер және архаизмдер деп екіге бөлінетіні белгілі. Тілек–бата сөздерінің құрамында аталған сөздер де кездеседі:
Отыз ұлды орда бол,
Оман жұрттың басы бол! – мұндағы оман сөзі – тарихи көнерген сөз. Сол заманда үлкен, кең деген мағынада жұмсалған, яғни бір халықтың басшысы болуын тілеу мақсатында айтылған.
Тілек-бата сөздерде халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көнерген сөздерді де жиі кездестіреміз. Мысалы:
...Піспексіз толған торсықтан сақта,
Жіпке толған ұршықтан сақта!
Шығыны жоқ еңбек жоқ,
Кескексіз сорған борсықтан сақта!
Бұл өлең жолдарындағы піспек, торсық – ыдыс атаулары. Піспек – мес, саба, күбі сияқты ыдыстардың ішіне салып қымыз, іркіт, қаймақ пісетін сабы бар құрал. Торсық – сусын құю үшін ысталған теріден жасалған ыдыс. Ал кескек – Бұйда есебінде түйенің мұрындығына байлайтын ұзындау жұмыр таяқ; мал жауыр болғанда, құрттағанда басын бұра алмайтындай етіп мойнына байлап қоятын таяқ [2].
Бата-тілек сөздерінің басым көпшілігі қаратпа сөзден басталады. Дін және діни сенімдерге қатысты тілек–бата сөздердің құрамында дінге қатысты мынадай сөздер Алла, Құдай, Жаратқан ие, Аруақ, Бисмиллаһи-рахмани-рахим кездеседі және олар, көбінесе, мәтін ішінде қаратпа сөз түрінде келеді:
Бисмиллаһи-рахмани-рахим
Уа, жаратқан ием, құдірет,
Иманымызды кәміл ет!
немесе:
Тәңір ием жарылқап,
Әулиелер жақтасын.
Мал–бастарың аман боп,
Пәле–жаладан сақтасын.
Оқшау сөздердің бұл түрінің қызметінде, әсіресе позициялық шығармаларда міндетті түрде адамға қатысты сөздерден басқа, зат, нәрсе, ұғымдағы сөздер де қолданыла береді.
Тілек-баталарды қолданылу орнына қарай бірнеше түрге бөлінетіндіктен, олардың бағыты да сан алуан. Қазақ халқының бұ дүние мен о дүниеге дейінгі жүріп өтер жолы тілек-баталармен астасып жатады. Өйткені адам туғанда алғаш айтылатын тілектен бастап, өмірінің соңына дейін өз жалғасын табады. Қазақтар жас баланы тіл–көзден, ауру–сырқаудан сақтау үшін олардың есімдеріне тыйым салып, оның орнына басқа сөздер қолданған. Мысалы, тілек сөздерде «бесікке салар көбейсін», «ат ұстарың өзіңе тартсын», үйленгенде ер адамға арналып: «қолыңа қондырған құсың бақытты болсын», «алған жарың адал болсын» деп айтылып жатады.
«Бір затты, құбылысты өз атымен тура атамай, басқаша атаумен атау тек табумен байланысты емес. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнын сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер келіп басады. Мұндай құбылысты эвфемизм деп атаймыз», – дейді белгілі лексиколог Ә.Болғанбаев өзінің «Қазақ тілінің лексикологиясы» атты еңбегінде [3, 45]. Тілек–бата сөздердің құрамында эвфемизмдер де кездеседі Мысалы:
...Көлденең келер қазадан,
Жазықсыз төнген жазадан,
Әулие–әмбиелер қорғасын,
Ата–баба, аруақтар қолдасын!
Мұндағы қаза сөзі – өлім, ажал деген мағынада. Сол сөздерді турасынан айтпай, сыпайы түрде қаза сөзімен алмастырылып отыр.
... Сыртыңнан ғайбат айтқан жан,
Тап өзіңдей болмасын – бұл жолдардағы ғайбат сөзінің беретін мағынасы – кісінің сыртынан айтылатын жалған сөз, өсек–аяң.
Күнделікті өмірде, әдеби қолданыста жағымды, сыпайы, әдепті сөздерді дөрекі, тұрпайы, анайы сөздермен ауыстырып қолдану тәсілі тіл білімінде дисфемизм деп аталады [4, 93]. Мысалы, келін деудің орнына –шүйкебас, бала деудің орнына – боқ мұрын сияқты қарапайым сөздер жиі қолданылады. Дөрекі сөздер тілек–бата жолдарында да кездесетінін байқадық:
...Күле кіріп,
Күңірене шыққан дұшпаннан сақта.
Жаман жәлеп әйелден сақта,
Дос болып қас болғаннан сақта,
Арманнан жиналған кәдеден сақта.
Жас бала, нәрестенің алдағы өміріне сәттілік тілей берілген мына бата жолдарында дисфемизм кездеседі:
...Шикі өкпең дүбірлі болғай,
Құрбының бәрі кеуделі болғай.
Қорыта айтқанда, тілек-бата сөздерінің лексикалық парадигмасы қазақ халқының рухани өмірінде тұтастық-бірлігін, адамгершілік-ынтымағын, асылдығын ақтауда ерекше қызмет атқаратындығын анықтадық.
Әдебиеттер:
1. Ел қазынасы - ескі сөз. (В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері) Алматы, Ғылым, 1994, 616 б.
2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Ғылым, 1976. – 2 т. – 695 б.
3. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 1988
4. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Қазақ университеті, 2008, 101б.
5. Уәлиұлы Н. Бата-тілектер. Алматы: Арыс, 2005. – 88 б.