Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

АЛҒЫС- ҚАРҒЫС, ТІЛЕК-БАТА СӨЗДЕРІНІҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДА ҚОЛДАНЫЛУЫ (І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы негізінде)

Автор: 
Саида Садуақасова, Назым Байтасова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)

Аспандай көнермейтін, көктемдей қартаймайтын қазақтың ғибрат сөздерінде әсемдік пен тапқырлық, ойшылдық пен сыршылдық, ақылдылық пен данагөйлік, шынайылық пен сыпайылық бар. Тәрбиелік мәні терең, ғибраты зор. Қазақ халқының тілек-бата сөздері – жас ұрпақтың Ілияс Жансүгіровше айтқанда: «Піл сүйекті бұлан ер, арыстандай айбынды ер, жолбарыстай жуан ер, Ертістің бойын сіліккен ер, Еділдің бойын үркіткен ер» атағына ие болуға, жер-суына, орман-нуына ие болуына мықтап баулиды. Адам баласының қарын қамын емес, халықтың қамын құнттауға, көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, сабырлы, салиқалы, байыпты-байсалды, жайдарман, әділетті, тәртіпті, мәдениетті, таза ниетті, қанағатты болуына шақырады [1;1].                                                                   

Тілек-бата сөздерінің лексикалық құрамы да, қолданылу ерекшеліктері де әр түрлі. Олар тек  проза жанрда жазылған шығармаларда кездесіп қоймайды, сонымен қатар поэзияда да өзіндік орын алады. Жетісулық ақын І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасына назар аударып көрелік.

Тілек-бата сөздердің әр жолы бұйрық рай жалғауы жалғанған негізгі етістіктерден құралады. Мұнда бұйрық мән болғанымен, оның астарында бұйыру емес, тілек, қалау мәні жатыр. Мысалы,

Дегенге  «Көкшетаудан Құла келді»,

Көруге ынтызар боп ел жүгірді.

«Біреудің тіл мен көзі тимесін» - деп,

Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді [2;133]. Мұндағы «Біреудің тіл мен көзі тимесін» тіркесінің коммуникативтік мақсаты қабылдаушы іс-әрекетінің жүзеге асырылуы болып табылады.  Яғни бата, дұға – тілектердің бұйрық мәнінде берілуі - болашақ іс-әрекеттің орындалуына деген тілекті білдіреді. Сол сияқты жасаған дұғасы арқылы ойының жүзеге асатындығына иландыру мақсатын көздейді, тыңдаушыға айрықша көңіл бөлінеді.

Тілек-бата сөздерінде фразалық тіркестің бір ерекшелігі – дыбыс үйлесімі, ұйқасқа құрылуы. Соның ішінде көп кездесетіні – бір сөздің  қайталануы:

Әркім-ақ әлем байлап жүрегіне,

Құйрығын сайгүліктің түйді, міне.

Жапсар ел жақын, көңіл тілектес боп,

«Бәйгелі болсын!» деп жүр бір-біріне. [2;145].

немесе

Құлаң бір дүлдүл екен жануар-ай!

Жүйрікке қолы жеткен жарығандай.

Саған да ішім ырза, жолың болсын,

Жылқыны жігітімсің танығандай. [2;147].

Мұндағы «Бәйгелі болсын», «Жолың болсын» тіркестерінің  соңы «болсын» деп аяқталып отыр. Мұндағы -сын /-сін формасы /III жақ қосымшасы/ бұйрық мән білдіріп, амалды жүзеге асыруға қозғау салу реңкін білдіреді. -сын /болсын/ формасының семантикасы тек іске қозғау салу аясында ғана қалып қоймайды, тілек, өтініш мәнінде жұмсалады.  -сын/ -сін формасы үшінші жақта бұйрық мәнінен айрылып, өтініш модальдігіне тән тілек, жалбарыну, өтініш тәрізді мәндерді білдіреді.

–       Күткен бір атым еді күнінен тай,

Жолдасым осы ат болды неше жылдай...

–       Ендеше осы бәйгені алып тұрсың!

–       Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май! [2;147].

Бұл өлең жолдарындағы «Айтқаның келсін» тіркесі айтылған тілектің

қабыл болуына ниеттес болу мағынасын білдіру үшін жұмсалған.

Бұл өзі ауылында аз оқыған,

Алғыр ой, ақын, әнші көп тоқыған.

Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан,

Бұл емес, бөлек еді көп сопыдан. [2;123].

Мұнда автор Ақанға сипаттама бере отырып, «өлім тілеп жылмаң қаққан» сопыны да тілге тиек етеді, нақтырақ айтқанда адамның тілегі арқылы оның мінез-құлқын да айқындауға болатындығын аңғартады.

         Бата-тілек сөздерінің басым көпшілігі қаратпа сөзден басталады. Пікірдің кімге назар аудару мақсатында айтылатын оқшау сөздердің түрін қаратпа сөз деп атайды. Тілек-бата құрамында қаратпа сөз көбінесе діни атауларға қатысты болып келеді. Мысалы:

         Бисмиллаһи-рахмани-рахим

Уа, жаратқан ием, құдірет,

Иманымызды кәміл ет!

         Қаратпа сөз сөйлем ішінде көтеріңкі дауыс ырғағымен айтылатыны белгілі, сол себепті бата-тілек сөздері интонациямен де ерекшеленеді. Діни атауларға байланысты қаратпа сөздер тілек-батада әртүрлі формада кездеседі. «Уа, жаратқан, жарылқа!», «Әуелі, Құдай, пәледен сақта!», «Құдайым, малды қыл!», «Жаратқан, тәңірім, қабыл ет!» деген сияқты тіркестер қаратпа сөз ретінде қолданылады. «Құлагер» поэмасында ол былайша өрнектеледі:

Ал, күнім, сен де жөнел, аттар кетті,

         Шаң басты, жел жаққа тарт, жер мен көкті,

         Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз,

         Алла өзің аман келтір екі ермекті! [2;149].

немесе:

         - А, құдай-ай!, бере көр! – деп ұмтылды,

         Ұйытқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.

         Қыспақ жол, Жыландының жырасында,

  Қақтығып бір-біріне ат тығылды [2;172].

Баталарда дауыс ырғағы мен сезімін аңғартатын ерекше мәнер бар. Алғыс баталардың көпшілігі: «я, Құдай бас бер», «я, Алла  хақ», «я, Құдайым оңдасын», «я, Тәңірім сақта», «бір Құдайым жарылқа», «е, келін қарағым» деген сияқты қаратпалардан басталып, бата берушінің шынайы ниетін танытса, тілек сөздердің айтылу мәнерінде бірыңғайлық, біркелкі интонация басым болады:

Ақанды айтпаса да «қолбасы» - деп,

Аяды «Құлагердің жолдасы» - деп;

Лағынат оқыды әнмен өткен күнге,

«Сол сұмдық қайтып қырда болмасын!» - деп [2;188].

Қазақ халқы өзінің ұзақ тірлігінде алуан түрлі шаруашылықпен шұғылданып, талай-талай өмір соқпақтарын басынан өткізді. «Ер қанаты-ат» демекші, әсіресе, жылқы малының алатын рөлі ерекше болған. Құлагер қанды қол қарақшының қолынан қаза тапқанда, құлын кезінен түн ұйқысын төрт бөліп баптап, күткен Ақан «аттан – жақсы, достан – тәтті» Құлагерден айрылғанда қарғыс сөз айтпауы мүмкін емес еді:

Құлагер, қолда өсірген құлыным-ай!

Ішінде омыртқамның жұлыным-ай!

Жын ба екен, сайтан ба екен қаза болғыр,

Қанды қол қастықпенен ұруын-ай!

Құлагер, құлыныңнан керім едің,

Нағашым сұрағанда беріп едің.

Аттарды Ерейменнен айдағанда,

Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің [2;174].

Алғыс, қарғыс сөздерінің түрлерінің молдығы сияқты грамматикалық байланыс жағынан да жасалу жолдары көп. Олар тіркесіп келген сөздермен жасалып, мағынасы ашылады. Тіркескен сөздердің соңғы компоненті етістік, алдыңғысы есім түрінде болады. Қарғыстың беретін жағымсыз мәні алдыңғы есім сөздердің мағынасымен әртүрлі тұлғада келіп, етістікпен байланысудың нәтижесінде ғана айқындалады. «Қаза болғыр», «У құйылғыр» қарғыс мәнді сөздері ырықсыз етіс қосымшасы -ғырдің түбір және болымсыз етістікке тіркесуі арқылы жасалып, қарғыс мәнін білдіретін жалаң және күрделі форма тудырып тұр. Бұл форма түбір етістікке жалғанып, қарғыс мәнді сөздер туындатады.

Қорыта айтқанда, «Атаңнан бота қалмасын, бата қалсын», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Бата – сөздің анасы», «Батаменен ер көгерер» деп ұрпақтан–ұрпаққа жалғасып келе жатқан аталы сөздерге айрықша мән беріп, ғасырдан–ғасырға ұласып, бізге жеткен асыл қазынамыз – тілек–бата сөздері арқылы жас ұрпаққа рухани тәрбие беруде   оның қолданылу аясының кеңдігіне көз жеткіздік.

 

Әдебиеттер:

1.     Дәуіт С. Ақ бата, – Алматы: Өнер, 2002ж.

2.     І.Жансүгіров. Құлагер, Алматы, 2010ж.

3.     С.Негимов. Ақ бата. – Алматы: Жазушы, 1992ж.

4.     К.Оразалин. Ақ тілек, ақ бата. – Алматы: LEM, 2002ж.

5.     М.Ғабдуллин. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы: Жазушы, 1973ж.