Автор:
Ләззат Чалтикенова, Салтанат Сейтімбетова (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)
Жалпы тіл білімінің, сөздердің жасалуының теориялық мәселелері айқындалып, оның өзіндік ұғымдары, бірліктері белгіленгеннен кейін жеке сөздердің сөзжасамдық қабілетін айқындау, бір сөзден тараған алуан түрлі сөздердің тілдегі қызметін, ерекшеліктерін белгілеу де заңды құбылыс болып табылады. Бұл бір жағынан қоғам талабынан да туындап отыр. Еліміздің қазіргі дамуында қазақ тілін өркендету, байыту қолданылу дәрежесін арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылып отырған мезетте осындай зерттеулердің мәні зор екені айқын. Тілдің сөзжасам саласының зерттейтін негізгі нысанасы-туынды сөздер. Туынды сөздер - тілдің сөзжасамдық тәсілдері арқылы жасалған лексикалық нұсқалар. Мысалы: арда+гер= ардагер, ой+ла =ойла, сәулет+ші=сәулетші.
Туынды сөздерге қосымша арқылы жасалған туынды түбірлер мен синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздер, сөзжасам тісілінің барлық түрі арқылы жасалған туынды түбірлер мен синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздер, сөзжасам тәсілінің барлық түрлері арқылы жасалған туындылардың бәрі жатады, туынды сөздер-тілдің сөзжасамдық әрекетінің нәтижесі [1, 23б.].
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Сондықтан біздің міндетіміз қазақ тілін барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, өйткені Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025- жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Соған орай, ең басты құндылығымыз – қазақ тілі туған тіліміздің мерейі үстем болады. Қазақстанда қазіргі кезде үштілділік, яғни тілдердің үштұғырлығы қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру саясаты мемлекеттік деңгейде ынталандырылып жатыр.
Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтаарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үрдістен біз де тыс қалмауымыз керек.
Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бұл мақаламызда қазіргі қазақ және ағылшын тілдеріндегі есім сөздердің грамматикалық жасалу ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.
Тіл білімінде сөздердің бір лексикалық-грамматикалық категориядан екінші бір лексика-грамматикалық категорияларға ауысулары «конверсия» (ағылшын тілінен алынған термин: conversion-айналу) деп аталады да, ол сөзжасамның бір жолы (түрі) ретінде танылады. «Проблема перехода частей речи в другую, -дейді академик В.В.Виноградов, тесно связана с проблемами выделения частей речи в языкознании. Она также имеет отношение к словообразованию, так как конверсия представляет собой один из способов словообразования» [2,17б.]. Белгілі түрколог А.А.Юлдашев та конверсиялық процестің сөзжасам жүйесінде алатын орны жайында осыған ұқсас пікір айтады: «Конверсия должна рассматриваться как один из функционирующих в современных языках способов словообразования» [3, 72б.]. Молдован тілінің зерттеушісі Н.Г.Корлэтяну болса, конверсиялық тәсіл бойынша сөз тудыру дүние жүзіндегі көптеген тілдерде ұшырайтынын, оның тілдердіц бір тобында актив (мысалы, ағылшын, француз, неміс және т.б.) ал, енді бір тілдерде пассив түрде келетінін айта келіп, оны сөздік құрамды жаңа лексемалармен байытатын маңызды факторлардың қатарына жатқызады [4, 57б.].
Конверсиялық тәсіл бойынша сөз тудыру, әсіресе, ағылшын тілінде кең қанат жайған. Конверсиялық тәсіл - ағылшын тілінің сөз жасам жүйесіндегі ең өнімді, актив тәсілдердің біріне жатады. Л.А.Уфимцеваның деректеріне қарағанда, қазіргі ағылшын тілінің лексикалық құрамындағы конверсияланған сөздердің саны (яғни бір сөз табынан екінші бір сөз табына ауысқан) 7-мыңнан асып жығылады. [5, 112б.].
Қазақ тілінде жарық көрген түрлі лингвистикалық сөздіктерде конверсияланған сөздердің, негізінен, бастапқы (заттық не сындық) мағынасы көрсетіледі де, конверсиялану процесінде пайда болған соңғы жаңа мағынасы ескерілмей, «ұмыт қала береді». Ал, ағылшын тілінде жағдай мүлдем басқаша. Онда конверсияланған сөздің әрбір мағынасы сараланып, сөздіктерде жеке реестр сөз ретінде берілетіндігі жоғарыда айтылды.
Қазақ тілінде жаңа сөз жасаудың тілдің сөзжасам жүйесінде қалыптасқан өзіндік жолы, заңдылығы бар. Тілде жаңа сөздер қалыптасқан заңдылықтар бойынша, яғни сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалады.
Себепші негізге заттық мағына қосатын –шы,-ші жұрнағы қазақ тілінде аса өнімді сөз тудырушы тұлға ретінде танылады да адамның кәсібі мен қызметіне сәйкес иелік мән туғызады, яғни осы өнімді жұрнақтар көмегімен көптеген грамматикалық сөз нұсқалары жасалады.
–шы,-ші жұрнағы арқылы жасалған сөз нұсқалары:
Атқосшы//атшы. Біреудің жанына ілесіп жүріп, оның атын бағушы, делбе ұстаушы.
Осы ұзақ сапарда менің атқосшыдан жолым болды. (С.Көбеев). Рахимов менің атшыма тамақ әкеліп беруге бұйырды. (Б.Момышұлы).
Барлаушы//баршы. Барлау ісін жүргізуші. Барлаушы жіберіп байқадық. («Жұлдыз»). Баршыда жүрген кісілер хабарларын берді. (С.Сейфуллин).
Мерген//мергенші. Дәл көздеп ататын адам. Таңат- құралайды көзге атқан мерген. Ғ.Сыланов. Қасқыр аулауға қақпаншы, мергенші қаптай аттанды. Қ.Әбдіқадыров.
Қарым//қарымшы. Еткен еңбек, жасалған жақсылыққа, қиянатқа жасалатын қайтарым, есе. Қарым қайтаруға Мирастың мүмкіндігі болмады (Ә.Тарази). Ол бірақ сақина өзіне сан рет келгенде, бір рет те қарымжысын қайтара алмады (Ғ.Мұстафин).
Ағылшын тілінде өнімді жұрнақтар (суффикстер) қатарына -er, -or жұрнақтары жатады. Бұл жұрнақтар ағылшын тілінде белгілі бір кәсіпке, мамандықққа байланысты зат есімдер туғызады. Мыс: People lived on in it and there were hospitals and cafes and artillery up side streets and two bawdy houses, one for troops and one for officers. (E. Hemingway “A Farewell to Arms”, p.11, officer - офицер syn. public servant) [6-7,11б.].
“The Pope wants the Austrians to win the war”, the major said (p.12, major-майор syn. principal)
The door was open, there was a solider sitting on a bench outside in the sun, an ambulance was waiting by the side door and inside the door. (p.14, solider - солдат syn. military servant)
You are my great and good friend and financial (p.18, protector- қорғаушы syn.preserver)
One of their drivers came over to me, brought by G Gordini who looked very white and sick. (. p.52, driver- жүргізуші syn. operator)
The doctors were very nice and seemed very capable. (p.78, doctor-дәрігер syn. a physician)
The barber came with the porter. He was a man of about fifty with an upturned mustache. (p.92, barber – шаштараз syn. hairdresser)
The waiter came and took away the things. After a while we were very still and we could hear the train. (p.153, waiter - даяшы syn. server)
The questioners had that beautiful detachment and devotion to stern justice of men dealing in death without being in any danger of it. (p.220, questioner – тілші, syn. correspondent)
The proprietor was behind the bar. (p.229, proprietor- иесі syn. the owner)
There were some aviators in the compartment who did not think much of me.
(p. 235, aviator - ұшқыш, syn. pilot).
Сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі ешбір тілдік бірліктің көмегінсіз, сөз дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағынасы өзгеріп, басқа сөз табына көшеді. Мысалы, Қорған, айтыс, бірге, біреу, басқа, өзге. Бұл сөздердің дәл осы тұлғада, осы құрамда тілде басқа мағыналары бар және ол мағыналары алғашқы негізгі мағынаға жатады. Олар: 1) қорған, айтыс, жарыс –етістік; бірге, біреу- сан есім, сандық ұғым; басқа – сын есім; өзгеше – есімдік.
Жоғарыда осы сөздердің 1) қорған, айтыс, жарыс - зат есімге көшкен мағынасы, 2) біреу – есімдікке көшкен мағынасы, 3) бірге, басқа, өзге – сын есімге көшкен мағынасы келтірілді.
Ал ағылшын тілінде түбірге аффиксация жалғанып сөздердің жасалу жолдарының бірнеше тәсілі бар. Олардың ішіндегі ең көп тараған тәсілдері мыналар: конверсия (conversion), сөз тіркестері арқылы (composition), қысқарту тәсілі (shortening), аффиксация тәсілі (affixation).[8, 17-162-178б.]
Конверсия (conversion) – яғни ешқандай аффикс пен префикстердің жалғануынсыз сөздің бір сөз табынан екіншісіне ауысуы.
Мыс: a hand – to hand (қол-қолына ұстату)
a water – to water (су-су құю, суару)
a master – to master (қожайын-басқару)
a house – to house (үй-орналасу)
Сөз тіркестері арқылы (composition) – екі сөзден жасалған күрделі жаңа бір сөзді білдіреді. Мыс: airfield - әуежай (air-ауа, field-дала), birthplace- туған жер (birth-туу, place-орын), airman - авиатор (air-ауа, man-адам), schoolday - мектеп күні (school-мектеп, day-күн), airbase - авиабаза (air-ауа, base-база), blackboard - тақта (black- қара, board - тақта), locksmith - темір ұстасы (lock-құлып, smith-ұста), bookshop - кітап дүкені (book-кітап, shop-дүкен).
Қысқарту тәсілі - бұл тілдегі сөз немесе сөз тіркестері морфемаларын ешқандай лексико-грамматикалық өзгерістерсіз санын қысқарту. Соның нәтижесінде номинативті жаңа бірліктер пайда болады. Қазіргі ағылшын тіліндегі сөзжасам жүйесінде қысқартулардың құрылымдық үш түрі берілген. Олар:
1) қиып алу. Мыс: phone-telephone
2) әріптік немесе бірінші әріптерін беру арқылы қысқарту. Мыс: the USA- the United states of America.
3) телескоптық немесе телескопизм. Мыс: telecast - television+broadcast.
Бұл қысқартулар қазіргі ағылшын тілінде кеңінен қолданылуда және өнімді тәсіл болып табылады.
Аффиксация тәсілі (affixation) – сөздің алдында қолданылатын префикс, сөзден кейін суффикс арқылы жасалу жолы.
Ағылшын тілінде -re, -de, -dis, -mis, -over, -un, -under сияқты префикистер қолданылады. Мыс: -re, to do – to redo, to read – to reread, to fill - to refill; -de, deformation, defaulter, decode; -dis, discover, disconnect, disarrange; - mis, mistake, misunderstand, misapply; -over, overcharge, overload, overcrowded; -un, unbend, unroll, unpack; -under, underwritten, undersized, underground.
Агглютинативті тілдерде сөздерге аффикистер жалғанып, сөздің морфологиялық құрамы түбірінің дыбыстық құрамы күрделенгенімен, сөздің түбірінің дыбыстық құрамы, негізінен алғанда, өзгермей сол күйінде қалады.
Батыс герман тобына енетін ағылшын тілі (жазуы латын алфавитіне негізделген) флективті тілдердің қатарына жатады. Флективті тілдерде ішкі флексиямен бірге сыртқы флексия да қолданылады.
Агглютинативті тілдерде сөз құрамында аффикистердің әрқайсысы көбінесе дара мағыналы болып, бір ғана қызмет атқарса, флективті тілдерде бір аффикс бірнеше грамматикалық мағынаны білдіріп, әртүрлі қызмет атқарады. Агглютинативті тілдерде аффикистер, түбірге жалғанып, негізгі морфемадан кейінгі орынға ие болса, флективті тілдерде аффикистер, префикс, суффикс, инфикс болп бөлінуіне қарай және соған сай сөз құрамында әртүрлі орынға ие болады.
Сонымен қорыта келе, жалпы тіл білімінде сөздердің жасалуының әр алуан тәсілдері бар. Қандай да бір тіл болмасын қоғамдағы тығыз коммуникативтік қарым-қатынасқа байланысты жаңа сөз қолдануда әр тілдің өз ішкі қалыптасу заңдылықтарына байланысты дамып, өрбіп отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы. 1964. -23б.
2. Виноградов. Вопросы современного русского словообразования. - «Русский язык в школе». 1952. №2 -17б. .
3. Юлдашев А. А. Конверсия в тюркских языках и ее отражение в словарях. - «Советская тюркология». 1970. -№1. -72б.
4. Корлэтяну Н.Г. Конверсия в современном молдавском языке. - «Впоросы языкознания». 1956. -№3.-57б.
5.Уфимцева А.А. Слова в лексико-семантической системе языка. -Москва, 1968. -112б.
6. E. Hemingway. A Farewell to Arms. - Moscow, 2003. -11-235б.
7. Diana Adams, Lorna Gilmour. Collins Thesaurus. The ultimate word finder. Heaper Collins Publishers. – England, 1995. (Collins Синонимдер сөздігі).
8. Каращук П.М. Словообразование английского языка . – Москва, 1977.- 17-171бб.