Автор:
Шолпан Дауренбекова, Шекерхан Қудайбергенова
Сиверс алмасы( MALUS SIEVERSI) - Орталық Азия және Қазақстан тау маңайының саны қысқарып бара жатқан жабайы алма түрі. Бұл алма әлемдегі барлық алма сорттарының атасы болып табылады, себебі қазіргі барлық алманың мәдени сорттарына бастама берген осы жабайы Сиверс алмасы. Бағалы тағамдық ағаш, тау беткейлерін бекітуші, көптеген мәдени сорттың жабайы туысы. Жақсы бал жинаушы, тығыз өскен алма ағаштары бір гектардан 25-40 кг бал береді.
Қазіргі кезде алмалардың, атап айтсақ, апорт сортының дәмділік сапасы төмендеп барады. Қоршаған орта экологиясына байланысты алмалардың қасиеті төмендегені байқалады Түр пішінінің алуан түрлілігімен, әсіресе мөлшерімен, түсімен және жемісінің дәмімен ерекшеленеді.
Қазіргі кезде Сиверс жабайы алма ағашын негізге ала отырып, алмалардың жақсы қасиеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі бір мәселе – жаңа мәдени алма түрін алу үшін алмалардың сорттарының гүлдерін бір-біріне шағылыстыра тозаңдандыру жасау.
Қазақстанда, негізінен, Сиверс алмасы (Malus sieversi), Недзвецкий алмасы ( Malus niedzwetzkyana), қырғыз алмасы (Malus kirghisorum) өседі. Бұлар Сиверс алмасының таулы екі өкілі болып саналады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысындағы тау сілемдерінде (Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Талас Алатауларында, Кетпентау, Қаратау, Қырғыз және Уғам жоталары, Қаржантау) кездеседі.
Таулы аймақтары бойынша кездесетін жерлері және қанша көлемде кездесетіні пайызбен көрсетілген: Жоңғар Алатау – 48,8 %; Іле Алатауы – 25,4 %; Қаратау – 12,1 %; Талас Алатау – 11,7 %; Тарбағатай – 2 %. Қазақстаннан тыс Қытайдың батыс бөлігі мен Орта Азияның оңтүстік тауларында таралған.
1793 жылы орыс ботанигі Иоганн Сиверс Ұржар өзенінің аңғарларындағы орман ішінде өскен жабайы алмаға бірінші болып сипаттама жазған. Орыс ботанигі К.Ф.Лебедур 1844 жылы Тарбағатайда болған кезінде осы Сиверс алмасына толық сипаттама берген. 1929 жылы орыстың ұлы ғалымы Н.И.Вавилов Орталық Азияға экспедицияға шығу барысында Қазақстанның оңтүстік шығысын жабайы алма мен өріктің орталығы деген болжам айтты. Кейін бұл болжам академик Аймақ Жанғалиевтің, сондай-ақ оның көптеген шетелдік әріптестерінің көп жылдық еңбегінің нәтижесімен расталды. [2 ]
Бұл ксерофитті өсімдіктер құрғақ, күн көзі көп түсетін жерлерде және де тау өзендері бар жерлерге жақын өседі (теңіз деңгейінен 1600 м биік). Таулы аймақтың солтүстік бөліктерінде көптеп кездеседі. Орманды белдеулерде 1000-1600 м теңіз деңгейінен жоғары қайың немесе қарағай ормандарында таралған, орта топырақты жерде доланалармен, итмұрындар, бөріжидекпен, таңқурайлар және т.б. өсімдіктермен бірге бұл алма сортары құрғақ, тасты жартастарда 2200 (2500) м теңіз деңгейінен жоғары жерлерде өседі. Жапырақты, сирек қылқан жапырақты ормандарда, тау өзені сайларында, тау баурайларында кездеседі. Жиі шағын (бірнеше гектар), дерлік иін тірескен тұтас тоғайлар, көбіне жекелеген даралар мен жеке топтар болып өседі.
Жабайы түрлерін – Құлжа, Қашқар, Алматы, Қаратау, Фергендық қыраттарда және Жоңғар Алатауында кездестіруге болады. Бұл жабайы алманың кеңінен таралған аймақтары болып саналады. Қазақстан территориясында Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауының 75%-ын Сиверс алмасы алып жатыр. [4 ]
1992 жылы Жетісу жерінде алмалардың аумағы 11 мың га жерді алды. Содан бері таралу аумағы қатты қысқарған. Алма ағаштарын кесіп, отынға жаратып, малдарын жайылымға қойып және жаңа тұрғындардың көшіп келуінен , жазық жерлерге айналдырған .
Соңғы жарты ғасырда ауыл шаруашылығы дақылдары мен саяжай құрылыстары әсерінен алма бақтарының көлемі қатты қысқарды. Бұл алманың түрі сонымен қатар малды шектен тыс жаю мен өрттерден зардап шегіп отыр. Популяцияның біразы Алматы, Ақсу-Жабағлы, Қаратау қорықтарында, Тянь-Шань мен Тарбағатайдың бірнеше қорықтарында, сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркінде қорғалады. [3]
Жетісу Алатауы жотасының солтүстік тау бөктерінде Жоңғар-Алатау Мемлекеттік Ұлттық табиғат паркі ашылды. Бұл аумақта қызыл кітапқа енген, жойылу қаупі алдында тұрған Сиверс алмасы өседі. Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің жалпы аумағы 356022 гектар жерді құрайды. Парк Алматы облысының – Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында орналасқан, 2010 – жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылды. Генетикалық резерват ретінде Іле және Жоңғар Алатауы тау ормандарының ең аз бүлінген табиғи учаскелері таңдап алынды. Резерват аймағында жабайы алма мен өріктің түрішілік алуантүрлілігі барынша мол ұсынылған. Мұны тиісінше жүргізілген генетикалық талдаулар мен биологиялық және экологиялық бағалаулар көрсетіп отыр. Орман генетикалық резерваттардың бөлінуіне аймақты зерттеу, түгендеу және картаға түсіру, далалық материалдарды өңдеу мен карталарды дайындау, биологиялық материалдардың үлгілеріне генетикалық зерттеулер жүргізу, генетикалық резерваттың төлқұжатын дайындау, келісу және бекіту жұмыстары алғышарт болды.
Алматы облысы аймағындағы резерваттың жалпы аумағы 559,9 га. құрайды. Соның ішінде Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи парк аймағында – 360 га, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ аймағында – 199,9 га [2].
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 06.05.2011 ж. №138 бұйрығымен бұл объектілер селекциялық-генетикалық маңызды объектілер тізіміне енгізілді. Осы объектілерді-генетикалық резерваттарды ұстаудың негізгі шарты олардың табиғи тепе-теңдігін бұзатын барлық шаруашылық қызметтерімен айналысуға тыйым салынуы болып табылады.
Іле Алатауы мен Жоңғар Алатау ұлттық табиғат парктерінің ғылыми бөлімдерінің күшімен мұнда ғылыми жұмыстар және олардың экологиялық жай-күйіне мониторинг ұйымдастырылатын болады.
Парк биоалуантүрлілікті, соның ішінде ғаламдық маңызы бар жабайы жеміс ағаштарының генофонды және айрықша экологиялық, генетикалық, тарихи және эстетикалық құндылықтардың қазынасы болатын табиғи тау ландшафтарын сақтау мақсатында жасалған. Аймақ таулы агроалуантүрлілікке бағытталған маңызды орталық болып табылады. Парктің жалпы ауданының 1,5 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. [1]
Жоңғар-Алатау ұлттық табиғат паркінің флорасында Қазақстанның қызыл кітабына жазылған сирек кездесетін және жойылу қаупі бар Сиверс алмасы, сепкілгүл, Жоңғар тасшөбі сияқты өсімдіктермен қатар, әлемнің еш жерінде өспейтін өсімдіктердің 76 түрі осы қырқаларда өседі. Бұл жерде сондай-ақ, жай өрік, жай бөріқарақат, дөңгелек жемісті бөріқарақат, Тянь-Шань шиесі, Алберт итмұрыны, Мейер қарақаты сынды жабайы жеміс-жидектің көптеген түрлерімен айырықшаланады.
Сиверс алмасы – бұл 2-8 метрге жететін ксероморфтық ағаш, жайылмалы өседі, кейде домалақтанып жинақы келеді. Қабығы қызыл-қоңыр реңді, қысқы суыққа төзімді. Ескі өркендерінің қабығы аздап қыртысты қоңыр сұр түсті. Жас өркендерінің қабығы тегіс, бір жылдық өркендері жуан, қысқа, тікенекті. Жапырақтары бүтін, жалпақ қандауыр пішінді немесе сопақша келген. Үлкен ағаштарында әжімдер секілді қыртыстары болады, түсі қызғылт-сұр келеді. Көпжылдық ағаш болғандықтан олардың бұтақтарында, аңдардың денесіне жабысатын тікенектері болады, тамыр жағынан өсетіндері қатты келеді. Біржылдық түрлері қалың, жалпақ қызыл түсті болады және ағаш майысып жерге қарай иіліп өседі. Тығыз бөрік басының аумағы дөңгелектеніп келеді, көкек-мамыр айларында гүлдейді, шілде-қырқүйекте жеміс береді. Жемісінің пішіні мен көлемі алуан түрлі, көбіне түсі қызғылт жолақты сары. Бүршігі аса үлкен емес 3 мм-ге дейін жетеді, қаныққан қызыл түсті келеді. Жемісінің қабығы қалың, одан балауыз дақтары шығады. Жапырақтары тері тәріздіс, доғал немесе иіліп келетін пішінді келеді, ені 6-8 см, алдыңғы жағы қатты түсіңкі, шеттерінде қызғылт дақтары болады. Жапырақ тақтасының шеттері қырланған, жалпақ немесе домалақ негізді, тісшелері бар, екі есе жіңішке пластинка тәрізді.
Табиғатта тұқымы және тамыр атпалары арқылы вегетативтік жолмен көбейеді. Гүлдері шатыр тәрізді 3-5-тен ораналасып өседі, ақ немесе ақшыл қызғылт түсті келеді, гүлдің диаметрі 3-4 см, шыны тәріздісі қою сұр түсті, гүл тақтасы мен сабағы түсіп тұрады.
Бес жеміс жапырақщаларына жатын ғана емес гүлдің тостағанша жапырақщаларының аталықтарының негіздері қатынасады. Эндокарпийі салыстырмалы тұрде қатты және тері тәрізді, ол ұяларда екі-екіден бос орналасқан, тұқымдарымен қоршап тұрады.
Бұтақтануы – симподийлі. Жапырағы – сағақты, қауырсын жүйкелі (қосалқы жапырақщалары бар). Гүлдері аналықтың үстінде орналасады. Гүл шоғыры моноподилі, қалқанша. Гүл серігі – қосқабатты, гетерохломидты, 5 мүшелі. Гүлі – полисимметриялы, пентоциклді, қосжынысты, актиноморфты.
*Са5Со5А G(1-5) *Са5Со5А(17-20)G(1-5)
Аталығы 17-20. Ортасында 5 аузы бар жатыны тостағанша ауызымен біріккен. Бұл төменгі жатын. Жемісі щырынды, алма жеміс - бес ұялы жеміс. Жемістің эндокарпийі салыстырмалы түрде қатты, тері тәрізді ұяларда екі-екіден бос орналасқан тұқымдарымен қоршап тұрады.
Алма жемісінің түзілуіне жатыннан басқа гүлтабаны, тостағанша мен күлтенің түбі және аталықтың төменгі бөлігі қатысады. Алма 5 ұялы жатыннан дамитындықтан жемісінің ішкі бөлігі қатты болады, әр ұясында екіден тұқым орналасады, сыртқы қабаты шырынды. Сондықтан алма жемісі өзінше «алма жемісі» деп аталады. Жемісі жеке-жеке, жалғыздан өседі, шар тәрізді немесе сопақша, диаметрі 3-8 см, ашық қызыл түсті, күлгіндеу, сары түсті, хош иісті, ащылау-тәтті дәмі бар, ұзындығы 5-10 см, жастары иіліп, түсіп ұрады. Тұқымдары сопақша, қою түсті, тегіс, ұзындығы 5-6 мм, ені 4-5 мм.
Сиверс алмасының өте бағалы емдік қасиеті бар. Жемісін біраз ішек қарын және авитаминоз ауруларынан емделгенде жеуге ұсынады. Бұл емдік сапасы жағынан Сиверс алмасы мәдени алмалардан артық. Бұл алманың ыстыққа, суыққа төзімді және витаминді сорттар шығаруда селекциялық мәні күшті.
Қазақстандық жабайы алмалардың жемісінің биохимиялық құрамы мәдени алмалардан кем емес, кейде тіпті артық: мысалы жабайы алмадағы қант мөлшері, мәдени алмадан 1,18% қана кем.
Жабайы алма жемісіндегі заттардың мәдени алмада болатын заттардың мөлшерінен артықшылығы мына көлемде: құрғақ заттар 1,6 – 8%, органикалық қышқылдар 2 – 5, пектин заттары 1– 5, ароматтық заттар 1– 5, илік заттар – 7% , витаминдерден: С 2 – 5, Р – 7, микроэлементтерден: марганец – 1,4, темір – 1,2, мырыш – 1,42, бор – 1, 38 және молибден – 1,5% артық. Бұлар өндірісте мәдени алмадан да жоғары сапалы тағам береді. Көптеген дигустациялық анализ қазақстандық жабайы алмадан алынған сусындарды, көптеген стандарттық сусындардан артық екендігін көрсетті.
Зерттеу барысында алманың биохимиялық құрамы анықталынды. Мысалы, 100 г. алманың құрамындағы нәрлі заттар( г): су - 83-87 г, ақуыз - 0,4 , май - 0,2-0,4, майлы қышқылдық - 0,1-0,2, майсыз қышқылдық - 0,1-0,2, көмірсулар - 9,8-11,8, моносахарид, дисахарид - 9,0, крахмал - 0,8, пектин - 1,0, органикалық қышқылдар - 0,8, күл - 0,5-0,8. Жоғарыда айтылған мәліметтерге сүйене отырып 100 гр алманың құрамы көмірсулар мен органикалық қашқылдарға бай болатынын дәлелдедік.
Сиверс алмасының 100 гр құрамындағы макроэлементтер мен микроэлементтер зерттелінді. Мұндағы макроэлементтердің құрамы (мг) : калий – 278, кальций – 16, магний – 9, натрий – 26, күкірт – 5, фосфор – 11, хлор - 2. Макроэлементтердің ішінде калий, натрий, кальцийдің мөлшері жоғары.
Ал алманың микроэлементтерінің құрамы: темір - 2,2 г, алюминий - 110 мкг, бор - 245 мкг, ванадий - 4 мкг, йод - 2 мкг, кобальт - 1 мкг, марганец - 47 мкг, мыс -110 мкг, молибден - 6 мкг, никель - 17 мкг, рубидий - 63 мкг, хром - 4 мкг, цинк - 150 мкг. Микроэлементтердің ішінде бор, цинк, алюминий, мыстың салмағының мөлшері жоғары.
100 г. алманың құрамындағы витаминдер (мг): витамин А - 0,02-0,10, витамин В1 (тиамин) - 0,01-0,03, витамин В2 (рибофлавин) - 0,01-0,03, витамин В3 (витамин РР) - 0,023-0,04, витамин В5 (пантотеналық қышқылдық, пантотенаттық кальций) - 0,07 мг, витамин В9 - 1,6-2,0 мг, витамин С - 10,0мг, витамин Н (биотин) - 0,3 мкг, витамин К (филлохинон) - 2,2 мкг, витамин В6 (пиридоксин) - 0,08 мг. Витаминдердің ішінде витамин С, витамин В9 салмағының мөлшері жоғары.
Жабайы алмадан тұратын ормандардың табиғаттағы рөлі күшті екенін ғалымдар дәлелдеді.Тереңге – 3,54 м, жан-жағына – 10-12 м тармақталып кететін тамырлары топырақты мықтап ұстап тұрады. Алма тоғайларында микроклимат жақсарады, температура мен топырақтың тәуліктік өзгерісі бірқалыпты реттеледі, топырақтың ауа және су режимі жақсарады. Мысалы, алма ағаштарының топырақты эрозиядан сақтап, онда ылғалды және ауа райын реттеп отыратыны анықталды. Алма ағаштары топырақтың физикалық, химиялық құрамын жақсартады, оларды шайылып, үгітілуден сақтайды. Табиғи популяцияның жағдайын бақылауды және барлық жерде қорғалуды қажет етеді. Саны қысқарып бара жатқан түр. Мәдени түрде өсіруді қолға алу керек.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Билич . Г.Л. Ботаника. том II. «Издательство АСТ» ,2004 г.- 210с.
2.Джангалиев. А.Д. «Дикая яблоня Казахстана» , Алма-Ата ,1977 г.
3. Байтенов. М.С. «В мире редких растений», Алма-Ата, 1985 г.- 180с.
4. Иващенко. А.А. «Растительный мир Казахстана» , Алма-Ата,2004 г.- 152с.