Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ҚОЗЫЛАР ЭШЕРИХИОЗЫНЫҢ ЭТИОЛОГИЯЛЫҚ ФАКТОРЛАРЫН ЗЕРТТЕУ

Автор: 
Айгүл Жакупова, Біржан Бияшев (Алматы, Қазақстан)

Аннотация

Жіті бактериалық ішек инфекцияларының негізгі қоздырушылары көбіне Enterobacteriaceae тұқымдастығына жатады. Қазақстан территориясында нарық шаруашылығында қой төлдерін асқазан-ішек ауруларынан сақтау шаралары күрт төмендеген. Мал шаруашылығына ауыл шаруашылығы төлдерінің асқазан-ішек аурулары кең көлемде зиянын тигізуде. Қой эшерихиозы тұрақтылыққа ие, себебі ірі шаруашылықтарда індеттік тізбекті тұрақты ұстайтын барлық факторлар бар.

Кіріспе

Жас төлдің негізгі шығыны асқазан-ішек және тыныс жолдарының ауруларымен байланысты. Әдебиеттердегі мәліметтерге және шет елдердегі авторлардың ғылыми зерттеулеріне сүйенсек, бұл аурулар жаңа туылған қозылардың 80 және тіпті 100 %-ын өлім-жітімге ұшыратады. Мұндай ауруларға жататындар эшерхиоз, сальмонеллез және диплококтық септицемия (стрептококкоз). Бұл аурулар дене қызуының көтерілуі, іш өтуі, сепсис, буындардың және өкпенің қабынуы сияқты ортақ клиникалық белгілермен сипатталады. Алғашқы 10-15 күнде қозыларды аман алып қалу қиынға соғады. Бұл мерзімде жаңа туылған қозылардың 50 %-ы өлім-жітімге ұшырайды. Оңтүстік Қазақстан облыстарында қозы эшерихиозы кеңінен таралған. Қазақстан Республикасы Алматы және Жамбыл облысы шаруашылықтарында қойлардың түсік тастауы, аурудың диарея белгілері және қозылардың өлімге ұшырауы жыл сайын тіркелуде [1, с. 391].

Эшерихиоз қоздырушысының таратушы көзі асқазан-ішек жолдарында ұзақ уақыт бойы зардапты эшерихиялар тіршілік етіп келген ауру және ауырып жазылған жануарлар болып табылады. Адгезиялық (беку, жабысу), инвазивті қасиеттерінің арқасында эшерхиялар ішекті жайлап, қарқынды түрде көбейгенімен қатар, көп мөлшерде термалабильді энтеротоксиндерін бөлу арқылы ауру ағымын күрделендіре түседі. Зардапты ішек таяқшалары өзінің ауру тудыру потенциалын сақтай отырып, сақа жануарлар организмінде сақталынуы, сыртқы ортаға жинақталуы мүмкін. Қоздырушының негізгі көзі – ауру жануарлар [2, с. 28].

Індет барлық жыл мезгілдерінде кездеседі, бірақ көбінесе қыс, жаз және көктем ауруды жұқтырады. Қора-жайларда қоздырушылардың жиналуы, ағза төзімділігінің төмендеуі, ауру малдарды бөлек ұстайтын изоляцияның болмауы және ветеринарлық-санитарлық талаптардың бұзылуы негізгі себептері болып есептеледі [3, с. 32].

Зерттеу материалдары мен әдістері

Зерттеу жұмыстары ҚазҰАУ «Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасы, «Бактериозға қарсы биотехнология» зертханасында және Алматы, Жамбыл облысы шаруашылықтарында жүргізілді. Зерттеу ҒЗЖ жоспарына сәйкес орындалды. Бактериологиялық және серологиялық зерттеулердің патологиялық материалы ретінде 145 сынама зерттелді, олардың: 25-і түсік, 42-сі өлімге ұшыраған қозылардың паренхиматозды ағзалары (жүрек, бауыр, көкбауыр, бүйрек), шажырқай лимфа түйіні, сүйек миы, 48-і диарея белгілері байқалған клиникалық ауру қозылардан алынған қи және 30-ы қан сынамалары. Ауруды жалпы балау әдістері қолданылды және микроорганизмдердің морфологиялық, өсінділік және антигендік қасиеттері анықталды.

Паренхиматозды органдар, лимфа түйіні және ащы ішектің құрамындағы нәжіс ЕПА, ЕПС, Китт-Тароцци, Эндо және Плоскирев агарларына себінді жасалды.

Бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін Эндо агары, ет-пептонды агар (ЕПА) және ет-пептонды қанды агар (ЕПҚА) пайдаланылды. Жеке тәжірибелерде селективті орта ретінде Плоскирев агары, Левин агары және висмут-сульфит агары қолданылды.

Эшерихия өсінділерін серологиялық идентификациясы жануарлар колибактериозын (эшерихиоз) зертханалық балау методикалық нұсқауына сәйкес (1991ж) жүргізілді.

Агглютинация реакциясын ойықшасы (лунка) бар полистиролды пласинкаларға 1 см3 көлемінде 1: 50-ден 12800-ге дейін сұйытылған қан сарысуымен қойылды.

Зерттеу нәтижелері

Оңтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтарында қозы эшерихиозының эпизоотологиялық жағдайы анықталды. Ауру және өлімге ұшыраған қозылардың 80% эшерихиялар үлесінде. Өлімге ұшыраған қозылардан эшерихияның 43 штамы бөлініп алынды, 09-30,5%, 0101-24,2%, 0142-22,6%, 026-10,4%, 0139- 8%, 0138- 4,3%. К88 адгезивті антигені 27% қозылардан бөлініп алынған штамдарда анықталды. Жиі кездесетін эшерихия сероварлары 09, 0101, 0111 және 0142.

К99 адгезивті антигені 8% қозылардан бөлініп алынған штамдарда анықталды. Эшерихия өсінділерінің көбінесе кездесетін серотоптары 0141, 026 және 078. Бөлініп алынған өсінділердің 28% гемолитикалық қасиетке ие.

Өлім көрсеткіштері аурудың бірінші аптасында жиі, ал екінші және үшінші, төртінші апталарында сирегірек кездесті. Аурудың клиникалық белгілері іш өтумен сипатталды. Ересек қозыларда мұндай белгілер байқалмады.

Келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, эшерихиоз ауруы кең таралған және түрлі интенсивтілігімен байқалатыны анықталды.

Эшерихиоз ауруының пайда болуы және ағза төзімділігі төмендеуінің негізгі факторлары болып:

  1. нашар азықтандыру, азық сапасын дұрыс бақыламау (токсикалық, шартты патогенді микрофлораның болуы т.б.)

  2. қораларда жануарлар ағзасына кері әсер ететін мөлшерден тыс улы газдардың жиналуы

  3. жаңа туылған төлдер ағзасының анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері

  4. ветеринарлық-санитарлық шаралардың төмендеуі

Инфекция қоздырушысының негізгі таралу көзі ауру сақа жануарлар болып саналды, сонымен қатар ауру тасымалдаушы болады. Олар патогенді эшерихиялар сероварларының негізгі таралу көзі болып саналады. Қозылар ауруды көбіне асқорыту жолында қоздырушының біріншілік локализациясы кезінде алиментарлық жолмен жұқтырады.

Қорытынды

Эпизоотологялық мәліметтерді қорытындылай келе, Оңтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтарында ауру және өлімге ұшыраған қозылардың 80% эшерихиялар үлесінде екені анықталды.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Сансызбай А.Р., Соловьев Е.В. Болезни молодняка сельскохозяйственных животных. - Алматы, 2000, - С. 391.

2. Бедоева З.М., Воронин Е.С., Девришов Д.А., Зайцева Е.В. Разработка средств иммунологического мониторинга и прогнозирования острых кишечных инфекций бактериальной этиологии // Вестник Российской академии сельскохозяйственных наук - 2006. № 3. – С. 28.

3. Турсункулова Б.Ш. Серопрофилактика сальмонеллеза и колибактериоза овец: автореф. дисс. канд. вет. наук. - Алматы, 1998, - С. 32.

 

Ғылыми жетекші: ветеринария ғылымдарының докторы,

профессор Бияшев Б.К.