Автор:
Амангүл Әділбек (Астана, Қазақстан)
Белгілі бір тілдегі әрбір сөз лексика - семантикалық жүйелердің бірлігі, яғни олар семантикалық топтарға қарама-қарсылық мәндегі (антонимдік қатар) немесе мағынасы жағынан ұқсас, бірдей ұғымдағы сөздермен (синонимдік қатар) топтасады. Сондықтан да салалас қатардағы сөздердің лексика-семантикалық тіркесімділігі туралы ерекше айтуға болады. Бірыңғайлар қатарындағы антонимдер мен синонимдердің бірыңғай мүшелер болып келу мүмкіндігі бірдей емес. Ғалым Н.Перетрухин былай түсіндіреді: «Языковые антонимы свободно сочетаются в границах закрытых сочиненных рядов, как правило, союзных и морфологических однотипных» [1,30 б.]. Антонимдер бірыңғай қатарда еркін топтасады. Әсіресе, олардың жабық қатар шегінде, яғни жалғаулықты және морфологиялық біртекті қатар құруы еркін. Алайда оларды байланыстыруда қарсылықты жалғаулықтар қолданылмайды. Антонимдік қатар мен олардың арасындағы семантикалық синтаксистік байланыс әртүрлі: ыңғайластық, талғаулықты. Мысалы:
Ескілік пен жаңалық қан майданға шықты.
Қартайған дәуір мен жас дәуір белдесті.
Олай болса, өлудің де, тірі жүрудің де айырмасы жоқ.
Бізге өлген де, тірі жүрген де бәрібір.
Және, былтыр мен биыл менің Петербурда, Түркістанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық еді.
Берілген контекстердегі антонимдік бірыңғай қатарларда (ескілік пен жаңалық), (қартайған дәуір мен жас дәуір), (өлген де, тірі жүрген де), (өлудің де тірі жүрудің де), (былтыр мен биыл) ыңғайлас жалғаулықтар қолданылған. Бұл жалғаулықтар арқылы салалас қатар шегіндегі антоним сөздердің қарама-қарсы сапасын, мезгілін білдіре отырып, оны бір заттың, бір істің бойында салыстырып тұрғанын байқаймыз. Сондай-ақ салаластырушы қатардағы антоним сөздердің жалғаулықсыз да байланысатынын байқауға болады. Бірақ олар өте сирек. Мысалы:
Талай кәрі, жас болыстар да бар.
Мылтық ұстаған сақалды, сақалсыз орыстар.
Сонымен салаластырушы қатардағы антонимдерге жалғаулықты да, жалғаулықсыз да байланыс тән. Олар салалас қатар тізбегінде еркін байланысқа түсіп бірыңғайлық қатар құрайды екен.
Сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің синонимдік қатармен келуі де кең көрініс береді.
Болыстар, саудагерлер, молдалар әбден ұяттан, ардан кетіпті.
Сыпан болыс Ақмолада белгілі, атақты, мықты болыстың бірі.
Шынында бұлардың бірсыпырасы қуатты, қайратты екені де рас.
Үкіметтің сөзі қазіреттің алдында сыпайы, әдепті.
Ал «ақ ауыз» дегені - ол күнгі бейнетің ақысыз, пұлсыз далаға кетті деген сөз.
Бұл сөйлемдердегі салалас қатардағы синонимдер жалғаулықсыз тең дәрежеде байланысқан. Жалғаулықсыз құрылымдарда синонимдер семантикалық жағынан жақындасады. Салаластырушы жалғаулықтар бірыңғай қатарда синоним сөздерді салыстыруға, қатар қойып мағынасын ашуға, айырмашылығын анықтауға, оларды бір қатар шегінде салаластыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бірыңғай мүшелердің қатарын қос сөздер де құрайды. Бірыңғай бастауыш, бірыңғай толықтауыш, бірыңғай анықтауыш, бірыңғай пысықтауыш қызметіндегі қос сөзді бірыңғайлар көп қолданылады. Мысалы:
Еркек-әйел, бала-шағалар қотанның шетінде жиналып отырды.
Лай су үсті-басыма, бет-аузыма сіңіп бақты.
Үкіжан бәйбіше ап -арық, нап- нашар әйел емес пе?
Ол Алматының түп -түзу, кеп- кең көшелеріне қарады.
Бірыңғайлық қатарда идиомаланған, фразеологиялық тіркес, мақал мәтелдермен күрделеніп келген тіркестер де кездеседі. Мысалы:
Бұл школ бітіріп шыққан Алашорданың тұңғыш офицерлерінің «тұңғыш ауыздануы», «тырнақ алдысы» қазақтан басталды.
Сол үлкен сында, тар жол тайғақ кешуде шын қасиетті адамдардың жаратылыстары айқын көрінеді екен.
«Не болса да тәуекел», «Қазаттыққа шығамыз», «Қазатта жүріп өлген кісі шейіт», «Қазатыққа шыққан сауап» деседі.
«Қасқар да қас қылмайды жолдасына», «Атаң да болса бір жолдас» деген мақалдарды Әзімхан берік ұстаушы еді.
«Ұйқы адамның дұшпаны», «Ұйықтағанды ұйқы алады, ұйықтамағанды жылқы алады» деген бар емес пе?
Осы контекстердегі фразеологизмдер (тұңғыш ауыздануы, тырнақ алдысы) бірыңғай бастауыш, (үлкен сында, тар жол тайғақ кешуде) бірыңғай толықтауыш, («Не де болса тәуекел», «Қазаттыққа шығамыз», «Қазатта жүріп өлген кісі шейіт», «Қазатқа шыққан сауап») бірыңғай пысықтауыш, мақал- мәтел («қасқыр да қас қылмайды жолдасына», «атаң да болса бір жолдас»; «Ұйқы адамның дұшпаны», «Ұйықтағанды ұйқы алады, ұйықтамағанды жылқы алады» ) бірыңғай анықтауыш қызметінде жұмсалып, сөйлемдегі ойды күрделендіріп тұр.
Ғалым Т.П.Ломтев бірыңғайлардың морфологиялық тұлғасын екіге бөліп көрсетеді:
-
Әр түрлі сөздердің бір типті формалары (одноименные формы разных слов)
2. Әр түрлі сөздердің әр түрлі формалары (разные формы разных слов) [2,73 б.].
Қазақ тіл білімінде бірыңғайлардың морфологиялық формалары туралы ғалым С.Аманжолов: «Кейде сөйлем мүшелері әр түрлі сөз табымен айтыла беретін болғандықтан бірыңғай мүшелердің формасы да түрліше болып келуі мүмкін, бірақ мұндайда олардың сұрауы біреу-ақ болады»,- дейді [3, 259 б.]. Бұл пікірлерден сөйлемнің бірыңғай мүшелері әртүрлі сөз таптарынан әртүрлі тұлғада немесе бірдей сөз таптарынан әртүрлі морфологиялық тұлғада қолданылатынын байқауға болады. Мысалы:
1. Бірдей сөз таптарынан әртүрлі тұлғада жасалған бірыңғай мүшелер:
Әуе тұп-тұнық, таза, жібектей жұмсақ.
Көзі дөңгелек, қызыл шырайлы, қараторы, қара сақалды кісі көрінеді.
Екеуінің көйлектері кіршіксіз, ақ, қайырма жағалы еді.
Бірінші сөйлемдегі бірыңғай анықтауыштар әртүрлі шырай түрлерінен күшейтпелі шырай (тұп-тұнық), жай шырай (таза), салыстырмалы шырайдан (жібектей) жасалса, екінші сөйлемдегі бірыңғай анықтауыштар сын есімнің әр түрінен жасалып тұр. Үшінші контекстегі бірыңғай анықтауыштар қатары сын есімнің -сыз -сіз болымсыз түрінде, қатыстық күрделі сын есімнен (қайырма жағалы) жасалып бір баяндауышты анықтап тұр.
2. Әртүрлі сөз таптарынан, әртүрлі тұлғада жасалған бірыңғай мүшелер:
Бірақ самбырлаған сөз, шабу, шаң- шұң басылатын емес.
Адасқан, күллі дүниеде жалғыз қалған сияқты бір жанмын.
Сол екі арада қару-жарақты, едіреңдеген, суыт, бес-алты кісі қораға кіріп келді.
Жүгіріп, жын қуғандай, есінен айырылған адамша шахтыдан шықтым.
Неше түрлі құбылған, бұралған, кестелі, өрнекті, сұлу ән естіледі.
Осы сөйлемдердің алғашқысындағы бірыңғай бастауыштар есімше мен зат есімнің тіркесуінен (самбырлаған сөз), тұйық етістіктен (шабу), еліктеу сөзден (шаң-шұң) жасалып тұрса, екінші сөйлемдегі бірыңғай толықтауыштар есімшеден (адасқан) және есімдік пен зат есімнің тіркесуінен (күллі дүниеде), үшінші сөйлемдегі бірыңғай бастауыштар қос сөзді қатыстық сын есімнен (қару-жарақты), есімшеден (едіреңдеген), сапалық сын есімнен (суыт), зат есім мен сан есімнің тіркесуінен (бес-алты кісі) жасалған. Төртінші сөйлемнің бірыңғай қатарындағы пысықтауыштар көсемшеден (жүгіріп), есімшеге -дай -дей -тай -тей теңеу, салыстыру жұрнақтары жалғану арқылы (жын қуғандай, есінен айырылғандай) жасалып тұр.
Осы талданған тілдік деректерден байқағанымыз сөйлемнің бірыңғай мүшелері әртүрлі сөз таптарынан әртүрлі тұлғада немесе бірдей сөз таптарынан әртүрлі формада жасалып бірыңғайлық тізбек құрып, бірдей синтаксистік қызмет атқарады екен. Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері көбінесе бірдей сөз таптарынан жасалады. Алайда олардың әртүрлі сөз таптарымен әртүрлі грамматикалық тұлғада жұмсалуы да қазіргі қазақ тілінде ұшырасады. Бірыңғайлық қатар құрудың негізі бірдей сұрақтарға жауап беріп, бірдей синтаксистік қызмет атқаруы болып табылады.
Сонымен қазақ тіліндегі тұрлаулы, тұрлаусыз сөйлем мүшелерінің барлығы да бірыңғайлық қатар құрап тұрады. Бірыңғай мүшелердің лексика- семантикалық, морфологиялық тұлғаларына келсек, құрамында антоним, синоним, қос сөздер, идиомаланған, фразеологиялық тіркестер де, лексикалық мағыналары әр түрлі, бірақ бірдей синаксистік қызмет атқаратын бірыңғайлар да кездесетінін атап айтуға болады. Сөздердің лексика-семантикалық тобына жататын антоним және синонимдердің бірыңғай қатарлар шегінде орналасуы бірдей емес. Антонимдер бірыңғай мүшелер қатарын еркін құраса, синонимдердің бірыңғайлық қатар құрау мүмкіндігі төмендеу екенін байқауға болады. Бірыңғай мүшелерде лексикалық қайталаулар әрбір бірыңғай мүшенің жетегінде келіп, сөйлем құрылымын күрделендіріп, қосымша ақпарат айтуға мүмкіндік береді. Сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің құрамында бірдей сөз табынан әр түрлі тұлғада немесе әртүрлі сөз табынан әртүрлі морфологиялық формада жасалатын бірыңғайлар тізбегі де болады. Сонымен қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері тілдің барлық стилінде, әсіресе көркем әдебиет стилінде тілдің көркемді, айшықты айтылуы үшін кеңінен жұмсалады. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері бір-біріне грамматикалық жағынан тәуелсіз, алайда салаласа байланысып, ортақ бір мүшеге тәуелді болады.
Әдебиеттер:
-
Перетрухин Н. Проблемы синтаксиса однородных членов предложения современного русского языка. Воронеж, 1979. – 30 б.
-
Ломтев Т.П. Основы синтаксиса современного русского языка. Москва, 1958. – 73 б.
-
Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1994. –259 б.