Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ӨСІМДІКТЕРДІҢ АТАУЛАРЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Автор: 
Нәзгул Әужанова (Талдықорған, Қазақстан)

Жер беті өсімдіктер дүниесіне бай. Дүние жүзінде олардың 500 000 түрі өседі екен. Сол 500 000 өсімдіктің 200 000 суда, қалғандары кұрықта өсетін көрінеді. Ал қолдан өсірілетін мәдени өсімдіқтердің түрі 20 мыңнан асады.

Ал ат қою дегеніміз не?

Aт белгілі бір затты, нәрсені қоғам мүшелері жақсы білуі, тануы үшін, сол затқа танымал сөздік белгі. Ол белгі бүкіл қоғам мүшелеріне ортақ, болуы керек және заттың ең басты қасиеттерін қамтуы қажет.

Өсімдік атаулыларда басқа кез-келген заттардың атаулары сияқты қажеттіліктен туған. Адам белгілі бір өсімдікке ат қойғанда оны өзі сияқты басқа өсімдіктермен шатастырмас үшін, басқалардан ажырату үшін олардың әрқайсысына өзінше бөлек-бөлек ат қояды.

Халық тарихы тым ертеден басталатындығы мәлім. Ендеше, «мына атау бірінші шықты», «ана атау екінші шықты» – деу үшін, сол халықпен бірге туып, бірге жасасып, әр сөздің шыгу тарихына жылнама жазу керек. Қайсысы болған күнде де, әйтеуір, алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдардың күнделікті тіршілігіне, күн көрісіне аса қажетті, маңызы зор, пайдасы мол өсімдік атауларының бірінің аты екендігіне дау жоқ [3, 19 б.].

Ондай аса қажетті «өсімдіктер» – деп біз тамаққа пайдаланылатын, онсыз тіршілік жоқ бидай, арпа, тары, бұршақ сияқты дәнді-дақылдар мен алма, өрік, шие, бүлдірген, жүзім тәрізді жеміс-жидектерді айтамыз. Олардың қатарына желден, суықтан қорган болатын, басқа пана, жанга сая. емен сияқты ағаштарды да жатқызуға болады.

Кейде тіпті «қалай-қалай тап басып, тауып қойған», «қандай әдемі теңеулер тапқан», деп таңырқайсың, таңданасың. Өйткені ол атауларда поэтикалық образдар, нақтылы бейнелер бар. Ойнақы әзіл, жеңіл мысқылдар да жок, емес. Бірақ қалай болған күнде де сол өсімдіктердің басты қасиеттері мен белгілерін дәл басатын атаулар мен мұндалап тұрады.

Қазақстан жері өсімдік түрлеріне қаншалықты бай болса, халқымыз сол өсімдіктердің атауларына да соншалықты бай. Олар тілімізге берік етіп, қатынас құралы ретінде ауызекі тілде кеңінен қолданылып жүр. Атақты ақынымыз І.Жансүгіров өзінің «Жетісу суреттеріндегі», «Жер түгі» деп аталатын небәрі 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш пен 60-қа жуық шөптің, құрайдың барлығы 90 түрлі өсімдік атауларын келтіреді. Өсімдіктер туралы, олардың атаулары туралы өлең жазған жалғыз I. Жансүгіров емес. Ақыңдарымыз К.Әзірбаев «Шөп аттары», Ж. Шантөбетов «Қызылқұм көрінісі», С.Мусабеков «Шөлдің түгі» – деген өлендер жазып, өздері туған, өскен жерлерден өсімдіктер дүниесіне байланысты ой-өрнектерін әдемілеп суреттеген.

Өсімдік атауларының қазақ тілінде этимологиялық жағынан арнайы зертгелген емес. Дегенмен де белгілі тіл мамандары – Ә.Қайдаров, Ш. Сарыбаев, Ә.Нұрмағамбетов сияқты аға ғалымдарымыздың еңбектерінен бірлі жарым болса да өсімдік атауларына этимологиялық талдау жасалгандығын табуға болады. Мәселен, 1966 жылы шыққан «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» Ш.Сарыбаев «алмұрт» сөзін өз тіліміздегі «ашық қызыл» мағынасындағы, ал сөзі мен парсының алмұрт (груша) мағынасындағы «моруд» сөзінің қосылуынан жасалган дегенді айтады. Одан әрі автор «қарақат» сөзін «қаражидек» деп түсіндіреді.

Ә.Қайдаров «меңдуана» (белена, дурман) сөзінің этимологиясына байланысты сол сөздікте: «Бұл сөз Иран тілдерінде банг (үнді қарасорасы) және девана (ақылынан адасқан, есерсоқ, есуас) деген дербес екі сөздің бірігуінен, яғни қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне сәйкес банг сөзі мен формасына, «девона» сөзі «дуана» формасына ауысу арқылы жасалған – дейді.

Ә.Нұрмағанбетов өзінің «Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні» деген кітабында «аскелді», «боташық», «келімдәрі», «көмбеқонақ» – деген сияқты өсімдік атауларының төркінін ашуға талпынған. Автордың айтуынша Маңғыстау, Шымкент облыстарының кейбір аудандарында қолданылатын аскелді (асқабақ сөзі) ас және келді деген екі сөзден тұрады. Мұндағы «келді» сөзінің төркіні – парсының «кәду» (асқабақ) деген сөзі. Бұл сөз парсы тілінен түрікмен тіліне – «кеду» түріне ауысқан. Түрікменде туратын қазақтардың тілі сол туыстас тіл арқылы ол сөзі «кеді» түрінде енген [2, 57 б.].

Орал облысында қолданылатын «боташық» (картоп) сөзінің «түп» төркіні – араб тілі екен. Онда бұл сөз «бататис» (картоп) түрінде айтылатын көрінеді Ә.Нұрмагамбетовтың пікірінше, келімділі, керімдәрі (қызыл бұрыш) сөздерінің төркіні де – араб-парсы тілдері. Бұл сөз Алматы, Жамбыл облыстарының кейбір аудандарында айтылады. Парсы тілінде гәрм – «ыстық қызулы» мағынасын білдірсе, дару – «ем, шипа» дегенді білдіреді. Сонда парсыша «керімдәрі» – «ыстық», «қызулы ем» деген сөз. Ал «керім» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «аса, өте» дегенді білдіреді екен. Егер сөз төркіні парсы тілі емес, араб тілі деп білетін болсақ, онда«керімдәрі» қазақша айтқанда – «аса ем, өте шипа» болып шығады.

Өсімдік атаулыларының этимологиясын ашуда, сондай-ақ белгілі совет түркологтары Э.В. Севортян, Л.Б. Дмитриева, А.К. Боровков сияқты ірі ғалымдарымыздың да еңбектері зор. Мәселен, Э.В. Севортян өзінің «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» деген еңбегінде балдыр, балдырнан, бұршақ, өлең сияқты көпшілік түркі тілдеріне ортақ бірқатар өсімдік атаулыларына этимологиялық талдау жасап, олардың түп төркіні – көне түркі тілі екендігін айтады [1, 63 б.].

Түркі тілдеріне ортақ өсімдік атаулары

Түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де ортақ өсімдік атаулары – тіліміздеігі ең әріден келе жатқан көне атаулар.

Олар негізінен түркі халықтары мекен еткен аймақтарға тән, шаруашылық маңызы зор, күнделікті тұрмысқа пайдалы: арша, шырша, емен, қарағай, тал, қарағаш, жеке, шие, қарақат, ыргай, арпа, бидай, сұлы, қонақ, кендір, балдыр, бүлдірген, коде, бетеге т.о. осылар сияқты ағаш, бұта, жеміс-жидек, астық, шөп атаулары.

Нақтылы мәлімет беру ушін, алдымен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде қандай өсімдік атаулары кездесетіндігін атап өтелік. Ол үшін бірініші кезекте, XI ғасырға тән Махмуд Қашқаридың «Диванына» жүгінеміз, онда түркі тілдерінің біразына ортақ оның ішінде қазақ тіліне де тән мына сияқты өсімдік атаулары кездеседі:

Айва (ayja), алма (alma), андыз (anduz), арпа (агра), арпаған (аграуап), бидай (budai), жаңғақ (iayag), жуа (Java), жусан (japсаn), жыңғыл (jilyun), жекен (jekan), жоңышқа (joruncga), жүзім (uzum), кекіре (kekra), қабақ (dabag), қайың (gajin/gabin), қаңбақ (gabag), қамыс (gamis), караған (garayan), қарамық (garamie), қауын (gayun/gajun), өрік (erik), және т.б.

Бұл сияқты ортақ атаулардың біразын XII-XIV ғасырларға тән көне қыпшақ тілінің әйгілі ескерткіші – Кодекс Куманикустен де ұшыратуға болады.

Мысалы, алма (алма), алмұрт (армут), арпа (арпа), бадам (бидам), бидай (богдай), бодай (бугдай), бұрыш (бурч), жүзүм (йузім/узум), қабақ (қабақ, қаудан/кавдан), қауын (кавун/қоун), өрік (өрік); шабдалы (шафталу), әнжәр (інжір) т.б.

Әрине, түркі тілдеріне ортақ өсімдік атаулары бір бұлар ғана емес. Тілімізде түркі тілдеріне ортақ, бұлардан басқа да өсімдік атаулары жеткілікті.

Араб-парсы тілдерінен ауысқан өсімдік атаулары

Қазақ тілінен басқа тілдерден ауысқан өсімдік атауларының ішіндегі ең көбірегі – араб-парсы тілдерінен енген атаулар. Олар қазақ тіліндеті өсімдік атауларының 2-3% құрайды. Мысалы: алмұрт (әмруд), алша (элучә), анар (әнар, нар), арша (арчә), баклажан (бадәнжан), беде (бидә), бұрыш (морч), қарбыз (тарбуз, хәрбузә), жүгері (джухари) т.б. Араб-парсы кірме сөздерін зертгеген Л.Рустемов былай дейді: «Араб және парсы тілдері өзге тілдердің лексикасын толықтыратын қайнар көз болып қана қойған жоқ [4, 84 б.]. Сонымен бірге араб-парсы тілдері де ғасырлар бойы өздерінің сөздік қорын толықтыру үшін шетел тілдерінен сөз қабылдап, оларды өз тілдерінің фонетика, грамматика жағынан толық игеріп, өзінің лексикалық қорына қосып келеді».

Орыс тілінен ауысқан өсімдік атаулары

Қазақ тіліне орыс тілінен сол орыс тілі арқылы басқа тілдерден ауысқан өсімдік атаулары да әжептәуір. Олар үш топқа жіктелінеді.

Бірінші топ – орыс тілінен немесе орыс тіліндегі күйінде, яғни ешібір дыбыстық не мағыналық өзгеріссіз ауысқан атаулар.

Мысалы: ананас, антоновка, анис, апельсин, астра, астраган, бамбук, банан, гладиолус, женьшень, какао, кактус, лавр, лотос, ма­гнолия, мандарин, нарцисс, пальма, папирус т.б.

Екінші топ – тілімізде орыс тіліндегі атауымен бірге қазақша баламасы да жарыса қолданылып жүрген атаулар: алоэ – алоэ, жүз жылдық; акация – акация, ақ қараған; арахис – арахис, жержаңғағы; капуста – капуста, қырыққабат; картофель – картофель, картоп, картопия; лилия – лилия, лалагүл; петрушка – петрушка, ақжелек, ақжелке, ақжелкен; помидор – помидор, қызанақ, түйекөтек, редька – редька, шомырт, роза – роза, раушан; сирень – сирень, гулшетен; фасоль – фасоль, үрмебұршақ т.б. [5, 11-94 б.].

Ал үшінші топқа: аир (айыр, иір), айва (айва), арбуз (қарбыз, дарбыз), баклажан (бадинжан, бадинган), изюм (жүзім), инжир (інжір), лимон (лимун), урюк (өрік), фундук (кіндік), хна (қына), чай (шай) деген сияқты өсімдік атаулары жатады. Бұлар бір кезде түркі тілдерінен орыс тіліне ауысқан.

Сен білесің бе?

* Үндістан мен Бирманың тропикалық ормандарында баньян атты алып ағаш өседі. Оның биіктігі 60 метрге жетеді. Ағаштан бір бұтақ салбырап жерге түссе болды, ол топыраққа тиісімен өніп, тамыр жая жөнеледі. Осылайша желі тартып, тізбектеліп кете береді.

Осы алып ағаштың жерден өніп шыққан жуанды-жіңішкелі 6 мындай діңі бар. Кейбір бұтақтарының жуандығы пілдің беліндей болады. Сөйтіп, жалғыз ағаштан өсіп-өнген кішігірім орман алыстан шоқталып, қарауытып көрінеді. Бір баньянның көлеңкесіне 7 мыңдай адам сыяды. Ғалымдар бұл ағаштың өсіп тұрғанына 3 мың жылдай болған деген болжау айтады.

* Ағашта қауын өседі дегенге бола ма? Американың тропикалық ормандарында сондай ағаштар көп екен. Тек жемісі «қауын» емес, «мамон», деп аталады. Дәмі қауыннан әлде қайда дәмдірек. Бұл ағаштардың биіктігі 10 метрге дейін жеткенімен, нағыз ағаш емес көп жылдық шөп тәріздес өсімдік.

«Мамон» қауындары витаминге бай болады. Одан техникада, тұрмыста, медицинада пайдалыналатын жүзге жуық әр түрлі заттар мен дәрілер дайындалады.

* Естімеген елде көп деген, Азербайжанның Ленкоран ауданының балалары қыс айларында да конфет жегісі келсе, дүкенге бармай-ақ ауладағы ағаш басына шығады. Конфет ағаштарының қоңыр түсті жемісінің дәмі жүзім дәмі тәріздес, хош иісті келеді. Олардың құрамында 47% дейін қант және түрлі витамин бар. Бұл «конфет» сол күйінде немесе өңделіп те тұтыныла береді, кондитер өнеркәсібінде пайдаланылады. Әр ағаштан 20 килограммға дейін жеміс – конфет жиналады.

* Жер бетіндегі ең тәтті өсімдік Парагвайда өседі. Оның нәрі қанттың өзінен үш есе тәттірек. Бір стакан кофеге немесе шайға бір тамшы тамызсаң, сусын тәп-тәпті боп шыға келеді.

* Флорида жарты аралында «сабын ағашы» өседі. Оның піскен жемістерін үйкегенде, көбік пайда болады. Жергілікті тұрғындар қандай зат жуса да, осы «сабынды» қолданады.

* Австралиядағы Тасмания көлі жағалауында өсетін әр түрлі өсімдіктер дүниесі қазір өнеркәсіп үшін кеңінен пайдаланыла бастады. Мұндағы өсімдіктерден өте бағалы зат – альгинат натрийі алынады. Бұл – қанттың дәл өзі, дәлірек айтқанда, жартылай қант. Ол көптеген дәмді тағам өнімдерін шығаруға пайдаланылады.

* Өсімдіктер әлемін зерттеуші ғалымдар өсімдіктердің 10 000 түрін улы деп есептейді. Алайда улы өсімдіктердің бәрі бірдей қатерлі емес. Кейбіреулері белгілі бір мерзімде өсіп жетілгенше бұл қасиетін сақтайды. Соның ішінде әсіресе, колеңкеде өскен улы шөптің уы мол болады. Улы есімдіктердің көбінен неше түрлі бағалы дәрі-дәрмек жасалады. Демек, улы өсімдіктер де адамзатқа пайдалы.

* Кейбір өсімдіктердің он бойы түгел улы емес. Әрқайсысының қасиетін тани білуі керек. Мысалы, қызанның (жемісі мен дәні) улы емес екенін елдің бәрі біледі. Алайда, сабағының, жапырағының, тамырының иісі қолқаны қабады, яғни улы.

* Улы өсімдіктердің көбі гүлдерімен ғана емес, хош иісімен де назар аударады. Маржангүлдің (ландыш) хош иісіне елдің бәрі қызығады. Ал бұл гүлді салып қойған суды ауызына алған адам уланады.

* Ауыл маңындагы сай-саладан, қоқсық төгілген жерден сары гүлдерінің жиегі күлгін түсті шеңберлі боп келетін мендуананы жиі кездестіруге болады. Бірақ иісі өте жағымсыз. Күзге қарай гүлдің орнына құмдай ұсақ дәнге толы қоңыраушалар пайда болады. Меңдуана – өте улы өсімдік. Меңдуананың тағы бір түрі – қара меңдуана. Үлкен жапырақты, алақандай аппақ қоңырау гүлдер ашады. Күзге қарай әлгі гүлдердің орнына сырты тікенекті кәдімгі жаңғаққа ұқсайтын жеміс пайда болады. Іші түйіршік тұқымға толы. Оның тұқымы де улы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Арыстангалиев С., Рамазанов Е. Қазақстан өсімдіктері. – Алматы: Рауан, 1977.

  2. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы: Қайнар, 1966.

  3. Калиев Б. Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары. – Алматы: Ғылым, 1988.

  4. Бекмұханбетов Е.Б. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. (Түсіндірме сөздік). – Алматы: Рауан, 1977.

  5. Калиев Б.Өсімдік атауларының орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігі. – Алматы: Қайнар, 1993.