Автор:
Жансая Жунисбекова, Тауекел Сандибеков (Қызылорда, Қазақстан)
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа жолдауында: «Болашақта өркениетті елдердің алдыңғы қатарына ену бағдарламасына байланысты еліміздің шағын және орта кәсіпорындарының жаңа даму бағыттарын айқындап, шикізатты қалдықсыз тиімді өңдеу технологиясын жетілдіру мәселесін қарастыру міндеттері жүктелді»-деген болатын. Елбасының жолдаулары әдеттегідей жетістік-
терімізді саралап, келешегімізді бағдарлауға, ең бастысы
— баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе
айқындауымызға бағытталып келеді[1]. Айқындалған мақсаттар әлеуметтік-экономикалық әлеуетті дамытудың мүмкіндіктерінің бірі деп қарастыра аламыз.
Қазақстанның күріш жармасын өндіруде 80 пайызын қамтамасыз ететін Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары көптеген миллион қаржылық ресурстар көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге несие түрінде, тура инвестициялар түрінде, тұқым өндірісіне демеу қаржы беру арқылы, минералдық тыңайтқыштарды алуға және басқаларға жұмсалуда. Қабылданған шаралар мен ішкі рыноктағы күрішке деген бағаның тұрақты өсуі өзіміздің күріш шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігіне оң әсерін тигізді. Дақыл толығымен шығып, өсіп-өну кезеңдері бойынша пісіп-жетілді. Бастапқы кезде күріш дақылы жабайы жерлерге себілді, кейін күріш күрделі жерді тегістеу жұмыстарынан кейін егілетін болды. Өйткені, дақыл суда тұрып өсетін болғандықтан су атызда тегіс жатуы қажет, егер ол жер тегіс болмаса күріш қалыпты жағдайда өсе алмай, өнім аз алынатын болды. Айтылған технологияның қалған түрлеріне сүдігер жырту, дискілеу, тырмалау т.б, жұмыстар кіреді. Осы айтылған технологияны қолдану нәтижесінде күріштің республика көлемінде орташа өнімі 50-60 центнерге жетіп, кейде одан да көп өнім алынып, халқымыздың әл-ауқатын көтеру бағытында игі жұмыстар атқарылып, еліміз қол жетімді табыстарға кенелді. Тамшылатып суару технологиясы негізінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдары шығарған Ару, КазНИИР-5 және Ресейдің Янтарь сорты себілді. Бұл сорттар әр мезгілде пісіп-жетіледі. Мысалы, Ару сорты 85-90 күнде, КазНИИР-5 90-100 және Янтарь 114-117 күнде піседі және бұл сорттардың тұқымдастығы да әртүрлі болды. Атқарылған жұмыс қорытындысында себілген сорттардың физиологиялық кезеңдері бұзылмай, бірқалыпты тамшылатып суару негізінде жетіліп, өнім берді. Бұл жаңалық республика және ТМД көлемінде болмаған жағдай. Тамшылатып суару кезінде дақылдың тамыр жүйесі орналасқан топырақ қабатындағы ылғал және жылу жеткілікті болып, соның нәтижесінде қоректік заттарға, дақылдың дамуына қолайлы жағдай туды. Соның нәтижесінде күріш толық пісіп, өнім берді. Осы орайда пісіп тұрған күрішке судың аздығын көрсететін, өсімдік аурулары және өсімдіктің дамуына кері әсер ететін басқа құбылыстар болған жоқ. Сонымен қатар, алынған өнім табиғи қалпында сақталды. Қолданылған технология нәтижесінде жұмсалатын су мөлшері ертеден қолданылып жүрген технологиямен салыстырғанда 1 гектарға есептегенде 10-15 есе аз жұмсалды және топырақтың тұздану, сортаңдану қаупі болмады [2]. Бұл орайда тамшылатып суарудың тиімді екені айдан анық белгілі болып отыр. Қорыта айтқанда, тамшылатып суару технологиясы бойынша біздің дүние жүзінде алғашқылардың бірі болып ғылыми нәтижелерге қол жеткізгендігімізді атап көрсетпекпіз.
Кластерлік негізде күріш өндірісінің дамуы бірінші кезекте күріш өңдеу өнеркәсібінің қалдықтарын толық пайдалануға қайта бағдарлауды қарастырады: күріштің дән ұсағы, күріш ұнтағы, қауызы. Күріш өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін және алынған өнімдердің сапасын арттыруда ұсақталған күріштен крахмал өнімдерін алу үшін терең өңдеу мен оның қалдықтары өндірісінің маңызы зор. Күріш салысын өңдеу кезінде 30%-ға дейін күріш қалдығы болады.
Бүгінгі таңда дүниежүзінде 3,5 миллиардтан астам халық күріш тұтынады. Бағалы өнімге сұраныс жылма-жыл артып келеді. Облыс диқандары елімізде дақылдың 85 пайызын қамтамасыз етеді. Сыр маржаны шетелдің 10 мемлекетіне экспортқа шығарылады. Олардың қатарында Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан сынды елдер бар[3]. Крахмал өндіретін және оны сірнеге қайта өңдейтін ТМД елдерінде барлығы 16 кәсіпорын бар. Ұсақталған күріш дәнін спиртке өңдеу қымбат жабдықтарды қажет етпейді, өзіндегі бар шикізаттың көлеміне қарай әрбір фермер ондай жабдықты ала алады. Шикізаттың құрамындағы крахмал ашытқымен тікелей спиртке өңделмейді. Алдымен шикізатты солод ферменттерімен қанттандырады да қантты сусло алынады, сонан соң ашытады. Ашытылған массаны спирт алу үшін айдайды. 5% кем емес крахмалы немесе қанты бар өнімнен ғана спирт алынады. Бидай, сұлы, жүгері дәнінің құрамында 50-70% крахмал болса, арпада – 40%, күріш дәнінде — 80%-ға дейін, картопта – 20%-ға дейін, қант қызылшасында – 14-22%, жеміс-жидектің көпшілігінде – 4-18%, сондықтан күріштен спирт өндіру жоғары рентабельді өндіріс болып табылады.
Спирт алу үшін ұсақталған күріштен алынған ұнды және күріш салысын өңдеуде 14%-ға дейін алынатын күріштің ұнтағын пайдалануға болады. 10 литр суға крахмалдылығына байланысты 4-8 кг ұн және 1,5-3 кг арпаның немесе қара бидайдың солоды алынады. Солодты өндірілген және ұнтақталған арпаның тұқымынан алады. 10 кг күріш ұнынан немесе ұнтағынан 4,2 литр спирт алуға болады. Ресейден шығарылатын құны 2 мыңдай АҚШ доллары болатын РУМ-3 қондырғысы тәулігіне 50 литрден артық таза спирт шығара алады. Самогон айдайтын аппаратты толық жүктемелегенде де күн сайын 500-600 литр ашытпа қажет. Бұл әрине өнеркәсіптік өндіріспен теңесе алмайды, бірақ шаруа қожалықтарының мүмкіндіктеріне толық жарайды және маусымдық шикізатты өңдеу көп уақытты алмайды. Мұндай қондырғылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қажет нәрсе, себебі олар шаруашылықты тиімді және үнемді жүргізуі үшін көптеп қалатын ауыл шаруашылығы шикізаттарын қалдықсыз өңдеуге мүдделі болады.
Күріш майы майлықышқыл құрама бойынша тәуір тамақ (салат) майларының, яғни арахис, оливка және басқалары сияқты түрлеріне жатады. Тазартылған түрінде бұл май кондитер заттарын, майонез, әр түрлі салаттар мен соустар дайындауға пайдаланылады. Күріш майының өндірісі АҚШ, Жапония, Индия, Пәкстан, Қытай және басқа да елдерде жолға қойылған. Бұл майды алуда шикізат есебінде күрішті сорттау өндірісінде қалдық болып есептелінетін күріш ұнтағы пайдаланылады. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін елімізде мұндай қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Күрішті өңдегеннен кейін алынатын күріштің ұнтағы және басқа да қосымша өнімдер мал шаруашылығында тек құрама жем есебінде пайдаланылады. Күріштің ұнтағын осылай пайдалану экономикалық жағынан тиімсіз және де оларды сақтауда тез бұзылатын болғандықтан қосымша өңдеуді қажет етеді.
Косметикалық бұйымдардың маңызды компоненттеріне мал және өсімдік өнімдерінен алынатын балауыз жатады. Косметикалық бұйымдардың ассортиментінің ұлғаюына байланысты табиғи және жасанды жолмен алынатын әртүрлі балауыздардың өндірісі жыл сайын дамуда. Күріш ұнтағынан алынған майда 5%-ға дейін күріш балауызы болады. Жалпы өсімдіктен алынатын табиғи балауыздың аз болуы отандық косметика өнеркәсібінің кеңеюіне теріс ықпал етуде. Негізінен парфюмерлік өнімдердің негізгі ингредиенті болып шет елдерден әкелінетін қосымшалар, мысалы – карнауб балауызы қолданылады. Ал күріш балауызының сапасы жөнінен карнауб балауызынан кем түспейді. Күріш ұнтағынан май және балауыз алудың технологиясын әзірлеу және енгізу кондитер, медициналық препараттар және парфюмер өнеркәсібі үшін шикізаттың көбеюіне және нан өңдейтін кәсіпорындардың қалдықтарын тиімді пайдалануды кеңейтеді. Сонымен бірге қалдықтардан өндірілген күріш майы азықтық және техникалық мақсаттарға да қолданылады. Осы технологиялық процестегі екінші өнім (шрот) ұзақ мерзімге сақтауға жарайтын дайын мал азықтық компонент болып есептелінеді. Дайындалып ұсынылатын күріш балауызының технологиясы қалдықтардан тек Қызылорда нан комбинатында ғана (30 мың тонна күріш ұнтағы) 3 мың тоннадан астам күріш майы және 100 тоннадан кем емес күріш балауызы алынады.
Күріш салысын өңдеу кезінде 12-14%-ға дейін алынатын күріш қауызын пайдалану перспективалы болып есептелінеді, себебі одан жылу өткізбейтін және құрылыс материалдары мен электрон өнеркәсібінде қолданылатын кремний алынады. Жыл сайын өзінің құрамында 15% кремний, 80% органикасы және 5%-ға дейін калий, магний, фосфоры және калцийі бар 5,0 мың тоннаға дейін қауыз жиналады. Қауыздың құрамындағы кремнийдің жоғары болуы оны күріш үшін тыңайтқыш ретінде кәдеге жаратуға негіз болады.
Күріш сабанының құрамында 50%-ға дейін целлюлоза, 11,7% — лигнин, минералдық заттар (көбіне кремний қышқылы) 14,6% болады.
Өңдеуші өнеркәсіптің тез дамуы үшін бірінші кезекте жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған бизнес-инкубатор негізінде технологиялық бизнес пен ғылымды қажет ететін және инновациялық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кішігірім өндірістерді құру қажет. Қызылорда облысында күрішті инженерлік-тегістелген күріш жүйесі әзірленіп, игерілгеннен бері қолданылатын жалпы қабылданған технология бойынша өсіреді.
Қазіргі дүниежүзілік барлық жақсы аналогтар сияқты Арал 202 мен Арал 4 сорттарының артықшылығы олардың тегіс қауыздылығы мен қылтықсыздығы. Дәннің жақсы төгілуі, олардың жоғары көлемдік салмағы күрішті себетін, жинайтын техникалардың және күріш өңдейтін кәсіпорындардың механизмдерінің тиімдірек жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және отандық күріш өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Алдағы жылдарда күріш шаруашылығын күріштің жаңа өнімдірек сорттарына ауыстыру жоспарланып отыр. Қызылорда облысының күріш өсіруші аймағында 5-7 жыл интервалмен сорт ауыстыруды ырғақтылықпен енгізуді және қазақстандық Арал өңірінде шағын аудандастырылған тәжірибеге өту қажет. Қолайлы экологиялық жағдайда да әр шаруашылықта 25-30% тез пісетін сорттың үлесі бар кем дегенде 2 сорт өсіру ғылыми негізделген болып саналады. Арал өңірінде экологиялық қолайсыз жағдайда бұл көрсеткіш 40-45%-ға дейін өседі. Шаруашылықтарда өсірілетін сорттың бірнеше болуы бірден піскен күріштің көп егісін жинауда көп шығын әкеледі, себебі күріш өнімінің биологиялық пісіп жетілуі 12-15 күнге ғана сақталады.
Қызылорда облысының күріші Қытай және Үндіқытай елдерінің күріштеріне қарағанда Ресей және басқа ТМД елдерінің рыногында, сонымен бірге Шығыс Еуропада бәсекеге қабілетті болып табылады. Қызылорда облысы – елдің негізгі күріш өсіретін аймағы. Алдағы уақытта Қызылорда облысында күріш өндірісін тұрақты дамытуға жету үшін өндірістің қазіргі ресурс үнемдейтін технологиясын енгізу, ішкі және сыртқы рыноктарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күріш және оның қалдықтарын өңдеу; егіншіліктің экологиялық қауіпсіздігін арттыру негізінде күріш өндірісі мен өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру, облыстың су және жер ресурстарын сақтау және қалпына келтіру; күріш шаруашылық кешенін мемлекеттік басқаруды оңтайландыруымыз керек. Болашақта ел қамбасын алтын дәнмен толтырып отырған Сыр диқандары әле де толағай табыстарға жететініне сенімім мол.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Назарбаев Н.А. 2006 және 2007 жж. Жолдауы.
2 ‘‘Егемен Қазақстан” газеті , жұма, 14 желтоқсан 2012жыл.
3 “Айқын” газеті. Күрішті ел –ырысты ел. 27 қазан 2011жыл.
Ғылыми жетекші:
п.ғ.к. Жарбулова С.Т.