Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІ

Автор: 
Ә. Үркімбаева, Е.Тәңірбергенова (Қызылорда, Қазақстан)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қоғамның даму барысын өмірде - нәзік, көңілде – биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Әйел-ана - ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді: тілін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін немересіне, шөбересіне жеткізуші, дарытушы. Ұлан-байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің біркелкі болып келуі - бұрынғы өткен дана аналарымыздың арқасы.

«Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс.

Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс.

Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз.

Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек...» деп Елбасы жолдауында көрсеткендей, ана мен қыз – бойжеткенді қорғау бүгінгі таңдағы күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе.

Дегенмен, Заң, Мемлекет және Елбасы нәзік жандылар жағында. Біздің бұдан түсінетініміз елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасайтын болады. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек[1].

Тәуелсіз Қазақстанның гендерлік саясаты демографиялық дамуды, әйелдердің іскерлік қабілетін қоғамдық-саяси өмірімізде кеңінен дамытуды көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы әртараптандыру - табыс кілті екенін атап көрсеткен болатын. Әртараптандырудың өзегі - кәсіпкерлік. Экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші де кәсіпкерлер. Сондықтан, әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты Қазақстанда да жаңа идеялардың қайнар көзі іспеттес кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру ісіне айрықша маңыз беріліп отыр. Оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы қоғам үшін маңызды. Әйелдер кәсіпкерлігі бәсекелес нарықтық ортаны құруға мұмкіндік туғызады, тауарлар және қызметтермен нарықты қанағаттандырады, сұраныстың өзгерістеріне икемді жауап қайтарады, тәуекелді жобалар мен жаңалықтар енгізеді, сондай-ақ мамандарды, капиталды, негізгі және қосымша материалдарды толықтыру көзі болып табылады. Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы еңбекке қабілетті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге және олардың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізеді.

Әйелдердің табиғатында жауаптылық бар, сондықтан да адамдардың өмірі, болашағы үшін жауапты, коммерциялық және өндірістік қызметте әлеуметтік элементтерді енгізуде. Кәсіпкер - әйелге, басшыға өз қызметкерлерінің тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін білу керек, мекеменің тұрақтылығын сақтау үшін дұрыс шешім қабылдау керек. Әйел – жар да,келін де, ана да жақсы қызметкер, үздік басшы да бола алады. Әйелдер басшылық етіп отырған мекемелердің қаржы жағынан да, жалпы анағұрлым тұрақты екені ешкімге де құпия емес. Дағдарыстың салдарынан әлемде жұмыссыздық орын алып отыр, кедейлік пен теңсіздік күшейіп келеді, Сол себепті, шағын және орта бизнестің әлеуметтік маңызы артып отыр. Мұндағы әйелдердің үлесі – 45-48 пайыз болып, олар қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың негізіне айналуда[2].

Қазақстан қазіргі уақытта адам құқығы бойынша 60 халықаралық шартқа қосылды. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдіктің ұлттық стратегиясы бекітілді. Осы стратегияны орындау бойынша әйелдердің саясатта және экономикада ілгерілеуі, әйелдердің, ерлердің және жасөспірімдердің ұрпақ әкелу қабілетін сақтау, әйелдерге және балаларға қатысты күш көрсету көріністеріне қарсы күрес, отбасы қатынастарында гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша 40-тан астам іс-шараны қамтитын үкіметтің орта мерзімді іс-шаралар жоспары іске асырылуда[3].

Әйел-кәсіпкерлер – өзін-өзі іске асыруға деген жоғары қажеттілікпен, шығармашылықпен беріле жұмыс істейтін, табиғатынан жаңашыл, либералдық құндылықты жеткізушілер болып табылады. Әйелдердің осынау ерекше әлеуметтік тұрпаты кәсіпкерлікте ғана емес, еңбек қызметінің басқа да көптеген салаларында, сан алуан ұйымдық-құқықтық нысандағы кәсіпорындарда талап етіледі.

Қазіргі кезде Қазақстанның экономикасында 3,7 млн. әйел жұмыс істейді, бұл жұмыс істейтіндердің жалпы санының 49 %-ын құрайды[4]. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тарту әрекеті кеңінен жүргізілуде. Еліміздегі экономикалық белсенді әйелдер саны күннен – күнге көбеюде[5]. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасалуда.

Әйелдер қызмет атқаратын басым салаларына: қонақүйлер және мейрамханалар-63%, сауданы (59%), коммуналдық, әлеуметтік және жеке қызметтерді (59%) және ауыл шаруашылығын (53%) жатқызуға болады. Бүгінігі таңда Қазақстанда әйелдердің ірі бизнеске енуі жаппай сипатқа ие бола қойған жоқ: оң үрдіске қарамастан, әйел кәсiпкерлiгi әлеуметтiк-экономикалық факторларға байланысты нақты қиындықтардан өтуде. Әйелдердің бизнеске жаппай келуіне экономикалық және заң кедергілері ғана емес, мәңгi екiншi рөлде болу дағдысы, ескілікті менталитет кедергі келтіреді.

Қазақстанда 260 әйел түрлі деңгейдегі әкім лауазымында жұмыс істейді. Бұл олардың жалпы санының 10 пайызын құрайды[6].

Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы еңбекке қабілетті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге және олардың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізеді.

Әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында осы қаражаттың бір бөлігі Мемлекет басшысының 2009 жылғы 5 наурыздағы Қазақстан әйелдерінің V форумында берген тапсырмасы бойынша әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Директорлар Кеңесі 2009-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі шағын несиелендіру үшін шағын және орта бизнес қаржысын орналастыруға лайықталған бағдарлама әзірлеп, бекітті. 2009 жылы бюджеттік бағдарламаға сәйкес 2010-2015 жылдардағы қаржыландыру көлемінде 450 млн. теңге бөлінді. Бұл көрсеткіштердің барлығы мемлекеттің әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына қомақты үлес қосып жатқандығының көрінісі.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге, елімізде кәсіпкерліктің дамуына ерекше мән беретін көптеген қоғамдық бірлестіктер бар. Мысалы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры, «Іскер әйелдер ассоциациясы» және тағы басқалар. Бұл аталғандар - мемлекеттік деңгейдегі ірі құрылымдар. Сонымен қатар, аумақтық деңгейдегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда өздерінің қомақты үлесін қосып жүрген іскер әйелдердің қауымдастықтары да жеткілікгі. Бұл қауымдастықтардың басты мақсаты - әйелдерге әлеуметтік және өмірлік бағдарларында, жеке бастамалары мен іскерлігін дамытуда көмектесу.

Қазақстандық іскер әйелдер қайырымдылық көрсету үлгісін көрсетіп отыр. Әйелдер табиғатынан мейірімділік және аяушылық сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді. Әйелдер бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтқан кезде көбіне әлеуметтік-материалдық көмекпен аз қамтылған жандарға қолдау және көмек көрсетуді назарға аламыз.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі - маңызды феномен, оны зерттеу жүйелі талдауды қажет етеді. Қазір Қазақстанда көптеген әлеуметтанулық және басқа да әлеуметтік-маркетингтік зерттеулер жүргізілуде. Әйелдердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне көзқарасын, жалпы қоғамға тигізер пайдасын және осы проблематикаға қатысты мәселелерді анықтау үшін жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысының барысында Астана қаласында «Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында әлеуметтанулық зерттеу (сауалнама) жүргізілді. Бұл зерттеудің басты мақсаты - елдегі кәсіпкерлік қызметпен айналысатын қыз-келіншектердің кәсіпкерлік салада қаншалықты маңызды рөл атқаратынын, әлеуметтік жауапкершілікті бизнесті жүзеге асыруда қандай үрдістер байқалатынын және кәсіпкер әйелдердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жүргізудегі үлесін анықтау.

Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер мүмкіндіктерінше қоғамға өз пайдасын тигізуге талпынады, ал орта және ірі кәсіпкерлікте отандық және халықаралық ұжым жұмыс істейді, оның мушелерін жұмылдыратын күш - біртұтас корпоративтік рух, қалыптасқан дәстүрлер және табысқа жетуді нысанаға алу.

Кәсіпкер әйелдердің пікірінше, кәсіпорынның, компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігінің іргетасы компания жұмыскерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында қызметкерлердің денсаулығын қорғау, оқыту мен даярлау бағдарламалары арқылы адами ресурстарды дамыту, сондай-ақ кешенді басқару жүйесін енгізу жолымен қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Елдегі экономикалық белсенді және шағын және орта кәсіпорындарды басқаратын әйелдер мүмкіндігінше әлеуметтік көмек көрсетуге талпынады.

Кәсіпкер әйелдердің көзқарасын аталмыш мәселеге қатысты пікірін зерделей келе, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыру үрдісі ретінде мынадай негізгі белгілерді қарастырады: салық төлеу; қоғамға сапалы тауарлар мен қызмет көрсетулерді ұсыну; қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін жұмыс орындарын ашу; қоғамның дамуына көмектесу; заңнаманың барлық нормаларын орындау. Одан кейінгі орындарда: қоршаған ортаны қорғау саласында саясатты қолдау; персоналға қатысты ізгі саясат ұстану; кәсіпорынның ішкі және сыртқы қатынастарында этикалық нормаларды сақтау; өндіретін өнімнің мүмкін болатын жағымсыз нәтижелері туралы шынайы ақпарат жеткізу және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру (қайырымдылық іс-әрекет пен қорларды, меценаттықты қолдау, білім беру, мектеп, балаларға көмек көрсету, кедейлер мен әлеуметтік кемекке мұқтаж адамдарға көмектесуді қолдау).

Әртүрлі кәсіпорындарды басқаратын әйелдер қаржылық, материалдық жағдайға байланысты қиындықтар көрсе де, қайырымдылық жобаларын мүмкіндігінше мерзімді іске асыратынын көрсетті. Біздің зерттеуімізге қатысқан респонденттердің 80 пайызы әлеуметтік көмекті көп қажет ететін сала ретінде әлеуметтік саланы, оның ішінде мынадай бағыттағы басымдықтарды атап көрсетеді:

1. Балаларды қорғау. Оларды темекі, есірткі, нашақорлық, ішімдік сияқты зиянды заттардан оқшаулау. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету. Әлеуметтену факторы ретінде спортқа қызығушылықты арттыру.

2. Білім беру саласына көмек. Материалдық жағдайы төмен отбасыларындағы балаларға білім алуға, әлеуметтік әлеуетін қалыптастыруда қол үшін беру. Мүгедек балаларға арналған орталықтар мен клубтар ашу. Дарынды балаларға, өнерлі жастарға меценаттық, демеушілік қолдау көрсету.

3. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға қолдау көрсету. Сонымен қатар, әл-ауқаты төмен отбасыларының балаларына, жетім балаларға, зейнеткерлер мен мүгедектерге қаражат бөлу.

4. Халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал ету мақсатында жұмыс орындарын ашу, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуына ықпалдасу.

5. Экологияны, қоршаған ортаны қорғау. Табиғи шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану.

6. Медициналық көмекті қажет ететін әлеуметтік топтарға қаржылық көмек көрсету мақсатында арнайы акциялар, қайырымдылық жобаларын ұсыну және басқалар. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына негізгі ықпал ететін жағдаяттар осындай.

Қазақстан әлемдік дағдарыстың алғашқы қиындығына шыдамдылық көрсете білді, қазір болашақта кез - келген қиындықты жеңудің тиімді жолын іздестіріп жатыр. Әйелдер де өз ынтасының, төзімділігінің, еңбексүйгіштігінің, Елбасына деген сенімдерінің арқасында еліміздің дағдарыстан табысты шығу жолында және әрі қарай инновациялық индустриаландыру негізінде жаңа экономиканың өсуінде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

«Жаннат - ананың табанының астында» деген қанатты сөз бар халқымызда. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп, тіршілікке тірек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшін ардақты ана мен асыл жарға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараған. Бүгінде Қазақстанда әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әртүрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін айқын көрсетіп келеді.

Кәсіпкер – әйел басқосулар мен келіссөздерді сенімді жүргізіп, халықаралық, қазақстандық нарықтық жағдайды дұрыс бағамдай біліп, әлемнің бесігін тербетуге құдіретті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қылышбаева З. Заң, мемлекет, елбасы аналар жағында. Заң газеті. 2013,19 наурыз, №41

2. Мусина З.Экономикадағы әйелдердің рөлі. Айкын. 01.12.2009 ж.

3. Сағындыққызы М.Әлемнің жарығын сыйлаған – аналар! Экономика. №10, 7-13 наурыз, 2013ж. 1б

4. Сағындыққызы М.Әлемнің жарығын сыйлаған – аналар! Экономика. №10, 7-13 наурыз, 2013ж. 2б

5. Алмабекова К.Қазақ әйелінің мәртебесі биік.Заң газеті. №39.15 наурыз 2012ж

6. Еділқызы Л. Әйелдердің ұстамдылығы мен төзімділігі –тыныштық пен тұрақтылықтың тірегі. Экономика. №90-93 (25939) 12 наурыз жұма, 2010ж.

 

Ғылыми жетекші: п.ғ.к. Жарбулова С.Т.