Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА-ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР

Автор: 
Ақтоты Полатова (Қазақстан, Қызылорда)

із егемендікке қол жеткізгеннен соң жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру міндеті уақыт талабымен бірге келген игілікті мақсат екені даусыз. Ел басы Н.Ә.Назарбаев «Ұлт мәселесіне қатысты жалпы үрдісті танып-түсіну, сөз жоқ, қажет. Мұнсыз мемлекеттік дамудың жалпы логикасын бажайлау мүмкін емес», (1.9 б)-деп көрсеткен.

Халық педагогикасы ежелден келе жатқан ұлттық мәдениеттің көрінісі екендігі белгілі. Салт-дәстүрдің ғасырлар сынының екшеліп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан озық үлгілері жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуына септігін тигізеді. Бүгінгі таңда қазақтың халық педагогикасының мазмұнын айқындап, зерттеудің негізінде жасөспірімдерді тәрбиелеудің маңызы зор. Мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдарын жетілдіру – оқушылардың өз елімен жеріне деген танымын, сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттырады. Халықтық педагогика тағылымдарының жемісті болуы –педагогтардың шығармашылық іскерлігіне байланысты. Әрбір жеткіншек өз халқының төл, рухани мәдениетінің қыр-сырын, салт-дәстүрін, жөн-жосық, жол-жоралғысын білсе, тұлға ретінде өз елінің ғана патриоты емес, басқалардың да рухани құндылықтарын, ұлттық болмысын танып, құрметтей біледі. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық санысы биік, үлкен өркениеттің көшіне ілесер жан-жақты жетілген тұлға бола алары сөзсіз. Сондықтанда, мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдарын қалыптастыру –кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан халық педагогикасы: әдет-ғұрпы, салт-дәстүр мен тәлімдік мұралары арқылы тәрбие беруде қазақтың ағартушы – педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов мектеп оқушыларына, мұғалімдеріне және болашақ ұстаздарға арнап оқулықтар, оқу құралдары мен әдеби шығармалар жазды.

Халық педагогикасы туралы бағылы пікір айтқан философтар: Н.Сәрсенбаев, Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев, А.Қасымжанов, М.Орынбаев, этнографтар: Ә.Марғұлан, Х.Арынбаев, Ө.Жәнібеков, С.Мұқанов, С.Кенжеахметовтерді атап өту керек. (2.8 б)

Халық педагогикасындағы ұлттық қазына яғни ұлт дегеніміз-адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-этникалық, қауымдық бірлестігінің жоғары түрі. Қай халықтың болмасын ұлт болып қалыптасу үшін қажетті факторлар бар олар: оның құрамына енген адамдар тобының материалдық тұрмыс жағдайларының, территориясымен экономикалық өмірінің, тілі мен мәдениетінің, әлеуметтік хал-ахуалдағы сол ұлтқа тән кейбір этникалық ерекшелігінің ортақтығы болып табылады.

Ұлттық салт пен дәстүрдің тууы ұлттың ұлт болып қалыптасуна байланысты. Қазіргі ғылыми дәлелдеулер бойынша, қазақ ұлтының алғаш пайда болуы XIII-XIV ғасырларда басталды деп жүрміз. Олай болса, сол дәуірден бері қарай қазақтың көптеген әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлері қалыптасып, дамыды. Оның озық үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, біздің дәуірімізге жетті. В.Г.Белинский салт-дәстүрдің өміршеңдігі жөнінде: «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан руға, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне, болымсыз тас мүсін тәрізді....»-дейді. Әрине, әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Олар сол халықтың ерекше белгісі болып сақтала береді.

Ұлттық салт-дәстүрлер тарихи көне процес. Көптеген салт-дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуына бұрын пайда болған. Сондықтан ол кейде бірталай ұлттарға ортақ мәнді дәстүр болып келеді. Мысалы, асар-қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарына ортақ өте ертеде пайда болған дәстүр. Салт-дәстүр халықтардың тіршілік кәсібіне, наным сеніміне өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады.

Салт-дәстүр сабақтастығы ұлттар арасындағы қарым-қатынаспен тығыз байланысты. «Әр халықтың мәдениеті өзіне тән ерекшелігімен дараланып, көзге шалынады. Алайда басқа халықтардың әсерінсіз таза, дара ұлттық мәдениет тіпті де кездеспейді. Ұлттар мен халықтардың материалдық және рухани байланысы, қарым-қатынасы арқылы олар бір-бірін мәдени байлығы жағынан толықтырады»-дейді С.Н.Артановский әр түрлі ұлт пен халықтарда кездеспейтін, қайталанбайтын таза ұлттық салт-дәстүр ешбір елде болмақ емес. Бір ұлтта бар салт-дәстүрлер, ұлттық ою-өрнек, тағам, спорттық ойын түрлері екінші бір ұлттада белгілі ұқсастықпен және өзіндік ерекшелігімен көрініс береді.

Мысалы, қазақтың көкпар тарту ойыны кейбір өзгешелігімен көрші өзбек, түрікмен, қырғыз, монғол, ауған елдерінде де кездеседі. Киіз үй тігу көшпелі халықтардың бәріне ортақ. Алайда оның құрылысында, ою-өрнек әшекейінде, әр ұлтқа тән ерекше белгілері байқалады. Палау, манты, борщ, шашлык, пельмен көпшілік ұлттарға ортақ тағам болғанымен, әр түрлі ұлттың өзіндік тағам дайындау технологиясымен ерекшеленеді.

Ұрпақ тірбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Ол мемлекеттік маңызы зор, аса жауапты іс. Дені сау, сезімі сергек, ақыл-ойы жетілген «сегіз қырлы, бір сырлы» абзал азамат өсіру ісі халқымыздың ғасырлар бойғы ой-арманы болып келді. Осы арман дене, ақыл-ой, адамгершілік, кәсіптік және эстетикалық тәрбиенің түрлері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа заманалар бойы халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда марапатталып, сіңіріліп, іске асырылып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра,1999.-9б.

2. С.Қалиев, М.Оразаев, М.Смайылова. Қазақ халқының салт-дәстүрлері.-

Алматы: Рауан, 1994. 7б

3. Наурызбаева Р. Бастауыш мектепте халықтық тәлім-тәрбие берудің шығармашылық жолдары. – Алматы: Білім, 2006.19б.