Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

Ғ.МҮСІРЕПОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК КЕСТЕСІ

Автор: 
А.Д. Ибраева (Алматы, Қазақстан)

Әр жазушының өзіндік қалыптасқан стильдік ерекшелігі болады. Көптеген халыққа танымал ірі қаламгерлердің үлкенді–кішілі атақты шығармаларын қолға алып үңіле түссең–ақ, кімнің шығармасы екенін айнытпай айтуға болады. Әдемі өрнек, сұлу сөзге тұнып тұрған, ұзын сонар ширатылған Әуезов сөйлемдерін, өлең жолдарындай өзара ұйқасын тауып, үйлесіп, төгіліп тұратын, артық деп бір сөзін де алып тастауға көнбейтін Ж.Аймауытов сөйлемдерін, есте ұстауға ерекше икемді, әрбір кейіпкерін «өмірдің өзінен ойып алған» Б.Майлин сөйлемдерін басқа қаламгерлермен шатастыруға болмас.

Әдебиет әлеміне 20 – жылдардың аяғында келген жазушы Ғ.Мүсірепов шығармашылық жолын әңгіме жазумен бастап, қазіргі қазақ әдебиетінің алтын қорына «Оянған өлке», «Ұлпан», «Жат қолында» сияқты прозалық сүбелі туындылармен қатар, бірнеше ірі драмалық шығармалар, әр алуан тақырыптағы үлкенді – кішілі әңгіме, повестер қосты. Әрине, әдебиет туралы ортаға салған ойлары мен толғаныстары өз алдына бір төбе. Жазушының шеберлік шыңдау мектебі, «әсемдік әлемінің» алғашқы баспалдағы– прозаның шағын түрі әңгіме болды.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі «Ғабит Майлин ізімен, бірақ одан басқалау романтикалық стильде әңгіме жанрын дамытып, сол арқылы күшті, татымды образдар галереясын жасады» деп көрсеткен болатын.

Өмірде әрбір адамның өзгеге ұқсамас өз өмір жолы болатыны секілді, әрбір шығармашылық адамының шығармашылық ұлы көшке келуі де, қызығы мен қиындығы, азабы мен рахаты, жеңісі мен жемісі мол сол көшке ілесуі де әрқилы болатыны заңды. Шығармашылық жолындағы өмірлік тәжірибесі жазушы шығармашылығына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да болар жазушы әңгімелерінің тақырып аясы кең, ішкі мазмұны терең, айтар ойы анық.

Жазушының алғашқы әдеби көркем шығармасы «Тулаған толқында» жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылды. Қазіргі кезде бұл шығарма повесть ретінде қарастырылғанмен, шығарманың алғашқы нұсқасы ұзақ әңгіме болған. Мұнан кейін жазушы қаламынан «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Шұғыла», «Жеңілген Есрафил», «Ер Қаптағай», «Қыран жыры», «Өмір жорығы», «Тарғыл қауын», «Сөз жоқ, соның іздері, әйел – ана тақырыбына арналған шоғыр әңгімелері туды. Бұл әңгімелерін тақырып тұрғысынан қарастырсақ сан алуан.

Жазушы Ғ.Мүсірепов шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиетінде «тақырып байлығымен, жаңалығымен ғана емес», стильдік шеберлігімен де ерекшеленеді.

Қазіргі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі С.Мұқанов кезінде Ғ.Мүсірепов шығармашылығының танылуына, өсіп жетілуіне баса назар аударып, көп ретте тікелей ықпал еткені де белгілі. Сондықтан да С.Мұқанов замандас қаламгердің шын шеберлігінің әдемі өрнектерінің «кілтін» дөп басып айтып береді: «Ғабиттің жазушылығының тұтас алғанда өзіне тән өзгешеліктері бар. Біріншіден, Ғабит бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екіншіден, бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан да шығармаларының шикісі аз болады; үшіншіден, жазатын тақырыбына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртіншіден, шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал – қалдерінше олпы –солпысыз шығарады; бесіншіден, тілге үнемшіл, сипаттап, суреттеп отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншыдан, жарқылдақ сөзді көп қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетіншіден, адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі»

[1/ 552].

«Қазақтың сөз өнерінде «Ғабитің тілі» деген тіл бар. Ол қандай тіл? Ол – «сымға тартқан күмістей» сұлу тіл. Ол – нақты тіл, затты тіл. Ол сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет. Ол – биік парасат, терең философия. Ол – сыр, сезім... Ғабит тілі–сырлы да сиқырлы тіл» [2/58], «....қағаз бетіне түскен қолының дір еткен тұсы болмаған, әрқашан еркін, батыл байсалды қозғалған; әр сөз өз орнында шебер құрылысшының кірпішіндей берік қалаған да отырған» [3; 5].

Қаламгер өзінің жоғары сапалы прозалық, драматургиялық, сын– әдебиеттану еңбектерімен түрлі жанрдағы жазушыларымызға өнеге, үлгі болып келеді. Теориялық, творчестволық пікірлер толғап, идеялық-эстетикалық пікірімізді дамыту да қосқан сыбағасы, үлесі зор. Ғ.Мүсіреповтың әлеуметтік, қоғамдық зор мәнді мәселелер жайында толғанатын, әрдайым өзі өмір сүрген бүгінгі қазақ қауымның іргелі толғақты мәселелерін, проблемаларын тербейтін жазушы. Қоғам өміріндегі ең сүйікті, өзекті, шешуші мәселелер – халықтың елдік, экономикалық, мемлекеттік, мәдени рухани тіршіліктері.

Ғабит Мүсірепов стилі өмірді терең, көрікті ашады. Әр сөзі, әр тіркесі шебер қиысып, мәнерлесіп келіп сымбаттанып кетеді де, көп көрініс көз тындырады. Ғабит стилі – суретке толы. Өйткені жазушы айналаға үлкен суреткерлік сезіммен қарап, образ арқылы қабылдайды. Төңірек тірі образға толып кетеді де, ирония мен юмор да қойдай өріп жүреді. Реніш пен күлкі араласқан бедерлі образ суреткер сезімін хабарлайды.

Ғабит алғашқы повестері: «Тулаған толқында», «Көк үйдегі көршілерде» өмірге ажуалай қарап, жымыя күліп прозаға жаңа бір өрнек ала келгені мәлім. Бұл ажуа өмірді жеккөріп, іштей наразы болғандықтан туған ащы сөз емес; қайта өмірді сүйген, жақсылыққа құмартқан жазушының жылы лебізі, жарқын қабағы еді. Көркем сөз шебері Ғабит Мүсірепов өз шығармаларында халық тілін молынан пайдаланып отырады. Оны пайдаланғанда, өз елегінен өткізіп, оған өзінше ерекше әуен, лебізді үн қосады, сөйтіп барып көркемдіктің көрінісін тудырады. Бұл ретте тіліміздегі мақал – мәтел, нақыл сөздер да оқиға желісінің ыңғайында орынды пайдаланып, олар шығарма тілінің көркейе түсуіне одан сайын ажар беріп тұрады. Ғабең қолданысындағы кейбір сөйлемдердің өзі табиғаты жағынан нақыл сөздерге де айналып жатады. Бұл, әрине, автор ойының тапқырлығы мен ұшқырлығынан туындайды. Романдағы жазушы қолданған кейбір нақыл, мәтел сөздердің сипаты төмендегідей болып келеді: «Жаман иттің атын Бөрібасар қоймас болар». «Құдай сыбырлағанды естісе, сайтан сыбырламасаң да естиді. «Етті өзбек пісірсін, қырғыз турасын, қазақ жесін», «Ойда он өгіздің мүйізі сырқыраса, қырда қырық өгіздің мүйізі сырқырайды», т.б. Міне, осындай ұғымдағы тіл өнерінің үлгісін өз көзі тірісінде Ғабең айқын көрсетіп кетті. Көрсетіп қана қойған жоқ, тіліміздің тазалығын сақтай білуге сақтандырып кетті. Тілдегі салақтықтың да себебін айтты: «Тіл салақ сөйлеуден бұзылады». Мұны болдырмаудың жолдарында өз көркем туындысының тіл өнері арқылы көрсетті. Бұл ретте ол сұлу сөздерді теріп, жинақтап жатпайды, қарапайым сөздердің өзімен – ақ тамаша өрнек салады, көз алдыңа әдемі сурет әкеледі. Ал жағымсыз кейіпкерлерін суреттеуде ол қолданған теңеу – сипаттамалар олардың бет – пердесін сыпырып тастайды. Автор сөз күшінің құдіретін осылайша туындатып, өзінің шеберлік мектебін одан сайын шыңдап отырады. Ғабит Мүсірепов – өз табиғатында көркем сөздің шебері деп танылған жазушы. Алайда оның қаламынан туындаған көркемдік шеберліктің сыры бар қырымен әлі толық ашылған жоқ, зерттеліп болған жоқ. Мүсірепов стилі – тұнып тұрған бай қазына. Ол сенің бірден қолыңа түспейді, ойлануды, толғануды қажет етеді. Оның әрбір сөз қолданысына терең сыр, өзіндік бояу бар. Соларды түсіне білу қажет, аша білу қажет. Сонда ғана оның стилінен оның өзін танитын боламыз. Ал Ғабит Мүсіреповты тани білу деген сөз – қазақ әдебиетінің, ондағы шеберлік тәсілін түсіне білу деген сөз.

 

ӘДЕБИЕТ:

 

  1. Мұқанов С. Ғ.Мүсірепов туралы// Таңдамалы шығармалар 16-томдық.-Алматы 1979.-Т.15.

  2. Әдібаев Х.Талант, талғам, тағдыр. монография Алматы: Жазушы, 1971. -256 б.

  3. Ғабдуллин Н. Ғабит Мүсірепов: Монография.-Алматы: Өнер, 1982.-191 б.

  4. Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы: Ана тілі, 1997-288 б.