Автор:
Әйгерім Молдабаева (Талдықорған қаласы, Қазақстан)
XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов еді. Қазақ ауыз әдебиетінің зерттелуі А.Байтұрсынов пен Х.Досмұхамедовтан бастау алары сөзсіз. Аталмыш ғалымдардың ауыз әдебиеті жайлы алғашқы пікір-пайымдаулары кейінгі фольклорист-зерттеушілерге сара жол салды. Осы орайда аталған ғалымдардың назарынан тыс қалмаған мысал жанры да ауыз әдебиетінен бастау алғандығына көз жеткізуге болады.
Әрине, фольклорды зерттеп, жанрлық жағы сараланған еңбектерде көбінесе мысал жанры қалыс қалып жатады, дегенмен мысал жеке түр ретінде қарастырылмаса да, ол жайында азды-көпті пікірлер бар. «Мысал - айтылатын өнегелі ойды тұспалдап жеткізетін, көбіне өлең түрінде келетін сюжетті, шағын көлемді көркем шығарма» [1, 36] деген анықтамаға ие мысалдың түп төркіні хайуанаттар туралы тұспалды мағынасы бар ертегі, қысқа әңгімелер нұсқаларымен жалғасып жатыр. Бұның қаншалықты дәлелді екенін қазақ ғалымдарының осы жанрға байланысты ой-пікірлерімен нақтылай түсейік.
Қазақ әдебиетінің көшбасшысы, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов қазақ фольклорын сұрыптап, саралауда мысал жанрын назардан тыс қалдырмай, біраз ой толғап, анықтама береді.
Ғалым жалпы ауыз әдебиетін жұмсалуына қарай екіге бөледі:
Сарындаманы үшке бөледі:
-
салт сөзі;
-
ғұрып сөзі;
-
қалып сөзі:
Мысалдарды ғалым салт жолымен айтылатын сөздер тобына жатқыза отырып,
мынадай анықтама келтіреді: «Адамның ғамалын, мінезін, құлқын жанды, жансыз нәрселер арқылы салт-санасына сәйкес көрсетіп өнегелеу мысалдау болады» [1, 37]. Сонымен қатар ғалымның біз үшін маңызды ескертуі де бар: мысалдар көбінесе хайуандар шыққан ертегілерден алынады. Ондай ертегілерде хайуандарға адамша тіл бітіріп, адамша мінездеп, іс еткізіп, түрлі өнеге боларлық сипаттанған. Одан әрі ғалым пікірі келесідей: «Мысалда аңдар, құстар, хайуанаттар, өсімдіктер іс-әрекеті, мінезі арқылы адам бойындағы мінді, кемшілікті тұспалдап, әжуә күлкі етеді... Осындай шағын көлемді, оқиғалы, адамға сабақ болатын тағылымдық шығарманы мысал дейді» [1, 37], - деп түйіндей түседі.
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский бұл жанрды: «Сатираға суғарылған поэзияның нағыз ерекше жанры» десе [2, 300], академик З.Қабдолов «Мысал адамгершілік мұқтаждығын өтеу мақсатында жанр ретінде әдебиет арнасына тоғысты»,- дейді [3, 300].
С.И. Радцигтың «Көне грек әдебиетінің тарихы» атты оқулығында мысалға мынадай түсініктеме берілген: «Мысал − көне халық ауыз әдебиетінің жанры болып есептеледі. Себебі, мысалдардың мазмұнында хайуанаттар эпосының сарқыны сақталып қалған. Дегенмен тарихи тұрғыдан алғанда мысал жанры күнделікті өмірдегі келеңсіз жағдайлар мен адамгершілік, ізгілік мәселесін насихаттауға арналған» [4, 300].
Ал, академик Зейнолла Қабдолов мысал жанры турасында мынандай пікір ұстанған: «Мысал- эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатты, көбіне аң, хайуанат, кейде зат түрлері жазылады да сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік, күлкіге, келекейге, мазаққа айналдырып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанымен, идеясыз, астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді. Ежелгі Грециядағы аты шулы Эзоп (б.э.б. VІғ.) шығармаларын өз алдына қойғанда, мысал көне дүниеден күні бүгінге дейін көбіне өлеңмен жазылып келеді: Италияда Федр, Францияда Лафонтен, Германияда Геллерт, Англияда Мур, Россияда Крылов, қазақта Абай – бәрі солай жазған. Біздің тұсымыздағы мысалшылардан Сергей Михалков пен Асқар Тоқмағамбетовты бөліп айтуға болады»,-дейді [3, 312].
Кейіннен жарық көрген доцент М.М. Иманғазиновтың «Антика әдебиеті» атты еңбегінде автор: «Мысал - әріден келе жатқан, эпостың шағын да өткір жанры. Мысал жанры көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі әлемнің іргелі ақын жазушыларының назарында болған, қызықты форма, ұғымды идея, халық тұрмысына ет жақын суреттеулерге толы әдеби жанр» [5, 251] деген тұжырымдама ұсынады.
Десек те, ауыз әдебиетін оқытуда мысал жанры қарастырылмай келеді. Бұл жөнінде Ш.Ыбыраев былайша жазады: «Шынын айту керек, қазақ ауыз әдебиетіне арналған зерттеулер мен оқулықтарда айтыс пен шешендік сөздерден басқа аты аталып, ел танығаны жеті сегіз жанрлар болса, ол Еуропа халықтарының фольклорында кездесетіндері. Ал мұның сыртында аты аталмай, аталса да қатарға кірмей, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып келген ондаған жанрлар мен жанрлық түрлердің не зерттеушілер, не жинаушылар тарапынан ілтипат көрмей келгенін немен түсіндіруге болады?» [5, 424].
Фольклортанушы осылай дей келе, ауыз әдебиетіндегі зерттелмей келе жатқан жанрдың бірі мысал екендігін атап көрсетеді де, қазақ ауыз әдебиетін жіктеудің жаңа түрлерін ұсынады:
Салтқа қатыссыз фольклорды әрі қарай рим цифрларымен атап көрсетеді.
ІІ. Эпикалық прозалық жанрлар;
ІІІ. Эпикалық жанрлар;
ІҮ. Кіші жанрлар;
Ү. Шешендік сөздер;
ҮІ Мысал.
Ғалым Ш.Ыбыраев осылайша мысал жанрын ауыз әдебиетінің өзге де түрлерімен
қатар қойып, бөлек топтайды. Сонымен қатар ол мысалды бұрын соңды кездеспеген жаңаша түрде жіктеуді ұсынады:
А. Мысал (мысал өлеңдер, мысал сөз, мысал айтыс)
Ә. Апалог
Б. Тәмсіл [5, 424].
Ғалымның бұл дәлелді тұжырымдары мысал жайындағы ұғымымызды кеңейте
түседі. Міне, осы бағытта мысалдың түрлерін анықтап, оларды жинастырып, топтастыру, жанрлық ерекшеліктерін айқындау шын мәнінде зерделі зерттеуді күтетіні анық.
Жоғарыдағы қос ғалымның ауыз әдебиетін жіктеуі бір-бірімен бағыттас, үндес келеді. Тек басты айырмашылық жанрлық атауларда сияқты. Ахмет Байтұрсынұлының сауықтама (барша сауық үшін айтылатын сөздер) деп отырғаны Ш.Ыбыраев еңбегінде салтқа қатысты фольклор деп аталса, сарындама салтқа қатыссыз фольклор, яғни «жұртта келе жатқан салт сарынмен айтылатын сөздер». Екі ғалым да мысал жанрын соңғы топқа жатқызады.
Мысал жайында сөз қозғау барысында жанрдың шығу тегі қандай?, қалай қалыптасқан?, қайдан бастау алады? деген сұрақтар туады.
Ахмет Байтұрсыновтың бұл орайда: «Арнайы әдебиеттегі мысалдар былай шыққан: «...алғашқы адамдар басқа мақұлықтардан ұзап жарымаған. Олар түрлі табиғат, түрлі тәсілмен тіршілік ететіндерін көріп, олар да адамша ойлайды, сөйлеседі, кеңеседі, бірін бірі аңдиды, арбайды деп білген... Сондықтан адамның ісін әңгіме қылған сияқты, олардың да істерін әңгіме қылған. Одан хайуандар турасындағы ертегілер шыққан. Онан бері келе, хайуандар тіршілік еткенмен нақ адамша ойласып, сөйлесіп, кеңес етпейтіндігіне көз жеткендігінен кейін мақұлықтар турасындағы ертегілер өтірікке саналып, бірте бірте жоғалып, тек мысалдар қалған» [1, 40], - деген тұжырымын негізге аламыз.
Мәселен, «Сырттандар» ертегісінде адамға жерік болған жалмауыз қасқыр біреудің жалғыз баласын аңдиды. Баланың әке шешесі, ауыл аймағы қатты сасады. Сол кезде бала өзімен бір күнде туған тұлпарына мініп, қасқырдан қаша жөнеледі. «Құтқарам» деп тұлпар тартады: «Қайтсе де жеймін», деп жалмауыз қасқыр қуады. Осы тұста адамның досы тұлпар мен қасқырдың сырттаны жарысқа түседі. Сол жерде иттің сырттандары қасқырға қарсы ұмтылады, қасқырды өлтіреді [6, 26].. Мұнда жалмауыз қасқыр адам баласына қастық ойлаушы мол жауыздықтың бейнесінде алынса, ит пен жылқы жақсы жақтарынан дәріптеледі.
Бергі заманда шығарылған халық ертегілерінде хайуанаттар бұрынғы керемет бейнесінде алынбай, жаңа кейіпте, реалистік болмысқа байланысты алынады. Осы ретте хайуанаттар жайы екі түрде алынып, қазақ ертегілеріне қосылады. Онда хайуанаттардың бір тобы (төрт түлік мал, үй хайуанаттары) шаруашылыққа келтіретін пайдасы, атқаратын қызметімен суреттеледі. Хайуанаттардың екінші тобы (жыртқыш аңдар) адам баласына жасаған жауыздығы, қаскүнемдігімен бейнеленеді. Бұл соңғысы уақыт өте келе халықтық сатираға айналып, сол арқылы қоғамдық жайлар, үстемдік еткен қауымның жағымсыз қылықтары әңгімеленеді; бұлар халықтың ащы мысқылы, келеке-күлкісі түрінде келеді; таптық тартыс, күрес жайы сөз болады. Мұны біз «Алтын сақа», «Тепең көк», «Бозінген», «Жақсылық пен жамандық» т.б. ертегілерден көре аламыз. Сонымен қатар, «Қотыр торғай» ертегісінде кекшілдікті, бірбеткейлікті, араға іріткі салуды меңзесе, «Мақта қыз бен мысық» ертегісінің жасөспірімдерге беретін тағылымы мол.
Халық ертегісінде жыртқыш аңдардың әрқайсысына лайықты мінездеме береді. Арыстан - асқан күштің, зорлықтың, қасқыр - қомағайлық пен қорқаулықтың иесі болып кейіптеледі. Ал түлкі - айла мен аярлықтың, бірді бірге соғып, пайдасын тауып жүрген қу, өзінен басқаға дұшпандық жасаушы, сырттай дос, іштей қас болып келеді. Айналасындағы аң атаулыны алдаушы да, өсек таратып күндеуші де, жоқ жерде пәле бастаушы да - түлкі. Бұлармен қатар, қазақ ертегілерінде ожарлық, аңқаулық кескінімен аю жүреді. Жұрттың бәріне мазақ, күлкі ретінде маймыл қатысады. Мәселен, «Маймыл мен түлкі», «Түлкі мен бөдене», «Түлкі, тасбақа, кене», «Түлкі, аю, қойшы» т.б. ертегілер.
Өзімізге таныс қазақ мысалдарында да түлкі - қулық, айлакерліктің, қасқыр - қатыгез, қарақшылықтың, мысық - жалқаулықтың, есек - ақымақтықтың т.б. қызметін атқарады.
Шынында да, мысал жанры қазақ халқының ойлау өрісінің дамуымен, сана эволюциясымен тығыз байланысты, айналадағы тіршілік иелерін танып білумен қатар, олардың айрықша қасиеттерін айқындап, адамды бейнелеудегі олардың түрлі мінезін әрқилы іс-қылықтарын тұспалдап көрсетуде шебер пайдалана білген. Әрқашан сөзге ұста қазақ халқы осы мәндегі астарлы әңгіме туғызып оған «мысал» деп айдар таққан.
Осындай арғы тегі хайуанаттар жайлы ертегіден өрбіп, өріс алған мысал жанры көбінесе, нақтылай айтсақ, оның бір тармағы мысал ертегілер апалог деп зерттеушілер тарапынан анықтамаға ие болып жүр. ХІХ ғасырға дейін апалог және мысал бір-біріне синоним ретінде қолданылған. Апалог көбінесе қара сөзбен жазылады. Ішінара өлең сөздері кездескенімен, өлең түріндегі апалогтар біздің әдебиетімізде тек жазбаша түрде кең дамыған. Ал өлең үріндегі апалогтың жеке жанр ретінде толық қалыптасуын ғалым С.Қасқабасов «ХІХ-ХХ ғасыр әдебиетінің жедел дамуы мысал жанрын әдеби арнаға бағыттады» деп түсіндіреді.
ӘДЕБИЕТТЕР:
-
Байтұрсынов А. Ақ жол. А., 1991. 36-б.
-
Қабдолов З. Сөз өнері. А., 2002. 312-б.
-
Радциг Көне грек әдебиетінің тарихы. М. 1963. С.340
-
Иманғазинов М.М. Антика әдебиеті. Т., 2006. 253-б.
-
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. А., 1993. 422-б.
-
Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. А., 1972. 107-б.