Автор:
Даулеткерей Мүлік, Айдархан Садуакас (Талдықорған, Қазақстан)
XV-XVIII –ғасырларды қамтыған жыраулар поэзиясы халқымыздың жүздеген жылдар бойы жадында сақталып, бүгінде қазақ әдебиетінің бір кезеңі болып қалыптасып отыр. Сөз қадірін білген қазақ халқы түйінді, иірім жолдарды талай аласапыран кезеңдерден алып өтіп, қазіргі әдебиетімізге аманат етіп тапсырды. Аталған поэзиядан еліміздің өткен тарихын көреміз. З.Қабдолов айтқандай «ол оқырманға бұрын беймәлім өмірді, шындықты, бейтаныс заманды , адамды танытады,... оқырман үшін бұрын-сонды беймәлім дүниенің есігі секілді. Сол есікті ашып кіргенде ғана адам өзіне белгісіз құпиялар сырына тереңдеп, танымын байытпақ». [1] Сонымен қатар осы кезеңдегі жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескермес үлгілер тудырды. «Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды». [2] Тарихқа жүгінер болсақ жыраулар поэзиясының өкілдері қазақ халқының дербес хандық құруымен сәйкес келеді. Халықтың бірлігін сақтап қалуды арман еткен хандардың кеңесшісі болып, уақыты келгенде қолына қару алып қолбасшы болған, елдің еңсесін көтеріп ұран тастаған, ұрпақты ұлағаттылыққа шақыратын нақыл сөздер қалдырған жыраулар мұрасының ұрпақ жадында сақтаулы заңды құбылыс. Әз – Жәнібектің тұсында елінің ертеңі үшін мұңға берілген Асан қайғы, XV ғасырдың әрі батыр, әрі шешен жырауы «Қарға бойлы Қазтуған», жорықшы жырау – Доспамбет, ауызын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгілетін Шалкиіз жырау, Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Жиембет, от тілді Марғасқа жырау, жортуыл жыршысы, әулетті жырау –Ақтамберді, Абылай ханның кеңесшісі болған тынысы кең жыраулар Үмбетей мен Бұқарлар XV-XVIII ғасырдағы қазақ халқының төл әдебиетінің негізгі өкілдері болып табылады.
Мұнда көне грек эпосын зерттеген А.Ф.Лоссевтің: «Ескі жырлар қағаз бетіне түсірілмей –ақ әлденеше ғасыр бойы өзінің әрі мен нәрін, әу бастағы қалпын сақтай алуы: бұл көне мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудегі қалыптасқан салттың жемісі». [3] деген пікірін айтуға болады. Дегенмен «сан жүздеген жылдардың ауыр сыны мен салмағынан ақын мен жыраудан жүйріктің жүйрігі ғана оның өзінде болмашы үзіктері мен жеке жолдары , шумақтары ғана шаршап – шалдығып жетті» [4] деген Ә.Дербесалиннің ойын да қуаттаймыз. Жыраулардың өмірі мен шығармашылығын қағаз бетіне түсіру, зерттеу, баға беру мәселесі де ғасырдан астам уақыттың еншісінде болды. Бірақ уақыт сыны түрлі көзқарастар туғызды. Уақыт сынынан туындаған осы көзқарастарды пайымдау арқылы жыраулық поэзияны тани аламыз
Ш.Уалиханов қазақ даласындағы қоғамдық-тарихи майданда алғаш көрінген зерттеуші ғалым болды. Қазақ халық поэзиясына ерте жастан құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, жинақтаған. « Қазақ әншілері мен жыршыларының Шыңғыстың үйіне жиі келіп жүргендігі де Шоқанның халық поэзиясын қастерлеу сезімінің ерте оянуына елеулі әсер еткен» [5] Ел аузынан естіген деректерін есіне сақтап, кейіннен таптырмас мағұлматтардың қайта жаңғыруына тікелей әсер етті. Мәселен «Ноғайлардың философ данасы Асан қайғы да осы күнге дейін далалықтардың аузынан түспейді»[5] –деп ел есіне сақталып, аңызға айналған жыраудың XVғасырдың перзенті екендігін, Әз-Жәнібек ханның ақылды дана ділмар уәзірі болғандығын айтады. Асан қайғыға көшпенділер философы деп ат берген де Ш.Уәлиханов болатын.
Түрколог ғалымдардың бірі-В.В.Радлов. Аталған автордың «Образцы народной литературы тюркских племен» деп аталатын еңбегінен көптеген мәліметтер табуға болады. Онда қазақ халқының поэзиясы жайлы және оны жасаушылар туралы жиі ұшырасады. Жазба әдебиетіне дейінгі кезеңде қалыптасқан әдебиет туындыларын халық шығармашылығы деп атап, оның жалпы қасиеті жайлы «халық рухының көрінісі мен жетістігі, сондықтан да ол өте кең таралаған және халық арасында үлкен құрметке ие [6] –деп баға берген.
Жыраулар поэзиясына байланысты жинақтар XX ғасырдың басында көптеп шығарыла бастады. Сондай еңбектердің қатарына: М.Османовтың «Ноғай уа құмық шиғырлары» ( СПб 1883) М.Бекмұхаммедовтың «Жақсы үгіт» (Қазан 1908ж) Ғ.Мұштахтың «Көксілдер» (Орынбор 1911) сияқты жинақтарды жатқызамыз.
XX ғасырдың басында әрі әдеби, әрі тарихи тұрғыда зерттеу жүргізген Қ.Халидұының еңбегі «Тауарих хамсада» ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерімен қатар, жыраулық поэзия өкілдері жайлы мәліметтерді ұшыратамыз. Халық жадында аты аңызға айналып кеткен тарихи тұлға Асан қайғы аталған еңбекте бірнеше жерде аталады. Қ. Халидов әуелі оның қай дәуірде өмір сүргендігін, кімдермен замандас болғандығын және өзінің кім болғандығы жайлы сыр шертеді. Автор алдымен халық арасындағы әңгімелерге құлақ салады. «Асан қайғы асылы ноғай емес Шыңыс ханның замандасы Майқы бидің алтыншы немересі деседі. Ұлы жүзде және бір Майқы би бар, бұр ол емес [7] –деп ел аузындағы
Кеңестік кезең әдебиеттануы бұралаң жолдармен, түрлі ұстанымдармен, әр қилы қолдан жасалған қағидалармен ерекшеленеді. Сондықтан болар осы дәуірде туындаған зерттеулер мен еңбектердің қатпары мол қағидасы сан түрлі болды. Себебі сөз бостандығына шектеу қойылды. Адам санасын қоғамның мүддесіне бағындырды. Осы аралықтағы әдебиет үш түлі белестен өтіп бүгінге жетті.
Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңінде жарық көрген шоқтығы биік зерттеу еңбектердің бірі-М. Әуезовтың «Әдебиет тарихы» кітабы. Бұл кітап 1927 жылы жарыққа шықты. Автор алға қойған мақсатын сөз басында «Әрбір тарих белгілі жолдағы істің өскеннің, гүлденгенін сөз қылады . Олай болса , Әдебиет тарихының міндеті: Бір жұрттың тіліндегі ауызша жазба әдебиеттің ішінен үлгі болған белгілерін бөліп шығару. Ол белгілер сол елдің әдебиет жолындағы жаңа сөзі болу керек.
Әдебиет тарихы белгілі бір дәуірлерді, мезгілдерді бөліп шығарады. Халықтың әдебиеті алғашқы шыққаннан бастап, белгілі бір кезеңге шейін тарихтың ішіне кіру керек. Әр мезгілдің үлгісі қандай, неден туды , басқа өмірімен қандайлық тарихи байланысы бар, сол айтылуы керек. [8]- деп атап көрсетеді. М.Әуезов қазақтың жазба әдебиетінің құлашын сонау жыраулық дәуірге сермейді. «Қазақ елінің жазба әдебиеті алғашқы дәуірінде ел өмірінің осы сияқты қайнар бұлағынан, жуан тамырынан шыққандығын ойласа, бергі заманда шыққан Абай сияқты ақындарды туғызған анайы топырақ, арғы ата-бабаның кім екенін анық ұғамыз. Осы жайды ұғынсақ қазақтың жазба әдебиеті кешегі өткен Абай емес, одан көп арғы жердегі саймен көп саладан суат алатынын түсінеміз. ...Әрине бұл жіктің алғашқысына қосатынымыз: Асан қайғы, екінші Бұқар жырау». Зерттеуші ғалымның бұл пікірі өміршең болып қала бермек.
«Әдебиет тарихы» жайлы Ә. Тәжібаевша айтар болсақ : «Мен Қобыланды батырлармен , Баян бастаған ақылды сұлулармен табысқаныма қуандым. Билер сөзін естігенде не деген шешен елміз дедім, өзімізді де ірі сезіндім. Ал Асан, Бұқар, Махамбеттер менің бала жүрегімді дірілдетті. ... алдарында еріксіз бас идім. Мұхаң мені олармен де айырылмастай табыстырды.» (5)- бұл кітаптың тиісті бағасы еді.
«Әдеби мұра» деген атауды желеу еткен бұл жиылыста, әдебиетіміздің өткеніне көз жұма қарай отырып, лениндік тұрғыдан баға берілді. Сондықтан болар С.Бәйшовтың баяндамасынан ескі мұраны дәріптеу тағылық, ескішілдік болып табылатындығын аңғарсақ, Е.Ысмайлов баяндамасынан «Бұқар өлең-толғаулары өмірлік фактілерді әр көлемде қамтыса да реалистік сипаты төмен » [9]-деп кеңестік тұрғыдан баға беруін байқаймыз. Осы бас қосуда түйінді ойлар да айтылған. Мысалы: М.Базарбаевтың « толғау-қазақтың байырғы ауыз әдебиетінің топырағында түзілген форма»-десе, енді бірде поэзияға байланысты «жазуы жоқ, көшпелі елдің поэзиясы өзінің тіршілігінде ұлан байтақ даласының бірде аңызақ ескен, бірде көгалы жайқалған келбетіне сәйкес келген» деген пікір айтады. Ал Қ. Жұмалиевтің баяндамасынан екі ұдайы көзқарасты танимыз. Алғашқысы «Қазақ әдебиетінің тарихы бар . Қазақ әдебиеті тарихының басы – Бұқар жырау –дейміз»-дей келе, әдебиеттің өткен белестерін бас салып сынауға, шенеуге болмайтындығын айтады. Екіншісінде «Бұқарды, Үмбетейді.. алсақ, олар негізінде феодалдық салт-сананы қолдаушылар , сол таптың идеясын жырлаушылар болды»[9] –деп міней отырып, әдебиет тарихын Бұқар жырау, Махамбет Өтемісұлы енгізілуі керек те, Үмбеттейлер аталған тұлғалардың шығармаларын зерттеумен байланысты тек шолу дәрежесінде айтылуы керектігін айтады. Осы ғылыми отырыста әдебиетіміздің өткеніне көз жүгірткен, құнды пікірлер айтқан ғалым Б. Кенжебаев болды. Өкініштісі баяндамаға маркстік-лениндік тұрғыдан баға берілді. Баяндама авторы кейіннен «... қазақ әдебиетінің тарихын әріден бастау керектігі жайлы ойларымды ғылыми көпшілікке баяндадым, ортаға салдым. Баяндағаным бар болсын, сөзге қалдым, күлкіге ұшырадым ... [10]-деп ағынан жарылды. Ғылыми отырыстың қорытындысында әдебиетіміздің өткеніне көз жүгірткен ғалымдардың оң пікірлері қатал сынға алынып,«жарыссөзде сөйлеушілердің біразының сөзінде әдебиет тарихында болған адамдардың мұралардың дәл бағасын партиялық – лениндік тұрғыдан қатал сынға алу жағы жетіңкірімейді , ... қорыта айтарым : ұлы ұстазымыз коммунистік партияның сенімін , ... біздің әдебиетімізде ойдағыдай өсіп -өркендеуімен ақтауы шарт »[9] деген пікірмен түйіндейді. Бұл жарыссөз төрағасы М.Әуезовтың сөзі . Кезінде жыраулық поэзияға қатысты құнды пікір айтып, қазақ әдебиетінің тарихына Асан қайғы , Бұқарларды енгізіп, жырау сөзіне тиісті баға берген ғалымды уақыт ағымы осылай сөйлеуге мәжбүрледі.
Қиыр жолдарында көңілінде жүрген көкейкесті мәселені қозғай білген ғалымдардың бірі Б.Кенжебаев еді. Ғалым әдебиеттің өткені жайлы: «әдебиет тарихы-көркем өнердің асыл арнасы. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қазынасы. Әр халық өзінің баба тарихымен, көне мәдениет үлгілерімен мақтанатын болса керек . ... Бізде, бір жаман әдет бар. Қазақ әдебиеті –жас әдебиет деуге құмармыз. Солай деуге бейім тұрамыз. Әдебиеттің жастығы , әдебиет тарихының кенжелігі- мақтаныш болмаса керек. Шын мақтанатын қасиет, сонда, егер де, халқымыздың рухани мәдениеті тым тереңде жатқан болса, оны қазып алып, дәлелдесек,...» [10. 48б.] деген салмақты ой айтып, ғылым жолына түскен ғалымдарға бағыт сілтеді Қазіргі кездегі белгілі ғалымдар Х. Сүйіншәлиев , Ә. Қоңыратбаев , М.Жолдасбеков , М.Мағауин , Қ. Сыдиқов, А. Қыраубаевалар қазақ әдебиеті тарихының ерте дәуірін жинақтап, кезектегі мәселе сол әдеби мұраның табиғатын ашып, көпшілікке ұсынған.
XV-XVIIІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясын жинақтап, зерттеген М.Мағауин еді. Автор өзінің ғұмырбаяндық «Мен»дилогиясында зерттеудің барысын, кездескен қиыншылықтарды, жасаған ерлік істерін баяндайды. Х. Сүйіншәлиев қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдеріне тоқталса, Ә.Қоңыратбаев ерте дәуір әдебиеті мен қазақ фольклорының арақатынысын зерттеді.
Жыраулар поэзиясы зерттеушілердің бірі әрі бірігейі М.Мағауин зерттеу жұмыстарын 60-жылдың екінші жартысынан бастап жүргізді. Алғашында Қазақ хандығы дәуірінде- XV-XVIIІ ғасырларда жасаған, көпшілігінің аты-жөні, өлең-жырлары беймәлім болып келген арқалы ақын, дана жырауларға арналған мақалалар жазған. Терең ізденістің нәтижесінде «Қобыз сарыны» 1968 жылы баспадан шықса, 1970 жылы «Алдаспан», 1984 жылы «Бес ғасыр жырлайды» антологиялары шықты.
Халық алдында әдебиеттің өткен дәуірін арыдан іздеген , ғылыми негіздеген КазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының ғалымдары 1967 жылы «Ертедегі әдебиет нұсқалары» деген атпен шыққан еңбекте жыраулар поэзиясынан сыр шертеді.
Тың ойлар мен тынысы кең зерттеулер жыраулар поэзиясының поэтикалық құныдылығын, эстетикалық қуатын, көркемдік көкжиегін жан-жақты зор үлес қосатын мақалалар мен жеке зерттеулер де көзге жиі ұшырасады. Бұдан шығатын қорытынды жыраулық поэзияның қызығы мен құпиясы әлі де болса әдебиет тарихы қойнауында жатқандығы. Кеңестік кезенде келте қиылған шындықтың орнын толтырып, шынайы көзқараспен зерделеу бүгінгі әдебиеттің өзекті мәселесі әрі міндеті болып табылмақ.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қабдолов З. Сөз өнері Алматы: 2002 ж. 286 - бет.
2. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет Алматы: 1993ж.139 – б.
3. А. Ф. Лосеев Гомер, Москва: 1960 ж. 69 – бет.
4. Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті , Алматы: 1983 ж. 77, 130 – бет.
5. Уәлиханов Ш. Таңдамалы Алматы: 1985 ж. 16, 124 – бет.
6. В. В. Радлов Ел қазынасы – ескі сөз Алматы: 1994 .ж 10 – бет.
7. Қ. Халидұлы Тауарих хамса. Алматы: 1992, 93, 106, 110, 111 – бет.
8. Әуезов М. Әдебиет тарихы Алматы: 1991ж. 5, 16, 207 – бет.
9. Әдеби мұра және оны зерттеу Алматы: 1959 ж. 22, 58, 97, 100 – бет.
10. Кенжебаев Б.Әдебиет белестері Алматы: 1986 ж. 48 – бет.