Автор:
Назира Сайбекова (Алматы, Қазақстан)
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқының бес ғасырға жуық тарихи шежіресі топтастырылған, ең алдымен қазақ халқының ұлт болып қалыптасу жолын, сол жолдағы тауқыметті тарихты, қилы кезеңдерді бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруді мақсат тұтқан ұлы тарихи шығарма.Автор өз еңбегі туралы [1]:
«Жазушы алыста қалған уақытты тарихи зерделеумен ұзақ айналысқан кезде, өтіп кеткен адамдар мен оқиғалар оның санасында қайта тіріліп, ол еріксізден, осының бәрінен тек адамды ғана көреді. Менде де осылай болды. Кенесары ханға қатысты XІX ғасыр оқиғаларын зерттей келе, мен осы өткен тарихи оқиғалардың бәрінен де қасіретті адамның тұлғасын көрдім. Ол маған бүкіл күрделі мінезімен, табыстарымен, сәтсіздіктерімен көрінді де, мен ол жайында роман жазып шықтым. Ақтаған да, қаралаған да жоқпын, өмірде қалай болса, солай етіп жаздым»,деп көрсетті.
Поэтикалық құрылымы аса күрделі өзіндік ерекшеліктері бар біртуар туынды, қазақ тарихи прозасының белгілі кезеңдегі көркемдік жетістіктерінің бірі. Қазақ халқының негізгі ұлттық белгісін, тарихи даму жолын, әрі сол тарихи қалыптасқан кезеңдегі тіршілік тынысын әр түрлі тілдік бірліктерді, яғни тілдегі көркем бейнелі тұрақты тіркестерді қолдану негізінде оқырмандарға таныстырды.
Фразеологизмдер көкейге қонымды, ықшам, ұтқыр да ұтымды сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жатады. Айшықты сөз өрнектерінің басым көпшілігі халықтың тұрмыс – тіршілігіне, салт – дәстүріне, әдет – ғұрпына, діни наным – сеніміне байланысты туындаған. Олардың құрылымын, тілде қалыптасу кезеңдерін, тұрақтылау негіздерін зерттеу, сайып келгенде, оқырман қауымды оның тілдік табиғатынан хабардар етіп қоймай, этнос өмірімен астасып жатқан мызғымас тұтастығымен, этнолингвистикалық, экстралингвистикалық факторлармен қызықтырады. Ал әр типтес тілдегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеу - өзіндік тұңғиық сыры бар, қиындығы да, қызығы да мол күрделі жұмыс екендігі жоғарыда айтылған. Жалпы тіл білімінде фразеологизмдердің зерттелу тарихының тым әріден бастау алатындығын байқаймыз.
Фразеологизмдердің тек өзіне ғана тән өзгеше белгілері бар.Осы белгілер тілдің бұл категорияларын өз алдына жеке сала ретінде қарастыруға итермелейді.Әрі тілдің басқа единицалардан айырмасын айқындайтын негізгі ерекшелік болып табылады. Бұл белгілердің түрі мына төмендегідей:
Лексикалық мағынасы және грамматикалық жасалуы жағынан сөз бен фразеологизмдердің ұқсас тұстары өте көп.Фразеологизм мен сөздің лексикалық мәнін ашқанда, олар біріне-бірі синоним болып келетінін байқау қиын емес.Мысалы: қас пен көздің арасы-лезде; жермен жексен қылу- бірдей,тегіс; жерден жеті қоян табу-қуану; итжеккен-алыс; үріп ауызға салғандай-сұлу.
Фразеологиялық тіркестердің жеке сөздер тектес стилистикалық өңі ажарлы келеді. Сөйлемдегі орнына, қолданылу жүйесіне қарай фразеологиялық тіркестер кейде еркін тіркесіп, кейде тұрақтанып қалатын тұстары бола береді. Мысалы, ат үсті деген фразаны алайық. «Бұрын көлік мініп көрмеген қызға ат үсті жайсыз көрінді».Мұнда фразалық мән жоқ.Ал, «олар мәселені ат үсті қарады» десек фразеологиялық мәні бар тіркес [2]. Тіл білімінде фразеологияны зерттеудің бағыты сан алуан. Оны шамамен былай топтастыруға болады:
-
Фразеологизмдердің теориялық – практикалық мәселелері;
-
Фразеологизмдердің салыстырмалы – типологиялық және аудару мәселелері;
-
Фразеологизмдердің жергілікті тіл ерекшеліктеріне қатысы;
-
Фразеологизмдердің стильдік қызметі;
-
Фразеологизмдерді семантикалық тұрғыдан топтастыру.
Ал біздің зерттеп отырған мәселеміз фразеологизмдердің салыстырмалы түрдегі көрінісі, яғни қазақ тілінен ағылшын тіліне берілу жолдары.
Фразеологиятану ғылымында фразеологизмдердің басты белгілері, релеванттық қасиеттері ретінде үш ерекшеліктері аталынады:
1) мағына тұтастығы;
2)тіркес тұтастығы;
3)қолдану тиянақтылығы.
Мағына тұтастығы дегеніміз – фразеологизм компоненттерінің бастапқы мағынасынан түгел не жартылай айырылып, тіркестің біртұтас мағына беруін айтамыз. Тіркес тұрақтылығы фразеологизм компоненттерінің өзара орын тәртібін сақтауынан, ал қолдану тиянақтылығы олардың даяр тұруынан көрінеді. Осы аталып отырған релеванттық қасиеттер қазақ және ағылшын тілі фразеологизмдеріне де ортақ заңдылықтар. Романдағы етістікті фразеологизмдерді іріктегенде біз осы қасиеттерге сүйендік.
Мысалы, қазақ – ағылшын тіліндегі тұрақты тіркестер:
Көзінің ағы мен қарасы – the apple of one’ s eye,
Kill two birds with one stone – екі қоянды бір оқпен ату;
Cat and dog life – ит пен мысықтай өмір кешу; т.б.
Бұл тіркестердің құрамындағы компоненттер бір – бірімен байлаулы, тұтасқан қалпында қолданылады. Олардың орнына басқа бір сөз қолдануға болмайды немесе басқа бір тілдік элементпен олардың бірін өзгерткен жағдайда жалпы мағынаға нұқсан келуі немесе фразеологизм табиғатына тән әуезділік пен үйлесімділік бұзылуы мүмкін.
Тұрақты сөз тіркестері қай халықтың болмасын, тілге шешендігі мен шеберлігін, даналығы мен данышпандығын танытады. Соның ішінде қазақтың тұрақты сөз тіркестері құрылысы мен құрамы, мән мағынасы жағынан өте күрделі.
Тұрақты сөз тіркестері халық даналығы болып табылады. Себебі, қазақ халқының өткен тарихындағы би, абыз, шешендер тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өтімді де өткір тілімен айтып отырған.Осыдан қалған сөздер тұрақты сөз тіркестеріне айналуы әбден мүмкін. Тұрақты сөз тіркестері қазақ әдебиетінің проза жанрында үлкен орын алады. Көркем әдебиеттің мазмұны мен мағынасы, маржан сөзге байлығы осы тұрақты сөз тіркестері арқылы жүзеге асады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін профессор С.Аманжоловтың «Қазақ әдеби тілінің және диалектологиясының мәселелері» атты ғылыми еңбегінде: “Қазақ тілі идиомалар мен фразеологиялық тіркестерге өте бай. Біздің ойымызша, идиомалық және фразеологиялық оралымдар қазақ халқының ойлау жүйесін зерттеуді және тілдегі мазмұн мен форманы қарастырудың тамаша нысанасы бола алады,”-деген тұжырымын келтіруге болады [3]. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романында «ұйытқы сөз» деп аталатын сөздерді де, халықтың тұрмыс күйіне байланысты фразеологизмдерді де көптеп кездестіруге болады.
Кесте 1 - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы тұрақты етістікті сөз тіркестерінің мөлшері:
Етістікті сөз тіркестерінің жалпы саны
|
Аударылған етістікті сөз тіркестерінің мөлшері
|
Аударылмай қалған етістікті сөз тіркестерінің
мөлшері
|
Аударылған етістікті сөз тіркестерінің
пайызы %
|
Аударылмай қалған етістікті сөз тіркестерінің пайызы %
|
690
|
526
|
164
|
76%
|
24%
|
І.Есенберлиннің [1] «Көшпенділер» романындағы фразеологизмдердің орыс және ағылшын тіліндегі аудармада берілу жолдарын саралай келе және ғалымдардың фразеологизмдердің аудармада берілу жолдарын сараптай келе, С.Влахов пен С.Флоринның ұсынған тәсілдеріне тоқтағанды жөн көре отырып, келесідей түрлерін анықтадық:
Кесте 2
Аударылу
жолдары
|
Етістікті сөз тіркестерінің мөлшері
|
Етістікті сөз тіркестерінің пайызы %
|
Калька
|
302
|
44%
|
түсіндірме тәсілі арқылы
|
135
|
19%
|
толық баламасын беру арқылы
|
12
|
2%
|
жартылай баламасын беру арқылы
|
77
|
11%
|
Сонымен, бұл кестеден романдағы тұрақты етістікті сөз тіркестерінің басым көпшілігі калька және түсіндірме тәсілі арқылы аударылғанын көруімізге болады.
1.І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романындағы [4], [5] калька тәсілі арқылы аударылған фразеологизмдерге мысал келтірер болсақ:
-Осы кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр өз ордасына тіксе де, жаулап алған жерлері сол Мауреннахр,Соғды, Қорасан жағы болғандықтан, көңілін көбіне осы тұсқа аударған.(11б.)
И сейчас хан Абулхаир держал свою ставку в казахской степи, но основное внимание уделял в той или иной степени зависимым от него Мавереннахру и Хорасану.(7с.)
And now Khan Abulkhair had his headquarters in the Kazakh steppe but attached his main attention to Maverannakhr and Horsan that were dependent on him.(11р.)
-Бақ құсы басына қонып,ақ түйенің қарны жарылды. (10б.)
Птица счастья опустилась на его голову, и в жертву принесен был белый верблюд.(7с.)
The bird of happiness descended on his head and a white camel was sacrificed on that occasion.(11р.)
-Әбілқайыр ханның тек сырты ғана сау, іші күйе түскен кигіздей шұрық-шұрық.(74б.)
Одним словом, великий хан здоров лишь внешне, а внутренности его имеют тысячу ран, как проеденная молью кошма…(76с.)
In a word, the great khan only looks healthy whereas his internal organs have a thousand injuries like a moth-bitten felt mat…(66р.)
2.Түсіндірме тәсілі арқылы аударылған фразеологизмдер:
-Бұл үш ноян барып, бір Қолбасшыға тізе бүккен.(6б.)
Всеми воисками командуют два или три нойона.Все они подчиняются главнокомандующему…(4с.)
All the troops are to be commanded by two or three noyons.All of them shall be subordinate to a commander-in-chief…(8р.)
3.Толық баламасын беру арқылы:
-Әбілқайыр езу тартып күлімсіреді.(9б.)
Лениво покривились губы Абулхаира при воспоминании об этом.(5с.)
Abulkhair`s lips curved sardonically as he recalled that.(10р.)
-Исан –Бұғының қабағы қарс жабыла қалды.(123б.)
Иса Буга грозно нахмурил брови.(134с.)
Isa Buga knitted his brows threateningly and the garrulous messenger shut his mouth at once.(111р.)
4.Жартылай баламасын беру арқылы:
-Оған, міне, он жылдан асып барады. Әбдіразақ келгелі, көзі ашылды.(85б.)
И вдруг из Мерва нукеры привезли захваченного в плен раба-лекаря Абдразака, который за несколько недель, пользуясь самыми простыми средствами, буквально поставил на ноги хана.(92с.)
Then all of a sudden his men brought to him a captive slave from Merve, healer Abdrazak, who had literally set the khan on his feet using most common means.(78р.)
-Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді.(10б.)
Но чем выше поднимается по лестнице славы человек, тем больше становится у него врагов.(7с.)
But, the higher one climbs the steps of glory, the more enemies one has.(11р.)
Жоғарыда келтірілген мысалдардан ұлы жазушының романындағы фразеологизмдер калька арқылы,толық баламасын беру арқылы,жартылай баламасын беру арқылы, түсіндірме тәсілі арқылы тәржімаланғанын, кейбір аударылмай қалған тұрақты етістікті сөз тіркестерін мысалдармен бере отырып, аудармашының берілген ойды, яғни сөйлемдерді сол қалпында жеткізгеніне және аударма барысында мағынасы сақталғанына көзімізді жеткіземіз.
Қолданылған әдебиеттер:
1.І.Есенберлин. Көшпенділер: Тарихи трилогия.- Алматы: "Көшпенділер"
баспасы, 2008-656 бет.
2.Ө.Айтбаев.Аудармадағы фразеологиялық құбылыс.-Алматы: Ғылым, 1975
3. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілінің және диалектологиясының мәселелері.
Алматы 1997-254 б.
4.Есенберлин И.«Кочевники»Пер.с каз.М.Симашко-Алматы: ИД «Кочевники», 2007.-720с.
5.Yesenberlin I. The Nomads/Translated by Oleg Chorakaev –Almaty: The Ilyas
Yesenberlin Foundation, 2000.-560p.