Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

І. ЖАНСҮГІРОВТІҢ «ЖОЛДАСТАР» РОМАНЫНДАҒЫ АНЫҚТАУЫШТАРДЫҢ СТИЛЬДІК СИПАТЫ

Автор: 
Айгерим Шаншарбаева (Талдықорған қаласы, Қазақстан Республикасы)

Сапалық анықтауыштардың түрлерінің де, мағыналарының да түрлі-түрлі болатындығынан, оның стилистикалық функциялары да әр түрлі болады. Оның қандай жерде қалай қолданылуы автордың айтайын деген ойына, оны берудегі амалына, тіл шеберлігіне, шығарманы стильдік мазмұнына байланысты болады. Сөз табы жағынан сын есім, зат есім, сан есім, есімше арқылы жасалған сапалық анықтауыштар көркем шығармаларда көркемдеу тәсілінде көп қолданылады. Яғни сапалық анықтауыштар заттың сыны, сапасы сияқты әр түрлі қасиеттерін білдірсе, екінші жағынан қимыл процестерінің сыны болып табылады. Сондықтан сапалық анықтауыштардың прозада болсын, поэзияда болсын, стильдік мәні өте зор.

Поэзияда, көркем әдебиетте сапалық анықтауыштардың көркем бейнелеу әдістерінде қолданылу ыңғайын саралау үшін І.Жансүгіровтің «Жолдастар» романын қарастырамыз. Қандай да бір жазушының тілін қарастыру барысында зерттеушілер ең алдымен шығармадағы эпитеттер мен теңеулерді басты назарға алады. Сондықтан эпитеттерге бірінші тоқталуды жөн көрдік. Эпитет (грек. epіtheton – қосымша) – заттың, яки құбылыстың ерекшелігін, сыр-сипатын бейнелі түрде танытатын поэтикалық және стилистикалық ұғым, экспрессивті айқындаушы сөз. І.Жансүгіровтің поэзияда болсын, прозада болсын ең көп қолданған көркемдеуіш құралы – эпитеттер.

«Жолдастар» романында толықтауыш, пысықтауыш, анықтауыш қызметінде жұмсалған эпитеттер кездеседі. Мысалы, Мәмбет, Нұраділдер де шойын жол бойындағы қара жұмыста жүр [5, 310б]. Соқыр ақын жырды сүре-сүресімен қайрып тоқтатқанда, шылбырдан алып, ат тартып тастаған жарау жүйріктей дауыстан ажыраған домбыра қоңыр күйге түскенде, бетке таяу пернелер басылса беу-беу қағып, қаққан саусақпен тасыр-тұсыр ойнақтайды [5, 273б]. Осындағы «қара жұмыста» тіркесі баяндауыш қызметінде жұмсалып, бір мың тоғыз жүз оныншы жылдардағы қарапайым халықтың күн көрісінің негізі көзі ауыр жұмыс екендігін тағы бір дәлелдейді. Одан арғы қойлар кезден кертіп жеп, даудан өнген, көпиелі малдан, айып-анжыдан, күнде балалаған парадан, қойшы-қолаңшының ақысынан, тағы-тағы басқалардан сәті түсіп, өніп, қорланып, қой болатын еді [5, 21б]. Осындағы «балалаған пара» есімше тұлғасынан жасалып, толықтауыш қызметінде жұмсалып тұрған тіркестер романда аракідік ұшырасып жазушы ойын нақтылап отырады.

Анықтауыш қызметінде жұмсалған көркемдеуіш құралдар «Жолдастар» романында жиі қолданыс тапқан. Әсіресе, эпитеттің күрделі түрі романда кейіпкердің образын беруде немесе қоршаған ортасын сипаттауда жиірек кездесіп отырады.

Мысалы, Тамақ дәметкен, сұқ ит көзденген, мінезі кесектеу, ожарлау адам [5, 424б]. Әне, оның қатарындағы, қызыл ала оюлы ақ жұмыртқа отау Досайдың баласынікі [5, 89б]. Бірінші сөйлемдегі эпитеттер кейіпкер образын берсе, екінші жағдайда эпитеттер сипаттау қызметін атқарып тұрады.

Сонымен қатар, сын есімнен болған, сапалық анықтауыш қызметінде жұмсалып тұрған сезім мүшелеріне қатысты эпитеттер жиі қолданылған.

Оның ашық даусы сүт пісірімге созылып, сырнайша сылдырайды [5, 28б]. Құлақ күйден ширап бұрауы келген домбыраны Сатан сартылдатып қағып-қағып жібергенде ащы айқайлы, әдемі үнді «Ардақ» атты Арқаның атақты әні аспанға көтерілді [5, 60б]. Мұндағы «ашық» деген тіркес адамның сезіну мүшелеріне тікелей қатысты болып отыр. «Ащы айқайлы, әдемі үнді» әннің сипатын беруде белгілі бір рөл атқарып тұрғаны анық.

Романда эпитеттер тұлға жағынан бiркелкi емес. Эпитет сын eciм, көсемшетұлғалармен қатap есiмшеден де жасалуы мүмкiн. Қай тұлғада тұрса да, барлық эпитеттің мазмұны бiрдей, құбылыстың айрықша белгiciн даралау, нақтыландыру. Айырмашылық-түрiнде, кандай сөзбен тipкecуiндe, ненің санасын, қасиетiн, белгiciн (заттың ба, әлде қимылдың ба) бейнелейтiндiгiнде. Есімшеден болған эпитеттер ic-әрекеттің, қимылдың санасын бөлектеп айрықша жекелеп, көркемдеп бейнелейдi.

Мысалы, Қарғанған дауыс, күжілдеген ашу, күңіренген көпшілік у-шу болып, бүлінген ауыл азан-қазан [5, 66б]. Тұманнан тазаланған аспанның таңы қып-қызыл болып, жер жүзін жап-жарық қылды [5, 442б]. Бұл мысалдарда есімшеден жасалған эпитеттер сөйлемде белгілі бір стильдік қызмет атқарып, мағына үстеп, заттың күйін анықтайды.

І.Жансүгіровтің «Жолдастар» романында көркемдік, бейнелілік тудыратын сөздердің ең үлкен тобы - теңеулер.

А.Байтұрсынов теңеуге қатысты мындай тұжырым жасайды: «Теңеу, көріктеу, нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді» дей келе, теңеуді екі топқа бөледі:

1. әншейін теңеу

2. әдейі теңеу [1, 27б].

Әдебиет теорясының негізін салушылардың бірі – Қ.Жұмалиев теңеуге төмендегідей анықтама береді: «Жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, ол нәрсенің өзгешелік белгілерін көрсетпей-ақ, оны екінші нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды» [2, 110б] десе, қазақ тіліндегі теңеулерді Т.Қоңыров жасалу жолдарына қарай он топқа бөлгендігі белгілі [3, 11б]. Дәл осы жасалу жолына байланысты И. Ұйықбаев қазақ тіліндегі –дай, -дей, -тай, -тей, -лай, -лей жұрнақтары бір-біріне вариант, әрқайсысына – дайын, -дейін, -тайын, -тейін форманттары вариант бола алады. Алайда, бұл өте көне құбылыс екенін ескертеді [4,141б]. Теңеулердің синтаксистік құрылысына келгенде, Т.Қоңыров оларды жалаң теңеулер, күрделі теңеулер, бірыңғай теңеулер, толымды теңеулер, толымсыз теңеулер, болымсыз теңеулер деп алтыға бөліп қарастырады [3, 22-40б]. Жалпы, бір нәрсені екінші бір нәрселер арқылы салыстыру көркем шығармаларда бейнелеу әдістерінде көп қолданылады.

І. Жансүгіровтің «Жолдастар» романындағы сапалық анықтауыштар арқылы жасалған теңеулерді бірнеше мағыналық топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Кейіпкер портретін оқырманның көз алдына дәл беру үшін қолданылған теңеулер:

Мысалы, Тұрқы есік пен төрдей, оқтаудай қатқан жайсаң құланы жайтаңдатып, әлгі мылтық атқан Құсайынға таяу келіп тұра қалды [5, 313б]. Осындағы «есік пен төрдей», «оқтаудай» теңеуі – халықтық өлшемге байланысты туған тұрақты теңеу, құланың сыртқы тұрқын сипаттау үшін жұмсалған.

Мардан Машай есігінде күл шұқып, итпен бірге сүйекке таласып, күшікпен бірге қаспаққа жармасып, басы қайызғақ, қарны қабақтай, шүметейі салбыраған қара бала болды [5, 136б]. Сөйлемдегі «қарны қабақтай» тіркесі ауру баланың кейпін білдіреді, бұл теңеуәдетте балаға қатысты айтылатын теңеу емес. Жазушы оны тәпіштеп жазбай теңеу арқылы көрсетуді мақсат еткен.

Досай ырғайдан алған шоқпардай сарт-сұрт сөйлейтін құрыш би көрінеді [5, 23б]. «Шоқпардай» теңеуі кейіпкердің образын жасауда негізгі рөл атқарып, оның тік мінезді, қандай да болмасын шешімді бірден қабылдайтын адам екендігін айқындайды.

Нәзипаның мынау қамыстай әдемі тұлғасын, ойнақшыған мінезін Шалматай қалай алдандырсын [5, 55б]? Қажының тоқалы Нәзипаның сыртқы дене бітімін қамысқа теңей отырып, жазушы оның нәзіктігін, келіншектің сұлу тұлғасын көрсете білген.

2. Кейіпкердің көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатында қолданылған теңеулер:

Мұқсина тандырға пісірген нандай қаны қашып, көзі бажырайып қалыпты [5, 168б]. Бұл сөйлемдегі «тандырға пісірген нандай» деген тіркес кейіпкердің сол ситуациядағы бет бейненнің көңіл-күйге қатысты өзгеруін жеткізеді.

Ит кемірген асықтай тығырайған қара қажының қаны қашып, қара пышақтай болған [5, 110б]. Шалматай қажыны тоқалы Нәзипа ел алдында масқара еткеннен кейін оның көңіл-күйін жазушы екі ауыз сөзбен жүзінің түр-түсін өзгерту арқылы «ит кемірген асықтай» теңеуімен жеткізген.

3. Белгілі бір оқиғаны сипаттау, табиғат көрнісін суреттеу үшін пайдаланылған теңеулер:

Әне, отау мен үлкен үйдің арасындағы кермедегі бөрте серкедей тіктиіп тұрған ақсұр ат [5, 33б]. Жазушы оқиғаның шынайылығын арттыру мақсатында оқиға болып жатқан аумақтың ұсақ деталдарына дейін бейнелеп, осындағы «бөрте серкедей» теңеуі арқылы аттың сын-сипатын көрсетеді.

Мұнда қаракесек, тобықты, қуандық, сүйіндік, уақ, найман, төлеңгіт сияқты толып жатқан рулар отыр [5, 172б]. Бұл сөйлемдегі теңеулер: қаракесек сияқты, тобықты сияқты, қуандық сияқты, сүйіндік сияқты, уақ сияқты, найман сияқты. Ал жазушы үнем заңдылығына сәйкес теңеулерді жоғарыдағы сөйлем түрінде береді.

Сонымен бірге, І. Жансүгіровтің жеке қолданысындағы теңеулер, яғни окозионал теңеулер жиі кездеседі. Мысалы, Шыны аяққа тауықтың қанындай жұқтырып, түйенің сүтін қатып күрең бұйралап шұбар Шәлипан шәй құйды[5, 42б]. Осы сөйлемдегі «тауықтың қанындай» тіркесі автордың жеке қолданысы, халық арасында тек «қасқалдақтың қанындай» деген тіркес кездеседі.

Жазушының қолтаңбасынан туған теңеулердің барлығы да ерекше. Мысалы: Ықсан молда төбеттей арсылдап орыннан қопарылып кетті [5, 56б]. Кавказ жігітінше киініп, қанжар асынған шаршы қара жігітті «Шеркес Қали» дейді [5, 173б]. Шығармада теңеу адамның іс-қимылын беруде, кейіпкердің белгілі бір сипатын беруде қолданылғанын байқаймыз.

Көбіне романдағы сапалық анықтауыштардан болған теңеулердің грамматикалық тұлғасына зер салсақ, негізгі зат есімдерге және –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары мен қатар «тәрізді», «сияқты» көмекші сөздері тіркесуі арқылы жасалған.

Жазушы тіліндегі теңеулер мен эпитеттер ерекше бейнелілік, көркемдік қасиетімен оқырманын баурап әкетеді. Көркем образ жасаудағы жазушының жоғары этетикалық талғамы, көркем ой орамынан туған бейнелеуіш құралдар сонылығымен, терең мазмұнымен таңдандырмай қоймайды. Бұл негізгі троптың екі түрі сапалық анықтауыштардың негізгі стилдік қызметін айқындайды.

Әдебиеттер тізімі:

1. Байтұрсынов А. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1984.

2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы:Мектеп,1969 ж.

3. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. -Алматы: Мектеп, 1978.

4. Ұйықбаев Қ.Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сөз варианттылық проблемасы.- Алматы, 1976.

5. Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы, 2 том.-Алматы:Қазығұрт, 2003.