Автор:
І.Ж.Есенғабылов, А.А.Нұрғазинова (Талдықорған, Қазақстан)
Жаңа енгізілген немесе инновация адамның кәсіптік қызметінің бәріне де тән болғандықтан, ол табиғи түрде зерттеудің, талдаудың және тәжірбиеге енгізудің нысанасына айналды. Инновация өздігінен пайда болмайды. Ол ғылыми ізденістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тәжірбиесі. Бұл процесс стихиялы дамымайтындықтан ол басқаруды қажет етеді.
Тұтас педагогикалық процестің инновациялық стратегиясында жаңашылдық процестерді тікелей алға апарушылар ретінде мектеп директоры, мұғалімдер мен тәрбиелеушілердің рөлі арта түсуде. Оқыту процесінің көп түрлілігіне қарамастан − дидактикалық, компьютерлік, проблемалық, модульдық және басқа − жетекші педагогикалық қызметті іске асыру мұғалімнің еншісінде қалып отыр. Оқу-тәрбие процесіне қазіргі заманғы технологиялардың енгізілуіне байланысты мұғалім мен тәрбиеші кеңесшінің, ақылшының және тәрбиешінің қызметін одан әрі игеруде. Мұғалімнің кәсіптік қызметі арнаулы, пәндік білімдермен ғана шектелмей, педагогика мен психологияның, оқыту мен тәрбие технологиясы салаларының қазіргі заманғы білімдерін де қамтитын болғандықтан мұғалімнен арнайы психологиялық-педагогикалық дайындық талап етіледі. Осы негізде педагогикалық инновацияны қабылдау, бағалау және іске асыруға дайындық қалыптасады.
Инновация − жаңалық, жаңашылдық, өзгеріс деген ұғымды білдіреді. Инновация құрал және процесс ретінде әлдебір жаңалықты ендіру деген сөз. Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тәрбиенің тәсілдері, түрлері мақсаты мен мазмұнына, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді.
Білім берудегі инновациялық процестердің мәнін педагогиканың маңызды екі проблемасы құрайды. Олар − озық педагогикалық тәжірбиені зерттеу, жинақтау және тарату проблемасы және педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін практикаға енгізу проблемасы. Соған сәйкес инноватика пәні, инновациялық процесстердің мазмұны мен механизмі осы кезге дейін бір-бірінен оқшау қарастырылып келген өзара тығыз байланысты екі процестің тұтастығы тұрғысынан қарастырылуы тиіс, яғни инновациялық процестің нәтижесі теория мен практиканың тоғысуында пайда болатын теориялық және практикалық жаңалықтарды қолдану болуға тиіс.
Бұның барлығы педагогикалық жаңалықты жасау, игеру және пайдалануда басқару қызметінің маңыздылығына көз жеткізе түседі. Өйткені, мұғалім жаңа педагогикалық технологияның, теория мен консепциясының авторы, талап жасаушысы, зерттеушісі, тұтынушысы және насихаттаушысы қызметін атқарады. Осы процесті басқару мұғалімнің өз қызметінде әріптестерінің тәжірибесі немесе ғылымдағы жаңа идеялар, әдістемелерді дұрыс таңдап, бағалау және қолдануын қамтамасыз етеді. Ал педагогикалық қызметте инновациялық бағыттылықты қазіргі заманғы білім беру, қоғамдық және мәдени даму жағдайында педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығының қажеттілігі бірқатар жағдайлармен айқындалады [1].
Біріншіден, қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар білім беру жүйесін, әдістемесі мен түрлі типтегі оқу орындарының оқу тәрбие процестерін ұйымдастырудың технологиясын түбірінен жаңартуды талап етуде. Педагогикалық жаңалықты жасау, игеру және пайдалануға негізделген мұғалім мен тәрбиеші қызметінің инновациялық бағыттылығы білім беру саясатын жаңартудың құралына айналуда.
Екіншіден, білім беру мазмұнын ізгілендірудің күшеюі, пәндердің көлемі мен құрамының үнемі өзгеріске ұшырауы, жаңа оқу пәндерінің енгізілуі жаңа ұжымдық формалар мен оқыту технологиясын үздіксіз іздестіруді талап етуде. Осы жағдайда мұғалімдер арасында педагогикалық білімнің рөлі мен беделі арта түсіп отыр.
Үшіншіден, мұғалімнің педагогикалық жаңалықты игеру және қолдануға деген қатынасы сипатының өзгеруі. Оқу-тәрбие процесінің мазмұнын қатаң тәртіпке бағындырып қойған жағдайда мұғалімнің өз бетінше бағдарлама оқулық таңдаудан бұрын педагогикалық қызметтің жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануға мүмкіншілігі болмады. Егер бұрынғы уақытта инновациялық қызмет негізінен жоғарыда ұсынылған жаңалықтарды практикада қолданумен шектелсе, қазіргі уақытта ол барынша баламалы, зерттеушілік сипат ала бастады. Сондықтан да мектеп, білім беру органы басшыларының қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі мұғалімдердің енгізген инновациясына талдау жасап, баға беру, оны іске асыруға, қолдануға қолайлы жағдай жасау болуы тиіс.
Төртіншіден, жалпы білім беретін оқу орындарының нарықтық қатынастарға енуі, жаңа типті сынып ішінде мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуы нақты бәсекелестік ахуал туғызуда.
Қазіргі заманғы мектепте нақты педагогикалық қызметте іске асыруға болатын орасан зор педагогикалық тәжірибе жинақталған, бірақ олардың бәрі бірдей қолданыла бермейді, өйткені көптеген мұғалімдер мен басшыларда ол тәжірбиені зерттеу және қолдану қажеттілігі қалыптаспаған, сол сияқты ол тәжірбиелерді таңдау мен талдаудың дағдысы мен іскерлігі жетісе бермейді. Мұғалімдер нақты іс-әрекетінде өзінің, сол сияқты әріптесінің де педагогикалық тәжірбиесіне талдау жасаудың қажеттілігіне мән бермейді.
Педагогикалық тәжірбие көпшілік және озық болуы мүмкін. Озық педагогикалық тәжірбие тарихилығымен ерекшеленеді. Өйткені әрбір жаңа кезеңде мектептің материалдық, әдістемелік, кадрлық және басқа да мүмкіндіктердің кеңеюімен педагогикалық қызметтің жаңа талаптары пайда болады. Сонымен бірге озық тәжірибе педагогика ғылымы мен практикасының қазынасын үнемі толықтырушы, жаңартушы қызмет те атқарады. Озық педагогикалық тәжірбиені жасау және таратуда мұғалімнің позициясы үлкен рөл атқарады, сондықтан нақты тәжірбиенің жетекші ережелеріне талдау жасап, оны қолдануға кіріскенде субьективті факторлардың ықпалын ескеру арқылы оның нәтижесі мен педагогикалық ұжымға кірігуіне болжам жасау қажет. Педагогикалық тәжірибеде обьективті және даралық құндылықтар бір-бірімен астасып жатады, бірақ педагогикалық қызметтегі даралық ерекшеліктердің бәрі бірдей көпшіліктің игілігі бола алмайды. Тек және тұлғаның жаңа тәжірибе жасауға ықпал жасайтын бірегей және қайталанбас ерекшеліктері ғана назарға алынады. Озық педагогикалық тәжірибе бұқаралық негізде қалыптаса отырып, обьективті педагогикалық заңдылықтарды игерудің деңгейін де танытады (Ю.К.Бабанский). Озық педагогикалық тәжірбиенің бір түрі болып есептелетін жаңашылдық пен зерттеушілік педагогикалық тәжірибе сезімдік тәжірибелерден теориялық талдау және жинақтауға алып баратын басқыш сияқты. Жаңашылдық пен педагогикалық зерттеудің бірегей үлгісін көрсеткен Ресейдің И.П.Волков, Т.И.Гончарова, И.П.Иванов, Е.Н.Ильин, В.А.Кериновский, С.П.Лысенкова, Р.Г.Хазанкин, М.П.Шетинин, П.Э.Эрдинов, Е.А.Ямбург және тағы басқа ғалымдар мен педагогтардың тәжірибелі мұғалім қауымының игілігіне айналды [2].
Мұғалім қызметінің инновациялық бағыттылығының екінші құрамды бөлігі − психологиялық-педагогикалық зерттеулердің нәтижесін педагогикалық қызметтің практикасына ендіру. Педагогика мен психология бойынша ғылыми зерттеудің нәтижелері уақытылы хабардар ету мүмкіндігі болмағандықтан мектеп қызметкерлеріне белгісіз болып қалады.
Педагогикалық зерттеудің нәтижелерін практикаға енгізу үшін практикалық қызметкерлердің алынған нәтижелермен арнайы танысады, оны іске асырудың орындылығын, сол арқылы осы негізінде ғылыми зерттеу нәтижесін практикада қолдануға деген қажеттілік анықталатындығы В.Е.Груман, В.В.Краевский, П.И.Керташева, М.Н.Скаткин және басқа ғалымдар арнайы еңбектерінде атап айтылған [3].
Педагогикалық инновацияның критерийлері. Инновациялық бағыттылық белгілі бір жаңа енгізілімнің тиімділігіне баға беретіндей нақты критерийлерді пайдалануды қажет етеді. Педагогика бойынша зерттеу тәжірибелеріне сүйене отырып, педагогикалық жаңалықтың мынадай критерийлер жиынтығын анықтауға болады: жаңашылдық, оптималдық, жоғары нәтижелік, бұқаралық тәжірибеде шығармашылықпен қолдану мүмкіндігі.
Инновацияның негізгі критерийі ғылыми педагогикалық тәжірибеге де баға беруде басшылыққа алынатын жаңашылдық деп білеміз. Сондықтан инновациялық процеске араласқысы келетін мұғалім қолға алған жаңалығын мәнін, оның жаңашылдығының деңгейін анықтап алуы тиіс. Біреулер үшін жаңалық болып табылатын құбылыс екіншілер үшін олай болмауы мүмкін. Осыған байланысты мұғалімдерді инновациялық процеске тартқанда олардың еріктілігін, тұлғалық ерекшелігін, дербестік-психологиялық мінездемелері ескерілуі тиіс. Жаңашылдықтың бірнеше деңгейін бөліп көрсетуге болады. Олар: абсолютті, локальды-абсалютті, шартты, субьективті, танымалдық деңгейі және қолдану аймағы бойынша.
Критерийлер жүйесіндегі оптималдық нәтижеге қол жеткізуге мұғалім мен оқушының жұмсаған күшінің шығыны мен қолданған тәслінің тиімділігін айқындайды. Әртүрлі мұғалімдер әртүрлі еңбек жағдайымен бөлек оқушылар ортасында бірдей жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Оқу процесіне педагогикалық инновацияны енгізіп, барынша аз дене, ой еңбегін және аз уақыт жұмсап жоғары нәтижеге қол жеткізу оның оптималдығын білдіреді. Инновацияны бұқаралық тәжірибеде қолданудың бастапқы кезеңі жекелеген мұғалімдер мен тәрбиешілердің қызметіне негізделгенімен олар сыннан өтіп, обьективті баға алған соң ғана жалпыға бірдей қолдануға енгізуге ұсынылуы мүмкін. Жоғарыда аталған критерийлерді білу және педагогикалық инновацияны бағалауда қолдана алу педагогикалық шығармашылыққа негіз қалайды [4].
Педагогикалық инновацияны іске асырудың жолдары. «Инновация» деген сөз − латынның «novus» жаңалық және «іn» енгізу деген сөзінен шыққан, ал оның қазақша аудармасы «жаңару, жаңалық, өзгерту» деген мағынаны білдіреді.
Т.И.Шамова, П.И.Третьяковалардың еңбегінде «Инновация дегеніміз − жаңа мазмұнды ұйымдастыру, ал жаңалық енгізу дегеніміз − тек қана жаңалық енгізу, ұйымдастыру, яғни инновация үрдісі мазмұнды дамытуды, жаңа мазмұнды, оны енгізудің әдіс-тәсілі мен технологиясын қамтитын құбылысты түсінеміз» делінген.
Ал А.И.Кочетов «инновация» ұғымына төмендегідей анықтама береді: «көрсетілген деңгейге апаруды қамтамасыз ететін теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы». Алайда Р. Масырова мен Линчевская мұндай анықтамамен келісепейтіндігін білдіреді. Олардың тұжырымдамасында, «Егер баратын деңгей алдын ала көрсетілген болса, ол қандай инновация» делінген. В.Кваша мен Латинаның пікірлері бойынша «инновация» − бұл жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекеті, мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі болып табылады.
Демек «инновация» термині анықтауда барлық авторлардың пікірлерін салыстырсақ, аса алшақтаған жоқ десе болғандай. Олардың ойынша, «инновация» − педагогикалық категорияға жатады және ол мектептегі құбылысқа тың жаңалық: жаңа бағдарламаны, оқу жоспарын, әдіс-тәсілдерді оқу және тәрбие жұмыстарына енгізу болып табылады [5].
Қорыта келгенде, белгілі дидакт ғалымдарымыздың ұсынған анықтамаларын зерделей келе, педагогикалық әрекетті әлеуметтік тәжірибе мен мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін әрекеттің дербес түрі деп, ал педагогикалық технологияны – педагогикалық мақсаттарға жетуге кепілдік беретін, алдын-ала жобаланған, оқу-тәрбие үрдісі бірізді жүзеге асатын жүйе деп түсінгеніміз жөн.
Бүкіл оқыту барысында оның әртүрлі жақтарын қамтамасыз ететіндей бір мезетте бірнеше әдіс қолдану керектігіне мұғалім назар аударуы қажет. Оқытудың әдіс-тәсілдерінің бір ерекшелігі – оның білімді меңгертуде, жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерін: яғни, жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл ж.т.б) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы танытуға, сондай-ақ жеке тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас жасау, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға: белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша тілде) дамытуға бағытталуында.
Қолданылған әдебиеттер:
-
Коростылева Л.А. «Инновационные технологии в обучении школьников» СПб., 2008, 66 стр.
-
Педагогика: Учебное пособие для студентов педагогических учебных заведений / В.А.Сластенин, И.Ф.Исаев, А.И.Мищенко, Е.Н.Шиянов. – 4-е изд. – М.: Школьная Пресса, 2007. – 512стр.
-
Грибкова В.А. «Новые технологии обучения в средней школе», М., 2007
-
Безруких М. М., Ефимова С.П. «Технологии обучения» М., 2006, 63стр
-
Харламов Н. «Педагогика», М., 2003