Автор:
Ләззат Еспекова, Жадыра Есенжолова (Астана, Қазақстан)
Кез келген халықтың мәдени дүниесі ұлттық тіл негізінде танылатыны белгілі. Көрнекті сөз зергері Ғ.Мүсірепов: «Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтала молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді. Ана тілі қорлана береді, ажарлана береді... Ана тілі дегеніміз - сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытады...» деп ана тілінің қызметін, қадір-қасиетін дөп басып айта білген.
Халқымыздың бай мұралары, рухани дүниелері ұлттық тіліміз арқылы жетіп сақталып келе жатқаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда тіліміздің даму, толығу үдерісін жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Тілдің лексикалық қабатын саралау түрлі өзгерістердің ерекшеліктерін айқындап, ондағы толығу, жаңару, даму үрдістерін кеңінен талдап анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі әдеби тілдегі өзгерістер қоғамда болып жатқан өзгерістермен тығыз байланысты. Қоғамдық өзгерістер негізінде әдеби тілде бір қолданыстар кеңінен қолданылып актив лексика қатарына енсе, енді біреулері қолданыстан шығып, пассив лексика қатарына еніп жатады. Әрине, бұл өзгерістер әдеби тілдің барлық функционалдық стильдерінен де байқалатыны анық.
Жалпы қазақтың әдеби тілінің функционалдық стилдері бір күнде қалыптасқан жоқ. Ең алғаш қалыптасқан көркем әдебиет стилі болды әрі ол стильдердің ішіндегі басыңқы (доминант) стиль болды [1, 165б.]. Ал ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың І жартысында ресми стильдің қалыптаса бастағаны белгілі. «Ол – қазақтың хан, сұлтан, старшындарының орыс империясының әкімішілк органдарына және бір-біріне жазысқан әр қилы сипаттағы қағаздары мен хаттарының тілі болды. Бұлар көбінесе орысша прошение, уведомление, донесение деп аталтын құжаттар мен ресми хаттар» [1,166б.].
Ал ХІХ ғасырдың ІІ жартысында «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1883), «Дала уалаятының газеті» (1888-1902), «Торғай газеті» секілді мерзімді баспасөздің пайда болуы публицистикалық стильдің қалыптасуына негіз болды.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ тілінде көпшілікке арналған жартылай ғылыми әдебиет жанры жанданды. Зерттеуші Б.Әбілқасымов мұндай әдебиеттің тұңғыш үлігісі деп Н.И.Ильминскийдің «Самоучитель русской грамоты для киргизов» деген кітабының соңында берілген қазақша үлгілерді атайды. Ол мәтіндер география, тарих, табиғаттану салаларынан мағлұматтар береді. Бұл стиль үлгілерін шағын мақалалар түрінде сол кезеңдегі қазақша мерзімді баспасөз беттерінен де табамыз. Сол кездегі қазақ қауымында жиі кездесетін адам мен малдың ауру-індеттері, қазақ қоғамының экономикасы (мысалы,кейбір кәсіптер туралы), мәдениеті т.б. жайында жарық көрген кітапшалар – қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік әдебиеттің алғашқы көріністері («Трахома деген жаман көз ауру», «Жамандату, қойдұрғы турасында» , «Егіншінің қызмет аты жайында» т.б.) [1,168б.]. Бұл стильдің едеуір етек жая бастаған тұсы – ХХ ғасырдың басы, ал нағыз өркендеген, айқындалған дәуірі – қазіргі кезең.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қалыптасқан жолы әріде жатқанын көреміз. Зерттеушілер қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуын, негізінен, ХІХ ғасырдың екінші жартысына апарып тірейді. Б. Әбілқасымов аталған мерзімде ғылыми стильдің қаншалықты көрініс алғаны туралы былай деп жазады: «Ғылыми стильге тән баяндау үлгісі де кездеседі. Мұнда сөйлемдер ықшам, түсінікті болып құрылып, ондағы сөздер қарапайым, өздерінің негізгі, тура мағынасында қолданылады. Бұл стильге жататын материалдарда ғылыми-техникалық терминдер орысша күйінде алынып, қазақша түсінік беріліп отырады. Мәселен, магнит яғни «темірді тартып алатұғын тас», «компас немесе сартша құбыланама», «мужской гимназия яғни еркек балалар оқитұғын медресе», «метеорит (көктен түскен тас)», «телеграф яғни сым темір» тәрізді болып келеді». Ғалым еңбегінде сол дәуірге тән ғылыми әдебиет нұсқаларын да санамалап көрсетеді. Автор бұл алғашқы ғылыми-көпшілік әдебиеттердің аударма сипатында жарық көргенін айта келіп: «Сөйте тұра олар – сол дәуірдегі қазақ әдеби тілінің жай-күйін танытуда, ғылыми түсініктерді жеткізуде тіліміздің ішкі мүмкіндіктерінің (сөз байлығының, сөз оралымдарының) қаншалық болғанын байқауда аса қажетті материал» 2, 65б. – деп дұрыс қорытынды жасайды.
Қазақ тілі функционалдық стильдерінің соның ішінде, ғылыми стильдің қалыптасуында ХХ ғасырдың басы елеулі кезең болды. Бұл уақытта мәдени аренаға озық ойлы қазақ зиялыларының шығуы, олардың түрлі салада жазған еңбектері қазақ әдеби тілінің қолданылу аясы мен қызметін барынша арттырды. Сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорында да жүйелену, сөздердің стильдік белгілеріне қарай сұрыпталу үдерісі ерекше қарқынмен жандана бастады. Сөйтіп, ғылым тілінің өркендеуі – ХХ ғасырдың бас шенінен өзгеше сипат алды.
20-30-жылдары қазақша ғылым тілін қалыптастыруда қазақ зиялыларының аса көрнекті өкілдері – Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Е. Омаров, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Қ. Кемеңгеров, Б. Майлин, Х. Басымов, Н. Төреқұлов, Т. Шонанов, Ә. Ермеков, С. Қожанов, Қ. Жұбанов т.б. – білім беру мен ғылымды ана тілінде дамытудың негізін қалады [3,30б.]. Олар ғылымның әр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде әрі аудармашы, әрі ғалым, әрі жазушы, әрі сыншы болып еңбектер жазды. Кейіннен, яғни, 1920-30-жылдары бұл еңбектерде қолданылған терминдер арқылы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, ғылыми-техникалық әдебиеттер көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты.
Мәселен, А.Байтұрсыновтың 1912-1928 жылдардағы жарық көрген әліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мәселелері туралы жазылған сыни мақалалары, М. Дулатовтың «Есеп құралы» (1918-1925),
М. Жұмабаевтың «Педагогикасы (Баланы тербия қылу жолдары)» (1922, 1923), Ж. Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926), Е. Омаровтың «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930), Х. Досмұхамедовтың «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), Қ. Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша – орысша тілмашы» (1927), С. Қожановтың «Есеп тану құралы» (1924), Ә. Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935) т.б. көптеген еңбектерді атауға болады.
Демек, ғылым тілін дамытуда жеке тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің орны ерекше болды. Олардың түрлі ғылым салалары бойынша жазған еңбектері қоғам тарапынан үлкен ілтипатпен қабылданды.
Әдеби тілдің функционалдық стильдер жүйесі әлемдік лингвистикада, орыс тіл білімінде, сонымен қатар қазақ тіл білімінде де кеңінен зерттелді деп айтуымызға болады. Дегенмен, қазақ тілінің функционалдық стильдерінің әлі де таратып, талдайтын, тыңнан қарауды қажет ететін мәселелері бой көтеріп отыр. Өйткені, И.Р.Гальперин көрсеткендей, «Тілдің стильдері – тарихи категория. Демек олар өзгереді, дамиды, пайда болады және жоғалады». Соңғы жылдары ғылыми зерттеулердің басты бағыттары мен парадигмаларының түбегейлі өзгеруіне байланысты стильдер жүйесіне деген көзқарастарда да тың пайымдаулар пайда бола бастады. Бұрын стильдердің тармақтарына бөлінуіне экстралингвистикалық және тілдік қарым-қатынастың ерекшеліктері негіз болса, қазіргі кезде стильдердің белгілі бір түрін танып-білу үшін сөйлеушінің ниеті және бұл үшін жұмсалатын тілдік құралдар ескеріле отырып, тілдің коммуникативтік актідегі, дискурстағы қызметі басшылыққа алынады.
Ғылыми стильдің жетілуі, дамуы сияқты мәселелер термин және терминологияға қатысты зерттеу жұмыстарында қарастырылатыны белгілі. Өйткені ғылым тілінің негізгі материалы (кейбір зерттеушілер «кірпіші» деп те айтады) – терминдер. Өз еңбектерінде Ә.Қайдаров қазақ терминологиясының қалыптасып, дамуын жаңа тұрғыдан қарастырып, ғылыми стильдің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін сипаттайды. Ал Ө.Айтбаев қазақ терминологиясы ғылымының қалыптасу тарихын жазса, Ш.Құрманбайұлы қазақ лексикасының бір ғасырлық терминдену үрдісін бірнеше кезеңге бөліп, әрбір кезеңнің өзіне тән ерекше белгілерін көрсетеді.
Сонымен бірге ғылыми стильдің кеңес дәуіріндегі дамуын зерттеуге арналған жұмыстар да кездеседі. Ж.Әмірова қазақ тіліндегі ғылыми стильдің дамуындағы орыс тілінің әсер-ықпалын сөз етсе, Ш.Біләлов ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастырудағы А.Байтұрсынов сияқты қазақ зиялыларының рөлін көрсетеді.
Ғылыми әдебиет стилінің қалыптасуын аудармамен байланыстырып қарастыратын зерттеулер де бар. Ө.Айтбаев «Алғашқы аударма үлгілері және олардың терминге қатысы» деген мақаласында қазақ тілінің терминологиялық жүйесін жасап, қалыптастырудағы, ғылыми әдебиеттер стилінің толық қалыптасуындағы алғашқы аударма үлгілердің алатын орнын көрсетеді. З.Тұрарбеков «Қазақ тіліндегі аударма тәжірибесінен (ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы)» деген диссертациялық жұмысында ғылым мен техника жаңалықтарын баяндайтын алғашқы кітаптар мен мақалалардың аудармасын қарастырады.
Қазақ тіл білімінде жасалған еңбектердің негізі, онда көрсетілген бағыттар мен жобалар және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге сәйкес қоғамдық қызмет аясының кеңеюі мен күшеюі, соған сай қазіргі қоғамдағы ғылым тілін қазақша дамытып, қалыптастырудың талап-мүдделері қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасуы мен дамуын арнайы қарастыруды қажет етеді.
Егеменді Қазақстан Республикасында қазақ тілінде ғылым саласын дамыту – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, республика ғылымының маңызды әрі түйінді тұсы болып саналады. Сол себепті тілдің ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметі арта түсуде. Қоғамдық ғылым салаларын айтпағанның өзінде жаратылыстану, техникалық әдебиеттерді ана тілінде жазу дәстүрі кең өріс алды. Ғылыми саладағы осындай қомақты арнаулы әдебиеттің жарық көруі, жариялануы – ғылыми стильдің әдеби тілге жан-жақты әсер етуші, ықпалы зор стильдердің біріне айналып, ұлттық тілдің осы салада жұмсауға қажетті, қабілетті дейтін тілдік құрылымдарының жасалуына қызмет етіп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993
2. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі (Баспа нұсқалар тілі негізінде). – Алматы: Ғылым, 1982
3. Әлісжанов С. Ғылыми прозаның синтаксисі. – Алматы: Арыс, 2007
Ғылыми жетекші:
ф.ғ.к., доцент Л.Ә.Еспекова
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті доценті