Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗДЕРІ

Автор: 
Гулим Елеусинова (Ақтөбе, Қазақстан)

Барша уақытта да алдымызда тұрған зор міндет кемел білімді ұрпақ тәрбиелеу болып келеді. Кемел білім дегеніміз ғылым мен дінді қос қанатқа айналдырып, қатар дамыта отырып нәтижелі мақсатқа жету. Олай болса, болашақ мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындары өз жұмысын уақыт талабына сай қайта қарауы қажет. Сондықтан жаһандану жағдайындағы рухани тәрбиенің негіздері ретінде діни және ғылыми танымды салыстыра отырып талдауды жөн деп білеміз.

Дін – адамдардың ақиқатты тануға бағытталған арнайы әрекеттерінің нәтижесінде иман беріктігіне қол жеткізу жөніндегі білім.

Ұрпақтар сабақтастығының факторы ретінде дін рухы биік, ерік-жігері мықты, иман мен сенімді берік ұстанатын ұрпақ тәрбиелеуде маңызы бар білім көзі. Дін интеграциялық, реттеуші-бақылаушылық, экзистенциалдық (осы әлемдегі адамның орнын түсіндіру) қызметтер атқаруымен ерекшеленеді

Философ Н.Бердяев дін туралы: «Основа религии есть откровение. Откровение само по себе не сталкивается с познанием. Откровение есть то, что открывается мне, познание есть то, что открываю я» [1, б. 98].

Біздің ойымызша ғалым уахиды жеке адамдарға ғана берілетін абсолюттік таным жемісі деп түсіндіреді. Дін тілімен айтсақ, таңдаулы адамдарға ашылатын сыр. Ал уахи әлеуметтің ортақ қазынасына айналуы үшін арнайы діни білімі бар орта және уақыт керек. Таным уахимен салыстырғанда кез келген уақытта адамның өз еркімен алатын білім жемісі. Осы жерде ғылым мен діннің арасындағы бірінші айырмашылық көрініс береді, атап айтсақ, діндегі уахи кездейсоқтықпен байланысты болса, ал ғылымдағы таным ғылыммен айналысатын адамның өз еркіне байланысты жүзеге асады. Бірақ осы аталған айырмашылықтың өзі екі құбылыс арасындағы ұқсастықтың бастауы болып табылады. Өйткені, діндегі ізденіс те адамның ерік-жігері арқылы іске аса отырып, белгілі бір шарықтау шегіне жеткенде ғана сыйлық ретінде уахи (хикмет) түседі. Философиядағы кездейсоқтық қажеттіліктің алғышарты деген қағида іске қосылады деп айтуға болады.

Ақын, ғалым Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» өлеңі осы уахиға байланысты жазылған. Өлең мазмұнынан жиырма жеті жасқа дейін-ақ Мағжанның он екі уахиды орындауының нәтижесінде - «бұл күндерде кеудені ой кернеді» [2, б. 108-111], - дейді. «Ессіз жүрек аспанға қол сермеді, Ессіз жүрек ақылға жол бермеді» жолдарынан дүниені сезіммен қабылдаудың ақылмен қабылдауға үндесіп отырғанын байқаймыз.

«Жел бол!» – дедің, жел болып еспедім бе?

Уақыт талғап, ерте я кеш дедім бе?

Желдей жынды есалаң екпінді боп,

Заулап тұрған отқа өзім түспедім бе?!

«От бол!», «Су бол!», «Күн бол!», «Ай бол!», «Сүй!», «Жыла!», «Ата- анаңнан без!», «Елің тастап кет!», «Дәулеттен» қаш!», «Жоқты іздеп тап!», «Айға шап!» – міне мұның барлығы жүректің берген бұйрықтары. Зерделей отырсақ, осының алдыңғы бесеуі табиғатқа байланысты екен, ал алтыншысы қорытынды бұйрық іспеттес, ал қалған бесеуі адамның қарым-қатынасына байланысты да алтыншысы – қорытынды бұйрық. Адам табиғатпен тұтастықты сезінуі арқылы ғана терең ойлы, кең пейілді және үдер істі болатыны айқындалды. Бұл өмір шындығы.

Орыс халық мектебінің негізін қалаған педагог К.Д.Ушинский өзінің педагогикалық шығармаларында: «даналар ғасырда бір туады, ал халық қажеттілігі минут сайын туындайтын сұрақтардың шешуін табуды талап етеді, сондықтан шаруашылық ғылымы қарапайым адамды щыңға көтереді. Сол шыңнан бұрын дана халықтың шаруашылық қажеттілігін және оны қанағаттандыру мүмкіндіктерін тапқан. Ғылымға лайық биіктік! Ғылым данадан жоғары және адамзаттан төмен тұрады. Дана көп жағдайда астар санамен әрекет етеді және адамзатқа көмектеседі, оны қызықтырып бағындырады, - дана адамдардан сенімді талап етеді, ал ғылым еркін жол ашады, білім береді, сендіреді, сенімді талап етпейді. Ғылым адамның еркіне емес, ақылына ықпал етеді»,- деп өз пікірін білдіреді [3, б.118].

К.Д.Ушинскийдің пікірін құптай отырып, сенім жайлы өз пайымдауларымызды түсіндіруге талпынамыз. Біздің ойымызша, сенім – бұл өлшем, өзгеше айтсақ, қарама-қайшылықтардың ортасын табу және оны өз әрекетіңде басшылыққа ала білу өнері. Дананы тәрбиелейтін жаратылыс заңдылықтарына деген махаббат болса, ғалымды тәрбиелейтін тәжірибеге үлес қосуға деген ұмтылыс. Сондықтан да дана өзі шыққан белеске өзгелердің де шыққан қалап, сенімді талап етеді. Ал ғылым дегеннің өзі «бәрінің бәрі үшін күресі» болса, сенімді талап етпеуі таңқалатын құбылыс емес.

Әл-Фараби «Философияның дінге қатынасы» атты еңбегінде: «Дін дегеніміз – көзқарастар жүйесі мен іс-әрекеттер тізбегі және Алланың адамзат баласына салып берген қасиетті жолы. Діннің арқасында көкірегі ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады»

[4, б.47]. Дін мен ғылымның мақсаты бір – ақиқатқа жету, адамдарға қызмет ету. Ал ақиқат дегеніміздің өзі, Әл-Фараби бойынша, әр адамның білімділігі мен табиғи қасиеттерінің арқасында көз жеткізген өмір шындықтары болып табылады. Мәселен, ғылымның өлшемдері болып табылатын шынайылық, тәуелділік және жүйелілік діннің де басты өлшемдеріне сәйкес келеді: ақиқат, адалдық және сабырлылық. Тура мысал келтірсек, «досың үшін өзіңді құрбан етесің бе?» деген сұраққа қалай жауап береміз. Бірқатар адамдар ойланбастан «жоқ» деп жауап береді, ал терең ойлы адам «әрине» деп жауап қайырады, өйткені оның білімі мен табиғи қасиеті үнемі қозғалыста. Сондықтан да ол досына бөлген уақытын адам өмірінің бір бөлшегі деп танып біледі, олай болса бұл құрбандық емей немене? Осы тұста ислам діні қолдамайтын бір құбылыстың сыры ашылды деп қуануға болады. Ол – қол-аяғың, ақыл-есің сау бола тұрып, үй қызметшісін ұстау.

Және бір мысал: «Әйелдер арасындағы достық шынайы ма әлде ертегі ме?» деген сұраққа «шынайы ертегі» деп жауап қайырамыз, өйткені сұраққа жауап сұрақтың өзінде тұр. Өйткені әйел адамдардың шынайы табиғаты әйелге тән қылықтарға толы болса, достықтың уақыты қысқа болып келеді, тек қана әйелдің мінезі ер азаматқа тән сапаларға (көркем мінезге) толы болса ғана, ол шынайы достықта ұзақ болады. Жоғарыда қойылған сұрақтың біріншісі жалпылама сипатта болса, ал жекеше сипаттағысы – «ертегі ме» дегені болып табылады. Ең дұрысы «шынайы ертегі» деген жауап жалпылама мен жекешенің бел ортасынан орын алады.

Дін туралы ғалым-ұстаз Мұхтар Арын «Бес анық» тәрбие туралы толғамдарында: «...ислам дініндегі екі нәрсе тәрбиемізге келетін сияқты. Сол екі нәрсенің бірі – иман. Адам баласының иманжүзділігі, өзінің жеке басының тәрбиелілігі жүректен шығып жататын нәрсе екенін сезіну - өте бір қажетті дүние. Осыған байланысты үлкен бір психологиялық сезім бар, ол – сенім. Екінші бір мәселе – шариғат деген ұғымға қатысты. Мұның өзі адамаралық қарым-қатынаста жалпы заңдылықтар болу керек дегенді білдіреді» [5, б.20], - дей келе діннің адамның бойында сенім деген сезімді тәрбиелейтін қуатты құрал екендігін анықтайды.

Ал, Т.Ахметовтың «текті, парасатты кісі бейнесін» қалыптастыруды көздейтін «Жүсіп Баласағұнидің тәлім-тәрбиелік идеялары» тақырыбында жазылған кандидаттық диссертациясында иман ұғымын халық ұғымындағы және мұсылман дініндегі деп екіге ажыратып қарастырады. Бұл туралы автор пікірі: «Иман ұғымы - әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрімен, таным- түсінігімен, наным-сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым. Халық түсінігіндегі иман сөзі діни шеңберден шығып, жалпы ұлттық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды қамтитын ауқымды дүниетанымдық категорияны білдіреді», - деп тұжырымдалады. Біздің ойымызша, иман құбылысының мәнін толықтыру үшін Құран мен хадистегі білімді келтіру керек. Аталған мәселе жайында Құранда (6:125): «Аллаһ кімді Тура Жолға салуды қаласа, оның көңілін Ислам үшін кең қылып қояды. Кімді адастыруды қаласа, оның көңілін, дәл аспанға көтеріліп бара жатқандай тар және қиын етіп қояды, осы сияқты Аллаһ имансыздарға өз азабын (жаза) қылады». Осы аяты кариманы төмендегі хадис арқылы жақсы түсінуге болады. Пайғамбар алейһис-сәлем: «Қашан жүрекке иман нұры кірсе ол кеңейіп ашылып кетеді», - деді. Сонда оның белгісі не деп сұралды? Ол кісі жауап берді: жүрекке иман орналасқанының белгісі ол жүректің мәңгілік жұртына бұрылуы, алдану жұртынан аулақ болып өлім түсуінен ілгері өлімге дайындалып қалуы...». Сонымен иманды деп ізгілігін, қайырымдылығын, жақсылығын есеппен істемейтін адамдарды айтамыз. Иманды деп үш сүюді игерген адамды айтуға болады, ол туралы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өсиет-өлеңінде қарастырылады. М.Әуезовтің «Абай жолында» Мәкен мен Дәрменді ойлап жанашырлық танытып, орыс сотына жүгінуге ақыл қосқандығы үшін өзін жазғырған Юнус халфеге Абай: «...Екі түрлі иман бар еді – яқини иман, тақлиди иман. Жұртқа сол иман атымен өсиет, хұкім айтпақ боласыздар. Осы отырған екеуіңізді мен не дейін?! Яқини иманы бар деуге сіздерде ғылым жоқ. Тақлиди иманы бар деуге әуелі өздеріңізде беріктік жоқ, яғни, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаңызға қарай дархал осы сағаттың өзінде «ақты - қара» деуге, «қараны – ақ» деуге, «өтірікті - шын» деуге әзірсіздер...» - деп иманның екі түрін атайды. Иман білім мен парасатқа негізделгенде ғана берік болады.

Ғылыми таным – жаратылыстың заңдылығын меңгеріп, оны өмірде тиімді қолдану барысында тәжірибе жинақтауға негізделген білім. Біздің пікірімізше зерттеуші болашақ мамандарға ғылыми танымның шынайы иесі болудың белгілерін нақтылайды: өзіне дейінгі адамзат тәжірибесін меңгеріп, оны өмірде тиімді қолдану; табиғат және қоғам жайындағы білім жүйесін өзінің рухани білімін, интеллектуалдық әлеуетін ашу және жаңарту үшін берілген мүмкіндік деп қабылдау; рухани кемелденудің бастапқы нүктесі деп түйсіну. Осындай ақылмен келетін түсінікті ұғынған педагог қана оқыту үрдісінде білімгерлерге жүйеленген шынайы білім негізінде дұрыс бағыт беретіндей педагогикалық жағдайлар тудырады. Тек сонда ғана өзгенің ақыл-парасатын сыйлай білетін және өзін өзі тәрбиелей білетін педагогтар қатары көбейеді.

Ғалым П.А.Флоренский: «Всякая наука - система терминов. Поэтому жизнь терминов и есть история науки, все равно какой, естествознания ли, юриспруденции или математики. Содержание науки, как таковой, сводится именно к терминам в их связях, которые первично даются определениями терминов». Зерттеуші ғылымның мазмұнын терминдер жүйесі және оларға берілген анықтамамен байланыстырады. Демек, ғылыммен айналысқан әрбір адамның терминдердің мағынасын дұрыс түсініп, ғылыми қағидаларды өмірде басшылыққа ала білуі ғалымдарға адамзат игілігі үшін қызмет етуге мол мүмкіндік береді. Сондықтан зерттеу тақырыбына сәйкес этос терминіне тоқталамыз.

Ғылымдағы этос идеясы туралы Р.Мертон көзқарасы бойынша ғылым қалыптары төрт негізгі құндылықтар айналасында құрылады: әмбебаптық, жалпылық, риясыздық, сынақтан өткізу. Осы шындық ойшыл, ұстаз Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығында қалай көрініс тапты?

Әмбебаптық (универсализм) – ғылым зерттейтін табиғат құбылысы, нысанасы барлық жерде біркелкі. Мысалы Шәкәрімнің: «...Келдім қайдан, не етсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» деген сұрағына жауапты үндінің ұстазы Сатья Саи Бабадан табуға болады: «кто ты? Бог, откуда пришел? От Бога, куда идешь? К Богу. Әмбебаптық құндылығының тағы бір қыры – сын, сынды қабылдау мәдениеті.

2) Жалпылық (общность) - әлеумет ынтымақтастығының жемісі ретінде ғылыми білім жалпыға ортақ игілік болуы керек. Алғаш қол жеткізген адамның оны жекелікке (монополияға) айналдыруға құқы жоқ. Дегенмен өзінің қосқан үлесіне байланысты әріптестерінен лайықты бағасын алуына мүмкіндігі бар.

3) Риясыздық (незаинтересованность) – ғалымның іс-әрекетінің қозғаушы күші өз жеке басының пайдасын, атақты, мансапты көздеу емес, ақиқатты іздеу болуы шарт.

4) Сыннан өткізу (организованный скептицизм) – бұл құндылық ғалымға келесі іс-әрекеттерге байланысты жауапкершілік танытуды талап етеді: әріптестерінің жұмысын бағалауда, ғылыми жұмыстардағы мәліметтерді қолдануда, өзінің ғылыми сенімін қорғауда, қажет болған жағдайда сенімдерден бас тарта білуде. Осы аталған талаптарды түсіну өзін-өзі сынаудың ең жоғары дейгейіне жеткізері сөзсіз.

Қорыта келсек, бұл бағдар бойынша іздену болашақ мамандарды терең ойлылыққа тәрбиелеуге ықпалы зор. Рухани тәрбиенің негіздері арқылы жастардың өзін өзі тануы тұтас, үнемі дамуда болатын, күрделі және қайшылықты үдеріс. Сондықтан, өмірдің барлық салаларын сабақтастықта алып қарағанда ғана парасатты тұлғалардың қатары өсетіні сөзсіз.

 

Әдебиеттер:

1.Мир философии: Книга для чтения.// Сост. Гуревич П.С., Столяров В.И. В 2-х ч.Ч.1. – Москва: Политиздат,1991. –672с.

2.Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 1. – Алматы: Жазушы, 2008. – 208 б.

3. Ушинский К.Д. Педагогические сочинения. В 6 т. Т. 1/Сост. С.Ф.Егоров.-М: Педагогика, 1988.-416 с./

4. Әлемдік философиялық мұра. 20 т. 4 т. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. – Алматы: Жазушы, 2005.-568 бет.

5. Арын М. Бес анық. – Алматы: Арыс, 1996. – 116 б.