Увага! Всі конференції починаючи з 2014 року публікуються на новому сайті: conferences.neasmo.org.ua
Наукові конференції
 

«САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ ‒ МАҚСАТЫМЫЗ» АТТЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯНЫ ӨТКІЗУ

Автор: 
Нәзгүл Әужанова (Талдықорған, Қазақстан)

Халықаралық көлемде үлкен мәні бар «Қоршаған оратаны қорғау мәселесіндегі білім беру» деген бағдарламада мектеп оқушылары арасында экологиялық тәрбие беруді кең түрде жүргізу міндеттелген. Қазіргі кездегі әлеуметтік-экологиялық жағдай өте мәз емес, тіпті, қауіпті десек те артық болмас [1, 2].

Туған өлкенің экологиялық жағдайын білу арқылы балалар үлкен мағлұматтарға ие болады, «табиғатты қорғау қажет екен-ау», – деген ізгі ойлар туындап, олардың жауапкершілігі артады.

Сабақтан тыс тәжірибелік жаттығулар өткізу, жақын және алыс жерлерге топсеруенге шығу, күзгі егінжайда еңбек ету, көкөніс пен жеміс-жидек өсіруге және жинауға көмек беру – үлкен өмірлік пайдалы нәтижелері бар жұмыстардың бірі. экологиялық білім мен тәрбие беру табиғатты қорғауға, оның қыр-сырымен санаса білуді талап етеді. Соған орай қазіргі кезде экологиялық соқпақтың маңызы өте зор екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Экология ғылыми ұғым шеңберінен шығып, әрбір мемлекеттің қатты мазасызданып, ұдайы алаңдауына және де жеке адамдардың үнемі қамқорлық жасап отырудыталап ететін күрделі жұмысқа айналып отыр [5].

Экология баршаға ортақ мәселе, әйтпесе ол экологиялық кризиске айналады, өсе келе экологиялық апатқа айналады, сол кезде ол ешкімді де, ештеңені де аямайды.

Осы тұрғыдан «Салауатты өмір салты ‒ мақсатымыз» атты экологиялық конференциясын өткізсе болады.

Мақсаты: Оқушылардың өзіндік жұмыс істей, сөйлеу қабілеттерін дамытып, өз ойын еркін жеткізуге талпынтып, өзара пікір таластыра білуге, пікірін дәлелдеуге үйрету.

  • Оқушылардың қосымша әдебиетпен өздігінен жұмыс істеу жауапкершіілігін артыру.

  • Экологиялық білім, тәрбие беру бағытында табиғат пен адам өмірінің бірлігін терең сезінетін, табиғатты аялап, оны қорғай алатын азаматты тәрбиелеу [4].

Қатысушылар: Сарапшылар, жорналшылар.

Сарапшылар: 1. Химик-эколог. 2. Биолог. 3.Валеолог. 4.Статистик. 5.Экономист-менеджер. Жорналшылар: 1. «Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі. 2. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі. 3. «Жас Алаш» газетінің тілшісі. 4. «Ұлан» газетінің тілшісі. 5. «Жетісу» газетінің тілшісі. 6. «Зеркало» жорналының тілшісі. 7. «Караван» газетінің тілшісі. 8. «Заман жаршысы» жорналының тілшісі.

Сөз жорналшылар мен сарапшыларда.

«Жетісу» газетінің тілшісі: Қазіргі таңда экология мәселесі өзекті проблеманың бірі болып отыр, осы жөнінде не айтасыздар?

Химик-эколог: Экологиялық проблема бүгін ғана дүниге келген жоқ. Бұл мәселенің түп тамыры өткенде, табиғатты игеруде кеткен қателіктерде жатыр. Қалаларда өнеркәсіп орындарының қауырт өсуі, ауаның ластануы, шаң тозаңның көбеюі ‒ экологиялық дағдарыстың басты көзі болып отыр. Жыл сайын 55 млрд. тонна өнеркәсіп қалдықтары сыртқа шығарылады екен. Атмосфераға жүздеген тонна шаң тозаң таралуда. Бір кезде ен байлыққа тұнып тұрған жеріміз бұл күнде экологиялық дағдарыс аймағына айналды. Түрлі автомобильден шығатын түтін ауаның 44% ластануына әкеледі екен. Сондықтан да алдымен қоршаған ортаны қорғауымыз қажет.

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі: Осы мәселенің алдын қалай алуға болады.(Схеманы пайдаланып түсіндіру)

«Караван газетінің тілшісі»: Өнеркәсіп қалдықтары табиғатқа көп зиян келтіруде.Осы мәселеге тосқауыл қоя алатын шешімдер бар ма?

Химик-эколог: Соңғы жылдары қоқыстарды құрту, жерлеу, жаңа заттарды өңдіру сияқты күрделі проблеманың біріне айналып отыр. Материяның сақталу заңына байланысты пайда болған қалдық көлемі өндіріске пайдаланылған заттардың көлеміне сәйкес.

Қалдық та іске асуы керек, әйтпесе, жер бетін қоқыс төбешігіне айналдыру қиын емес. Көмір шахталары,байыту фабрикалары және металлургиялық комбинаттардың қатарында әдетте үнемі бықсып, айналаны сасық газдармен уландыратын аумақтар пайда болды. Бірақ оның ішінде әлі де қажетті заттар аз емес. Мысалы: көмір шахталарынан шығатын жыныста 8-45% дейін көмір бар. Егер осы жынысты қайта өндеудің жолы табылса, онда жылына миллиондаған тонна көмір үнемдеуге болады. Бір кезде мұнайдан керосин өндіру кезінде шығатын бензин шұнқырларға төгілетін немесе өртелетін. Мырыш зауыттары айналасындағы үйінділерде 2-12% мырыш, 0,5-3% қорғасын кездеседі екен. Осы қалдықтарды қайта өндеу ісі қолға алынса экономикалық тұрғыдан да тиімді болар еді.

«Ұлан газетінің тілшісі». Қалдықтардың адам денсаулығына әсері қандай?

Биолог: Өндіріс және тұрмыс қажетінен қалған қалдықтардың үйінділері құнарлы жерлерді істен шығарады. Сонымен бірге өндіріс қалдықтары нәтижесінде ауаға адам мен малда қатерлі ісік тудыратын улы заттар (бензипирин) тарайды. Ол өкпе рагының көбеюіне себепші болады.

Химик-эколог: Металлургиялық зауыттан шығатын газдардың әсерінен оларды қоршаған ормандар қурап қалды. Мысалы: Лениногорск қорғасын – мырыш зауыты мұржасынан шыққан улы газдан қала маңындағы орман қурап кетті.

Статистик: 1 млн. халқы бар қаладан шығатын қоқысты төгу үшін жылына 40 гектар жер керек. Жылына орта есеппен бір мемлекетте 165 млн.тонна қоқыс төгіледі екен. Бұрын қалдықтар біраз уақыттан кейін шіріп құрыса, химиялық жолмен алынған қоқыс (консерв банкасы, полиэтелен ыдыстар, бөтелке т.б.) ғасырлар бойы өзгеріске ұшырамайды. Ал енді осы қоқыстарды қайта өндеу арқылы іске жаратуға болар еді.

Химик-эколог: Мысалы: күкірт оксидінен қайта өндеу арқылы күкірт қышқылын алуға болады. Аммоний сульфатын қара күйеден ‒ резенке, техникалық бұйымдар жасайтын шикі зат, шаң-тозаңнан кірпіш пен цементтің беріктігін күшейтетін материалдар алуға болады. Бірақ осы мүмкіндіктерді пайдалану жағы бізде ескерілмей келеді.

«Зеркало» журналының тілшісі: Ауыз су тазалығы, оны денсаулығымызға әсері жөнінде айтып өтсеңіз?

Валеолог: Ауыз суымыздың таза болуы қазіргі кезде бірінші мәселе болып отыр. Ауыз судың таза болмауынан көптеген аурулар таралуда. Сондықтан оқушылар, қайнамаған суды ішуге болмайтынын есте ұстаңдар. Біз қазіргі кезде бастау суын пайдаланып отырғандықтан осы тапсырмаға мұқият болындар. Ауыз суын тазартудың 3 жолы бар: химиялық, биологиялық, механикалық. Ауыз суды хлорлау кең түрде іске асырылатын шара

«Заман жаршысы» газетінің тілшісі: Ауылымыздың тазалығы жөнінде, күл-қоқыстардың айналамызда шашылып жатуы, оның зияны, алдын алу шаралары төңірегінде не істеу керек? ‒ деген сұраққа жауап берсеңіз.

Валеолог: Біздің ауылымызда ауыл тұрғындары күл-қоқыстарды өздеріне ыңғайлы жерге төгуге әдеттенген. Ал оның зияны жөнінде ойланып жатпайды. Сондықтан күл-қоқысты төгетін жер терең етіп қазылып, сол жерге төгілсе дұрыс болар еді.

Биолог: Күл ‒ қоқысты дұрыс көмбеудің салдарынан, сосын өлекселерді (өлген мал денесі) ашық тастаудың нәтижесінен де аурулар тарайды. Осыған заң жүзінде айыппұл төлетіп, қадағалануы тиіс.

«Жас Алаш» газетінің тілшісі: Байқоңырдан ұшқан протон зымыранының екі рет қазақ жеріне құлауын қалай түсіндіресіз?

Химик-эколог: Байқоңыр ұшыру айлағы Ресей жеріне жалға беріліп отырған айлақ, бұл айлақта сынақ жұмыстары жүргізіледі. Екі рет протон зымыранының құлауы, әрине, Ресей жағының жауапсыздығынан деуге болады. Ол құлаған протон зымырандары қазақ жерінде жатыр. Одан зиянды қалдық (гептил) бөлінбейді деп үзілді кесілді айтуға болмайды. Оның денсаулыққа әсері кейіндеп білінеді [3].

Бірақ Ресей, Қазақстан медицина мамандары айлақ аймағындағы адамдар денсаулығын тексере келе, оның зияны жоқ екенін алға тартып отыр және Ресей жағы сол аймақ тұрғындарын медициналық тексеруден өткізіп отыруға уәде берді.

Біздің жақтың қойған талаптарын Ресей жағы орындады, шығынды өтеді. Ол шығынға төленген ақшаның көбі Қарағанды аймағындағы азаматтарға көмек ретінде таратылды.

«Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі: Протон зымырандарының ұшуына рұқсат бермеуге болмай ма?

Экономист-менеджер: 1. Біздің бюджетіміздің бір бөлігі осы айлаққа төленетін қаржы арқылы жабылып отыр.

2. Енді мұндай жағдай (протон зымыранының құлауы) қайталанбас деген сенім бар. Бұл жағдайлар зымырандарды жасауда кеткен кемшіліктер салдарынан болып отыр.

«Караван» газетінің тілшісі: Қазіргі таңда бюджетіміздің жарты жыртығын жамап отырған негізгі сала мұнай өндірісінің ісі қандай шамада жүргізілуде және мұнай өндірісінің болашағы қалай болады деп ойлайсыз?

Экономист-менджер: Қазақстан аумағы көлемі жағынан 9-шы орында, жетпіс елмен елшілік қатынас жасайды, табиғи ресурстарға өте бай ел. ХХІ ғ. басында елімізде 100 млн. тонна мұнай шығарылады деп жоспарлануда. Ал, 2010-2015 жж 170 млн. тонна шығарылады деп жоспарлануда. Сыртқа да мұнай өнімдері жеткізілмекші. Мысалы, Каспий мұнай құбыры арқылы жылына 68 млн тонна мұнай сыртқа шығарылмақшы.

«Заман Қазақстан» газетінің тілшісі: Шылымның зияны жөнінде нақты мысал келтірсеңіз?

Статистик: Дүние жүзінде шылым уынан 2,5 милл.адам өледі екен. Шылым шегуші отбасы экономикасына қанша зиян келтіретінің өздеріңізде түсініп отырсыздар. Оларда өкпе ісігі 20 есе көп, әрбір шылым адам өмірін 12 мин. қысқартады, шылым шегушінің жүрегі тәулігіне 20-25 мың артық соғады т.б. мысалдарды көптеп келтіруге болады.

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі: «СПИД – XX ғасыр зобаланы» деген сұраққа жауап іздесек.

Валеолог: СПИД – қауіпті ауру, кеңінен таралуда, әзірге оның емі табылмай отыр. Бұл синдромды алғаш рет 1986 жылы шетел азаматы әкелген деген мәлімет бар. Бұл ауру көбінесе: 1. Жыныс жолдары арқылы. 2. Таза емес медициналық аспаптар арқылы. 3. Анадан балаға жұғады.

Сондықтан бұл аурудың алдын-алудың шараларын және ауруды жұқтырған адамды болатын өзгерісті байқай білуіміз керек. Ауру адамдармен қарым-қатынаста тазалықты сақтайық. Бұл ауру тағам арқылы, тыныс алу жолдары арқылы, су арқылы, масса немесе басқа бунақденелілер шаққанда жұғуы мүмкін. Сондықтан бұл аурумен жаппай күресейік.

«Жетісу» газетінің тілшісі: Оқушыларға қандай тілек айтасыздар?

Химик-эколог: Оқушылар, ұстаздар біз қазіргі таңда шешуін күткен біраз мәселелерге тоқталдық. Олардың шешілу жолдарына аз да болса түсінік бердік деп ойлаймыз. Енді біз болашақ Қазақстанның толыққанды, салауатты ұландарымыз. Сондықтан елімізді толғандырған мәселелерді шешетін біз болуымыз керек. Елімізді, жерімізді, туған отбасымызды аялай білейік. Білімнің биігінен көрінейік.

Биолог: Табиғаттың тамашасы өте көп, оны білуге, үйренуге, зерттеуге әдеттенейік.

Валеолог: Дені сау салауатты азамат болындар.

Экономист-менеджер: Қазақстанды бай мемлекеттердің қатарынан көрейік.

Статистик: Жасаған жұмысымызға есеп беріп отырайық.

Әдебиет:

 

  1. Айналайын Атамекен – Ақ мекен. – Алматы: Бастау баспасы, 2002.

  2. Әбубәкіров С. Ә. Экологиятану. – Алматы: Ғылым баспасы, 1995.

  3. Жетісу табиғатын аялайық. – Алматы: Бекет-Ата баспасы, 1999.

  4. Қожамқұлова Ж.Қ. Экологиялық білім мен тәрбие беру ерекшелігі. – Алматы: Бастау баспасы, 2003

  5. Экологическое состояние окружающей среды в Республике Казахстан. – Алматы, 1992.